Алматыда құрылыс нысандарының бірінен 26 жастағы құрылысшы құлап кеткен. Бас миы шайқалып, іш құрылысы жарақаттанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Науқас болған жайтқа құрылыс компаниясын кінәләйді. Айтуынша, жұмыс беруші мекеме қауіпсіздік талаптарын сақтамаған. Әрі жұмысшымен келісімшарт жасаспапты. Енді ол емге кеткен шығынын өндіріп алмақшы. Бұл оқиға наурыздың 7-сі күні болған.
26 жастағы құрылысшы дәл мына нысанның үшінші қабатынан құлаған. Ол онда бетон кесумен айналысып жүріпті.
Жапа шеккен құрылысшы сол сәтте үстінде ешқандай сақтық құралдары да болмағанын айтты. Аурухананың жансақтау бөліміне түскен, оған дәрігерлер сол күні ота жасаған. Ақ халаттылар жігітің бас миы шайқалғанын, кеуде және іш құрылыс жарақаттары болғанын анықтаған. Қазір ол ем-домын үйде жалғастыруда.
«Мені он шақты адам сол жердегі үйшікке сүйреп апарды. Беті-басым қан, мұрным қанаған еді», - дейді Қуаныш Досымбек.
Қуаныш құрылыс басында сақтық шаралары қарастырылғанда, бұл жағдайға түспес едім деп отыр. Ол ақпанда ғана осы жұмысқа тұрған. Жұмыс берушілер тіпті келісімшарт та жасасып үлгермеген.
«Тікелей солардың кінәсі болған. Бұлардың объектісіне жұмысқа кірмей тұрып, техқауіпсіздікке қол қойғызып барып жұмыс бастауы керек. Ал бізде ондай болмады. Егер қауіпсіздік белдігі болғанда, маған ешнәрсе болмас еді», - дейді құрылыс кезінде құлаған Қуаныш Досымбек.
26 жастағы құрылысшы - отбасының жалғыз асыраушысы. Тұрып жатқан баспанасын несиеге алған. Құрылыс компаниясы көмек бермек түгілі, айлығымды бермеді деп отыр.
«Тағы барып текерілуім керек еді негізінде, төлемақыларың жоқ деп қабылдаймай отыр олар да», - дейді жұбайы Әлия Салманова.
Зардап шеккен тарап, жұмыс беруші ең аяғы кешірім де сұрамағанына наразы. Ал аты дардай құрылыс мекемесі мұндағы жұмыстарды мердігер құрылыс компаниясына тапсырған екен. Бірақ ондағылар Қуаныштың жұмысқа қабылданбағанын айтқан.
«Ол кісі бізде жұмыс істеген жоқ. Бізге жұмысқа қабылданбаған. Біз «Высокая» ЖШС-мен келісімге отырғабыз. Былайша айтқанда, қосалы мердігер компаниямыз. Жексенбі күні біз жұмыс істемейміз. Ол баланы өзінің жолдастары шақырған ба, мен білмеймін, қалай кіріп кеткенін», - деді нысанның басшысы Мәди Жұмағалиев.
Компания өкілі ер адамның айыптауымен келіспейді. Шығынды да өтеп бергісі жоқ. Заңгерлер, төсекке таңылған құрылысшыға сотқа арыздануға кеңес берді. Өйткені құрылыс мекемесінің келісімшарт ұсынбағаны заңбұзушылық екенін жеткізді.
«Біріншіден, бұл жұмыс берушінің аумағында болған жағдай. Ол ойнап жүрген жоқ қой. Екіншіден, сонымен жұмыс істеген, әріптесерімен, куәгерлермен сөйлеуге болады. Дәлелдемелерді жинап барып сотқа шағымданып, өндіріп алуға болады. Келісімшартсыз жұмыс істегені - жұмыс беруішінің ол үлкен қателігі. Заңбұзушылық. Жұмыс беруші салық төлеуден жалтарып, сондай әрекет жасаған», - деді заңгер Қайрат Жұртболов.
Қазір науқас полицияға шағым түсірген. Ал полиция сот-медициналық сараптама тағайындады.