«Толқымалы 90-жылдары сырттан тауар әкеліп, өз отбасымен қатар, отандық экономиканы да сақтап қалған сырт елден жүк тасушы (челнок) әйелдерге ескерткіш қою керек!» Бұл ұсынысты Қарағанды облыстық «Нұр Отан» ХДП филиалы төрағасының орынбасары Есет Есенғараев кәсіпкерлер бас қосқан дөңгелек үстелде жария еткен-ді. Орынбасардың айтуынша, осы жолы жіңішке қауымның ала қабы 90-жылдары елімізді дағдарыстан аман алып шығыпты.
Есет Есенғараев:
– Меніңше, біз сырттан жүк тасыған «челнок» әйелдерге ескерткіш орнатуымыз керек. 90-жылдары үстіне «адидас» киіп алып, ала сөмкесін арқалап жүріп Қазақстанды дағдарыстан құтқарған – осы әйелдер.
Еуразия кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Жомарт Алдоңғаров бұл ой-пікірді қос қолдап құптап отыр. Осыған орай ел Президенті Н.Назарбаевқа хат дайындапты. Онда: «Кәсіпкерлер мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын сақтады, өздерінің отбасын сақтады. Сол арқылы Қазақстанның дамуына зор үлес қосты. Олар ондаған келілік ауыр қаптарды арқалай жүріп, алыпсатар (челнок) болып еңбек етті. Бүгіндері сенімді түрде «челноктар» елді тауар тапшылығынан сақтап қалды деп ашық айтуға болады. Олар сол кезеңде өздерін ғана нәпақамен қамтамасыз етіп қойған жоқ, ел дамуына аса қомақты үлес қосты. Сонымен бірге өздеріне жұмыс орындарын ашты…» делінген. Ж.Алдоңғаров 90-жылдардағы кәсіпкерлерге Қарағандыда ғана емес, Астана, Алматыда да ескерткіш қоюды сұрап отыр. Ал ел ішінде осыған байланысты сұрау жүргізілуде.
Айтқандай, мұндай ескерткіш Ресейдің Благовещенск қаласында орнатылыпты. Онда ер адам бейнеленген. Қолында – ауыр сөмкесі, иығында – үлкен қорап. Белінде – ақша салуға арналған белбеуі. Ескерткіштің көлемі – 2 тонна шамасында, қоладан құйылған екен.
«Ала қапты», «адидасты» анаға Қарағандыда ескерткіш қойылмақ
Последние статьи автора