Антикор Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істің мән-жайын айтты
Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты істің мән-жайы белгілі болды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі "Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" ММ лауазымды тұлғалары мен "Ария-Жаңа Астана" ЖШС басшылығына, оның ішінде Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде (747 миллион теңге) бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр", - делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жария етуге жатпайды.Бұған дейін Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша соталды тергеу басталғаны хабарланған болатын. Ол 2 айға қамауға алынған еді.