Алматы облысының әкімі Баталов: Жастарға 10 жүздіктен жер бөлінеді
Алматы облысындағы әр аудан, қаладағы жастар ресурстық орталықтарына 10 гектардан жер бөлінеді. Олар ол жерде ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп, одан түскен қаржыны елдімекендерді көркейтуге жұмсамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу жиыны өтті. Басқосуға әр салада еңбек етіп жүрген өңір жастары, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар, еріктілер мен облыстық департамент басшылары қатысты.
Жиналғандарды Жастар жылының басталуымен құттықтаған өңір басшысы Амандық Баталов 2019 жылдың «Жастар жылы» деп аталуының тарихи мәні зор екендігін атап өтті.
Бүгінгі таңда Алматы облысында Жетісу жастарының жарқын істері атты жұмыс жоспары құрастырылған. Ол жерде Жастар жылы аясында атқарылатын іс-шаралар бекітіліп, нақты қадамдар белгіленген.
Мәселен Алматы облысының барлық аудан, қалаларында Жастарға қызмет көрсету орталықтарын салу мәселесі қарастырылуда. Өңірде ауылшаруашылығын дамытып, ауыл жастарын жұмыспен қамту мақсатында әр ресурстық орталыққа 10 гектардан жер бөлінбек. Бұл жерлерде жастар әртүрлі дақылдар егіп, өсіріп, шыққан өнімді өткізіп, одан түскен қаражатты ауылды көркейтуге бағыттайтын болады.
Алматы облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жандос Байхамитовтің айтуынша дақыл таңдауда әр ауданның климаттық жағдайына басымдық беріледі.
«Мәселен Сарқан ауданында қант қызылшасы, Райымбек ауданында картоп өсіріледі. Күзгі жиын теріннен түскен қаражатқа street workout алаңдары салынып, коуоркинг орталықтарына қажет жабдықтар алынады», - дейді орталық жетекшісі.
Сондай-ақ Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында волонтерлық қозғалысты дамытып, белсенді жұмыс істеген ерікті студенттерге шәкіртақы 30 пайызға артады. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы шеңберінде 2018-2019 жылдары жергілікті бюджеттен 106 грант бөлініп отыр. 2020 жылға дейін 2 000 студентке жатақхана салынады.