Әділет министрлігі дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға кім жауап беретіндігіне түсініктеме берді.
Әділет министрлігі қымыз бен шұбатты қорғау мәселесіне түсініктеме берді
Аталған ведомство таратқан мәліметке қарағанда, соңғы уақытта Әділет министрлігінің атына дәстүрлі мәдени құндылықтарды, мысалы қымыз, шұбат түріндегі дәстүрлі қазақ сусындарын қорғау және осы мәселе құзыретіне жататын уәкілетті орган туралы мәселеге түсініктеме беру туралы бірнеше өтініш келіп түскен.
Осыған байланысты келесіге назар аударғымыз келеді. Осы мәселені қарау кезінде Әділет министрлігінің және Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретін нақты ажырату қажет.
"Әділет министрлігі дәстүрлі білімдер мен дағдылардан айрықшаланатын қазіргі заманғы жағдайларда өнеркәсіптік өндіріс технологиясына патенттерді тіркеуге және беруге жауап береді. Мысалы, қымызды өнеркәсіптік дайындау тәсілдеріне 24 патент, шұбатты өнеркәсіптік дайындау тәсілдеріне - 17 патент берілді", - делінген ведомство хабарламасында.
Өнертабысқа патент беру үшін патент қабілеттілігі, жаңалық жағдайлары тексеріледі. Дәстүрлі білімдердің (өнім немесе оларды шығару тәсілі) ешқандай нысаны жаңалыққа тексеруден өте алмайды.
Осылайша, өнеркәсіптік өндіріс технологиясына патенттер беру олардың құқық иеленушілеріне дәстүрлі өнімдерге және сусындарға өзге де дәстүрлі бұйымдарға құқықтар бермейді. Оларды пайдалану және қорғау мәселесі мәдениет саласындағы заңнамамен реттеледі.
Атап айтқанда, "Мәдениет туралы" Заңның 7-бабына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігінің құзыретіне дәстүрлерді, салттарды, тілдерді және олармен байланысты білімдер мен дағдыларды қоса алғанда, ұлттық материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту мәселелері жатады.