Жамбыл облысының әкімдігі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатының чемпионы Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегері Дулат Бекбауовқа пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қос боксшыны жеңіспен құттықтап, жерлестерінің атынан марапаттады.
«Әлемдік бәсекеде көк Туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл бокс мектебінің жарқын дәстүрін сақтаған спортшыларымыз өздерін нағыз шебер боксшы екендігін осы әлем біріншілігінде дәлелдей білді. 1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті, сол ерлікті қайталап отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе. Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді»,– деген облыс басшысы боксшылардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.
Облыс әкімі спортшыларды марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады. Атап айтсақ, Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті, оның жеке бапкері Ермек Ертаевқа 5 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Ал, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовқа 2 бөлмелі пәтердің кілті, оның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке 3 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Салтанатты шара барысында қоғам қайраткері, Жамбыл облысы бокс федерациясының тұңғыш президенті Қайрат Шотпақов та өз құттықтауын жеткізіп, спортшылардың елеулі еңбегін атап өтті.