«Бiз «Ұлттық ана мен бала орталығының» австриялық «Vamed» компаниясының басқаруына берiлуiн үлкен қателiк деп санаймыз. Қызық, сонда ендi ана мен баланың денсаулығын бизнеске айналдыратын болдық па? Шынын айтқанда, өз үстемдiгiн жүргiзiп отырған шетелдiктер орталықтың дамуына ешқандай инвестиция салады деп дәметпей-ақ қояйық».
Кешегi Парламент Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында Төменгi Палата өкiлi Бақыт Сыздықова наразылығын осылай бiлдiрдi. Ана мен бала денсаулығын қорғаудың жаңа мүмкiндiктерiне қол жеткiзедi деп сенген Астанадағы осы бiр өгей медициналық мекеме өткен аптада шетелдiктердiң қолына өткенi белгiлi. Әсiлi, орталық осыдан тоғыз ай бұрын құрылған «Ұлттық медициналық холдингi» АҚ құрамында болатын. Ендi акционерлiк қоғам басшылығы шешiм қабылдап, холдингтi австриялықтардың қолына өткiзiп отыр. Депутаттар болса, олардың мақсаты орталықты дамыту емес, бизнес жасау дейдi. Халық қалаулыларының ары қарайғы уәжiне үңiлсек, жағдай мәз емес екенiн көресiз. Ең алдымен өзiмiз де жарыта алмай жүрген қазақшаны былай қойып, ресми тiлде де сөйлей бiлмейтiн шетелдiк мамандар жиналыста бiздiң дәрiгерлерге «немiс тiлiн үйренiңдер» деген ақыл айтатын көрiнедi. Онымен қоймай ұжымның айрандай ұйыған бейбiт өмiрiне iрiткi түскен.
Бұрыннан жұмыс iстеп келе жатқан қызметкерлердiң келiсiмшарттары бұзылып, жұмыстан шығару басталған. Бұған күйiнген Мәжiлiс депутаттары «Ұлттық ана мен бала орталығының» дәрiгерлерi осы уақытқа дейiн барлық күш-жiгерiн сарп етiп қызмет iстегенiн, өмiрге келген сәбилер санының көбейiп, ана мен бала өлiмiнiң азаюына айтарлықтай үлес қосып жатқандарын айтады. Сондықтан да орталыққа халық тарапынан ешқандай арыз-шағым түсiп көрмептi. Өйткенi онда тек бiлiктiлiгi жоғары мамандар жұмыс iстейдi. Ал шетелдiктер шиеленiстiрген мына жағдайдан соң, мекеме елiмiздiң әр түкпiрiнен шақырылған, бюджеттiң ақшасымен әлемнiң үздiк клиникаларында бiлiмiн арнайы жетiлдiрiп келген кадрларынан айырылу үстiнде. Бiр қызығы, қазiргiдей қиын жағдайға қарамай, орталықта қызмет етедi деген австриялық бес адамға ел бюджетiнен 10 миллион АҚШ доллары бөлiнiптi. «Одан да сол ақшаны орталық ашылғалы берi үзiлiссiз қызмет етiп келе жатқан, бiрақ қазiрге дейiн баспанаға қол жеткiзе алмай, соның кесiрiнен отбасыларын Астанаға жеткiзу арман болып жүрген өз дәрiгерлерiмiздiң үй алу мәселесiне неге жұмсамаймыз», – дейдi кейiген депутаттар. Жағдайды осылай жайып салған халық қалаулылары сөз соңында өздерiнiң мынадай үш талабын қойды. Бiрiншiсi – австриялық Vamed компаниясымен жасалған келiсiмшартты бұзу, екiншiсi – «Ұлттық ана мен бала орталығының» бұрынғы басшылығы мен қызметкерлерiнiң құрамын қайта қалпына келтiру, үшiншiсi – орталықтың қызметкерлерiн баспанамен қамту мәселесiн шешу.
Ана мен бала денсаулығы бизнеске айналды
Последние статьи автора