Аптаның алғашқы күні Парламент Мәжілісінде биылғы жыл
Үкімет сағатын өткізуге келген министрліктердің бір жақсы үрдісі – көрме өткізу. Мәжіліс залының кең, мол дәлізінде өз ведомстволарында атқарылар алдағы іс-шаралар жайынан хабар беретін көрмені Мәдениет және ақпарат министрлігі де дайындап әкеліпті. Халық қалаулылары министрліктің бұл тиянақты тіршілігіне тәнті болғанын да айта кетейік. Депутаттар қауымы мәжіліс залына орныққан соң, әдеттегі рәсім бойынша министр баяндама жасады. Айтарының көбі шағын кітапша ретінде депутаттарға таратылып қойылған соң, Мұхтар Абарарұлы сөзін қысқа қайырды. Министрдің өзі айтып өткендей, тарих қойнауына аттанудың аз алдында тұрған осы жылы айтарлықтай шаруалар атқарылған.
Мәселен, шеттегі өзге мемлекеттердің мұрағаттық қорларынан ХІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихына қатысты 35 мыңнан аса мұрағат құжаттар анықталған. Көршілеріміз Ресей мен Қытайдан тартып, араб-парсы, және Еуропа елдеріндегі Қазақстан тарихынан сыр шертетін мұрағат, құжаттар елімізге жеткізілді. Сол арқылы Ұлттық мұрағат қоры толыға түсті», – дейді М. Құл-Мұхаммед. ХІІІ-ХХ ғасырлардың Қазақстанға қатысты тәбәріктері Армения, Венгрия, Германия, Польша, Франция, Ұлыбритания, АҚШ т.б. мемлекеттердің мұрағаттық қорларынан анықталыпты. 35 мыңнан асатын бұл мұрағат құжаттарымен бірге, 300-ден аса тарихи қолжазбалар, жәдігер басылымдар, жүздеген кино-дыбыс-фотоқұжаттар, телесюжеттер, түрлі жылдарда жарық көрген жүздеген журналдардың сандары да бар.
Сондай-ақ министр мемлекеттік тіл мәселесі, мемлекеттік тапсырыс алған ақпарат құралдары, ұлттық кино өнімдері турасында тоқталып өтті. Ұлттық кино демекші, әңгіме соңғы кезде экран бетін жаулап жүрген бірнеше фильмдер төңірегінен шықты. Осының алдында өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат, елге танымал әнші Нұрлан Өнербай ұлт бейнесіне көлеңке түсіріп, ұрпақ санасын улайтын бірқатар фильмдер төңірегінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің атына сауал жолдаған еді. Оған Мәжілістің Әлеуметтік және мәдени даму комитетімен бірге, басқа да халық қалаулылары қостап, барлық жиыны 36 депутат қол қойыпты. Сол мәселе кешегі Үкімет сағатында қайта бас көтерді.
Жаңа фактілермен толығып. Сұрақ-жауап кезінде сөз алған депутат Нұрлан Әлтайұлы сауал қоярдың алдында шағын бейнесюжет көріп алуға шақырды. «Келін», «Қараой», «Тюльпан», «Әке қорлығы» сынды соңғы жылдар туындыларының ұятсыз көріністерінен құралған бұл «жинақ», залда отырған министрлік өкілдері мен барлық депутаттарға толық көрсетілді. Ол ол ма, атышулы «Келін» картинасын КТК телеарнасы тура тәуелсіздік мерекесі күні көрсеткен. Нағыз прайм-тайм уақыт, сағат 20:30-да. Халық қалаулысын бұл әңгімеге қайта айналып соғуға мәжбүрлеген де осы болса керек. «Кино мәселесі депутаттардың ғана талабы емес, қалың бұқара қауымды мазалап жүрген құбылыс.
КТК телеарнасы қазақы қоғамның қарсылығын тудырған «Келін» фильмін ең асыл мерекеміз желтоқсанның 16-сы – Тәуелсіздік мерекесі күні және ертеңінде желтоқсанның 17-сі, желтоқсандықтар қан кешкен күні көрсетті. Осыншалықты не жетті? Қара орман қазақы қауымның талабымен санаспай, намысын таптап не көрінді?», – деген депутат Нұрлан Өнербай, министрден осы мәселелерге қалай қарайтынын сұрады. Бір қызығы, министр «Келін» фильмінде «әкетіп» бара жатқан зорлық-зомбылық жоқ деп есептейді. Оның ойынша, картина қазақ халқының тарихына да қатысы шамалы. «Фильм басталғандағы титрында «Біздің дәуіріміздегі ІІ ғасыр» деп жазылған.
Түркі қағанаты болса 532 жылы, Қазақ хандығы 1468 жылы құрылған. Сондықтан ондағы кейіпкерлер ІІ ғасырда Алтайды мекендеген шүршіт пе, моңғол ма, Алтай халқы ма, оны айту қиын. Конституциямызда шығармашылыққа еркіндік берілген. Оның үстіне «Келін» фильмі мемлекет қаражатына түсірілгендіктен, оны көрсетуге рұқсат беріліп отыр», – деген ойын жеткізді М.Құл-Мұхаммед. Қалған фильмдерді министр бірінші рет көріп, өзінің де ұялып отырғанын айтады. Мұның бәрі – заң жүзінде реттелмеген жағдайды пайдаланып, ойына келгенін істеп отырғандардың қылығы. Десе де, келесі жылдан бастап бұның бәрі тиісінше реттелмек.
Себебі заңға енгізілген өзгерістерге сай, Қазақстан аумағында көрсетілетін фильмдерге прокаттау куәлігі берілетін болады. Бұйыртса, келеңсіз көріністер сүзгіден өтетін уақыт та жақын. Бірақ министрдің айтуынша, өз қаражатымен кассалық туынды жасауды ойлайтын жекеменшік киностудиялардың бәрін бақылау да оңай емес көрінеді. Фильмдер төңірегіндегі дауға депутаттар С.Ибрагимов, А.Смайыл, Ж.Сүлейменовтер де араласып, өз ойларын айтты. Сонымен қатар Үкімет сағатында өзге де келелі мәселелер сөз болды. Мәселен, келесі жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында қазақ мәдениетін Еуропаның жетекші елдеріне барынша насихаттау, таныстыру жайы айтылды. Министрдің айтуынша, бұған өзі жетекшілік ететін ұжым сақадай-сай. Дайындық басталып та кеткен.
Қысқа дерек
2001-2007 жылдарда шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен, кітапханаларынан Қазақстан тарихына қатысты 147 мың 377 кадр микрофильм, 16 мың 808 парақ құжат, 785 мұрағаттық іс, 27 қолжазба көшірмесі, 1 мың 819 фотонегатив, 113 түрлі-түсті слайд, 52 киноқұжат, 12 ортағасырлық карта көшірмесі, сондай-ақ 400 мұрағаттық құжаттар жинағы, жәдігер басылымдар, каталогтар, анықтамалықтар еліміздің Ұлттық мұрағат қорына қосылған.