Әлеуметтік санатқа жататын бір бөлке нанның бағасы – 80-90 теңге шамасында. Ал бидай мен ұн бағасы жыл басынан бері қымбаттаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Азық-түлік корпорациясы арзандатылған бидайды өңірлерге жеткізіп отыр. Әлеуметтік нан осы арзандатылған бидайдан өндіріледі. Қазір нарықта ұнның бағасы да өсіп жатыр. Статистика бойынша бірінші сұрыптағы ұнның бағасы – келісіне 220 теңге. Жыл басында бидай бағасы 116 теңге болса, кейін 160-170 теңгеге дейін көтерілді. Осы ретте, өңірлерде ұнға қажеттілік туындап, тапшылық болса, корпорация қорынан арзандатылған бидайды өңдеп, облыстарға жеткізуге дайынбыз. Нан бағасының өсуі бидай мен ұнның қымбаттауымен байланысты болып отыр. Соған қарамастан, республика бойынша әлеуметтік нан бағасы тұрақты», - дейді министр.