Жарас СӘРСЕК: Мен айта алсам тұщымды ой – айналамды көргенім

Жарас СӘРСЕК: Мен айта алсам тұщымды ой – айналамды көргенім

2018 жылдың 15 мамырында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ЖАРАС СӘРСЕКТІҢ «ЖАНЫҢДА ЖҮРМІН ...» атты мерейтойлық шығармашылық кеші М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.

Жарас Сәрсек – 1968 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. «Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішінде жүрегім», «Қастерлім», «Түнемел», «Жан – арымның жарығы» атты жыр жинақтарының авторы.

Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. «Қастерлім» жыр жинағы үшін 2008 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған.
2007 жылғы – Македония Республикасында өткен дүниежүзілік түркі ақындары фестивалінің номинанты.
Екі мәрте Президент сыйлығының иегері. Бүгінде Республикалық «Үркер» журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады.
«Тәуелсіздікке 20 жыл», «Ақпарат саласының үздігі» медальдарымен марапатталған.

 

КАФЕДЕ

Отырам ұзақ,
Жұрт екеу, үшеу – топ болып
келеді-дағы кетеді сосын жоқ болып.
Жалғыздық емес, жанымды менің сондайда
Қариды бір мұң – қоздаған қызыл шоқ болып.

Тобылға күрең алдырып сыра жаңадан,
Қоздатып ойды әбігер болам санадан.
Даяшы қыздар ойлайды, бәлкім, мен жайлы:
«Отыр-ау байғұс, біреуді күтіп манадан...»

Кімімді күтем?..
Қайрауым үшін өзімді,
Өзімді-өзім етуім үшін төзімді,
Осылай кейде оңаша қалам өзіммен,
Осылай қанша өлеңім ерте көз ілді?

Отырып алып сапарлап кетем өткенге,
Төл баққан кезім есіме түсіп көк белде.
Қозы-лағымды қолымда бармен қалқалап,
болушы ем бәйек көкекте жаңбыр төккенде.

Ертесі күні бір мұздап денем, бір ысып,
Жатушы ем жалғыз төрінде үйдің бүрісіп.
«Құрысын бүйткен малы», – деп анам әкемді
Жанымда менің отырушы еді ұрысып.

Айында бір рет сөйлесе, сөйлер Иемді,
Жылында бір рет өй десе, өй дер Иемді,
Иілмей әсте ит тірлік кешкен Иемді,
Егіліп еске алатын болдым жиі енді.

Шуақты күндер соңымда қалған сыңайлы,
Ауылдың шаң-шаң жолында қалған сыңайлы.
Арманымды ерттеп Алатау жаққа келгенмін,
Тек соным рас,
Қалғаным жалған сыңайлы.

Бұл да бір, қайтем, дәрменсіз даусы сезімнің,
Біле алмай далмын мінезін осы өзімнің.
Келер күн-сорлы алдыма қарсы жайғасып,
Іздейді өзін қарашығынан көзімнің.

Одан соң оның жанары сырғып төменге
дүрсілді тұсқа тоқтайды барып дегенде,
Күрсініп алып орнынан тұра береді,
Дегендей, «Сорлы, не құның бар ед өлеңде?..»

Күңкілдер өстіп ылғи да күннің жаңасы,
Кешегі күннен аумайды түрі, қарашы.
Тоқтатып алып сөйлесер ме еді өзімен,
Келмейді-ау бірақ ешкімнің оған шамасы.

Қой енді,
болмас,
жолымды мен де табайын,
Түс көріп жатқан шақта бұл тегіс ағайын.
Мезгілсіз өлген өлеңдерімнің басына
барайын-дағы бір-бірден шырақ жағайын...

 

ҚАСҚАЖИРЕН
Құдай-ау,
Не болғансың Қасқажирен,
Тұрқыңа тұрмын қарап басқа күймен.
Алдымнан мың-сан үйірін өтсін айдап,
Өзіңдей болсын қайдан басқа жирен.

Баяғы қайда қалған таныс құлақ,
Таныс құлақ дегенім қамыс құлақ.
Құдай-ау, не болғансың, не болғансың,
Қамыс құлап қапты ғой қамыс құлап,
Кеудемде жатыр менің намыс жылап...

Жалыңда өзі қалған бала кездің,
Өзіңмен қыр жайладым, дала кездім.
Жер сиған,
Аспан сиған –
Бәрі сиған,
Орнында ойық қапты қара көздің.

Жүргенде қу тағдырдың силығын-ай
арманға кеткен есті жидыра алмай!..
Тойдым ғой,
Қойдым ғой мен, Қасқажирен,
Уақытты уысыма сидыра алмай.

Кезінде ен далама көрік болған
Қасқам-ай, көрінгенге көлік болған.
Сен үшін мына дүние жоқ сияқты,
Сен үшін мына дүние өліп қалған.

Сен – ең ғой мына мені қазақ қылған,
Қуғаннан,
Құтырғаннан азат қылған.
Қасқам-ай, қайтсем екен заманыңа,
Заматта дәл осылай мазақ қылған?!

Қасқам-ай,
Қанатым-ай,
Жиренім-ай,
Күйдірді-ау кездескенің күйде бұлай.
Қамалсам – айырып алар Түздегім-ай,
Қаңғысам – қайырып алар Үйдегім-ай!..

Сен желген паң далаға мен сыя алмай,
Мен жүрген тар қалаға сен сыя алмай
барады басымыздан дәурен өтіп,
Қашқан аң,
Ұшқан құсты еш қия алмай!...

Жерде – тоң,
Аспанда – аяз,
Үй – шешесіз,
Қалтырап,
Тоңып күн де күй кешеміз.
Түнерген мынау аспан аясында
екеуміз қалай, қайтіп үйлесеміз?!

Сен қасқа не білесің,
тас қалада,
күніге куә болып масқараға
кешкісін күрсінумен атау ұрттап,
Құлаймыз көрінбестен жас балаға.

Сұраймыз аз қылғай деп заман жүгін,
Жылаймыз жұрттың тілеп амандығын.
Баянды бола ма өзі Бостандығым,
Қу көңіл соған тағы алаң бүгін.

Білмеймін,
Білмейтінім көп боп кетті,
Мәлімім көз алдымда жоқ боп кетті.
Өмір деп жүргенімнің көбі өтірік,
Ұлтарақ тұсым тағы шоқ боп кетті.


Дәл сендей мен де бір кез биік болғам,
Бөріксіз басым мынау – иіп болған.
Қас та жоқ,
Қабақ та жоқ қазір менде,
Өртелгем,
Өртетілгем,
Күйіп қалғам.

Мен деген адам дейтін ұяттының,
Сен деген тұлпар дейтін тұяқтының
тұқымы саналғанмен жай-күй мынау...
Бәріне мен кінәлі сияқтымын.

Бәріне біз жазықты сияқтымыз
бәйгеде
озса,
қалса
тұяқтымыз.
Ұзартқан аяғымды қайран, Қасқам,
Алдыңда өле-өлгенше ұяттымыз.
Ер-тұрман сенен қалған есекке өтті,
Ешқашан кешілмейтін сияқтымыз.

Шабатын жерің қалмай,
жайылымың
былғанып нәжісіне бай ұлының
осындай заман келді,
Заман өлді
беретін қасқаларға қайырымын.

Көңілім Көптен бүгін шет қонады,
Көлкілдеп шер кеудеге дерт толады.
Адамдар жүрген жердің бәрін де ылғи,
Әйтеуір арғымақтар мерт болады!..

Қараймын қажып саған қайран Қасқа,
Қартпын мен қайраты жоқ ойдан басқа.
Қайманам не біледі қойдан басқа,
Қайманам не біледі тойдан басқа.
Серттескен жұрт сындымыз ойланбасқа...

Жалт етіп өтер бәрі қас-қағымда,
Жал құшқан,
Жанған шағым,
Тасқаным да.
Әйтеуір кісінегім кеп тұрады,
Осы мен адаммын ба,
Басқамын ба?..

 

* * *

Сені іздеп жүрмін адалдық,
Қай жаққа көшіп кеткенсің?
Қай кеуделерде жаралып,
Қай кеуделерге өткенсің?
Көңілде аяз өзіңсіз,
Өңірде аяз төзімсіз,
Күн кешем қалай өзіңсіз,
Күн кешем қалай көктемсіз?!

Сонымен қайда жүрсің сен,
Қай жақтан табам сабылып?
Сарғайтқан жанды кімсің сен,
Сағынып жүрмін сағынып.
Жанымды неге ұқпайсың,
Жарқылдап алдан шықпайсың,
Келесің қашан елге сен
ашу-ызаңнан арылып?
Өлетін болдым жарылып...

Қай жаққа кеттің қыр асып,
Кімдермен жүрсің жанасып?
Кімдерге жүрсің сыр ашып,
Кімдермен жүрсің жарасып?
Күн жарық еді біз жақта,
Ай жарық еді біз жақта,
Қай жақта жүрсің адасып,
Кімдерге жүрсің қарасып?

Қай жақта жүрсің қастерлім,
Дәл қазір ұшып жетейін,
Қанатым талса қайтейін.
Алдыңнан бір рет өтейін.
«Қайтару үшін құрбан қыл
қара басыңды»,-десең сен,
Деп пе едің артық құлдан құл,
Ғайып боп қазір кетейін...

 

* * *

Кез емес ол жейтіндей елден таяқ,
Қаумалаған жақынның өбкені – мен.
Ұшып-қонып жеп жүрер жерден таяқ
жеті жастан енді асқан «жетпегір» ем.

Сабағынан оралған Жақсы ағамның
жанарынан жас көріп елеңдестік.
«Неге қысқа ғұмыры жақсы адамның,
Тастап кете бере ме өлеңді өстіп?!.»

Өксіп-өксіп жіберді ағам сосын,
Дәрмен аздай аттауға босағадан.
Босағаны ағамның маған тосын,
Босайды деп ойлаушы ем осал адам...

Анам да отыр сиынып өлмес Хаққа,
Жанарында сан түрлі сұрақ тұнып.
Мұқағали ақынның келмес жаққа
кеткендігін жеткізді ұл жылап тұрып.

Сусып қолдан құлаған анашымның
жатты сынып еденде шәй кесесі.
Жәй отырмай өзімше данасындым:
«Артық-ед, – деп, – бұл үйдің қай кесесі?!.»

Ой-жүйкесін оның да өтті тіліп
суық хабар ұлының әкелгені:
- Не дейді-ей! – деп орнынан кетті тұрып,
Шынтақтап ап шәй ішкіш әкем менің.

Жатпады жұрт басына жастық жастап,
Жаратқанның налыды «жазасына».
Бір қауым ел ертесі бастық бастап,
Аза тұтты ақынның қазасына.

«Аза тұтар ақын не, көсем бе екен?»
Деп тепсіне біреудің айтқаны есте.
Аудан жақтан сол бастық
(есен бе екен?..)
Ауыр сөгіс арқалап қайтқаны есте.

Білуші едік біз бейбақ ол кезде не,
Ойнаушы едік Төлеген, Шеге болып.
Бір білерім сол кезден сол кеудеме
сол бір Ақын алыпты еге болып...

Ақын болу о баста бақ көрінген,
Кемістігі, емес-ті ол ақылдың.
Қазір менің үйімнің қақ төрінде
ілулі тұр суреті сол ақынның.

Бүгінің де,
Ертең де,
Келешек те,
Жандардыкі жұртына жақын қонған.
Барлық ақын Пайғамбар демесек те,
Пайғамбардың бәрі де ақын болған...

 

* * *

Жаз келді ме?..
Әй қайдам ұқсамайды,
Кірпіктерім көзімнен шық санайды.
«Бір мезгілді бір мезгіл мүйіздеп жүр»,
Деп тұрғандай мен анау ұқсам айды.

Жаз келген жоқ,
Келген жоқ көктем әлі,
Тас та,
Тау да,
Таңым да – өктем бәрі.
Жаз келсе егер жайқалып жатпас па еді,
Құнарымда құлшынып еккен дәнім.
Жаз келген жоқ,
Келген жоқ көктем әлі.

Мың тұрамын, мың құлап тайғанақтап,
Болды лезде жан-жағым қайдан аппақ.
Келген жерін жаз-жеңгем неге ұмытты,
Жүр екенсің қай маңда айналақтап.

Жоғалтып алғандай-ақ бірдеңені,
Көңілімді көңілсіздеу жыр көмеді.
Тон киген,
Тоңып қалған біздің жаққа,
Әйтеуір жаз жадырап бір келеді.

Мен емес адамыңыз жоқ шыдамы,
Сенімнің жанды жанда көп шырағы.
Әйтеуір бір күндері құстар сайрап,
Өртенген өрісіме шөп шығады,
Шөп шықса бұрынғыдан көп шығады.

 

ӨЛЕҢГЕ АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ

Кіртиген жанары бар кім демегін,
Келеді көргім сені күнде менің.
Үрпиіп бұтағымда тағы отырсың,
Үркітіп алам ба деп үндемедім.

Өзіңнен өзімді-өзім алып қашып,
Өзімше жүрген болам анық басып.
Қанаттым,
Қайтсем сенің әуезіңді
жеткізем мына жұртқа жалықпас қып.

Соны ойлап оңашада көп жүремін,
Содан ба,
Бұрынғыдан көп жүдедім.
Тоңдың ба,
Тоңдырдым ба сені ертелеу,
Езіліп ет жүрегім елжіредім.

Айыптай көрме мендей құрғырыңды,
Ақының ақын емес бұл бұрынғы.
Сезімсіз серік етем сені қалай,
Сенімсіз сайратпаймын бұлбұлымды.

Бұл күнде ең жақыным,
Досым – қайғым,
Қайғыммен әсте саған қосылмаймын.
Төбемнен төне қарап тұршы әзірше,
Әзірше осындаймын, осындаймын.

Әзірше алыста жүр амал менен,
Амалдан жарық көрем, жанар көрем.
Тұлабой түгел жүрек болған күні
жарай ма,
Мен өзіңе хабар берем.

 

 

АРМАН-АЙ!
(монолог)

Абыздарым-ай!
Аталарым-ай!
Алаш аталатын асқақтың
Иесі де, киесі де едіңдер.
Ертедегідей ойыма қарай сөз қозғап,
Сөзіме қарай ой қозғап,
Алты қанат ақшаңқан
үйдің төріне шақырып,
Ата сақалдарың дірілдеп,
Абыз кеуделерің күбірлеп,
Болашағыма – нұр,
Сандық кеудеме жыр сыйлап
бата беретіндерің қайда?
Өшпесем де өспей қалған жоқпын ба?
Не боп кетті өзі?

Ақжаулықты әжелерім-ай!
Даналығымен күллі ауылға сыйған,
Келіндерін келеке болудан тыйған
ел анасы сендер едіңдер.
Ертедегідей ұршығыңды иіріп,
Ел баласын үйіріп
ыңылдып қана ән салған,
Сыртынан жұрты тамсанған
сол бір кезді сағындым.
Бесігімді тербеп жыр айтушы едің,
Қиялымды қияндарға өрлетіп,
Ғажайыптарға шөлдетіп
ертегі әлеміне жетелеуші едің.
Ертегісіз қалдым ғой,
Ертеңімді не қылдың?
Не боп кетті өзі?

Ағаларым-ай!
Бөлек еді ғой бағаларың-ай!
Қорғаным да,
Орманым да сендер едің ғой.
Қорғаным – әлсіз,
Орманым – нәрсіз бүгінде.
Жалғасы қайда жақсы әннің,
Балғасы қайда бабамның?
Не боп кетті өзі?

Мен болашаққа қарай адымдап барам,
Атадан бата ала алмай,
Ағадан көрмей өнеге,
Әжеден ақыл тыңдамай ауырлап барам.
Осыны түсінесіздер ме Сіздер?
Жалаңаш кетіп барам!..
Не боп кетті өзі?

 

КҮБІР

Мен айта алсам тұщымды ой – айналамды көргенім,
Тірлігімінің тым жұқа сілкігенім жөргегін.
Көлгірсудің ұнтақ қып жаны қашқан кеудесін
Кескіледім,
Себебі – ақиқатқа шөлдедім.

Түйсігімде танымның төңкеріліп бесігі,
Ой-сәбиім басқаша жылап жатса несі мін?!
Қозғалмайтын боп алды мықтылардың жамбасы,
Сөз қозғайтын қор болды ұлылардың есімі.

Шемен қылдық желімді,
Емен болды бір қайың,
Көңілді жыр жазуға келмей қойды ыңғай бір.
Тігістердің қыртысын қалқан еткен биттерді,
Асаяқтың ернеуін талқан еткен иттерді
көргені үшін,
Мен қалай айыптаймын көзімді?
Жыбырласа тіл ұшы айтпай болмас сөзімді.

Дәнімді ұрлап жан баққан көртышқандар бар әлі,
Тимесе екен заманға тек солардың обалы,
Шындық емес бұл әлі,
Нағыз шындық інінде,
Шырылдатып ап шықсам болар екен күнім не?..

Ол былай ғой:
Бір ғана тыңдағанды тік тұрып,
Иілдіру үшін де керек боп тұр мықтылық.
Көңілдерге көп ойды санағанмен шың ғып тоқ,
Қара күштің ауылынан ұзап шыққан шындық жоқ.

Жалтақ ойда не күш бар,
Сөз болмаса аталы,
Ал шындықтың әзірше әдемі емес атағы,
Ол ауылға барғанның бар ма, сірә, оңғаны,
Дегенменен сол ауыл жоғалмаса болғаны.
Айтқаным жоқ мен мұны елеңдетер сөз үшін,
Шындық сөзі кей кезде – көңіл үшін, көз үшін.
Мұның мәнін қаншалық талассаң да бізбенен,
Заңғар емес, жөн, сірә, шыңыраудан іздеген.

Жапырағымен тым жасыл,
Жасартқанмен жер бетін,
Тамырыңда жатпай ма,
Шын ағаштың келбеті.
Топырағынан тамырдың жерін-бей-тін-дігіне
Таң қаламын,
Содан соң көрін-бей-тін-дігіне.

Міне, осылай – күбірдің тым салмақты сұрағы,
Күбіріммен күңкілдеп айтысқым кеп тұрады:
- Сонда сенің айтпағың:
- «Көрінбестер бағалы»,
Арындама,
Абайла,
Сөздің де бар обалы.

Айтып қалған болжамның туралығын кім білген,
Іште ұйықтаған шындықтар шыға берсін бір-бірден.
- Шындық шыққан ауланың бәрі бірдей қараңғы,
Қараңғыда бұл шындық қаншама итке таланды.
Талағынан фәниедің таусылған соң бар әні,
Жер бетінен шындықтың ауылы көшіп барады.

Сан құбылып,
Мың жерден десек те оған өкпе жоқ,
«Қош» деп айтар көшкенге тым құрыса бет те жоқ...

 

ДАУЫС

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында іргедегі көрші елдің диаспорасы Қазақстанның шығыс аймағын өз жеріне балап байбалам салғаны әлі естен кете қойған жоқ. Сондай-ақ, 1992 жылы Өскемен қаласынан онша қашық емес «Овечий ключ» деген ауылда шешендердің қазақтың төрт бірдей азаматын бауыздап тастағаны да жадымызда. Қаһарына мінген халық оларды Өскеменнен ары асырып жібергені де есімізде.

Күн шығатын жағымды ғайып қылам деді ме,
Күн сүйетін тәнімді майып қылам деді ме?
Көлденеңдеп көк атты көңілімді қалдырды,
Аздығымды бетіме айып қылам деді ме?

Кететіндей өңгеріп жерді жеңіл дейді ме,
Кейкитіндей кем көріп елді жеңіл дейді ме?
Етегімен ертеде өзін желден қорғаған
бұл Қазақтың төзімін енді темір дейді ме?

Құмғанынан су берген,
Құнарынан жер бөлген,
Табу қиын бөтен жұрт Қазақ дейтін елден кең.
Оңтүстіктен оқ шашсам,
Солтүстіктен от шашсам,
Батысымнан жел тұрса – жағдайыңыз нөлмен тең.

Сол қолыммен қаусырсам – бір дегенің немене,
Оң қолыммен қаусырсам – мың дегенің немене?
Өз үйімде сілтенген білек деген немене,
Арыстаннан алсаң да жүрек деген немене?

Өшіккенді жайменен өткізетін өңешпіз,
Обалсызға опынып оғаш болды-ау демеспіз.
Көңіл қарыз болсақ та,
Өмір қарыз болсақ та,
Біз ешкімге тарихта жермен қарыз емеспіз...

 

НАҒЫЗ

I
Мүжілген мойныңдағы жағаны бір,
Жаңартар жағдайы жоқ заман – ығыр.
Кезі еді күллі жоңғар баласына,
Қазақтың төбеті мен адамы бір.

Боз жусан боздайтұғын жондардағы,
Өз малы болғаннан соң жоңғар малы.
Жаурынын жаншығанда бөтен тұяқ,
Шыңғырып жылайтұғын жолдар-дағы.

Әдетте өз басының «мені» барда,
Тәңірге тәубелінің сенімі арба...
Туады, туады ерлер елі барда,
Елінің еңкейетін жері барда.

Сұр жебе қадалғанда уығына,
Жетісу жеті түнде қуырылған.
Ақыры қолына алды сардар жұртым,
қылышын қынабынан суырылған.

Мен енді бір бейбақтың мұңын айтам,
Мұның қалай десең де шынын айтам.
Найзасын нар көтерсе қайқаңдаған,
Жоңғардың қолға түскен ұлын айтам.

Тағдырың жат өңірге байланғасын,
Шер – серік, арылған ба ойдан басың.
Жауым деп жасытқан жоқ оны жұртым,
Алдына ағыл-тегіл қойғанда асын.

«Құрғырдың құдірет бар құрағында,
Бұлбұлдың әуезі бар бұлағында,
Мен неге мейірленем бұл өңірге,
Ұмыт боп жаулығым да, ұраным да.

Жауымнан басқа мұнда еге бөтен,
Жоғына сорлы көңіл сене ме екен.
Тұп-тұнық тынып аққан өзеніне,
Тұншығып өліп кеткің келеді екен.

Жауын да, жақынын да шақырады,
Жусаны жұмақ қылып атырабын.
Жығылған ағашы да жамбастап ап,
Жасартып жатады екен жапырағын.

Дала – қыз, қыз даласын бұзбаған ел,
Дала – қыз, қыз даласын қызғанады ер.
Мен сенің құпияңды ұқтым жаңа,
Желіні жемісімен сыздаған жер...

Дүние-ай, енді бәрі бекер, білем,
Төл ұлы ғана жерді етер кілем.
Топырақ тұқым болса, күллі халық,
Жетісу, тонап сен кетер, білем.

Тұтқынын тұқыртпаған елің қандай,
Тұрқынан дүлей де ыққан ерің қандай,
Қапыда жоңғарымның қолына өтсе,
Өзің қандай боласың, шерің қандай?!».

... Осындай ойлар жөңкіп бір басында,
Сол тұтқын тұрды жылап қыр басында.
Сәлден соң жарқ етті де кездік – батыр,
Сорлының қалды ырғалып тұлғасында...

 

II

Немді саған бұлдаймын, Дала – батыр,
Күллі арманым күрсініп жағада тұр.
Саған алып ескерткіш орнатпақ ем,
Ол да әдірам қалады-ау, қара да тұр!

Перзентіңмін дедім де сыңар болар,
Тек қияңнан дәметкем қыран қонар.
Қоржыныңа қол сала бергеніммен,
Топырағыңа не қостым құнар болар.

Қадіріңе жетпесек құны дара,
Қу құлқынның боп келсек құлы ғана,
Кешіргін, кешір мені, Жетісуым,
Кешіргін, кешір бізді, ұлы дала!
Еңсесін көтере алмай елің әлі,
Бетін баса береді, емің кәні?..
Емшегіңді дұрыстап еме алмаған
сәбиің мен екем ғой сенің әлі!..

 

* * *

Қысылсаң да түсіне алмай жырымды,
Түсіруге еш хақым жоқ құныңды.
Айтады екем саған ғана сырымды,
Саған ғана шағады екем мұңымды.

Сен жоқ жерде болады деп күнім не,
Ойламаппын,
Түсінбеймін, мұным не?
Сенен сұлу қыз жоқ еді бір кезде,
Сенен сұлу әйел де жоқ бүгінде.

Менсіз сен де мұңдылаусың, білемін,
Мен дегенім – сен тудырған жыр едім.
Сен аман бол,
Сен аман бол,
Аман бол,
Жүрегімнің ішіндегі жүрегім!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста