Алматыда артезиан суы табылды. Бұлақты көріп, көзін ашқан – 39 жастағы Марат Айтуов деген жергілікті тұрғын.
Алматы қаласы Алатау ауданының Әйгерім ықшамауданында бұлақ көзі табылып, қазірде халықтың пайдасына асып отыр. Әлмерек абыз және жақында ғана аты берілген Сәпиев көшелерінің қиылысында орналасқан бұл артезиан суына жергілікті тұрғын Марат Айтуов өз қаржысына бес жыл бойы тазалық жұмыстарын жүргізіп, кейіннен ол жерге тас қойған екен. Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров бұл іске оң көзімен қарап, қолдап, табиғи байлықтың жіті бақылауда болуын қадағалауға атсалысқан. Бірақ бұл іс тек жақында ғана қолға алынғандықтан, бұған дейінгі бар бейнет Марат Айтуовқа «бұйырған». Оның айтуынша, жер қысымымен табиғи түрде ағатын бұлақ көзіне салғырттықпен қарайтындар да көп. Мәселен, жуыну орнына айналдырып, автокөліктерін жуып, кіші дәрет сындырып, қоқыс тастап кететіндер де табылады. Сол себепті су басына екі жыл бұрын құлпытас қойылды. Қазір судың сапасын тексерген бір топ ғалым оған өте жақсы деген баға беріп отыр. Олар түрлі ауруларға қолданылатын емдік қасиеті бар бұлақ бүйректі тазалаудың да таптырмас емі екенін айтады. Ал кейін осы артезиан суына «Көкқайнар бұлағы» деген атау берілді. Ал күні кеше оразаға байланысты 150 адамға мал сойып, ауызашар беріп отырған Марат Айтуов дастарқанға бұлақтың суын да қойды.
Марат АЙТУОВ, Алматы қаласының тұрғыны:
– Бұлақты 1974 жылы қазылды деп естігеніміз болмаса, басқа сырын анық-қанық білмедік. Көптеген қиыншылықтар кездессе де, ең бірінші, Алланың, ал екінші күш-жігеріміздің арқасында тамаша бұлақтың көзін аштық. Көшені барымызша кеңейтіп, бұлақ басын барынша кеңейтуді ойладық. Ольга Васильевна деген кісі «көптеген аурулар шығып жатыр» деп өтірік мағлұматтар беріп, бұл жерді жабумен айналысты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөз бар. Сараптамалық қорытындылар бойынша, бұл жерде ешқандай да ауру тарататын су жоқ болып шықты.
Алматыда артезиан суы табылды
Последние статьи автора