Атауы жыл басында "Зерделі" деп ауыстырылған Алматыдағы бұрынғы Алғабас ықшамауданында тағы бір үй қисайған. Тоғыз қабатты үйдің артқа қарай қисайғанын тұрғындар алдыңғы түні байқап, дабыл қаққан. Алайда шақыртуға келген мамандар "айтарлықтай қауіп жоқ" екенін айтқан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Зерделі ықшамауданындағы 179-үйдің тұрғындары екі күннен бері көз ілмеген. Айтуларынша, небәрі бір түннің ішінде көрші үймен араны жалғап тұрған темір тордың үстіңгі шегелері ажырап, іргеге құйылған бетон жоғары көтеріліп кетіп, кіреберістегі асфальт сөгіле бастаған.
"Кеше, алдыңғы күні қисайғаны қатты байқалды. Өйткені басында қарап жүрдік, "қисайды" деп. Одан кейін түнде шығып қарасақ, қатты қисайғаны байқалды. Үйде бөлмелердің есігі жабылмай, кейбіреуі айқара ашылып кетеді. Асфальттан баспалдақтар ажырап кетті. Қорқыныш, үрей бар", - дейді Мерей Биниязов.
Үйде тұрып жатқан кілең жастар. Бәрі де пәтерін "Жас отбасы" мемлекеттік бағдарламасымен жеңілдікпен алған. Бұрынғы Алғабас ықшамдауданындағы үйлер бірінен соң бірі апатты боп танылып жатқанда да, алғашқылардың бірі боп салынған баспана сыр бермеген екен. Енді ішіндегі есіктерімен бірге жақтаулары да жылжып, жас отбасылардың үрейі ұшып отыр.
"Қазір қарасаңыздар, бір қарыс, 20 сантиметрдей үй артқа қарай шығып тұр, ана жерден. Ал бұрын былай тұрған, торы қазір былай тұр (...) Шара қолдану керек! Өйткені мына үйде тұратын өңкей көп балалы жас отбасылар. Егер үй қирап, жас балалар шырқырап кетсе, не болмақ?!", - дейді Кәкімбек Аюбай.
Ал бұған қатысты пікір білдірген әкімдіктегілердің айтуларынша, қазір төніп тұрған қауіп жоқ екен.
"Қазір қауіп жоқ! Бір сантиметр, 0,5 сантиметр дедім ғой. Қауіпті жағдай болу үшін өзінің нормативінен асып кету керек. Қазір нормативтан ауытқу жоқ. Апатты, ол 30 сантиметрден асу керек. Қазір бір сантиметр", - дейді Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы басшысы Қуандық Айтмағамбетов.
Дегенмен жауаптылар тұрғын үйді тағы бір мәрте тексеруге уәде берген. Алайда бойын үрей билеген бұрынғы алғабастықтардың атқамінерлердің айтқанына көніп, бала-шағасына қауіп төндіретін ойы жоқ.
Сараптама қорытындысы дайын болғанша, қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр.
Дереккөз КТК арнасы