МЕРЕЙ
Ауылым, болушы еді күнде боран...
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.
Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,
Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.
Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы.
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..
Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,
топырақ жапырағын маздатады.
Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,
білер ме жусан емген марқа түлік...
Қыз – Көктем көл басына асығады,
бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.
«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді
Сен маған осы қазір қисаң қидың!» –
деп түнгі құрбым отыр... Омырауынан
бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды...
ТҮНГІ КҮЗЕТ
Не деп саған жазайын,.. қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,..
түсініксіз діріл бар бойда аздаған.
Не деп саған жазайын,.. төбет үрген...
Сандырақтап Түз жатыр көне тілде.
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
осы түнде қырылып өлетіндей.
Не деп саған жазайын,.. көк өспеген.
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық
даңғырлатып ойнайды тегешпенен.
Сұқ саусағы әр қойын санап бағар
Қойшы қойды қораға қаматпаған.
Түн қылауын қидалап құлағымен,
осқырынып қояды торы ат маған.
Сабыр сақтар адаммын, есір емен,
күйіп-пісе беремін несіне мен?!
Мың ашылып ауызы, мың қисайып,
жапан түзде жалғыз үй есінеген.
Өз басынан өткермей сенген бе өзге,
ертек сынды бәрі де көрген көзге.
Дем алармын, желіні сыздап Таңның,
қозы-бұлттар жамырап емген кезде.
АУЫЛ КЕШІ
Қастерлеген хатыңды, бағалаған,
аман-есен мұндағы жаман ағаң.
Қақпақылдап тынымсыз жел – уақыт,
қаңбақ – күндер келмеске домалаған.
Төлдеп болды қолдағы ырысты мал.
Жүрегіңді тербетер тыныштық – ән.
Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды,
бүйен – сайға құйылып уыз тұман.
Қойшы аянбас сіздердей қонағынан,
не бір серке сойылар, не бағлан...
Жаз жазмышын оқисың, жанар қадап,
жадыраңқы іңірдің қабағынан.
Ыңылдайды інішек «Дудар-ай»-ды.
Ырымдайды қойшымыз туған Айды.
Таныстырған өзіңе тарғыл мысық
тышқандарды күнұзын қудалайды.
«Қылышбұлақ» – құты бар мекеніміз.
Жеке там үй – біздегі жеке мүйіс.
Марқа-көңіл қоймайды маңырауын,
терезеден Ай қарап текемүйіз.
Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам,
саған деген өлер ме ем сағыныштан.
Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз,
қой көзіндей, сәулеге шағылысқан.
Тындырғандай осы айда зор жұмысты,
кеше ақыры «аспанға бөркім ұшты».
Төл деген не, тәйірі, күні ертеңгі
«сақманы» Өлөңнің қорқынышты...
КӨКТЕМ
Болмаса да тым шұғыл орындар түк,
ерте тұрам (төлдегі тәлім-тәртіп).
Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз тауға
қарай өтеді, «горн» тартып.
Иірілер шаруаның ұршығы – мен.
Сақманға әу баста құлшынып ем.
Қошақандар тойып ап, балықтардай
балтырымды түртеді тұмсығымен.
Батыста – мал, мыңғырған, шығыста –
мал, мыңғырынан көңілің тынышталар.
Иін әбден қандырып илеуінің, ширатысқан
мұрттарын құмырсқалар.
Мұңның мені мүмкін бе иектері?
Мұндай бола қоймайды күй өтпелі:
құшағына қыз – самал енген сайын,
балқи түсер таулардың сүйектері.
Айналаны алғанша ымырт қамап,
гүлдеп жатқан кең Дала – түлікке бап.
Қалпағыңа, шешсең-ақ, бұл маусымның
үлгереді торғайы жұмыртқалап...
ТҮЗ ТАҒЫСЫ
Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,
әр күні – шешен-ертек, ақын-аңыз...
Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте,
тәтті-тәтті Ой ойлап отырамыз.
Ондайда әңгіме көп, түн – көңілді,
тыңдайсың кішің менен үлкеніңді.
Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,
қойкөзді, текетанау, жылқыерінді.
Қиын-ақ таудағы бір қыстақ үшін:
қасқырлар жазда – қысым, қыста –
қысым. Қойшымыз теперішті көп көрген-ау,
әйтеуір, көп айтады түз тағысын:
«...Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,..
кездестік қиындықтың көкесімен...
Сол жылы Күн де жиі қызарақтап,
ал, түнде Ай қарайтын шекесінен.
Онда да сары ала қаз ерте келді,
құтырған түлкі-желді ерте келді.
Түлкі-жел түлей қалса – қар борайды!..
(әрине, соның бәрі ертек енді)
Онда да, дәл осындай... қойымыз арық,
сұрғылт-сұрғылт Ойлардан бой мұзданып...
Жиі-жиі ұлитын иттеріңіз,
жиі-жиі сұңқылдап байғыздарың!..
Қарекет те ұлғайып бірер есе,
уайымнан шұбылтпа шідер есем...
Енді қайтем, ілмиген көтерем бұлт
өрісте жиі-жиі үйелесе?!
Онда да, дәл осындай төл кезінде,
ауылдың қасқыр ұлып желкесінде!..
Бір жақсы төбет бар ед, сол төбеттің
құйрығын ғана таптым ертесінде!..
Қойсаңшы итшілеткен бұл өмірді,
құртқалар күшіктейтін білем інді,
қолыма шор қайыңнан сойыл алып,
сауырға бір-ақ тарттым күреңімді!..»
Паһ, шіркін,
тіл бәрінен шалымдырақ,
бояуы әңгіменің қалың бірақ:
қойшымыз қою шайын сораптайды,
«қорқаудың соғып алып онын бір-ақ!»
Сөйтіп, ол «кетер қайта түсіп ізге».
Қызық қой «одан да арғы ісі» бізге!..
Соңыра сасқалақтап оянасыз,
көкжалдар енген кезде түсіңізге.
Қорықпасқа ондай кезде бар ма амалың:
«қорқаулар қоршауына көр қамалып!..»
еріксіз, үзік-үзік ұйқыңызды жатасыз
кірпігіңізбен жалғап алып.
...Томпаңдап, байғыз үнін тыста күшік
келеді тұмсығымен ұстағысы?..
Әне, енді енесі де үрді тауға.
Қойшымыз атып тұрды!
Түз тағысы!..
БОРАН АЛДЫНДА
Нені көрмек төлші қыз қол айнадан?
Малда жүріп жан бар ма қараймаған...
Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта,
бойларында арқардың қаны ойнаған.
Төбет, ол да доп сынды домаланып!..
(бір «айқайдың» әйтеуір болары анық!)
Сап тыйылған тынысы самалалы –
Күн де
бүгін алыпты қораланып!
Сиырлар да жөтелген ықтасында. Ызғар уыты
– есіктің тұтқасында. Қойшыңыз да сайлана
берсін енді, қорасы мен көңілін мықтасын да.
Жетісіп бір тұр дейсің сай-сала қай, болар ма
екен бұл Көкек ең сорақы-ай?!
Қой – ашқарақ, төл – тоңғақ, жусан – өлі,
тал – жалаңаш, бұлт – үркек, жел – солақай.
Бәлкім, қайта билігін құрмақ Ақпан?!
(жалықты ғой бала да сырғанақтан)
Бір пәле бар, әйтеуір, келмей тұрып,
босағаны мысыққа тырмалатқан!..
ТҮСЖОРЫҒАН
Төл науқаны ұлғайтар іс көлемін.
Төбемізде – түйе-бұлт, кішкене Күн.
Күні бойы қой бағып, түні бойы
қозы иісіндей қоңырқай түс көремін.
Табиғаты түсімнің – ірі сұрақ,
Өлөң деймін сәл ұйып тұрысын-ақ!
...Тау көрдім мен... Шыңғыстау
деп ойлаймын,
бара жатыр, әйтеуір, жылы ұшырап!..
Жүрегімнің құлағы, сірә, түрік,
жата берсем, кетер бір мұң атылып.
Ғайып болып әлгі түс...
қаздың үні
ғана қалды соңында шұбатылып!
Тұрмайтыны секілді қолға сағым,
түсініксіз нала-мұң – далбаса мұң.
Қаздың үні арқылы мен қайтадан
ғайып болған елеспен жалғасамын:
– Шеше деймін, Шыңғыстау екен деймін,
жұмыр-жұмыр бүйрегін мекендеймін.
Бір аң менің қасымнан кетер емес!..
– Арқар шығар?
– Ол емес, бөкен деймін!..
– Сен алдымен түймеңді түймелеші,
салақ болып барасың, күйгелешім.
Шыңғыстауың – елің ғой,
сол еліңнің
бір «ақбөкен» қызына үйленесің!
– Шеше деймін, тосады келін деймін,
ұшам деумен таусылды әлім деймін!
Балағымнан тістелеп жібермейді...
– Ол не тағы?
– Кәдімгі мәлін деймін!
– Көлеңкеге ызғарды қуып тығып,
шуақ күлсе – көктемнің жуықтығы.
Саған, тегі, «мәлін» боп көрінген ғой
машақатты түндердің суықтығы.
– Шеше деймін, мұндай түс кім көріпті,
арасында жүр екем кіл керіктің!
Олар маған қарасып, Мен оларға
қарай-қарай... оянып үлгеріппін.
– Құлыным-ау, болмайды түс кемдігі.
Түс секілді өмір де бізге ендігі...
Ортасында жүре бер «керіктердің»,
ол – сендегі мерейдің үстемдігі!
– Шеше деймін, тыңдашы, Шеше деймін,
бұл бүгінгі түс емес, кеше деймін:
... бір ашқарақ қой маған көп маңырап,
түсіп кетті қолымнан кесе деймін!..
– Қайдағыны, қарағым, ойға аласың,
қар мен жаңбыр жатыр ғой найзаласып...
«Ашқарақ қой» – сендегі алаң көңіл,
«сынған кесе» – кешегі ай жаңасы... –
Көкірегі-көңілі – Дала-мекен,
Дала-мекен – Шешем-ай, балаңа кең!..
Қызыл-жасыл Ойлардың хикметі
құбылмалы маусымнан ғана ма екен?
Қайдағыны жоқ менде қайғы санау,
қайратыма, ісіме алғыс алам.
... көрген түсті көктемге жорысаң да,
көп күрсіне бердің-ау, байғұс Анам?!.
БОРАНДЫ ТҮНДЕ
Қап-қараңғы үрейдің арқасындай
мына Түннен азырақ қорқасың да.
Күлген сайын сырттағы күрең боран,
Жын жылайды пешіңнің қолқасында.
Сені қоса жылата жаздағаны-ай!..
От ойнағыш қап-қара көзде ғана.
Ботасынан айырылған боз іңгендей,
боздайды кеп көшеде боз бағана.
Бар-ау сенің өткенге өкінерің?..
Сыртта боран сәт сайын екіленіп,
кейде адамша күрсінсе,
кейде үнсіз
терезеңді жалайды, мекіреніп.
Киелі Өлөң өзекте өлтіріліп,
Ай жоғалар Аспанда, Жер түгілі!..
Жатыр неге қыңсылап сендік жүрек
– көз ашпаған бір мұңның бөлтірігі!..
Қап-қараңғы. Үрейдің арқасындай
мына Түннен азырақ қорқасың да.
Сыртта боран булығып,..
Жын күледі
моп-момақан пешіңнің қолқасында.
ЖЕКЕҚОҢЫР
Қайта-қайта маңырап, қоңыр қозым,
суландыра бердің-ау көңіл көзін.
Қозысы едім мен де бір қоңырлықтың...
Көп өксіктен көкірек сөгілгесін...
Жалғыздық тұр түріңнен байқалып шын.
Сол шындықты қосыла айталықшы...
Жетім зарын ұқпайтын жандар да бар,
желіні жоқ мал сені қайдан ұқсын!
Маңыраса, тоқ қозы маңырасын,
маңыраудың білемін мағынасын.
Сен еметін емшек жоқ,
құр бекерге
қой алдынан жүгіріп не қыласың!
Қойдыра алмай қойдым ғой шақырып та.
Қойдыра алмай қойдым ғой бақырып та.
Неге оларға барасың,.. бүйіріңнен
солқ еткізе салмай ма мақұлықтар!
Жетімдікті солайша мал да сынар.
Жырым – жалғыз, мен – жалғыз.
Сен бе сыңар?..
Жүр, іздейік, Біздерді түсінетін,
кім біледі, біреулер бар да шығар?!.
МАМЫР
Май сағымды маңғаз Тау үріп ішкен,
Өлөң аға жөнелер тіліңізден!..
Қаз дауысы аңқыған қоңыр желге
қазанақтың, қайыңның бүрі піскен.
Дәрменің жоқ Ойыңнан жаңылмасқа,
Тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа.
Шегірткенің інжулі шырылынан моншақ
теріп алар ма ед қарындасқа!..
Көкіректің маздатып қарашығын,
қос көбелек зиреге таласуын!
Төңірекке төгілген төл үніне
төсеп отыр тұмсығын бала суыр.
Жанарынан танылған апрелі,
еркелеп жүр маған бір кекіл еріп.
Көкжиектен тырналар тыраулайды...
Марал – Көктем жатқан ол, мекіреніп.
БІР ТАЛ ҮКІ
Бауырым, қойшы ұлының сөзіне сен.
Сен оның көзіне сен, әсіресе:
жартастың үкі ұшатын қолтығынан,
жантайып жарықтық Ай есінесе.
Жандардан емеспін мен жүрегі осал.
Жазғырсаң жазғырарсың кінәма сәл.
Жартасты қызықтаумен келе жатып,
жақыннан көріп қалдым:
Ұябасар!..
– Үкі де – киелі құс, жүрсін аман! –
деп маған үйрететін сыршыл ағам.
Жартастың қолтығында ұя жатыр,
ұяда сағым жатыр қыңсылаған...
Жә, болды, таңдануды доғаралық,
өзгенің дүдәмалы маған анық.
Ұядан үш жұмыртқа көрінеді,
жатқандай үш Ақ Сәуле домаланып!
Жан – нәзік, мақтанбаймын, құлық – әлді,
былдырын ұққандаймын тілі бардың.
Өзімше ырым жасап іштей ғана,
ұядан бір тал үкі іліп алдым...
...маусымның алды – жауын, арты – мұнар.
Сағалап төбелерді жол тығылар.
... үкі-үміт дүр сілкініп көкейімде,
жартастың қайта үңілдім қолтығына.
Сондағы домаланған тіршілікті
өзіңнің жүрегіңдей білші мықты.
Ұядан қозғалмапты жұмыртқалар...
сағым жоқ,..
орнына үш гүл шығыпты!
Маңырап бостан-босқа керік-көңіл,
япыр-ай, менің бұл қай еріккенім!..
Үкішіл жаттың иісі ұясынан
білсемші текті құсты жеріткенін!
Шатқалдан суық ұрып жанарыма, түршіктім...
Жамандықтың хабары ма?!
Ойланбай,
Отанына ойран салып,
қалдым-ау үкінің мен обалына?!..
Айттың не, айтпадың не «о тобаны»,
сазамды берер болды көкем анық.
Сорлы үкі содан бері оралмапты-ау,
сондағы «қылығымнан» секем алып!
Көңілім әр нәрседен кірбің теріп,
бұл жерге келдім тағы бір күндері:
басында солып қалған үш гүлі бар
жатыр сол үш жұмыртқа күлгінденіп!
Кісінеп машырықтан құла таңым,
қосыла тулайтындай күре тамыр.
«Әй, ол құс ұясына қайта келер!»
деп, бекер өзімді-өзім жұбатамын.
Бұл – сабақ, есімізде мәңгі сақтар:
ұяға ұқсайды ғой бар құшақтар!..
Қауырсын – қиянат деп кім ойлаған,
жеп-жеңіл, кіп-кішкентай... жалғыз-ақ тал!
ЖАНСУСАР
Қыбыр етпес аптапта сусар шілік.
Тау – ұйқышыл, ит – тыныш, жусан – сұлық.
Шаңырақтан тік түскен найза-сәске
сүйегіне сандықтың тұр шаншылып.
Уіліндей бұлттардың қанатының, ойхой,
Далам – Қазағым – Ана Тілім!..
Суыртпақтап жөн сұрар отағасы,
домбырасын күйлеген бола отырып:
– Ой, сен әлгі...
– Иә, аға, сол баламын!..
«Сорғаласаң шанақтан сорғала, мұң...»
Бұрылады қысық көз.
Мен өйткені,
бұрымына қызының арбаламын!
Ал, қыз бала қырындап піскен қымыз.
Жек көрмейміз қымызды ішкенді біз...
– Білуші едім әкеңді,..
– Мен де білем,
біздің үйден сіз талай түстендіңіз...
Сабырлы да, сыршыл да шіркін ауыл...
Сабадағы қымыздың бұрқырауын!
Қысық көзде сұрақ көп.
Ал, қызында:
қимыл – жеңіл, бұрым – тоқ, кірпік – ауыр!
Қыз балаға сырымды сездір ләйім...
Әй, ұят қой, қарашық оздырмайын...
Келді ақыры қызулы бесті қымыз,
сорғалатып жіберер сөздің майын.
...қыза-қыза, домбыра дыңылдаттым.
Қыз баланы қырынан ұғынбақпын.
Жас жүрекпен ойнайтын жасырынбай,
жаңа түрі болды бұл «тығылмақтың».
Сияқтанып даламның ала бұлты,
Жан жаңбырын ішімде қалам іркіп...
Кешкісінде бетке алып құбыланы,
кете бардым, көңілім алабұртып.
Әй, қысық көз, қысық көз – барақ әлді,
қимас еді-ау көңілім қалағанды...
Содан бері есімде сол ауылдың
қызы менен қымызы ғана қалды.
АЖАЛ ДАЛАСЫНДАҒЫ ТІРІ ТАС
Сөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін,
Ой – көп, қобыз-ділімнің түртер ішегін.
Сары Дала дөңбекшіп Күн астында,
сайтан-сағым сорады бұлт емшегін.
Айнала – кіл күйік тау, ісік төбе...
Айғай-жолға көрдім сан түсіп те мен.
Құла Түздің кіндігін құйын бұрап,
...көкпек қана көкжасыл күшіктеген.
Сол тағдырға Даламның көнген түрі:
Есі ішінде – бір ғана ермен тірі...
Тобылғының гүлі жоқ!..
Гүл орнынан
көрінеді қызарып шеңгел тілі.
Шекелерін сығымдап күшті ғылым,
Аспан өле бастады, Түз түгілі.
Қызылжалқын аңызақ долдануда,
Ібілістің мыйындай ыстық үні!..
Тозаң толқып бесіннен,
тақыр ағып,
көлеңкелер мөңкіскен оқыралы.
Қи түбінде кесіртке бақырайып,
ши түбінде шегіртке шоқынады!..
Тәй-тәй құрақ қалайша көтерілер?
Табиғатта – бөтен үн, бөтен рең.
Жалғыз көзі бозарған Дию-Түннің
жарғанаттар шыңғырып етегінен,
талай рет тұншыға түршігіп ем...
Өлтіре алмас жырымды мұң сұғымен!
Бір өзеннің, шіркін-ай, көзін тапсам,
йіскей-иіскей Таулардың тұмсығымен!
Жұпар тамған желек жоқ,
Жер шөлдеген.
Желек бәлкім жетілер, кемсеңдемен.
Көлдерімді, шіркін-ай, сақтап қалсам,
көздерімнің мөлдірін берсем де, мен!..
Топырақ боп кеткенше тас ұнтағы,
Нөсер болып селдетсем сосын тағы!..
Жан кірмесе Далама, қасын қағып,..
қатып-семіп қайғыдан құлармын да,
құлпытасы болармын басындағы!
ҚОЙШЫ
Кеулемей ме жегідей жанды шүбә?
Өз тірлігі өзіне мәнді шығар:
өмір-бақи келеді мал соңында.
Қаланы бір, оллаһи, көргісі бар!
Жоқтығын да білдірмей, барлығын да,
маңыраудан саңырау болды ұғымдар?..
Саясатпен қандайын кім біледі,
сақталулы партбилет – сандығында!
«Арға мығым жандар, – деп, – малға мығым»,
кеңсе тілі көрсетер жорғалығын.
Кеңесері – кемпірі.... Керқасқасы,
жауыр болған міністен, ол да бүгін!
Сол баяғы таныс таң, жолдас іңір...
Күйселумен бітпейді малдағы сыр...
Ақша – қызыл, әрине, бұл жақта да,
айтақтатқан марапат, ол да – қызыл!
Ұрты ұранмен майланған ел ағасы
ұрттап ішіп отырар қонақасын.
Мың сан тұяқ қиғылап бар тамырын,
бара жатыр келмеске Дала қашып!..
Шолақсайлық ғұмырын қабылдамай,
қырсығар да тұншығар көңіл талай!
Әлем қанша құбылып үлгерсе де,
«Ата жолын» тым қуғыш момындар-ай...
УҒА АЙНАЛҒАН КӨЗ МАЙЫ
Шуыл құрап қалың ши, ызың құрап,
жолға шықтым іңірде қызылқұлақ.
Дауылдатқан дәл осы күн секілді.
өзімнің де келеді бұзылғым-ақ!
Қайран менің өз Тауым-өз Қыратым,
сайтан бар ма сені де азғыратын?
Бұл қай Дауыл?.. құйрығы құмға айналып,
қызғылттанған қылшығы көзге ұратын?..
Жолға шықтым, ал енді, қаным тасып.
Қалың шығар, білмеймін, сорым да шын.
Қайдасың сен, бауырым-қоңыр Тауым?
Қайдасың сен, Самал-Жел-қарындасым?
Қайнамайды мендегі қалайша қан,
қаңтарда да көрмедім балауса қар!
Көз алдымда барасың сен үзіліп,
көдемұртты Далам-ай, селеусақал!
Түсіндіре алар ма мұны ғалым?
Түйсіктердің сайрағыш тілі қане?
Көрсетпеші, бұралқы итке айналып,
ағысы жоқ арнаның ұлығанын!
Қаңғып шығып сырттан – сөз, барақ – арман,
қарқылдаушы ед секемім-ала қарғам...
Тоналумен, Далам-ай, күн кештің-ау,
тоғайлардан томарлар ғана қалған!
Жұлдыздардың шырынын ұрттағыш
Таң ұйықтап жатыр.
Ұйқыға жұрт та құштар.
Қай кез еді, соңғы рет Шыңғыстаудан
тамырларын қопара бұлттар ұшқан?!.
Қара шашы дауылдың қамалаған
Қара Жолдан көңілім оңала ма?
Мен жолаушы емеспін, көз жасыңмын,
әжіміңді қуалай домалаған...
МҰХИТ-МҰҢЫМНЫҢ ҰЛУЛАРЫ
Төрт түлігі қоңданған күйістеніп
ел байлығын елеуге тиісті ері.
Арқарлар жоқ, тұяғын тұман жуған.
Бар қалғаны – шаңырақ-мүйіздері.
Әй, жұртым-ай, жұртым-ай, қуырдақшыл!..
Суайттарың не дейді суылдақшыл?
Аман қалған арқардың ұлын тапшы,
Ар-ұятың бетіңді дауылдатсын,
әй, жұртым-ай, жұртым-ай, қуырдақшыл!
...тұяқтардан жосылған сол қалың із
жоқ қой бүгін...
Жоқтығы – қорқарымыз!
Қойыңдаршы дауласпай, күні кеше
қойымыздан көп еді-ау арқарымыз!
Дау айтам деп қалайша жақ ашасың,
«аңшылықтың» сан өткен «тамашасы»!
Ашкөзділік мылтығын әлі ұстап жүр,
тік тұрғызып Таулардың төбе шашын!
Не біледі қазіргі шуылдақтар,
талай аңның жүрегін суырды оқтар!
Қасқырлар да құрып-ақ кетер ме еді,
қара саны жараса қуырдаққа?!.
Селт етпейтін Далам бар дабыраға,
қалай екен қазіргі өмір оған?
Қақпа сайын арқардың мүйізі тұр,
аңызаққа қосыла маңыраған!
«Мүйіз – сән, – деп, – қақпаға» ұғуларың
рас шығар.
Көңілім жүр уланып.
Жан толқыны жағаға алып шыққан менің
Мұхит-Мұңымның ұлулары –
маңырақ Мүйіздер-ай!..
СІЛКІНІС
Үндемеуге шыдайды қалай дәтің,
қызыл сөзге жанулы талайда тіл.
Бір тірегім – Шешем ед, қартайған-ау,
Өлөң емес, өлімді кім айтады.
Әкемізден бесеу ек малақайлы,
соры – бөлек, қайтесің, солақайдың.
Мен панасыз бұлт болсам, төрт ағайын
төрт маусымы секілді он екі айдың.
Кімдер-кімдер еркек пе, ұрғашы ма,
білдірген соң мендегі жырға шүбә?
Қарындасым айнаға табынады,
айырбастап сырымды сырғасына.
Кімге күлкі болдым мен, кімге таба?!
Жұлдызды Ойды жұлдызсыз түнде табам.
Досым бар ед... байқаймын, менен гөрі
әйелінің қабағы қымбат оған.
Қайғылыда қалмайды, сірә, қадір,
қандай ғана тағдырға сынақ әділ?
Жарасынан жанымның дірдек қағып,
дірдек қағып қып-қызыл Жыр ағады!..
Айналамның бәрі де – құдай-тәңір!
Шекемізден сөйлейді дүлей тамыр!..
Өзгелерге мұңымды шаққан болып,
осылайша өзімді тыңайтамын.
Ғұмырымды қайғымен майдаласам,
Сөз де – нашар мендегі, Ой да – нашар.
Өкпемді айтып қайтемін өзгелерге,
өлөңдеткен өзіме майдан ашам!
ТОЗАҚТА
Сауапты су елестеп, баталы бел,
бір қиялдың шетіне тақалып ем...
салақтатып тілдерін әр көлеңке,
ойнап жатыр Сәскенің сақалымен.
Қай бір жақсы дейсің бұл елегізу,
Қайғым ерген қасыма, қабағы – зіл.
Мерекешіл көше де – мейірімсіз,
ерніндегі далабы ғана қызыл...
Мұңсыз да аман болғанмен, құнсыз да аман,
көбелектер бітті өліп жұлдызтабан.
Қаталаған-шөлдеген шерлі Түздің
шекесінде күлтілдеп Күн сыздаған!
Ақылды жұрт ішкізсін бүгін уын,
ашырқанар мендегі ыңыл-уіл.
Жел – қып-қызыл!
Тау – ессіз!..
Ессіздіктің
езуінен сағымы шұбыруын!..
Неге, неге мына жұрт салғырт-керең?
Ойсыздықтың ұлдары-ай мәңгүрттенер!
Бұрымыңды бұлдама, ей, ару Ән,
Руыңды бұлдама, ей, мұртты Өлөң!
Сөзге бүгін қажетсіз мың бір астар.
Астарсыз-ақ, Ақ Сөзім мұңға ұласқан.
Құдайды да құлатар у осы да –
күлгін Дала, күлгін Күн, күлгін Аспан!
Гүл тілімен Даламды пішіндесем,
нені ұғады өз тілін түсінбес ел?
Тағдырыңа тақырлық тап болды ма:
сыртыңда – шөл, жұртым-ай, ішіңде – шер?!.
Сен де, көңілім, болмасаң нысаналы,
Неге үнемі жүресің құсаланып?
Күрсінбеші, байқашы!...
қурап тұрған
бұл Даланың лап-п ете түсері анық!
ӨМІР?
– Уақытқа, айтыңыз, құлмыз ба, аға? –
десе қайтем бүгінгі ұл-қыз маған?
Итшілеткен тірлік-ай, көршіңнен де
хал сұрауға мойныңды бұрғызбаған!
Көз алдыңнан кім өтіп, кім өтпейді,
бәрін – жылдым уақыт реттейді.
Пұлын бұлдап ұл кетер.
Ештеңе етпес.
Түрін бұлдап қыз кетер.
Түк етпейді.
«Асықпаймын» – деп ойсыз бөспек бекер.
Құр сайранмен самайға көшпек пе тер?..
Бүгін маған әлдекім таныс болып,
ертең сол бір танысым дос боп кетер.
Асығамыз,
Аспан – көк, Дала – сары...
Әлдеқайдан боздайды бота-сарын.
Кешегіні ұмытып та үлгермедік,
кім біледі келешек не тосарын?
Ойда жоқта ит-тірлік қанаттанып,..
самсап шығар қарсы алдан қонақтарым!..
Өтірік боп та ойсызға «оқылармыз»,
өсектердің алдында сан ақталып.
Уақыттың табылмай дауасы бір,
Тағы бір күн аунатар қарашығын.
Өмір деген өзгере берер әлі,
өзгермейтін – біздегі сол асығу!
Асығамыз!
Көңіл – ақ, жол – қап-қара...
Мұрша болмай алдыға жөндеп қарар,
сорымыздан әлдекім бақыт тауып,
бағымыздан әлдекім сорлап қалар.
Ашыққанда – әдейі ән салармыз.
Тойынғанда – әдейі томсарармыз.
Бір үмітті өлтіріп өкінішпен,
бір үмітке Өлөңмен дем салармыз.
Кітап оқып тауысармыз қалың-қалың.
Құмырсқаның Құдайға жалынғанын
біле алмаймыз.
Түкті де біле алмаймыз.
Білеміз тек өмірде өлім барын...
Бәрі солай тез өтіп, тез бітеді:
шырқалып ән, айтылып сөз бітеді.
Жамандықтан жанымыз күйер талай,
сол күйіктер орнына көз бітеді.
Болды деген сәтіңде жігер
үстем, есік қағып тұрар-ау реніш те.
Досың барда – қасың бар: күреңітіп
Күн тұтылған бір әлем жүрер іште...
Үндемейді уақыт, дымы – ішінде.
Сонда менің тірлігім кім үшін де...
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Өткеретін өмірің – көрер түсің,
жорылмайды көзіңнің тірісінде.
* * *
Ыза қандай іштегі, тоқтам қандай?
Ықылассыз жандар бар шоқпар-маңдай!
Қайық етіп қайғыға қабағыңды,
есуге енді ескегің жоқ болғандай,
елпеңдеме.
Тіл безеу қалған бүгін.
Үнсіздікте ұлғаяр арманда ұғын.
Білем, саған көктемді кінәлатпақ
бір қыздағы сезімнің жалғандығы.
Сүймес жанның сүйгенді қолдауы – сын.
Іште сақтау қауіпті – Жан дауысын?..
Дос керек қой, бәрібір, бұл өмірде,
«досым бар» деп өзіңді алдау үшін.
«Саған лайық табам, – деп, – ер қанатын»,
әккілер де аңғалдың алған атын.
Біреу сені мақтаса, оған да – сол,
кезің керек болып жүр алданатын...
Сен көретін көрешек көп пе, тегі?
Біреу – мыстан, ал, біреу көкбет еді.
Еріккеннің алдында емсеңдеме,
«еркек емес, ез екен!» – деп кетеді.
Өз ішіңде дұшпан бар, кеңесші бар.
Сен алдымен солармен теңесші, бар!
«Теңізші боп жүзетін мұхит-мұңда»
тек қана осы екеуміз емес шығар?!..
Мұң – мұхит ғой..
дауылын тыңдар ағаң.
Мойын бұрып қарайтын кім бар оған?
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Жағалаудың жап-жарық манарындай
жанған көздер, қайдасың, «мұнда!..»-лаған?!.
КӨК АҢҚЫҒАН КЕЗ ЕДІ...
...Автовокзал. Кешқұрым.
Өмір – елес...
Көпшіліктің гуіне көмілер Ес.
Құлағымның ұшында – қызыл іңір:
қысыламын тек сенен.
Тегін емес...
Тіл ұшы – бал жанбысың, күлісі – бал?
Мендегі Ойдың бірі – үміт, бірі – шүбә...
Ал, қызығам ба өзіңе, қызғанам ба,
кімнің онда, қалқатай, жұмысы бар?
Маздап жанар жүрегім – жан ошағым.
Жауратпаса игі еді қараша-мұң?
Маңдайыңа қарап мен,
мазаң күймен
Махаббатым жайында бал ашамын.
Икемдірек ұғым ем ырымға сәл,
Көңіл – қобыз, қызыл тіл қылын басар.
Қыз алдында үн – сынық, буын – босаң...
бірдеңеге жарар ед ұрынбасам?..
Қандайлық күш ерікті алды менен,
қабағымда қалтырап қалды ма өлөң?
Ессіздік қой – есте жоқ сәлемдесу,
есіміңді сұраппын, алдыменен.
Мұңға айналып кететін міні ұдайы –
тағдыр шығар?..
Не берсін қыңыраю.
Жұртқа – бәрібір, дүние өз орнында:
автовокзал, кешқұрым, июль айы.
Ишараны іштегі тыңдамастан күлдің...
Білдім:
Сендегі ән – мүлде басқа ән!..
Көк аңқыған кез еді, есіңде ме,
көлеңкелер жайқалып, гүлдеп Аспан!..
Жолаушының қарайды жолға бәрі.
Сен де қарап,..
(тұрмын ба сорлағалы?)
Қалғаның ед қасымда – ойлағаным
және ешқандай танысың болмағаны...
Қайраным жоқ уақыт тарлығына,
қоштастырар өзіңмен қорлығына.
Сенің тосқан көлігің келмей қалса,
сенем деп ем Құдайдың
барлығына...
Көлік келді.
(мұң бітпес мұнымен де)
Жолаушы – көп, бірі – адам, бірі – пенде...
...күрсініспен бұралған құлақ күйі –
күрең жолдың сондағы дыңы – менде!..
Айтшы бүгін, қалқатай, дұрысында,
менің сол бір тірлігім құрысын да!
«Есіміңді ерітіп» тіл ұшында,
қала бергем вокзалдың бұрышында.
Содан бері ылғи да іңір бағам.
Жан жылуы сол болса,.. бұйырмаған.
Күн батқанмен таң да атар...
Бірақ сенсіз
күншығыстай сарғаю қиын маған.
Жұлдызды тағдырыңның мен жүрмін іргесінде.
Мүмкін-ау білмесің де.
Тек мені өмір саған танытпай жүрмесін де!
Мен де бір – жақсыға жаршы ағамын.
Мамырға қарсы ағамын.
Жүзіңді көрген сайын,
жүректі алақан ғып, қол соғамын.
Мен де бір шөл даладаймын, шілдедегі.
«Нөсерім болып менің бірде, тегі,
жетерсің!» – деген Ойдың өзі
қанша үмітті гүлдетеді!
Сен менің мұңыма қан. Етерсің сырыңа хан!
Көкейде көздерім бар,
өзіңсіз жылымаған.
Білемін,
жұрт әуресі – пендешілік...
Өтінем,
осалдыққа бермеші ырық.
Мен сенсіз:
буынсыз тіл болсам да,
қаламын демде сынып...
Таңға дейін тағы да ұйықтамадым.
(жо, жоқ, кешір, ештеңе «ұрттамадым»)
Сені ойлаумен боламын түні бойы,
түні бойы тау жақта бұлт тоңады.
Иә, биыл көктем де, жаз да салқын.
Бұл жазбен де келеді-ау қоштасар күн!..
Сағынармын, ойлармын...
әттең, соным
болмаса екен төзімді босқа сарқу!..
Әдемісің, әрине, жоқ таласым.
Әлі талай ортада мақталасың.
Сені сүю – біреуді қызғандыру.
Сені сүю – біреумен бақталасу.
Келіп кет! – деп қаншама мазалайын,
келтіресің, әйтеуір, сөз орайын.
Қара Өлөңді маздатып қарсы алармын,
қаз қанатын жамылған қазан айын.
Өз жауыным болса да, өз бораным,
жалғыздықпен жүздескен кез ғана – мұң.
Көңілімнің көгіне
хаттарыңнан
батпырауық ұшырып мәз боламын.
Кеше таным өзгеріп, бүгін – талғам,
ұтылғым жоқ ұпайшыл ұғымдардан.
Сені ойлаумен күрсінген бір сәтімде –
сенсіз өткен мың Түн бар
сығымдалған!
– Сені ғашық дейді ғой?..
– Ол кім тағы?..
– Болды, болды, айта бер, тартынбағын...
– Бәлкім, сорым, білмеймін, бәлкім, бағым,
бар еді бір қарындас...
Ал, тыңдағын...
– Жан дейді ғой аздаған наласы бар?
– Наласызбен өзің-ақ жарасып ал.
– Қандай өзі?
– Сарғайған таңдай өзі.
Ал, мен күзгі ымырт ем, қара шұбар...
– Жүресіңдер дейді ғой хат алысып?
– Иә, солай болып тұр беталысым...
– Сонсоң?
– Сонсоң, семья құрамыз да.
Яғни, бәрі де – Отан үшін...
– Өзі жап-жас дейді ғой, нешедегі?...
– Үштен бірі боп қалар Шешедегі....
– Ел айтады... оларға мен айтамын...
– Жүруші ме еді сендейлер, бәсе, тегін...
– ... саған қиын дейді ғой жақындасу?
– Онда – сезім, ал, менде ақыл басым.
– Мұны қалай түсінсек болар екен?..
– Әй, шырағым, басымды қатырмашы...
***
Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.
Келер түн – қалың сәуле қалың-қалың.
Кейіме, тек өзіме мәлім халім.
Әттең-ай, естіп көрсең, әр секундтың
мендегі жалғыздықта жарылғанын!..
Білмеймін, мен байғұсты «ағалауың» –
жасырын жас мөлшерін шамалауың?..
Сенікі дұрыс та ғой.
Түсін, бірақ,
Сенің сол «дұрыстығың» – маған ауыр.
Бақ пен Сор ... бар жүрекке құзыры – бір,
меңгеріп үлгерсек қой біз ілімін.
«Сен!» деген, «Сенем!» деген секемшілдеу
сенделген Сағыныштың Қызырымын!
Көп болды, көрген жоқпын дүрмек бетін.
Шын айтсам, үміт – қысқа, күрметпеді...
Өзіңе асықтығым үшін, маған
Өзіңе аға болу міндет пе еді?..
Торымын, Ой сортаңын ащылаған.
Толғанса Сен туралы тосын «ағаң»,
тоқиды көңіліне кемпірқосақ,
торғайдың шырылынан шашыраған...
Сағымсыз – Шыңғыстаудың атырабы.
Саратан салқынында жатыр ауыл.
Сені ойлап, сонау-у жолдың қарасына
көзімнің қарашығын матырамын.
Ақшамның әр адымын баспалар түн.
Ағаңның бар табары – шашты ағарту.
Өкінтіп тағы бір күн өтіп барад...
о да бір – өмірдегі көшпелі алтын.
Осылай болғаны да дұрыс маған.
Түсімде Түн көрейін күмістабан.
Күлкісін саған ұқсас қыз баланың
күреңот жапырағы уыстаған.
Салармын шырқап қалай «Идай-да»-ға,
Өзіңді жат өзекке қимайды «ағаң».
Жазулы ақшам хатын көкейдегі,
жарқанат қанатымен шимайлаған...