Ұлттық сараптама орталығының мамандары Оңтүстік Кореядан Алматыға жеткізілген тез дайындалатын "Джин Рамен" кеспесі мен Butter Соокіеѕ Danish Pride деп аталатын түрік печеньесін тұтыну қауіпті деп таныды.
Аталған өнімдердің сынамасына зерттеу жүргізіліп, ГМО мөлшерінің шамадан тыс екені анықталған. Бұл туралы ұлттық сараптама орталғының баспасөз қызметі хабарлады.
Зертхана қызметкерлері аталған өнімдерді "Барыс-4" және "Ақбұлақ" көтерме сауда базарынан қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз сатып алған.
"Лабораториялық зерттеулер көрсеткендей, кеспедегі гендік түрлендірілген сояның құрамы 1,4%-тен 10,25%-ке дейін, ал печеньеде 47,75%-тен асқан. Сонымен қатар, өндірушілердің таңбаларында көрсетілген өнімдердегі гендік түрлендірілген ингредиенттердің құрамы туралы ақпарат жоқ", – делінген хабарламада.
Осы жағдайға байланысты қазіргі кезде сауда желісіндегі талапқа сай емес өнімдерді анықтау және оны сатудан алып тастау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес тамақ өнімдеріндегі ГМО құрамының рұқсат етілген нормасы 0,9%-тен аспауы тиіс.
Айта кетейік, тағам құрамындағы ГМО қатерлі ісіктің пайда болу қаупін күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерде өсудің тежелуін, сондай-ақ аллергиялық аурулардың өршуін арттырады.