Ресейде болған орман өрті мен биылғы қуаңшылық ондағы егін түсімінің едәуір кемуіне әсер еткені мәлім. Әсіресе бидайды былай қойып, кәдімгі қарақұмықтың өзі Ресей үкіметінің бірнеше отырысына негіз болғаны бар.
Көршідегі қарақұмықтың тапшылығына дереу «үн қатқан» біздің кәсіпкерлеріміз дәнді дақылдың осы түрін шекара асыруға қатты белсеніп кеткен көрінеді, соның кесірінен бұл өнім тамыз айынан бері өз дүкендерімізде сиреп, бағасы да күрт көтеріліп шыға келді. Кешегі Үкімет отырысында экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова қарақұмық бағасы тамыздан бері 48,5 пайызға дейін қымбаттағанын айтты. Осыған байланысты ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қарақұмықты экспортқа шығаруды уақытша тыю қажеттігі туындаған. Мұндай қорғаныш амалы қарақұмыққа ғана емес, бірқатар майлы дақылдарға да қатысты енгізілмек.
«Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, күнбағыс, рапс, бұршақ тұқымдастары сынды майлы дақылдардың тұқымдарына тұрақты негізде экспорттық кеден бажын, ал өсімдік майын шығаратын тұқымдар мен қарақұмық тұқымын экспортқа шығаруға уақытша тыйым салу жөніндегі Үкімет жобасы әзірленді. Экспорттауға тыйым салу туралы ұсынысты алдағы аптада Үкімет қарауына ұсынамыз», – деді Жанар Айтжанова.
Ағымдағы жылдың қаңтар-тамызы аралығында азық-түлік өнімдерінің баға өсімі 2009 жылғы сәйкес кезеңге қатысты алғанда, 5,5 пайызға өскен. Екі есе. Бірақ азық-түліктік емес өнімдер, керісінше, өткен жылғыға қарағанда, екі есе төмен қалыптасып, 3,4 пайызды құрапты. Экономикалық даму және сауда министрінің айтуынша, азық-түлік өнімдері бағасының өсіміне, негізінен, елдің астықты аймақтарындағы қолайсыз күн райына байланысты астық түсімінің жылдағыдан аз болжануы және экспорт көлемінің артуы ықпал еткен.
Оңтүстікте нан бағасы негізсіз қымбаттаған
Есте болса, біраз уақыт бұрын оңтүстік өңірде нан бағасы қымбаттап, бір дүрліккен едік. Сонда Премьер-министр жағдайды шұғыл анықтап, кінәлілерді жазалауды тапсырған болатын. Кешегі отырыста Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев: «Оңтүстік өңірде нан бағасын қымбаттатуға дәйекті себеп болмаған», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, нан өндірушілерде бұрынғы бағамен сатып алынған ұн қоры бола тұра, баға бір мезгілде бірдей межеге көтерілген. Яғни нарықта ымыраластық орын алған. «Сол себепті заң нормаларын бұзып, бағаны негізсіз көтергендердің бәрі жазасын тартады. Бұл дерек бойынша іс аяқталып, сотқа берілді», – деген агенттік төрағасы ұн бағасын да негізсіз көтеру деректері анықталып, ол бойынша Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарының бірақтар ұн жеткізушілеріне қатысты тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
Биыл қанша ұн экспортқа шығады?
Биыл Үкіметтің қосылған құны жоғары бидай экспорты бойынша алдыға қойған міндеті орындалатын түрі бар. Астық одағы ағымдағы жылы 4 миллион тонна бидайды ұн қылып, экспортқа шығарғалы отыр.
«Биылдың өзінде-ақ таза бидай түріндегі экспорттан ұн түріндегі экспорттың көлемі артық болады», – деді кеше Астық одағының төрағасы Нұрлан Тілеубаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев қамбаларымызға 13,5 миллион тонна астық түскенін айтып отыр. Бұл, әрине, жылдағыдан әжептәуір кем меже. Бірақ министр былтырғыдан қалған астық қорын ескерсек, биыл да экспорттық әлеуетіміз төмен болмайтынын алға тартады.
Астық экспортында көздегеніміз – таяу шығыс
Қазақстандық ұн экспортының 97 пайызы Орталық Азия елдеріне – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстанға шығарылады.
Осы географияны Таяу Шығысқа қарай кеңіту, Парсы түбегі елдерінің нарығына ену мәселесі көптен сөз болып келгенімен, тасымал мен логистика мәселелерінің толық шешімін таппауына байланысты бұл нарықтың есігі әлі ашыла қойған жоқ. Бірақ осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде құрылысы салынып жатқан Жаңа Өзеннен Түрікменмен арадағы мемлекеттік шекараға дейінгі теміржол тармағы – соның бір аймағы. Бұл жолдың құрылысы бітсе, отандық астық Түрікмен арқылы Иранға, одан әрі Парсы түбегінің елдеріне қысқа жолмен жетпек. Осы жайттарды ескерген Премьер-министр кеше қарамағындағыларға Біріккен Араб Әмірліктері мен Иорданияда астық терминалдарын салу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Үкіметтің кешегі отырысы интернет арқылы «Қазақстан» ұлттық арнасының сайтында тікелей он-лайн режимде таралды.
Рас, Премьердің ескерткеніндей, бұл отырыс электронды үкіметті дамыту аясындағы тәжірибе ретінде бірінші рет өткізіліп отыр. Бірақ жұртқа таралу амалы өзгеше болғанымен, ондағы қаралған мәселелердің мазмұны әдеттегідей елдің экономикалық жайы болды. Осылайша қарапайым қазақстандықтар, негізінен, үйіндегі «көк жәшік» пен радиодан, одан қала берді газеттен ертеңінде біліп жататын Үкімет жаңалықтары бұқара жұртына (онда да интернетке қолы жеткендеріне) «делдалсыз» тікелей желіде жетті.
Азық-түлік бағасы неге өсті?
Последние статьи автора