Ақтөбе облысында ауыл әкімдері сынақ тапсырды. 38 ауылдық округтың әкімдері ішінен екі әкім сынақтан өте алмаған болса, екі әкім сынаққа мүлдем келмеген.
Ауыл әкімдері, ҚР «Нотариат туралы» заңына және ҚР Әділет министрлігінің «Жергілікті атқарушы органдардың нотариаттық іс-әрекеттер жасайтын лауазымды тұлғаларын аттестациялау туралы» ережесіне сәйкес, сынақтан өткізіліп тұрады. Бұл туралы алдын ала хабарлану да берілген және ауыл әкімдері үшін облыстық Әділет департаментінің мамандары бірінші күні семинар өткізіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген. ҚР заңдарындағы Әділет департаментіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты мәлімет беріпті. Содан кейін екінші күні сынақ алды. Соның өзінде екі әкім сынақтан сүрінген. Атап айтқанда, Қарғалы ауданының Қосестек селолық округының әкімі Самат Шәумен мен Қобда ауданының Терісаққан селолық округының әкімі Төлеген Өмірбаев өте алмай қалды. Ал Хромтау ауданының Бөгетсай және Шалқар ауданының Біршоғыр селолық округының әкімдері аттестацияға мүлдем келмеген екен.
Жалпы, облыс бойынша 38 ауылдық округтың әкімі аумақтық аттестациялық комиссия алдында ҚР Конституциясы, ҚР «Нотариат туралы» заңы, Азаматтық кодекс және «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңды қаншалықты білетіндігі бойынша сынақ тапсырды.
Ал аттестациядан өтпей қалған әкімдер, заң бойынша, тұрғылықты жерлерінде нотариалдық қызмет көрсету құқығынан шектеледі. Нотариаттық іс-әрекеттер жасау құқығын беретін аттестация ауыл әкімдері үшін екі жылда бір рет өткізіледі.
Нұркен УАЙДИН, Ақтөбе облыстық Әділет департаментінің баспасөз хатшысы:
– Ауыл әкімдері – түрлі басшылық және ұйымдастыру жұмыстарынан өзге, жергілікті жердегі қарапайым халыққа заңнамаларды түсіндіріп, жол көрсетіп отыратын тұлға. Сондықтан да жұртшылықтың сеніммен қарап, қысылғанда жөн сұрап баратыны рас. Ал сондай сенім жүктелген ауыл әкімдерінің бәрінің бірдей құқықтық сауатты емес екендігі белгілі.
Ауыл әкімдері сынақ тапсырды
Последние статьи автора