Ертіс-Баян өңірінде тағы бір тамаша басылым – «Ақбеттау» журналы оқырманға жол тартты. 300 данамен жарық көрген журналдың алғашқы нөмірі Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналып, мұқабасына әулие бабамыздың Екібастұздағы ескерткішінің суреті басылыпты.
Журнал редакторы Сайлау Байбосынның айтуынша, басылымның меншік иесі – Ерәділ Түсіпбаев жетекшілік ететін «Баянауыл ауданының рухани даму қоры». Жылына төрт рет шығатын журнал бұл жолы 110 бет болып жарық көрді. Бұл нөмірге Зекебай Солтанбаевтың «Мәшһүр Жүсіп – әлемдік тұлға», Сүлеймен Баязитовтің «Мәшекеңнің тұрмыс жайында...» мақаласы хақында», Сайлау Байбосынның «Мәшһүр Жүсіп пен Хамбо-лама», «Көпшілік Көпей сопыны біле ме екен?» атты материалдары енгізілген. Сонымен бірге, белгілі дін қайраткері, ғалым, аудармашы, фольклоршы Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылманидың (1890-1972 жж.) «Мәшһүр Жүсіп жайлы біраз сөзі» де оқырман қызығушылығын тудырады. Шахталы шаһар аспанынан мезгілсіз ағып түскен жұлдыздай болған марқұм Алмагүл Жүгінісованың «Ұлбике» дастаны да журналдың жаңа нөмірінен табылды.
Жанаргүл Қадырова,
Павлодар облысы