10 қазақстандық оқушы Ресей аннексиялап алған Қырымдағы "Артек" лагеріне 24 күнге жіберілген. “Тірі классика” жас оқырмандар байқауыныңжеңімпаздары Қырымның оңтүстік жағалауында орналасқан "Артек" балалар орталығына аттанған. Қоғамда дау туғызған жағдайға оқу-ағарту министрлігі түсінік берді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сапарды Астанадағы Орыс үйі – "Россотрудничество" ұйымдастырған. Астана, Тараз және Шымкент қалаларының 10 оқушысы лагерьде 24 күн демалады, деп хабарлады "Орыс үйі".
Ал әлеуметтік желіде Ресей басып алған Украинаның аралына қазақстандық балаларды жібергеніне наразы жазбалар жарияланды. Кейбір қолданушылар кейінгі апталарда Қырымда мұнай базалары мен әскери нысандарда жарылыс жиілігенін алға тартып, сапардың қауіпті болуы мүмкін екенін айтты.
Оқу-ағарту министрлігі бұл оқиғаға түсінік бере отыра жарысқа қатысу және саяхат – ата-ананың қалауымен және олардың келісімімен болғанын айтты.
“Жас прозашылардың "Тірі классика" халықаралық байқауы https://youngreaders.ru/ сайтында орналастырылған. Байқау нәтижесінде 10 қазақстандық оқушы "Артек" халықаралық балалар орталығына жолдама алды. Балалардың ата-аналары өз тілектерін білдіріп, мектеп басшыларының келісімінсіз сайтқа өтінім беру арқылы балаларды осы байқауға қатысу керек деп шешкен. Ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жауапкершіліктері туралы қолхаттар алынды”, – деп түсіндірде министрліктің баспасөз қызметі.
Балалардың аман-есен жеткені, олардың қасында ересектердің де бар екені атап өтілген. Министрлік сонымен қатар кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шетелге бару құқығын қорғау мақсатында жергiлiктi атқарушы органдарға Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлiгiнiң Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң келiсiмi бойынша бiлiм бөлiмдерiнiң бұйрықтарымен оқу-тәрбие процесiнде балалардың барлық топтық сапарларын қадағалау ұсынылғанын атап өтеді.
Айта кетейік, "Тірі классика" қорының ресейлік "Вконтакте" желісіндегі парақшасындағы мәлімет бойынша, Қырымға қазір Ресейдің одақтасы саналатын өзге бірнеше мемлекеттен балалар бара жатқаны айтылады. 2 мамыр күнгі жазбада Қырымға Мексика, Марокко, Тәжікстан, Моңғолиядан оқушылар келгені жазылған. Тағы бір жазбада Ресейдің түрлі аймағынан да балалар келгені айтылады.
"Артек" —Қырымның оңтүстік жағалауындағы лагерь.
Қырымда соңғы мәліметтерге сәйкес, ұрыстың әлі күнге дейін жалғасып жатқанын айта кетейік. Focus басылымы бірнеше күн бұрын Бельбек аэродромының маңында жарылыстардың болғанын хабарлады. Сонымен қоса Севастопольде де күшті жарылыс болған.