Өткен ғасырдың 70-80-жылдары қазақтың ән өнерінің алтын қорына «Бір тамшы жас», «Тамшылар», «Есіл ағады», «Нұрлы бейнең» секілді 200-ге тарта ғажайып ән туындыларын қосып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген Мәдениет қайраткері, талантты композитор Ахмедия Есмұханов биыл мерейлі 60 жасқа толды. Сазгердің мерейтойына орай, Астанада «Есіл ағады» шығармашылық кеші өтті.
Жезқазған өңірінің тумасы Ахмедия Есмұхановтың есімі қалың қазаққа жақсы таныс. Әртүрлі жанрда жазылған 200-ге тарта әндері бар. Соның ішінде танымал әндерінің қатарында «Тамшылар», «Бір тамшы жас», «Алау гүл», «Махаббат сәулесің», «Балапаным», «Есіл ағады», «Қарағанды», «Нұрлы бейне», «Ағалар», «Сен мені түсінбедің», «Түн» әндерін қазақ эстрадасының жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Қайрат Нұртас, сондай-ақ «МузАрт», «Каспий» тобы орындап жүр. Бұл жолы да Ахмедия Есмұхановтың жанды тербеп, жүректі толқытқан әуезді әндері Астана жұртшылығының ыстық ықыласына ие болды. Жиын барысында мерейтой иесіне жолданған ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің құттықтау хаты оқылды. Онда: «Қазақтың ән өнері өресіне әу баста «Тамшылар» әнімен танылған талантты композитор Ахмедия Есмұханов сүбелі үлес қосып жүр. Ол әйгілі «Қаракөз» ансамблін алғашқы құраушылардың бірі һәм оны халқымен қайта қауыштыру мақсатында тынымсыз тер төкті. Қазақтың алтын қорына қайталанбас, өзіндік қолтаңбасы бар інжу-маржандарын қалдырған дарынды әншінің өнері әрдайым халықтың назарында болды. Өнеріңіз өрге жүзе берсін», – делінген.
Кеш барысында сазгер «Қаракөз» ансамблінің қосылуымен әндер орындады. Бұл кеш – арада қаншама уақыт өтсе де, А. Есмұхановтың әндерінің өз өміршеңдігін жоймағандығының айқын дәлелі. Концертке жиналған қауым әншімен қосыла шырқап, жастық шақтарына сапар шеккендей болды. Аталған ән кешінде сазгер әншінің шәкірттері көрерменге мерейтой иесінің әндерінен шашу шашты.
Астанада Ахмедия әндері қалықтады
Последние статьи автора