Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Бауыржан Момышұлы көшесі, 14 мекенжайында орналасқан атышулы үйдің тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Altaynews"-ке сілтеме жасап.
Бұл үйдің мәселесі оң шешімін тапты деп айтуға болады.
- Өткен жылы осы үй аса нашар күйге түсіп, мәселе ерекше өзектіленді. Шын мәнінде, мәселенің шешімі сатып алушы мен сатушының арасындағы ара қатынасқа байланысты еді. Яғни, үйдің тұрғындары мен Қазақстан тұрғын үй компаниясы арасында. ҚТҮК коммерциялық компания ретінде бұл үйді өз бастамаларымен тұрғызып, пайдалануға берген. Қала әкімдігі 2010 жылы үйді қабылдап алуға қатысқан жоқ, яғни тұрғындардың алдында баспананың сапасын қамтамасыз ету бойынша ешқандай міндеттемелері жоқ, - деді шаһар басшысы.
Дегенмен, әкімдік мұндай мәселеге бей-жай қарай алмаған екен.
Жақсылық Омардың айтуынша, әкімдік тарапынан тұрғындарға бірден қолдан келерлік көмек ұсынылды.
- Біз бұл жұмыстың барлық кезеңінен өттік – жөндеу жұмыстары үшін ЖСҚ жасау, істің сотта қаралуы, үйде МИБ құру және қаржы аудару үшін арнайы шоттар ашу. Жылыту маусымында коммуналдық кәсіпорын мамандары үйдің жағдайын күнделікті бақылап, қажетті көмек көрсетіп отырды, - дейді ол.
Міне, енді тұрғындарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат төленіп отыр. Олар жұмысты атқаратын компанияны таңдап қойған, нысанда жұмыстардың басталып кеткеніне екінші күн болыпты.
- ҚТҮК-ның қазіргі басшылығына да лайықты бағасын беру керек – олар сот ісін созбай, мәселенің өзектілігін түсініп, тұрғындарға орташа жөндеуге қаражат беруге келісті, - деді қала басшысы.
Айта кетсек, осы жұмыстар жүргізілген уақыт ішінде, мұнда аула жарықтандырылып, подъездерге апаратын жолдардың асфальт қабаты жөнделген екен. Қазір балаларға арналған алаң орнатылып жатыр.