48 мың көл құрып кетуге жақын тұр

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Табиғат туралы айтқанда неге тосылып қала береміз? Өйткені кезінде қоршаған ортаны пайда­лануда көп ағаттық кетті. Оны көзіміз көрді. Бұрын жайнап тұрған көрініс қазір ертегі секілді. Сүреңсіз табиғат кімге ой салмайды? Кезінде сулы жерлер көп еді. Әрбір ауылдың іргесі сусыз жатпайтын. Көлдер бар-тын. Аққу ұшып, қаз қонған дегендей... Бүгін басқаша. Көлдің көбісі тартылып қалды. Табанында ылғал жоқ. Құмды далаға айналды. Жел тұрса, шаң борайды. Бұл – біздің қателігіміз. Су айдынын пайдалануда ағаттық жібердік. Көлдер күтімсіз күйге түсті. Сосын құлазыған далаға айналды. Оның маңы да көріксіз күй кешті. Ілгеріде жасыл желек жайқалып тұратын-ды. Есепке жүгінеміз осындайда. Жоғалтқанымыз көп екен. Ертеде қазақ даласында су айдыны көп болыпты. Осы уақытта олар бірнеше есе кеміп кеткен. Бүгінде елімізде 48 мыңға жуық көлдер бар екен. Былай қарағанда, аз емес. Дегенмен олардың жағдайы мәз деп айта алмайсың.
Бұрын Арал теңізі ең ірі көл саналды. Теңіздің экологиялық жағдайы белгілі. Ара-тұра Балқаштың ахуалы да алаңдатып отыр. Өзге де ірі көлдердің проблемасы же­терлік. Айтпақшы, келбеті көркем Көк­ше жеріндегі 80 көлдің жағдайы қазір ерік­сіз жаныңды ауыртады. Бүгінгі күні он­да сол су айдындарының жартысына жуы­ғы ғана қалған. Қалғаны құрғап, та­ба­нын лай басқан. Жаратылыс қолмен қа­лап қойғандай әсем өңірдегі бұл мәсе­ле­нің өзі талайды ойлантады. Кезінде Сә­кен Сейфуллин «Сексен көл Көкшетаудың саясында, әрқайсы алтын кесе аясында» деп жырға қосқан еді-ау... Оған қоса, тұм­са табиғатты тағы бір өңір – Жетісу жерін­дегі Қапшағай көлінің де күні қараң болып барады. Жасанды көл тартылса, жағасын­да­ғы жұрттың жағдайы не болмақ? Қазір бұл жерді туризм аймағына айналды­ра­мыз деп өрекпіп жүрміз. Себебі бастауын Қы­тайдан алатын Іле өзені Қапшағайға әрең жетіп жатыр. Оған Қытай Үкіметінің елдің Батыс аймағын ауылшаруашылық өңір ретінде дамытуға ден қоюы айтар­лық­тай әсер етуде. Егер жағдай осы қа­лып­та қала беретін болса, өзендерден бө­лек, Балқаш, Қапшағай, Алакөлімізден әп-сәтте айырылып қалуымыз әбден мүм­кін. Бұл жайында «Табиғат» экологиялық ода­ғының төрағасы Мэлс Елеусізов бұ­қара­лық ақпарат құралдарының біріне бер­ген сұхбатында:
– Қапшағай суын бөгеп тастаған. Қазір Іле өте аз су беріп жатыр. Біз қанша шула­дық, қанша айттық. Алайда Қытай қазірге де­йін халықаралық конвенцияға қол қой­ған жоқ, – дейді.
Мамандар біздің Қытаймен келі­сім жүргізуіміздің негізгі фак­торы Балқаш көлін сақтау екенін айтады. Себебі бұл көл табиғатты қалыптастырады. Қазақ География институты Су проблемалары мәселелері бөлімінің бастығы Жақыпбай Достайұлы егер Балқаш құрыса, Алматы облысының қоршаған ортасына орасан зор зиян тиеті­нін көлденең тартады. 
 Біздің даламыздағы көлдердің 94 па­йызға жуығы шағын екен. Көлемі 1 шаршы шақырымға да жетпейді. Ал олардың жағ­дайы мүлдем қиын. Жауын жауса, көлдер толғандай болады. Қалған уақытта олар­дың суға толып жатқанын көру арман. Елі­міздің аумағында көлдер жүйесі бір­келкі тарала қоймаған. Теріскей өңірлерде ол­ар­дың саны басым. Көлдердің көбісі көк­темгі мезгілде толады. Кейде су деңгейі шұғыл өзгереді. Осының салдарынан көл­дердің біршамасы кеуіп қалып жатады. Әри­не, оны табиғат құбылысы дейміз. Әйт­се де, көлдер жүйесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінсе, су айдындары тартылып қал­мас еді. Әсіресе, бұл көрініс шөл және шөлейтті өңірлерге тән. Олар біртіндеп шө­гінді жыныстарға толып жатыр. Өсім­дік­тер қаптап өскен. Оның салдары  бар. Тұз тез байланады. Одан арғысы белгілі. Көлдер сорға айналып кетеді. Сортаң жер­лерде ылғал тұра қоймайды. Осының сал­дарынан көлдердің көбісі жойылуға жақын тұр.
Сыр өңірінде кезінде судан таршылық көрмеген. Мыңнан астам көл болған. Бе­рі­де көлдер тартылды. Аймақ табиғаты сұр­қай тартты. Сүреңсіз күйге түсті. Бүгінде облыста 100-ден астам көл қалған. Рас, Арал экологиясы оған аз зардап тигізген жоқ. Сонау бір жылдарда дария толып жата­тын. Ернеуіне сыймайтын еді. Көктем­де «еркелеп» те алатын. Бұл уақытты жер­гі­лікті жұрт тиімді пайдаланатын. Көлдерді суға толтыруға мән берілді. Оның пайдасы да тиетін. Балық шаруашылығы дамыды. Келіп түсетін су мөлшерінің азаюы тайыз көл­дерге кері әсерін тигізді. Осының сал­дарынан Қостам-Қаракөл және Ақирек маңындағы су айдындары кеуіп кетті. Ал Қараөзек, Ақсай, Қуаңдария көл жүйелері көзден жоғалды.
Зауырбек ЕРМАХАНОВ, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал филиалының директоры:
– Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғы мен 80-жылдарының басында Сыр­дарияның төменгі ағысындағы Қа­мыс­тыбас, Ақшатау және теңіздің құяр сағасындағы көлдер сақталып қалды. Алайда қалған ірі көлдер жүйесі кеуіп кетті.

Көл дегенге көз жұмып қарауға бол­майды әсте. Өйткені көл бар жерде тыныс-тіршілік жалғасады. Жағалауы жасыл же­лекке толады. Қаншама жан-жануар ме­кен етеді. Онда балық қоры да молаяды. Қыс­қасы, қоршаған орта қайта жасанып, жаң­ғыра түседі. Байқасаңыз, Сыр өңірін­дегі көлдер жүйесі Сырдария өзенінің дең­гейіне тікелей қатысты болып тұр. Себебі аймақта одан басқа айдынды су көзі жоқ. Дария толса, көлдерге жан бітеді. Әсіресе, көктем мезгілінде оларға су жеткізуге бар­лық мүмкіндік бар. Сырдарияның мінезі де қызық. Кейде арнасына сыймай жата­ды. Ал ендігі бір жылдарда таязданып қа­ла­ды. Соңғы жылдары көктемде дариядан мол су ағып жүр. Су тасқынының алдын алу мақсатында түрлі шаралар жасалады. Десе де сол уақытта арнасы бос қалған көл­дерді толтыру мәселесі ұмыт қалып жатады. Егер осы жұмыс жасалса, аймақ­тағы көлдер жүйесінің көпшілігін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туатын еді. Қызылорда жер көлемі жөнінен төртінші орында тұр. Өңірде ірі су айдындары бар. Бір Аралдың өзінде қайсыбір кезеңде ба­лық шаруашылығы дүркіреп тұрған. Сары­құрлықтағы ең ұзын өзен – Сырдария тағы бар. Дегенмен облыстағы балық қоры елі­міз бойынша ауланатын балықтың небәрі 3,4 пайызын ғана құрайды екен. Бұл да – ойланатын мәселе. Сыр өңіріндегі көлдер­ді қайта қалпына келтірсе, ол қазіргіден біршама өсетіні анық.
Исатай АЛДАБЕРГЕНОВ, су шаруашылығы саласының ардагері:
– Қазақстанның барлық өңірінде де осындай жағдай кездеседі. Жалпы алғанда, әлемде су ресурстары қат дүние екені белгілі. Десе де біз қолда барды ұқсата алмай жүрген секілдіміз. Жылма-жыл Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы өзендер арнасына сыймай, тасып жатады. Сондай кезде артық суды құйып алатын көлдер жү­йе­сін тиімді пайдаланған артық емес. Ол әрбір аймақтың экологиялық ахуа­лын жақсартуға оң септігін тигізеді.

Кейбір елдерде су ресурстарына ер­екше мән беріледі. Табиғаттың сұлу көрі­нісін тамашалап, көңілің көтеріліп қалады. Сарқырай аққан мұхит, теңіз, өзендер бар. Ондай су айдындары болмағанында, ең кем дегенде көлдер кездеседі. Оған ай­рық­ша мән беріп, күтімсіз қалдырмайды. Бізде осы мәселе әзірге жетіспей жатыр...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста