Ақтөбедегі интернатта мүгедек балаларды ұрып-соққан тағы бір санитар сотталды
Видеодан науқас балаларды жұдырықтап, төсекте жатқандарының үстіне жаншып отырып алғаны да анық көрінеді.
Ақтөбедегі интернатта мүгедек балаларды ұрып-соққан тағы бір санитарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Телеарна мәліметінше, ол науқас балаларды ұрып соқты деп айыпталып, төрт жарым жылға бас бостандығынан шектелген. Бұған дейін осы интернаттың үш санитары да дәл осындай жаза арқалаған болатын.
Санитар кінәсін сотта бірден мойындаған. Науқас бүлдіршіндерге жәбір көрсеткені интернаттағы бейнекамераға түсіп қалған. Видеодан науқас балаларды жұдырықтап, төсекте жатқандарының үстіне жаншып отырып алғаны да анық көрінеді.
Сот процесінде санитар мүгедек балаларды бағу қиын екенін айтып кешірім сұраған.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бүгінде 42 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы ДЦП дертіне шалдыққан немесе ақыл-есі кем бөбектер. Көбінің ата-анасы жоқ. Мемлекет қарауындағы бұл балаларға күш көрсетілгені туралы интернатқа көрші орналасқан сәбилер үйінің басшысы арызданыпты.
«Ақтөбе қаласы №2 сотымен айыпталушы Кубегеновке қатысты қинау айыбы бойынша қылымыстық іс қаралды. Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - дейді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Әсем Ахмет.