«Қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылып, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып киілуі керек» деген ұстанымды темірқазық қылған Алаш арыстарының аянышты тағдыры әрбірімізге аян. Алайда айтпағымыз – талайлы тағдырлар жайлы емес, Байтұрсынов, Бөкейханов, Дулатов сынды шын ұлтым деген ұлықтарға «халық жауы» дегенмен қатар, неліктен «жапон тыңшысы» деген айып қоса тағылды? Қарап тұрсақ, Жапония қайда, кең байтақ қазақ жері қайда? Алыстағы аралдарда өз бетімен күн кешіп жатқан күншығыс елімен біздің арыстарымыздың арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Бұл – ұлтымыздың тарихына, тұлғалар тағдырына бейжай қарамайтын әр қазақтың көкейінде тұрған сұрақ.
Ең бірінші қолға іліккені жас күнінде арыстарымыздың арасында жүріп, солардың аманатын арқалап қалған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің небәрі 20 жасында жазған «Жапония» атты мақаласы болды. Алаш көшбасшылары сол тұста қазақтың бойындағы қайсарлық рухын түртіп ояту үшін ешқандай езгіге жаншылмай, өз ұлттық ерекшелігін сақтап қалған елді іздеді. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында Еуразия кеңістігінде Батыстың экспансиясына ұшырамаған бірден-бір ел Жапония еді. М.Әуезов күншығыс елінің 1861 жылы жүзеге асырған әйгілі «Мэйдзи» реформасын талдай келе, соның ішіндегі білімге қатысты тұсына баса назар аударады. Сол бойынша жапон жұрты ХІХ ғасыр соңында өздерінің жас талантты да талаптыларын жаппай Германияға не сол сияқты Еуропаның басқа да озық елдеріне оқуға жіберуді жіті қолға алған болатын. Нәтижесінде ХХ ғасыр басталысымен-ақ жапондар кімді де болсын өздерінің ұлттық мүддесіне қызмет еткізе алатын ең мықты ұлтқа айналды. Алашорда үкіметін құрып, аяқтан тік тұрғызуға бізге сондай тәжірибе қажет еді.
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай да өзінің осы тақырыптағы мақалаларында ұлттық бірлік пен Тәуелсіздік жолында құрылған Алаш партиясының негізгі бес ұстанымын талдай келе, «Бесінші – ең негізгі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек. Дәстүрге беріктік деп отырғаны – осы», – дейді.
ХХ ғасыр басында «Жапония» атты мақала жазып, сол арқылы Алаш жұртына мықты тірек, күшті идеология ұсынған ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезовтің ұлы, мәдениеттанушы ғалым, жазушы Мұрат Әуезов бұл орайда былай дейді:
Мұрат Әуезов,
– Жапондықтар – біздің тарихи достарымыз. Тек Мұхтар Әуезов қана емес, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар бастаған Алаш азаматтары Күншығыс елін терең зерттеуге ден қойған. Жапония тарихын, сол халықтың тарихи шығу негізін білуге ұмтылған. Неге? Себебі ХХ ғасыр басында Азия кеңістігінде Жапониядан басқа бірде-бір ел, тіпті қазір экономикалық жағынан да саяси жағынан да әлемге өз тамырын терең жайған Қытайдың өзі, Үндістанда өз бостандығын сақтай алмаған. Сондықтан Алашорда мемлекетін құруда арыстарымыз Тәуелсіз ел ретінде Жапонияның тәжірибесін терең зерттеуге тырысты. Ал енді «жапон тыңшысы» деген айыпты Алаштықтарға, менің пайымдауымша, осы Жапонияға деген аса қызығушылықтарына қарай таққан секілді. Сондықтан, Алаштықтардың жапон халқына, еліне, мемлекетіне бүйрегі бұрғаны шындыққа жанасымды. Алайда ол өз халқына жау болу үшін емес, керісінше, қазақты сондай Тәуелсіз ел қылу үшін. Мен жапондықтарға бүйрегіміз мәңгі тартсын дер едім.
Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік кезден «мұра» болып қалған салқын қабақтылықтың сеңі бұзылып, еліміз барлық елмен түрлі салада байланысқа еркін түсе алатын мүмкіндікке ие болғаны белгілі. Соның ішінде Жапония ғалымдарымен де. Қазақстанмен тығыз байланыстағы жапон ғалымдарының бірі Томохико Уяма – өзінің ғылыми ізденісі барысында осы Алаш пен жапон байланысына тоқталған адам. Ол осы ретте былай дейді:
– Жапония ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыс кезінде де идеологияландырылған ел болды. Алайда жапондарды соғыстан кейін, ел еңсесін қалай көтереміз деген сұрақ көбірек мазалайтын болды да, сол арнаға бет бұрды. Меніңше, жапондықтар мен алашордалықтарды елдің экономикалық және мәдени, рухани ахуалын қайтсек көтереміз деген ойы ортақтастырды.
Түйін:
Жаман пиғыл иелері жеті құлыпқа салып, жеті қат жердің астына тастау арқылы ақиқатты адастырдым деуі мүмкін. Алайда бұл – барып тұрған қателік. Сол қателік талай көреген, көсем ұлт зиялыларының тағдырына қиянаттан қыл арқан болып керіліп, «халық жауы», «жапон тыңшысы» секілді таңба басты. Жазықсыз күйдірді. Алайда араға сан жылдар салып, ақиқат жарыққа шықты. Ол ақиқат – бір кездері Жапония секілді салтына берік, саясаты нық елді арыстарымыздың Алашқа үлгі етуде мүлт кетпегендігі. Бүгінде барлық жағынан өзге елдерге үлгі боларлық озық өркениеті бар ел - Жапония. Соны сонау ХХ ғасыр басында-ақ байқап, көк аспанын тұман басқан қазаққа «құс жолы» етіп көрсеткен Алаш қайраткерлерінің көрегендігі тұғын... Кім білсін, егер ұлт көсемдерінің сәулелі идеясы сол кезде-ақ жүзеге асып, қатыгез пиғылды әміршіл жүйенің бөгеті болмағанда бүгінгі Қазақстан қаншалықты қарыштап дамығын ел болар еді...