«AMANAT» партиясының ребрендингі оның мазмұнының да өзгеруіне ықпал етті. Бұл туралы партия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Еділ Жаңбыршин тележүргізуші Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сұхбат барысында Еділ Жаңбыршин былтыр ғана елімізде өткен референдумды тілге тиек етіп, Конституцияға енгізілген өзгерістерге тоқталып өтті.
«Біздің партия өзінің ребрендингін жасады. Ол тек қана атын өзгертіп қана қойған жоқ. Ол ішкі дүниесін де өзгертті. Ребрендинг ол оның сыртқы формасы немесе дизайнына ғана байланысты емес, оның мазмұны да өзгерді. Бірнеше факторларды келтіруге болады. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, былтыр референдум болды, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізілді. Осы Конституцияға өзгерістер енгізілген кезде Президент саяси тұлғалар, оның ішінде әкімдер, олардың орынбасарлары партиядан шеттетілді», - деді ол.
Сондай-ақ экс-депутат «AMANAT» партиясының бұрынғы бағытын еске түсіріп, оның қазіргі уақыттағы жаңа мақсатын сөз етті.
«Біз былтыр партияның жаңадан тұғырнамасын қабылдадық. Қазір партияның негізгі мақсаты – бұл құқығы қорғалған, еркін ойлы, өзінің білімімен жетілген адамдарға мүмкіндік беретін, біздің халықтың әл-ауқатын көтеретін әділ мемлекет құруға бағытталған. Яғни партияның бүкіл миссиясы әділ қоғам құруға арналған», - деді Еділ Жаңбыршин.