Су тіршілік көзі екендігін ескерсек, Елбасы тапсырмасына сәйкес жалпы республика аумағында жүзеге асырылып жатқан «Ақбұлақ» бағдарламасы тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етудің тиімді жолына айналды. Көпке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл бастама жер-жердегі тоқырау жылдары тұралап қалған ауыл-аймақ, аудан-қалалар мен шалғай қоныстанған елді мекендердің бойына қайта қан жүгіртті.
Айталық, жер жаннаты Жетісу өңіріндегі Сарқан ауданына қарасты Көкөзек ауылы көп жылдардан бері таза ауызсуға қолы жетпей, өлместің күйін кешіп келген орындардың бірі болатын. Бұған дейін ол жердегі мал да, адам да өздері жамап-жасқап пайдаланып отырған 11 метр тереңдіктегі құдықтан су тартып ішетін. Жуырда бұл ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасының ауқымды жобасы жүзеге асырылып, халықтың сапалы тіршілік нәріне қолы жетіп, жеке үйлерге орталықтанған су жүйесі жеткізілуде. Мәселен, бүгінгі таңда Көкөзекте 130-дан астам кең аулалы тұрғын үй бар. Қазір ондағы 12 көшеге төрт жарым шақырымды құрайтын су құбыры жеткізілген. Енді біраз күнде қалған екі шақырым жерге су құбырын тарту ісі толығымен аяқталмақ. Бұл бағытқа мемлекет қоржынынан жалпы 135 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Ал ауылға ауызсу жеткізу ісін өз мойнына алған «Тамас» мекемесінің мамандарының айтуынша, ол жерге жалпы 90 метр тереңдіктен су шығарылып, қосымша екі ұңғыма бұрғыланып біткен. Осы кезде олардың айналасын қоршау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін Көкөзектегі әрбір үйге құбыр тартылып, ондағы жұрт орталықтанған су жүйесіне қосылмақ. Бұған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Айтар алғысы да шексіз. Сарқан ауданындағы осы салаға жауапты жетекші мамандар берген мәліметтерге сүйенсек, мұнда үстіміздегі жылы атқарылып жатқан ауқымды істер тек бұл ғана емес. Бұдан сырт сол маңдағы Қарғалы ауылы мен Сарқан қаласының таза су мәселесі ретке келтірілу үстінде. Бұған қоса жөндеу жұмыстары 2012 жылы қолға алынған Мұқан Төлебаев ауылының халқы да жақында осы қуанышқа кенелмек. Айта кету керек, өткен жылы бұл игі бастама жалпы аймақ тұрғындарының 25.5 пайызын бір жүйелі таза сумен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік берсе, биыл жұмыс 33.3 пайызға жеткен. Сондай-ақ 2020 жылға жеткенде осы көрсеткіш жалпы, Сарқан өңіріндегі халықтың 85.5 пайызын сапалы сумен қамтамасыз етуге болады деп жоспарлануда.
Ауылға жеткен «Ақбұлақ»
Последние статьи автора