Ырысбек ДӘБЕЙ: Әлсін-әлі тау басына қараймын, Самал сөздің көбігінен жерініп...

Ырысбек ДӘБЕЙ: Әлсін-әлі тау басына қараймын, Самал сөздің көбігінен жерініп...

 

Жұмбақтас
Бозамық Айдың сәулесі көгілжім су бетінде сынып,
 Айнакөлдің тұңғиығына телмірген Жұмбақтас...
 Мұнартқан жағалауда
 мүлгіген тыныштығымды бұзған жалғыз мен емес,
 Уақыт дауылы ұйтқып соқса да ақын жанарын құрғатпас.
 
 
 Қатыгездік пен Ұлы мейірімнің мәңгілік су бетіндегі суреті –
 Үзілген тамырларым мен жабылған түйсіктеріме бастар жалғыз із...
 Мүмкін, тасжүректерге айналып,
 тас дәуірлерге аяқ басқанда
 Біз тұрған жағалаудан біржола кетіп қалдыңыз.
 

 Дауысым құмығып айқайлағаныма ғасырлар өтсе де,
 Арылу қайда?!
 уақыт пен замана дуасынан...
 «Тассың!», – деп талмаусыраған үнімді жұтып көк иірім шүңеті,
 Сұлбамды сіміріп,
 Тұман бүркейді шұбатылған...


Зауал 
Қып-қызыл аспанның жиегі сөгіліп
қара жер төсіне төгіліп шашырар,
Шаң борап самиян далда 
меңіреу ажалдың есігі мөңіреп ашылар.
Ананың бүлк еткен құрсағын құрсаулап шөккенде нән тұман 
бурадай бұлқынып, 
Үрейге малтығып түс көрем түнімен
тұлымы тұлданған құбыжық ұл туып...
Шілдеде шық тұрған жалбызды жағалау 
у тұнған тамшысын қалтырап ұсынар,
Бабадан тәбәрік күмістен пиала қарғыстан қақырап, 
быт-шыт боп шытынар...
Е-е-е... таңғы газеттер сөйлейді: 
«Халыққа төнетін ешқандай, ешқандай қауіп жоқ...»,
Ұмытқан ұятын ауызда әмір жоқ...


Туған жер
Сен жайлы елес пен бұлыңғыр түстердің
шырмауына шатылдым.
Мың жылғы тұтқындай қамаудағы
еркім мен ес-түссіз ғашықтығымды –
мәңгілік бостандығыңа шақырдың.
... «Атам соққан көкжалдан қылшық қалған босағаңа» сүйеніп,
Шіңгіл өзенінің бойында көрер таңды көзбен атырдым.
Сен де ұзақ жыл зарығып көрген нәрестеңді құшағыңа алып,
Нарттай қызарған жүзіңді биік таулардың қалқасына жасырдың...


Сарыала қаз, қызылала дүние
«...Таң атып, жарық түскен алаң-елең мезгіл. Ауыл шетіндегі көл жағасына жеткенім сол еді, жиекте сарыала қаз отыр екен. Ұшып кетпесінші деп жалма-жан жерден тас алып құсқа лақтырдым. Тасым сарыала қаздың басынан асып барып топ ете қалды. Тағы біреуін лақтырдым,тағы солай болды. Бірақ сарыала қазым мәу демеді. Не болды екен деп қасына жетіп барсам, қаздың топшысын қайырып, қозғала алмайтындай етіп біреу байлап кетіпті. Байлауын шешіп, босатып жібердім. Лақтырған тасымның тимегеніне Құдайға мың шүкір айттым...». Әкеміз осы әңгімесін үнемі айтып отырушы еді...


«Қанша тас лақтырдық, кім білсін?
Қай жерге түскенін ауыр қалпымен?..
Шөкімдей шаң ұшқан аумақтың
Титтей ғибраты болмаса,
Топшысы қайырылған сарыала қазды
ажал құштырар ем, бәлкім, мен...».


Шағанғол өзені бойындағы ескі құржада
Естіп есейген хикаям...
Жылқы іздеп кеткен әкей сол күні кеш оралды...
Құдайдың қалай қорғағанын жыр қылып айтып жүрді -
Қанаты байланған обалды...


Бүгінгі қан сасыған дүниені
Көгілдір әйнектен қарап отырып
Сол сарыала қаз есіме түседі -
Періште күзеткен құбылыс...
Неге бейкүнә бейбақтар өлім құшады?
Иә, қарғыс атқан қандықолдың қожасы – 
Ібіліс...


ЕЖІРЕЙДІҢ ДӘУРЕНІ
Белгісізден беті қалың Би туған...
Бетон үйді белдеуі жоқ демеспін.
Мөңке әулие құмалағын шашқанда,
Үйтұйыққа үймелеген елеспін.


Батыс таудан жартыкеш Ай шалқалап
Көрінгенде, дұға ұйыған еріннің –
Патша – сөзі ақ моншақтай төгіліп...
Әлсін-әлі тау басына қараймын,
Самал сөздің көбігінен жерініп...


Сөз түгілі ым түсінбес езбенің,
Маңызы жоқ «мақамдары» есті алды.
Алашұбар айыр тілі жалаңдап,
Ежірейдің,
Уай, дәурені басталды...


Уақыттың ішіндегі уақыт
(Ғ.БОҚАШҚА)


Мешіт мұнарасына көтерілген ғұлама
Азан әуелеп, ниет қып, қол байланғанша,
Басқа бір кеңістікте
ғұмыр кешетін,
Ғажайып қара құсқа мініп...
Сонша зулаған уақытты сезбей
Ессіз мүлгіген жұртқа таң қалар еді.
Баяғы биігінде тұрып...


Бұл бір Шығыстың аңызы...
Қол сағатымызға кірпік қақпай қанша үңілсек те,
Тілшік көрсете алмайтын шексіз аралық -
Уақыт ішіндегі уақыт ұмытылған...
Байырғы мұнараның түбінде табаныма қиыршық тас батып,
Үнсіз мүлгимін...
Ескі дуалды бойлап өскен шырмауық һәм өрмекші торлары шытырман...
***
Өзіңсіз атқан таң бар-тұғын,
Түседі сенсіз де бұл кеш.
Жүректің құпия жан сырын,
Ұқтыра алмаспын...
Тым кеш.


Сенсіз де сапарлар шаршатып,
Кіреуке шаң торлар ізімді.
Мезгілсіз біреуді аңсатып,
Уақыт қай тұсқа кідірді?..


Қоштаса алмаудың азабы –
Ең ұлы үкімге барабар.
Қош, сау бол!
Бұл оттың алауы,
Күйдіріп жанымды жаралар...


Борышкер
Жүйкесі жұқарған жолаушылар,
Ішінде арсылдап үрген төбеттің қарғыбауын қарысып ұстаған.
Шаң басқан терезден сыртқа үңіліп
Қалтамдағы бақыр ақшаны санадым.
Келесі аялдамадағы –
Аристотелдің уысындағы бір шымшым топырақты ұмытқан
Сұры үйлерге қарадым.


«Сіз үшін тағы не істей аламыз!»
Құлдықтың классикалық үлгісін жасырған жылтыр жазулар...
Ұзыннан ұзақ тізілген топ адамнның қатарына жұтылдым.
Кезегі келген нөмірдің экрандағы сұлбасы жарқ етті,
Есепші қыздың сүйріктей саусақтарымен
тағы бір бет жыртылды.


Қазақша қанық сөйлейтінім арудың түйілген қабағынан қар жаудырды,
Бір әулеттен болсақ та тіс жарып, тіл қатысқаннан
алшақ кеңістік кереге жайды...
Алақанымдағы қып-қызыл шоқтың үстіне салқын су сепкендей сергіп,
Тілкімдей қағазды қалтама салдым.
Оянып кетті бір ұлы қайғы...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста