Бұл туралы "Аялы алақан" бағдарламасында айтылды. 
 
Ерлі-зайыпты Айнұр Абдраманова мен Азамат Елемісов бір шаңырақ астында тұрады. Тағдырдың сынынан соң екеуі бір-бірін тапқан. Бұл олардың екінші некесі. Екеуінің де айрандай ұйыған жеке отбасылары болған.
"Жолдасым екеуміз 8 жыл пәтер жалдап тұрдық. Екі балам бар. Ата-бабамыздың басына Құран оқуға бара жатып, апатқа ұшырадық. Арнайы орталықта медбике болып жұмыс істейтін едім. Күйеуім мен екі балам сау. Апатта менің екі аяғым, белім сынып кетті", - дейді Айнұр. 
Айтуынша, Азамат дәл өзіндей қыз іздеген екен. Тағдыры бір, қиындық  көрген, мінезі салмақты қызды жолықтырсам деп армандаған. 
"Машинист мамандығын бітіріп, Қостанайда үйлендім. Балам болды. Теміржолда жұмыс істедім. Екінші қабаттан жерге құлап кеттім. Белім сынды. Дәрігер менің өмір бойы мүгедек болатынымды айтты", - деді Азамат. 
Тағдырдың сынына тап болып, екі кейіпкердің өмірі астаң-кестеңге айналады. Азаматты әріптестері білікті маман ретінде таниды.
Екі кейіпкер де сатқындықтың құрбандары. Апатты жағдайдан кейін екі баласымен Айнұрды күйеуі тастап кетсе, Азаматты әйелі сатып кетті. Екеуіне де жақын жандарының сатқындығы үлкен соққы болды. 
"Мен төсекке таңылып жаттым. Отырған да жоқпын. Күйеуім бір аптада, ай сайын келіп тұрды. Кейін келмей кетті. Маған 4 айдан соң екінші әйел алсам, рұқсат етесің бе деп хабарласты. Мен ол кезде отыра алмайтынмын. Күйзелісте болдым. Оның сөзі тіпті соққы болды. Ешкімге айтқан жоқпын. Ата-анам да білген жоқ. Асылып өлгім келді, бірақ қасымда балаларым бар еді", - деді ол. 
Айнұрдың күйеуі Шымкент қаласының белгілі бір мешітініде имам қызметін атқарады. Неге екені белгісіз, балаларымен араласуын тоқтатқан. Ал Азамат әйеліне ажырасу туралы өзі айтқан. 
"Маған достарым әйелімнің қыдырып жүргенін айтты. Оның жүрісін байқадым. Масыл болғым келмеді. Мен үйде отырып қалдым. Сондықтан ажырасайық дедім", - деді Азамат. 
Айнұрдың жолдасы екінші әйел алып, қызды болды. Алимент төлеуден бас тартқанымен сот шешімі міндеттеп берген. Бүгінде 15 мың теңге екі баласына төлеп отыр. Айнұр жолдасының опасыздығын әлдеқашан кешірген. Тек екі баласына көмектесіп тұрса дейді. 
Ал Азамат бірінші топтағы мүгедек болса да, ұлына қамқор болғысы келеді. 
"Әйелім екінші рет тұрмысқа шықты. Ұлымды маған көрсетпейді. Мен оны сағынам. Мүмкін жолдасы рұқсат бермейтін шығар. Ұлым үшін жүрегім ауырады", - дейді Азамат Елесімов. 
Екі жарты бір бүтін болған жұптың бір-біріне деген сезімі ерекше. Басында баспаналары жоқ. Арбада отырғанына қарамастан пәтерден пәтерге көшіп жүр. 
Азамат пен Айнұр ғаламтор арқылы танысқан. Тағдырлас, мұңдас жандар осылайша бір-бірін тез түсініскен. 
Азамат Айнұрдың балаларын өз баласындай көреді. Тіпті олардың бар болғаны жақсы болған дейді. 
Ерлі-зайыпты несие алып, баспана әпереміз деген алаяқтардың қолына ұстатқан. Қазір мемлекет берген жәрдемақыны құрдымға кеткен несиеге төлеп отыр