Құрамына Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері кіретін Кеден одағы территориясында 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық категориядағы оң рөлді автокөліктерге тыйым салынады. Кеден одағына мұндай автокөліктер енді кірмейтін болады. Мұндай шектеулер "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде қарастырылған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Мұнымен қатар, келесі жылдан бастап дөңгелекті жаңа көлік құралдарында жедел қызметті шақыруға арналған жүйе қондырылатын болады. Бұл арқылы құтқарушылар жол апаты кезінде жылдам әрекет етуге мүмкіндік алады және өз уақытында жасалған мединицалық көмектің арқасында апат салдарын жеңілдетеді.
Қазақстан, Ресей және Беларусь елдеріндегі автокөліктерге құжаттардың бірыңғай пакеті болады, оған бірыңғай сақтандыру және көлік құралының куәлігі кіреді. Ал сараптама зертханалары мен сынақ орталықтары бірыңғай стандарттармен жұмыс істейді. Мамандар машиналарды қалай және қандай параметрлерде тексеру керектігін білуі тиіс.
"Автокөлікті полиция органдарына тіркеуден бұрын сіз оның қауіпсіз екенін және оны базарға шығаруға болатынын білдіретін сәйкестендіру құжатын алуыңыз керек. Бұл, әрине, өндірушілерге көбірек қатысты. Ал тұрғындар үшін біз қауіпті азайтуға тырысамыз. Жалпы айтқанда біз көлікті аулада немесе қалада айдау үшін ғана емес, оның Кеден одағы елдерінде де жүруі үшін аламыз", - деді "ҚазИнСт" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Арман Шаққалиев.