Ерлік мәңгі өшпейді. Бүгін «Алматы» қонақүйінің қабырғасында Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тігіп, жеңіс жалауын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш тақта орнатылды.
1924 жылы Ақмола облысының Ақмола ауданында дүниеге келген ол 1942 жылы әскер қатарына алынады. 1945 жылдың 30 сәуiрiнде, Рахымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, жаудың ордасына жеңiс туын тiкті. Өмірінің соңына дейін «Алматы» қонақүйінің директоры қызметін атқарған батыр 1988 жылы көз жұмды. 2001 жылы Рахымжан Қошқарбаевқа Тәуелсіз еліміздің ең жоғары марапаты – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Шараға жиналған ардегерлер мен Тәуелсіз елдің сарбаздары батырдың рухына басын иіп, ерлігіне тағзым етті.
Бақытбек Смағұл, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы: - Ерен батырдың ерекше ерлігін кезінде Бауыржан Момышұлының өзі «Батырлықты жазатын болсаң Рахымжаннан баста» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан да балғын жігіттің жау оғынан ықпай кеудесін оққа тоса білген мінеки, бүгінгі таңда елдің мақтанышы, рухани азығымыз болып отыр.
Әлия Қошқарбаева, Р.Қошқарбаевтың қызы: - Ол үнемі тарих бәрін өз орнына қояды деп айтатын. Сұм соғыстың соңғы нүктесін қойған әкемнің ерлігі – бүкіл қазақтың ерлігі деп қабылдаймын. Әкеммен мақтанамын. Ардагерлеріміздің ерлігін асқақтатып, айбынын асыра берейік!