Биыл оңтүстік астана аумағындағы 190 мың шаршы метрге гүл отырғызылады. Алматы шаһарының тарихында бұрын-соңды мұнша көп гүлзар болған емес.
Алматы қаласы әкімдігі мамандарының мәліметінше, биыл көпжылдық гүлдер қаланың саябақтары мен гүл бақтарына, автомагистральдарды бөліп тұрған жолақтарға, заңды тұлға нысандары мен тұрғын үй кешендеріне іргелес аумақтарға егіледі. Көктемнің ортасында-ақ шаһар ландшафтына түр-түсі сан алуан қызғалдақтар сән бермек. Олардың мерзімі келіп, солған кезде, орнына жазғы гүлдер отырғызылады. Гүлмен көріктендіруде қала көшелерінің бірыңғай стилі сақталады. Биыл көшелерге салынатын гүлзарлар үшін ең озық технология қолданылып, бұрын-соңды тәжірибеде болмаған пішіндер таңдалады. Айталық, шар, алма, қала елтаңбасы, панно сияқты гүлді формалар орын теппек. Мамандар ұлу жылы Алматы нағыз гүл-қалаға айналады деп отыр. Осы мақсатта аула аумақтарын ең әсем гүлдермен безендіруге арнайы байқау ұйымдастырылмақ. Бұған қоса, мамыр айында ландшафт дизайнерлерінің «Алматы – гүл-қала» фестивалі осымен екінші жыл өткізілетін болады. 2010 жылы оңтүстік астанада 110 мың шаршы метр, былтыр 180 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылды. Биыл гүлзарлар ауданы 190 мың шаршы метрге жетеді.
Алматы гүлдердің ордасына айналады
Последние статьи автора