Жыл сайын өткізілетін скринингтер әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды ерте анықтап, алдын алуға көмектеседі. Скринингтік тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі, деп хабарлайды Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Қала тұрғындары скринингтен жергілікті емхана арқылы өте алады. Нысаналы тексерулер 18 жасқа дейінгі балалар мен 30-70 жас аралығындағы ересектер арасында жүргізіледі.
«Балалар кәмелет жасына толғанша профилактикалық тексерулерден өтіп отырады. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттері аумақтық емханаға бекітілген. Ал бала-бақшаға бармайтын балалар тексеруден тіркелген емхана арқылы өтеді», - дейді басқарманың бөлім басшысы Гүлнар Қалибекова.
Емдеу-профилактикалық қызмет бөлімі жетекшісі Ләйла Иманғалиеваның айтуынша, скринингтік тексерулер мен анализдерге жолдаманы емханадағы жалпы практика дәрігері немесе учаскелік терапевт береді.
Скрининг қандай дерттер бойынша жүргізіледі?
• Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторларын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау – аталған диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Глаукомаға тексеру (көз іші қысымын) – 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы әйелдер
• Сүт безі обырын ерте анықтау – 40-70 жас аралығындағы әйелдер
• Колоректальды обырды ерте анықтау – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
• В мен С вирусты гепатиттерін ерте анықтау
«Скринингтің кейбір түрлері бес жыл сайын – әр екі немесе төрт жылда бір рет өткізіледі. Оның мерзімі белгілі бір аурудың өршу қарқынына қарай белгіленеді. Тексеруден кейін пациенттерді қосымша қаралып, консультация алу үшін салалық маманға жібереді. Қажет болғанда оларға тиісті ем-дом тағайындалады», - дейді Ләйла Иманғалиева.
Естеріңізге сала кетсек, профилактикалық скринингтер МӘМС қаражаты есебінен жүргізіледі. Тексеруден өту үшін міндетті түрде сақтандыру мәртебесі талап етіледі.