Есенқұл ЖАҚЫПБЕК: Тазқара құстың тағдыры

Есенқұл ЖАҚЫПБЕК: Тазқара құстың тағдыры

КІРІСПЕ
Өзге емес өзім айтам өз жайымды
1. Кіммін? Немін?
Ақындық! Кім біледі оның қалай, қашан қонатынын. Ақындық адам басына салп етіп бірден қона сала ма, жоқ әлде «Өлең аласың ба, көген аласың ба?» деп Қызыр Ілияс түсінде аян бере ме, жоқ әлде тұқым қуалай ма? Бәлкім туған үйі, өскен ұясына, қоршаған ортасына, кешкен мехнат – қорлығына байланысты немесе басқа да сілкіністерге байланысты мылқаудың тілі сияқты кенеттен тілің шығып, көмекейің бүлкілдеп қоя беретін құбылыс шығар ол.
Бәріміз бала кезімізде шексіз фанатизмге беріліп, ерлікке, ізгілікке, ғашықтық ғаламына бастайтын батырлар, ғашықтар жырын жаттап өстік, ертегі, аңыз оқыдық, абыз-жыраулар айтыпты деген асыл сөздерді құлаққа құйып, жүрекке сіңіріп өстік. Сөйтіп қияли болып, басымызға кітап жастап оқып жүргенде көзіміз кенеттен ашылып кетіп өмірді өз натурасы, өз күйінде байқап көрсек, дүние шіркін шындығына келгенде өте майда, өте жиіркенішті, өте-мөте пасық, сасық және қызуы демде тарап кететін алдамшы қызықтарға толы сұм жалған екен.
Бәлкім Ақындық осының бәрін көріп жаным шошығандықтан барып туған қопарылыс шығар. Мен байқұс әйтеуір осы алпысқа таяп қалған жасымда сол Ақындық дегеннің қай күні қай жағымнан жабысқанын есіме түсіре алмай, не одан айырыла алмай Алла Тағала өлшеп берген, онда да саған соның қадірін біліп жүрсін деп қарызға, аманатқа берген Ғұмырын жасап келе жатырмын. Осы күнде мені ақын емес дейтін пенде жоқ, тіпті атымды есіне түсіре алмағандар «Әй, ақын, бері қарашы», – деп шақырады.
Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали күнделігінде өлең жазғанда менің құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде ондай да қасиет жоқ. Әйтеуір тәнім – күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық.
Күнделікті тіршілікте мінезсіз, ешкімнен асып бара жатқан ерекшелігі жоқ, тәуелсіз жалтақ, жасанды сөйлеп жіберуден де ұялмайтын жанбақының бірімін.
Ал, өлең жазғанда жаным кіреді. Өйткені ол кезде мен жылаймын, күрсінемін, қуанамын, сағынамын, сүйемін, жек көремін, жақсы көремін, боқтаймын, қарғаймын, дауылды күні ашық теңізге шығып кеткен шап- шағын ағаш корабль сияқты әждаһа толқындармен арпалысып, әйтеуір аударылып түспей шыбын жаным жаннан түңіліп барып барса келмес бір аралға жете жығыламын. Ертесін қайтадан «есектің артын жуып» ел қатарлы нәпақа тауып, ел қатарлы сөйлеп сөлпиіп жүре беремін.
Алматыда әжептәуір журналда жүрген кезімде ешкім мені адам тұрмақ айуанның да қатарына қосқан жоқ. Сонда да болса «май қаңбақта ағалардың аты жуcап жатыр» деп ағаларды алыстан арқа тұтып жүре бердім... Үкімет үйінің артындағы қалың шыршаның түбінде түнеп шығып, таңертең қызметке келіп жүрдім.
Бірақ мен көкелердің көмегімен емес кейінірек ақындар айтысының арқасында танымал болдым, ел қатарына қосылдым. Енді маған не қыл дейсіздер? Мен сөйтіп амалдап, айтысқа кетпегенде баяғыда өліп қалар едім ғой.
Өлең жазу керек екен деп «бомж» болып кету керек пе еді? Жоқ, ондай жанпидалыққа мен бара алмадым. Өзімді қойшы, өзім дүниеге әкелген бала-шағамды бағу керек еді. Ауылға қайтып келсем отбасымның еңсесі түсіп кетіпті. Дереу «малтабар» ақын болып шыға келдім. Той басқардым, келіннің бетін аштым, жарапазан айттым, сыйлы кісі елге келсе алдынан шығып өлең айтып сұңқылдадым. Қысқасы мал табудың қамына көштім.Ара-тұра өлең менің түсіме кіріп жүрді. Бірдемелерді күбірлеп оянатын болдым. Мұқағали дұрыс айтады екен, кейде біреу құлағыңа сыбырлайды екен. Бірақ, тіршіліктің тауқыметімен жүргенде құдайдың құлағыма сыбырлағанын да елемейтін, естігісі келмейтін кездерім болды. Әдебиет алдындағы менің күнәм сол. Талай шығармаларым жазылып келе жатып, жарты жолда аяқсыз қала берді, қала берді.
Ешқашан өтірік айтып көрмеген бір наиб-имам досым айтып еді: – Бір рет жаназа шығарған, содан нәпақа тапқан молда екінші қайта шын молда бола алмай қиналады екен, мен соны өз басымнан өткердім, қазір жаназаға барғым келеді де тұрады, – деп. Сол сияқты менің де бірдемеге құнығып кеткендігім байқалды. Бірақ, байып кеткен түгім жоқ. Баяғы азаймайтын,көбеймейтін қоңторғай тірлік.
Балықшының байлығы,
Етек –жеңі кепкенше.
Ақындардың байлығы,
Той –томалақ өткенше.

2. Балалық
Бала кезде МТС-қа жанармай таситын өгіз арбаның артына, бөшкелердің арасына тығылып алып саяхаттағанды жақсы көретінмін. Бірліктен Тереңөзек деген жердегі МТС-қа жеткенше өгіз арба кемінде екі-үш сағат жүреді. Өгіз арбаны айдайтын кісі жер аударылып келген Нидәй деген әзірбайжан шал. Өгіз арбаға емес, мен сол Нидәйдің ұзын сыбызғысына қызығамын. Нидәй шал былай шыға бере сыбызғысын қолына алып мұңлы бір әуендер боздата жөнеледі. Боз даланың бозторғайлары әлгі сыбызғының ұшына қона жаздап шырылдап өгіз арбаның үстіне тұрып алады. Осылай бөшкенің артына тығылып алып сыбызғының күйін тыңдай-тыңдай Тереңөзекке жете бере МТС-тағы трәктірші әкеме көрінбей жасырынып, қайтқанда өгіз арбаға қайта мініп ала қоямын. Сыбызғы байқұс қара жолдың үстінде қайта өксіп қоя береді. Бір күні сыбызғы күйін тыңдап отырып, сұңқылдап жылап жіберіппін. Нидәй шал ұстап алып шешеме алып барды.
– Мына балаң жасырынып күйтыңдап жүреді екен, өзін шалық шалған сияқтыма қалай, әлгінде еңкілдеп жылап жіберді, әсершіл бала екен, мүмкін ақын болатын шығар, бәлкім бақсылығы бар шығар, бірақ мұндай баланы көзден тасақылуға болмайды, – деді.

3. Өскен үй. Орта
Алғаш өлең жазып жүрген кезімде әкем Серікбай аса жақтыра қойған жоқ. Әкем өлеңді суырып салып та, жазып та айта беретін кісі еді. Өзі шертпе күйдің шебері. Домбыраны қырнап тартатын. Бір күні кешке, қыстың ұзақ түнінде домбырасын тыңқылдатып отырып, өлең, өнер, ақындар жайында ұзақ әңгіме айтты. Соғыстың аржақ, бержағында Алматыда драма театрында жұмыс істепті. Ұзынағаштан Зәмзәгүл Шәріпова екеуі жотасы пышақтың қырындай арық атқа мінгесіп алып Алматыға барады екен. Алматыға жеткенше Зәмзәгүлдің екі шабы қып-қызыл болып қажалып барады екен.
– Әй, жарықтық Зәмзәгүл өнерді сонда да қоймай қойды, ақыры Алматыда қалды ғой, – деуші еді күрсініп.
– Ал, сіз ше, сіз неге ары қарай әртіс болып кетпедіңіз?
– Әкеден жалғыз едім. Өзім жетіммін. Соғысқа алып кететін болған соң әкемнің немере інісі Іңкәрбай, ол кезде НКВД-да істеуші еді,сол амалын тауып бұл өзі трәктірші еді деп бронмен алып қалды. Трәктір айдадық. Содан өмірімді шаң-топырақ басып қалды ғой, балам. Өнерге өміріңді қию керек. Ал мен осы тоғыз балаға қалай бір жапырақ нан тауып берем деумен қалдым ғой. Өлең жазсаң өміріңді қи, әйтпесе әлду-бәлду өлеңді әркім-ақ жаза береді, – деді.
Үсті-басы май сасыған, қызыл арақты көп ішетін менің осы жаман әкеме адамзатқа аты шыққан Мұхтар Әуезовтың өзі хат жазып, хат алмасып, Жетісудағы ақын-жыраулар туралы сұрап тұратындығын мен ол кезде қайдан білейін. Бәрін кейін біліп, түсініп жүрміз ғой.
Әкем айтпақшы өлең үшін өмірімді қидым ба, қимадым ба оған уақыттың өзі төреші болатын шығар. Өлең үшін ғана өмір сүріп, өлең үшін өліп кеткен бір ақынды көзім көрді. Ол – Жұматай Жақыпбаев! Ғашық жүрегінің ғазалдарын ғана жазып өтті Жұма-ағаң. Басқа нәрсеге бас ауыртқан жоқ. Және там-тұмдап, дәмдеп қана жазды. Дәндеп жазған жоқ. Өзін-өзі көрсетуге асыққан жоқ. Сонымен өзін-өзі сыйлата білді. Ал, қазіргілер өзін-өзі сыйлату үшін түрлі пендешілікке барып жүр.

4. Түп – тамыр
Менің әжем Шәрипа «көген алмай өлең алған» Екей деген елдің қызы екен. «Елу бақсы, сексен ақын туған» Екей қызы Шәрипаның туған ағасы Дулат болыпты. Сүйінбай ақын Дулатқа сүйсініп:
Жазба ақынның мықтысы Дулат ақын,
Қара өлеңді қағазда тулататын.
Жебір менен жегішті сынағанда,
Қасқыр көрген иттердей шулататын, –
дейді екен.
Сөйтсе Дулат ескіше аса сауатты, өлеңді жазып айтатын мысқылшыл ақын болғанға ұқсайды. Сүйегі Түркістанда жатыр екен. Мұның бәрін Шалданбай деген қариядан естіп жүрміз ғой.
Мені ақындар айтысында айтыс жүргізушілер «Айтыста – шақпа, жазбада – ақпа ақын» деп таныстырып жатушы еді, шақпалық пен ақпалықтың әсері, бәлкім сол Дулат ақыннан дарыған шығар, бірақ қазір сол шақпалықтан да айырылып қалған сияқтымын. Ешкімді сынап-мінегім келмейді. Бәлкім сынып кеткен шығармын.

5. Айтыс
Ақындар айтысында менің атым жеңумен емес, жеңілумен шықты. Өйткені ағысқа қарсы жүзетін албасты мінезім бар еді. Бірақ ол жеңіске бергісіз жеңілістер ғой. Оған өкінбеймін. Өкінетінім: ойын-тоймен жүріп талай уақытымды бекер өткізіп алыппын. Бір жақсысы, екі ауыз сөзім болса да елдің есінде қалып қойыпты. Соған мәзбін. Айтысқа қатысып жүріп, ел аралап, жер аралап, өмір таныдым. Соның бәрін өлеңіме арқау еттім. Әйтпесе өрісі тар тіршілікке құл болып, мүлдем өшіп кетер едім. Ептеп болса да өлең жазып жүрдім. Бірақ, бәрібір өлең жазатын ортаны сағынушы едім. Жазба ақын жолдастарым мені жек көріп кетті. Ал, мен оларды жек көре алмадым. Бұл заманда сол баяғы поэзияға адал достарымның өзі азайып кетті. Бизнесте, үлкен қызметте жүргендер бар, баяғысынша өлеңге адалдары аз қалды. Қазір олардың шегірткедей шенеуніктерден айырмасы аз. Енде мен оларды жек көруге айналдым. Бүгінгі күні жаным сүйсінер ешбір ортам, ешбір үйірім жоқ.
Жастық шақ біздің өтті ішіп,
Жұрт құсап жөндеп іше алмай.
Түспейтін көзге көп түсіп,
Түсетін көзге түсе алмай.
Жүрміз ғой бүгін көт қысып,
Ұшайын десе ұша алмай...
Ұшқым-ақ келеді, бірақ қанаттарымды зіл басып, тазқара құсап жалпылдап, самарқау ұшамын. Әйтеуір бірдеме жетіспейді. Жалпы ақындық дегеннің өзі қайда бара жатыр, оған ақылым жетпейді. Бәлкім білімнің, сананың саяздығы шығар. Ештеңе таппаған соң кешке жақын Алматыға тартып отырамын. Академ. театрға барамын. Жоғалған, іздеген нәрсемді тым құрмаса сахнадан көргім келеді. Ал, басқа жерлерден менің жан-дүниеме керекті ешнәрсені таба алмай, босқа шаршаймын. Жазушылар Пленумына бара қалсам текетірескен текелердің көпір үстіндегі сүзіскен сәттерін ғана тамашалап қайтамын.

6. Не жазу керек?
Осы сұрақ көкейімде ылғи тұрады. Бірақ елге керек, оқырманға керек нәрсені жазайыншы деп бірдемені жоспарлап барып үстелге отырғаныммен одан дым шықпайды. Жаным күйзеледі. Қағазға қарағым келмейді. Бәрібір үстелді шыр айналып жүріп аламын. Нені тәуір жаздым, нені жаза алмадым, қай жерде өтірік өлең жаздым, оның ақ-қарасын айыратын да мен емеспін. Оқырман өзі бағалай жатар. Не жазсам да шын жазғым келеді. Ол да қолдан келе бермейтін шаруа, ауылда бір жерлерде көпшілікпен бас қоса қалған жерде «жаңа өлеңіңді оқышы» дейтін сауықшылар бар.
Айтшы, айтшы деп жалынар,
Айтпай жатып жалығар, –
деп Абай айтпақшы ол ортадан да түңіліп шыға келесің. Ұзынағашқа кейде мені Алматыдан іздеп келетін жас ақындар болады. Сонда бір жаным кіріп, мың жасап қаламын. Бірақ, ондай рахаттар аз. Өлеңде енді жаңалық аша қоймаспыз. Бүгінгі оқырман сол жастардың оқырманы болуы мүмкін. Біздің оқырмандарымыз бізден жалыққан сыңайлы. Енді езе берудің қажеті қанша. Басқа бір арнаға құлаш ұрып кету керек екендігін сеземін. Бірақ, өз құбыламды өзгерте алмай-ақ қойдым. Өмірдің ойлау формасы да өзгерді ғой, ендеше өлеңнің де ойлау жүйесі өзгеруі керек шығар.
Ал енді Абайдан, Мұқағалидан жалыққандар сандалыпты. Араға он жыл салып барып, осы екі алыпты қайта оқысаң, тағы бір жаңалық жарқ ете қалуы мүмкін. Себебі олар ақын ғана емес, әулиелер ғой. Поэзия алдында өз күнәмнан арыламын деп шынайы ниет білдіргендер араға он жыл салып барып қайта жазуы керек шығар? Жаңару керек. Бірақ қалай?
Жаңарудың, жаңалық ашудың жолын таба алмай, ақыры өзінің ақындық миссиясының орындалғанын сезіп, өзіне-өзі қол жұмсап өлгендердің сертін ойласаң жан түршігеді. Өзіне-өзі қол жұмсау – күнә. Одан да жазбай-ақ жан бағып кете бергенің жақсы. Құдай да тыныш, құда да тыныш, құлақ та тыныш. Өз абыройың өзіңде.
Өзіне керек өлеңді халық өзі-ақ тауып алады. Оған насихаттың керегі жоқ.Осы кітапқа соңғы бір-екі жылдың шамасында жазылған жаңа өлеңдерім енгізіліп отыр. Төрелігін өзіңіз айтарсыз, оқырман. Оған қоса ара-тұра арнау өлеңдерімді де осы кітапқа енгіздім. Мұндағы мақсатым жазылған дүниелерім жазылған күйде жеке архивімде сарғайып қала бермесін деген ой. Одан басқа ештеме емес. Көңілсіздеу өлеңдерім болса кешіре көріңіздер. «Поэт – это испорченная душа», – депті ғой Александр Блок.
Бірақ өмірге ешбір өкпем жоқ. Өйткені поэзия болмаса менің өмірімде айрықша ештеңе болмас еді.

Автор
Бірінші бөлім
ОҚЫРМАНҒА
Жырымды қабыл алыңдар,
Өзімнен менің аумаған.
Жауқазын мұнда жаным бар,
Жазғы бір таңда жаураған.
Мектепті бітіп ізгі шақ,
Балалық, жастық жалғасып.
Оқуға кеткен қыз құсап,
Жырларым менің жолға шық.
Қарсы алып әсем таңдарды,
Жолға бір шықсын өлеңім,
Жыр сүйер аңсап жандарды,
Ботадай боздап келемін.
Көрініп тұрар шын бейнем,
Оқырман, осы өлеңім
Гүл терген қыздай күнгейден,
Аларсың теріп керегін.

АНАМНЫҢ ДАУСЫ
Қуат жоқ сексендегі анашымда,
Қалтырап қайран анам тоңасың ба?
Ойпыр-ай, қайдан келдім бұ жаққа деп,
Мұхиттың жүрген құстай жағасында.
Ол мұнда –
Мұз мұхитта кімге керек?
Өзіне-өзі отыр бірдеме деп.
Ол менің анам емес, кәрі әжемдей,
Төсекке отырғызған күнде демеп.
Білемін, түбінде бір өлім жеңбек,
Білмеймін, енді қанша өмір көрмек?
– Алты ай қыс сендер үшін шыдап шықтым,
Ал енді жер жібіді көміңдер! – деп,
Күледі көктемде анам көңіл демеп.
Сенің тек осы жылы даусың қалды,
Сол дауыс қаламаймын таусылғанды.
Мен сені саркофагта сақтасам да,
Жып-жылы сағынам-ау даусыңды әлгі.
Дүние ұқсайды оған қар, дауылға,
Оранып соғыс та өтті сар жалынға.
Сары құйрық құс еді ғой анам ол кез,
Сайраған Украина орманында.
Тұр енді Айсберг, қар сіресіп,
Дауылдар дауысымен даусы жетіп.
Шаршаған шағаладай шаң-шұң етіп,
Мұхиттың анам отыр ар жағында.

ӨТКЕН-КЕТКЕН
Терезем күн нұрымен кеткен жайнап,
Торғайлар шыр-шыр етіп көктемде ойнап,
Мәужіреп төсегімде мен жатырмын,
Алдағы өмірді емес, өткенді ойлап.
Өмірде талай-талай зәбір көрдік,
Содан соң сұлтандардай қадірлендік.
Ол кезде ештеңені кешірмеуші ек,
Бұл күнде жарасады көңіл кеңдік.
Енді-енді ой ойлаймын кең көсіліп,
Жә, құрсын, құрсыншы сол пендешілік.
Көлкіген су сияқты жаңбырдан соң,
Барамын біртін-біртін жерге сіңіп.
Көкектей күндер өтіп сұңқылдаған,
Әйтеуір, жеттік біздер бұл күнге аман.
Шымырлап жас тамады екі көзден,
Шықтай боп шөп басында жылтылдаған.
Жә, құрсын, өткен өтті, кеткен кетті,
Дүние мынау неткен көкпеңбек-ті?
«Хорошо шал» атанып кете барған,
Ескі шал, есіме алдым Еспембетті.
Орысқа малай болған Есбембет шал,
Қамшымен сабағанда кәпір орыс,
«Хорошо, хорошо» деп көстеңдепті,
«Хорошо» дей беріпті, кектенбепті.
Сәуір ғой таулар да көк, тастар да көк,
Шөкімдей бір бұлт бүгін аспанда жоқ.
Өлді деп естіртті елге «Хорошо шал»,
Еспембет өлген кезде тоқсанға кеп.
Арқасынкетседағықамшытіліп,
Көрмепті «Хорошо шал» қарсы тұрып.
Еспембет, менің сенен айырмам не?
Сабаған талай бізді дойырлы елде,
«Хорошо» дей береміз жан қысылып.

САН ЖЫЛДАН СОҢ...
Жамалып бәрі маған жаманаттың,
Бүрсеңдеп көше бойлап келе жаттым.
Күз киген жаз киімін бейшараны,
Сонда сен құшағыңа паналаттың.
Сен сонда айтқызбай-ақ сездің бәрін,
Жанымды жансыздардың тоздырғанын.
Қарны ашқан, қадір қашқан қайыршыға,
Сонда сен құшағыңды создың жалын.
Ең соңғы жапырағым үзілерде,
Қарашы, құдай сені кез қылғанын.
Бұл күнде беделі өскен азаматпын,
Ол кезде жаным жүдеу, шала маспын.
Өзіңді сан жылдан соң келдім іздеп,
Қалғанда барлығы ескі жаманаттың.
Қамқорым қашан үйге келеді деп,
Түбінде мен отырмын қара ағаштың.
Үйіңе баяғыдай кірсем деймін,
Амандық-саулығыңды білсем деймін.
Өтті ғой баяғы бір жаман күнім,
Мен бірақ, сені ойласам бүрсеңдеймін.

ШЫНШЫЛ ЕРТЕГІ ТУРАЛЫ
Көре алмай қызығын да жігіттіктің,
Мен мәңгі ертеңімнен үміт күттім.
Өмірді ойлайтындар бір-ақ күн деп,
Артыңда дымың қалмай құрып біттің.
Ал менің таусылған жоқ шын ертегім,
Әлі де келер күнге шын елтемін:
Шыншыл бір ертегідей біреу жазған,
Шынайы ертегімен күнелтемін.
Мен солай өзімді-өзім көрікті еткем,
Қыс өтті, тұр мінеки, келіп көктем.
Оралды омырауы биік құс боп,
Балапан енесіне еріп кеткен.
Көбейе түскен сайын мұң-мұқтажым,
Өсетін тас түбінде гүлге ұқсадым,
Сол гүлді аймалаған күнге ұқсадым,
Көңілге ала беріп не қылайын,
Өмірдің өткен небір сұмдықтарын.
Сен оны, жан жүрегім, көңілге алма,
Болады не сұмдықтар өмір барда.
Өткен күн көп шындықты тауып берді,
Келер күн кездестірер Тәңірді алда.
Бұл күнде дос пен жаран елеп жүрсің,
Қор қылмай қолтығымнан демеп жүрсің.
Бұл күнде қолдап жүр ғой көп періштем,
Келер күн Тәңірді де көрем мүмкін.
Көре алмай қызығын да жігіттіктің,
Мен мәңгі үмітімді мүжіп біттім.
Мұратқа жеттім ақыр жер түбінен,
Өйткені, жаманнан да үміт күттім.
Көре алмай қызығын да жас күнімнің,
Өмірде әлім бітіп, көп сүріндім.
Жотаға шығып алып енді отырмын,
Бөленіп қызылына кешкі күннің.
Әупірім, аман өттім не заманнан,
Топан су өтті талай орап алдан.
Әкеліп бір биікке тастағандай,
Басына Қазығұрттың кеме қалған.
Әлі бар шын ертегі елес күнім,
Әлі бар аралайтын белес, қырым.
Бұл күнде Есенқұлдың ел айтады,
(Белдерді орай соққан жел айтады),
«Баласы наубайшының» еместігін.
Келеді көргім талай өмірді алда,
О-о, менің көп періштем, Тәңір қолда!
Періште бізді неге сүйемесін,
Алдында ел-жұртыңның қадір барда.

НЕСІБЕЛІГЕ
Улап-шулап артыңда бала-шаға,
Келші екеуміз қашайық оңашаға.
Үндемейтін біреудің келіншегі-ау,
Сөйлеп-сөйлеп аларсың оңашада.
Не бар саған топыр той, тамашада,
Сендей жанға сол тобыр жараса ма?
Қаз-үйрегі қаңқылдап ұшып жатқан,
Қарой жаққа қашайық қарашада.
Өзгені емес сыйлайық өзімізді,
Кейін осы еске алып кезімізді.
Шал-кемпірбопқалармызкөзімұңлы,
Балдыр басқан айдынын ескі көлдей
Қалғып жатқан оятшы сезіміңді,
Оятшы осы көнтері төзіміңді.
Үй өртеніп жатса да үндемейтін,
Сұмдық жақсы көремін өзіңізді.
– Кейін бәрі, барлығын кешіреді,
Барлығының тағдыры шешіледі.
Қарой жаққа қашайық қарашада,
Қия алмастан біз жүрміз осы нені?
Десем үнсіз жымиып Несібелі,
Мөлт-мөлт етіп қарайды екі көзі.
Бір жымиып алысқа тесіледі,
Бір жылылық бойынан есіледі.

ЖАН ДАУЫЛЫ
Сені іздеймін сенсіз жетпей бірдеме,
Сені іздеймін тұман басқан түнде де,
Өзіңменен болам қашан бір дене?
Әждаһадай арпалысып толқындар,
Жағалауға жете алмай жүр бір кеме
Шыр айналып жүзіп жүр ол іргеде.
Сол сияқты менің де осы хәлім бар.
Дауылдармен арпалысып дауылдар,
Тау толқындар өзін-өзі ауырлар,
Жауын соңы болып кетер қалың қар.
Сені іздеймін соқтығысып шеңбермен,
Сол азапты сезбейсің-ау мен көрген.
Ауыр-ауыр күрсінгендей көк теңіз,
Ауық-ауық үн шығады кеудемнен.
Берекесін өз үйімнің қашырмай
Отырсам да дауыл қойды басылмай.
Сезім басқа.
Өмір басқа,
Қайтейін,
Өзің жоқта сезім кештім осындай.
Көкбет теңіз көп көбігін сапырмай
Дауыл қашан басылады япырмай?
Тау толқындар жағалауға құлайды.
Кемем тасқа ұрылатын сыңайлы,
Жартас жаққа бұрылатын сыңайлы.
Қара жартас
Тас қой жартас!
Тапжылмас
Тапжылмайтын тағдырыммен тағдырлас,
Тас та болса ол сорасы ағып жылайды.
Тынши алмай, бата сұрап Алладан
Өз ойымнан қайта қаштым жалма-жан.
Аса алмадым қоңыр қақпа, ауладан,
Ұйып тұрған үй.
Тыныштық ұнайды.

БІРЕУДІ ІЗДЕУ
Біреуді іздеп таппай жүр жан тыныштық,
Біреуді іздеп жүреміз талпыныс қып.
Жетімхана үйінің баласындай,
Кенеттен анам келіп қалатындай,
Есіктен біреу кірсе қалқып ұштық,
Көрініп көзімізге әркім ыстық.
Біреумен бір нәрсеміз толатындай,
Іздейді әлдекімді сана тынбай.
Сағымыз сынып жүрген кезімізде
Бағымыз сол кісімен жанатындай,
Көңілі сол жетімнің қалатындай,
Бола алмай ешкім туған анасындай.
Көрсек те көп қызықты өмірдегі
Көңілім осы неге семірмеді?
Кездейсоқ махаббаттар өтті жансақ,
Шексіз, шексіз мейірім өттік аңсап.
Күндей бір күнде шығар көгімдегі,
Сол Күнге ұқсатамын сені жарық
Ағаңды бірер кешке жаныңа алып,
Мейірімге шексіз, шексіз малып алып,
Ұртыңнан сенің күлкің төгілгелі.
Тұрса да жас ұлғайып, күрең күз кеп,
Мен осы жүруші едім біреуді іздеп.
Елеңдеп енді сені аңсап жүрмін
Өмірді сенсіз қайтып сүрерміз деп.

ТӨГЕДІ ЖАҢБЫР
Төгеді жаңбыр тесердей үйдің шатырын,
Төгеді жаңбыр шелектеп, бірде ақырын.
Алатау бейне дауылда жүзген ақ кеме
Жағаға тастай алмаған ауыр зәкірін.
Бір апта болды тыным жоқ қара жаңбырға,
Жауады жаңбыр алғашқы қардың алдында.
Жәй тауып жаным, жанынан пештің шықпаймын
Өкпе де мұң да, ештеңе айтпай тағдырға,
Қанаты су-су қажыған кәрі құстаймын
Зауқы жоқ көктен жердегі жұртқа саңғуға.
Мөндім де мөндім, көндім де көндім бәріне,
Бақыттың маған жоғы не енді бары не?
Басылыпжаңбыр, барәлемжатырбұйығып,
Тысыр да тысыр тамады тамшы еріне.
Ап-ауыр бұлттар барады сүйреп бір-бірін,
Ай туар енді айнала төгіп нұрлы мұң.
Айқайсыз, шусыз, ақырын ғана ұғысып,
Астарлы тондай әркімді сөзбен жылытып,
Момақан ғана өтсе екен деймін бір күнім.

СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ...
Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жайма шуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қортынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние...
Сыз. Нөсер. Күз
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.

БІР ДЕМАЛСА
Бір демалса шіркін-ай, бір демалса,
Қалың жыңғыл, тым-тырыс құмға барса.
Үйір-үйір жылқыдай лағып жүрген,
Балық жүзген құмдағы суға барса,
Тұншыққан қыз сияқты дәу құшақта,
Құмыққан су дауысын тыңдап алса.
Қоқаңдамай біреулер жандаралша,
Барлығынан о, шіркін жан демалса.
Балбыраған күздегі тыныштықта,
Салбыраған сарғайып талға барса.
Пырылдаған кішкентай періштедей,
Шырылдаған торғайлар талға қонса.
Барлығынан, бәрінен бір демалса,
Ізім ғайым ел-жұрттан бір жоғалса.
Сөйлете алмай қоятын бірге отырсаң,
Үндемейтін келіншек бірге болса.
Ой-санаңды өзгертіп сол тыныштық,
О, шіркін-ай қайтадан бір жаралса.
Жақсы көріп, жақсыға талпыныс қып,
Жан-дүниең қайтадан гүлдеп алса.
Төзе-төзе бәріне төзім де өлді,
Ауызымнан шықпай жүр сөзім жөнді.
Не көрмедік ойпыр-ай, өмірде осы,
Көрмегеннің барлығын көзім көрді.
Қара тасым бір сәтке жеңілдеші,
Таңғажайып кешейін сезімдерді.
Үндемейтін өйткені «көңілдесім»-,
Бірде...
Қашып кетуге сөзін берді.
Барлығынан баз кешіп менің де осы,
Бір жоғалып табылар кезім келді.

ТӘТТІ ОЙЛАР
Өмірде нені көрмедім,
Өзіме көңілім толмады.
Тәтті ойлар еді ермегім,
Ол-дағы бүгін қалмады.
Қайран да шіркін тәтті ойлар,
Қаймақтай сол бір жақсы ойлар
Алдады мені, алдады,
Ертеңгі күнге емексіп,
Бойжеткен жетім қыздайын,
Жақсы еді-ау іште сондай бір
Тәп-тәтті ойлар болғаны.
Тәтті бір ойға малынып,
Ойларға ащы жоламай.
Көңілде жүрген тәтті ойды,
Еркелетіп жүрсем ғой
Бір құдайға жалынып,
Сұрап алған баладай.
Жоқ бірақ сол бір тәтті ойлар,
Көңілде бәрі басқа ойлар.
Түтіндей ащы ойларым,
Жанады бықсып шаладай.
Біреуге-біреу дес бермей,
Таяз су, тастақ кешкендей.
Тасыр да тұсыр тас көңіл,
Бүгінгі мынау заман-ай.
Тәтті ойлар келші бір дүркін,
Тәтті ойлар тәнді жібіткей.
Сұлу бір жарын күндіз-түн,
Тойымсыз сүйген жігіттей.

СҰЛУ ДҮНИЕ
Сұлу тағдыр, сұлу дүние аңсаған,
Беу көңілім, не табайын мен саған?
Елік көңілім елеңдейді әйтеуір,
Шыға алмай бір қорығынан қоршаған.
Сол қорықтан қайда қашам қарағым,
Өсіп-өндім, сол қорадан тарадым.
Есіл дертім басқа әлемде екенін,
Жан адамға айта алмай-ақ барамын.
Сұлу дүние!
Жоқсың ба, әлде барсың ба?
Әлде бәрі қап-қалды ма артымда.
Жүрісімнен түк өнбейді
Жорғадай
Жорғалаған қара қатқақ,
Қарсызда.
Сұлу дүние сеземін ғой бекерін,
Сұлулықтың талай таттық шекерін.
Абақтыдан енді шығар тұтқындай
Онда неге елең-елең етемін?
Егделікке бұрғаныммен бетімді,
Сұлу дүние көзім сенде секілді.
Пақыр пенде болғым келмей әйтеуір,
Алабұрттым,
Аспанға ұштым,
Не тынды?
Армандадым,
Тас қорамнан секірдім.
Қасқыр болып ұлыдым да,
Арыстан боп өкірдім.
Сөкет көрді бұл ісімді басқалар
Сөйтіп жүріп сүйкімімді кетірдім.
Сұлу дүние ішімде жүр бірақ та,
Шығып алып жылайтұғын жыраққа
Көз жасындай асыл текті жетімнің.

Екінші бөлім
СУЫҚТӨБЕТАУЫНЫҢАТАУЫТУРАЛЫТАРИХЖӘНЕ...
Тау деген шексіз шежіре,
Таусылмас тарих тау деген
Бабалар шыққан асқар тау
Алысып жүріп жауменен
Қай сайда жатыр сүйегің
Қайран да батыр бабалар,
Қара тас болып қалды ма
Жартастай үлкен дәу денең.
Басында Суықтөбенің,
Бөрілі байрақ желпілдеп.
Бабалар жауды жеңіпті
Қонышы қанға көлкілдеп.
Сол таудың атын Қарасай
Төбе деп атай салыпты...
«– Шығатын тауың балалар,
Бұдан да биік болсын», деп
Заманнан заман озғанда,
Талай бір таулар тозғанда,
Саяхат жасап сол маңға,
Өрмелеп шығып заңғарға,
Биікке тіктім жалау көк
Шықсам да биік сол тауға
Құлазып тұрды көңілім
Өттің сен немен өмірім?
Шығатын тауым беу, дүние,
Бұдан да биік еді-ау деп...

САУРЫҚ БАТЫРДЫҢ АЖАЛЫ
«Қойторының тоқтығы-ай,
Тайторының жоқтығы-ай!»
(Батырдың өкініш өлеңі)
Болмаған жерде жеті қат берік қамалы,
Қан қылмай кімдер өтпеген қамсыз даланы.
Бодауын бұлдап кешегі өлген атаның,
Бозаға тойса, қырғыз да қарсы шабады.
Қазаққа біткен қамсыздық сол бір манағы,
Білетін іс қой қырғыздың Жантай манабы.
Сауытын киіп, атына мініп үлгірмей,
Саурық батырды қапыда басып қалады.
Білегі нардың санындай жуан нартымды,
Білетін қырғыз ойлайды шарғы әр түрлі.
Жекпе-жек шықпай, жер қылды-ау бұзып кешегі,
Қалданның өзі бұзбаған ата салтымды.
Қамсыздық осы қазағым талай қан жұтқан,
Жапа көп шектім жасырып қалған жаулықтан.
Паналап келіп алабұтаның арасын,
Айласын Үркіт асырып кетті Саурықтан.
Қараңғы түссе қатын да келер жеке ерге,
Аңғырт деп ерді айтпайды жұртым бекерге.
Қойторы семіз, Тайторы болмай қасында,
Ұрынды батыр ұрланып келген мекерге.
Серігің жоқта сетердей атқа жетер не,
Алысып жалғыз ажалы ақыр жетерде,
Қырық қырғыз әрең найзаға шаншып көтеріп:
– Хал қалай батыр? – деп сұрап көрген екен де.
Артынан келіп, алсаң да шаншып сүңгіңмен,
Ақтық сөзімен жеңіп бір бабам үлгірген:
– Қорқаулар өңкей, қораны сырттан торыған,
Бәрібір көкте сендерден биік тұрмын мен! –
Осылай депті өлерде менің арысым,
Өнеге болар өлім бұл, рас, бала үшін.
Осыны бірақ айтқанда шалдар ауылда,
Өршиді қайта өшіп бір қалған намысым.

ЖАЛҒЫЗ АПАН
«Жапан далада Жалғыз апан деген жер бар. Сенің арғы атаң
бала-шағасын елде қалдырып, өзі сол жалғыз апанды мекендеп өтіпті. Неге жалғыз өмір сүрген,
ол енді ұзақ әңгіме...»
Шалданбай қарттың әңгімесінен
Сарнаған желі сар дала,
Қаңбақтар ұшар қалбаңдап.
Көрінер кейде шаң ғана,
Жатқандай құлан шаңға аунап.
Ауыл жоқ жақын маңайда,
Аңсайсың қойшы үйлерін.
Айтады дала абайлап,
Көргені менен түйгенін.
Әупілдеп төбет үргендей,
Үрлейді желін сахара.
Бір жерде біреу жүргендей,
Қарайсың алыс жотаға.
Жаның бір адам көксей ме?
Аңсай ма жалғыз еріңді?
Жалғыз бір апан төскейде,
Үңірейіп көрінді.
Келіп ем іздеп атамды,
Сарнаған бір жел бетке ұрдың.
Жапанда жалғыз апанды,
Атамның көрі деп білдім.
Өтті ғой небір атандар,
Сарнайды бір жел беу, бебеу.
Жапанда жалғыз апан бар,
Жаныма жалғыз сол медеу.
Шақырдым әлгі атамды,
Жаңғыртып елсіз жапанды.
Шақырсаң қайдан табарсыз,
Хабар жоқ ата-бабамнан.
Адам боп туып адамнан,
Қасқыр боп кеткен амалсыз...

ҚАНЫБЕК БАТЫР
Суыққа да түсіп көрген Қаныбек,
Ыстыққа да түсіп көрген Қаныбек,
Астындағы жалғыз атын жаяуға,
Жаяу қалып түсіп берген Қаныбек.
Жазықсыздан ұшырасақ жалаға,
Жар құсындай ұшып келген Қаныбек.
Сені көрсе өңкей қорқау қарақшы,
Бұралқы иттей зытып берген «әні» деп.
Талатпайтын елі-жұртын басқаға,
Сенен басқа тұлға тұтар кімім бар?
Сенен ақыл сұраушы еді бәрі кеп.
Бір-ақ рет өлетұғын күнде өлмей,
Батырлардан жалғыз тұқым қалып ед.
Хас батырды қапылыста ататын,
Қаскүнемнің жеті атасына лағнет!
Мақтағанға тіл жетпейтін Қаныбек,
Ақтағанға сын жетпейтін Қаныбек,
Өміріңді сатып алсақ Алладан,
Бір күніңе құн жетпейтін Қаныбек.
Бір мың жылда жалғыз рет туылып,
Бұл өмірден күнде өтпейтін Қаныбек.
Асқақтығын рухыңның өлшеуге,
Аспандаған шың жетпейтін Қаныбек.
Екі дүние, о жақ пенен бұ жақта,
Есімізден бір кетпейтін Қаныбек.
Шибөрідей ши түбіне тығылған,
Кейбіреулер дірдектейтін Қаныбек.
Хас болаттан құйып қойған Қаныбек,
Барлық ізгі қасиетін қазақтың,
Бір бойыңа жиып қойған Қаныбек.
Күпілдектер әлсіздерді қинайтын,
Сені көрсе сиіп қойған Қаныбек.
Дос пен дұшпан бәрі-бәрі өзіңді,
Басқалардан биік қойған Қаныбек.
Атан түйе бура болған Қаныбек,
Талай-талай дуда болған Қаныбек.
Ел басына екіталай күн туса,
Атқан оққа тура барған Қаныбек.
Досың түгіл дұшпан саған сүйініп,
Жат пен жақын ырза болған Қаныбек.
Қарасай мен Наурызбайдан кейінгі,
Шапыраштыға тұлға болған Қаныбек.
Әлпештеген Әбен кетті қасыңда,
Оны да жұрт ержүрек деп танып ед.
Қамқор ағаң қоса кетті Қалибай,
Оларды атқан жансыздардың бәріне,
Лағнет! Лағнет! Лағнет!!!
Жолбарыстан білек алған Қаныбек
Қабыланнан жүрек алған Қаныбек.
Өмірімен батыр болған Қаныбек,
Көңілімен ақын болған Қаныбек
Жан адамды бөлмейтұғын Қаныбек
Қорлығыңа көнбейтұғын Қаныбек.
Жеті оқпенен атыпсыңдар, бірақ та,
Жетпіс оққа өлмейтұғын Қаныбек.
Өзі тұрмақ Қанекеңнің өлігін,
Өлімтіктер жеңбейтұғын Қаныбек
Сасқан жерде атқызатын сасықтың,
Бұл қазақта сапасы жоқ, саны көп.
Аман болсын артындағы ұрпағы
Аман болсын бәйтеректің бір талы.
Қаныбек пен Әбен жайлы айтатын,
Ақиқат сөз айтылады мың тағы,
Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған,
Біздің елдің сұлтаны мен біздің елдің ұлтаны.
Тар молаға сыймай жатыр нарыңыз,
Барымыз да осы еді ғой арымыз.
Қарасайлап, Қаныбектеп ұрандап,
Ел мен жұрттың тыныштығын сақтауға,
Баталасып жұмылайық бәріміз.
Әумин!

БЕЛГІСІЗ БАТЫРДЫҢ БЕЛГІСІ
(Әйгілі Ұзынағаш оқиғасының құрбаны
Қаныбекке)
Біз оны жүруші едік күнде көріп,
Ол барда қамсыз едік, ірге берік.
Ол- атақты арғымақ секілді еді,
Шаппай-ақ құтылатын жүлде беріп.
Ол өлген соң болдық қой тастағандай,
Намысын осы жұрттың бірге көміп.
Ол барда ер едік біз,
Төзімді едік.
Ол барда асқақ ойлы
Сезімді едік.
Қарттар да қуанатын оны көрсе,
Тұрғандай бабасының көзін көріп.
Ол барда қамсыз едік,
Мұңсыз едік.
Олбардажігітболыпдүркіредік,
Ол жоқта жалтақтаған тыңшың едік.
Ол барда қабан болып күркіредік.
Ол жылдар заманы еді жөйіттердің,
Сен сол кез барлығына кейіп болдың.
Қаптаған қарақшылар сол жылдары,
Салт атты сабау қамшы Сейіт болдың.
Белгілі болып келіп, халық көріп,
Белгісіз батыр ұқсап шейіт болдың.
Сен жайлы айтқызбаған шындықтарды,
Өткердік басымыздан сұмдықтарды.
Ұлтым деп сөз айта алмай ұртым толып,
Ар менен намысымыз мүлгіп қалды.
Сен жайлы бәрі-бәрі білуші еді,
Белгісіз батыр дейді бүгін сені.
Арада жылжи-жылжи жүз жыл өтсе,
Әруақтар жер бетіне шығушы еді.
Қарасаң көз тоярдай келбетіңе,
Шығарсың сен де бір күн жер бетіне.
Белгісіз батыр дейміз бүгін сені,
Белгіңді көргендердің әммесіне.
Көндірді көндірді ғой солай деуге,
Бұл заман қоймайды екен көнбесіңе.
Сен барда біз бәріміз бақытты едік,
Жүруші ек дүниені шашып, төгіп.
Қараймын күнде Қаракөтермеге,
Қаныбек қарғып шығып жер бетіне,
Қалғандай шығатұғын уақыт болып.

СОҒЫСТАН ТІРІ КЕЛГЕНДЕР
Соғыстан тірі келгендер,
Жеңбестің бәрін жеңгендер.
Өнбесті қайта өндіріп,
Көрместің бәрін көргендер.
Соғыстан аман келгендер,
Соғысты жерге көмгендер.
Жоқ елді қайта бар қылып,
Көгенді қайта кергендер.
Сендерде өлмес өмір бар,
Соғыстан тірі келгендер.
Сендерге осы қарыздар,
Тірілер тұрмақ өлгендер.
Таусылып қалған тұқымның,
Масағын қайта тергендер.
Тартылып қалған түтіннің,
Ошағын жағып бергендер.
Шын сүйген құлы Алланың,
Кебенек, кебін кигендер.
Жоғалтып сүйген жарларын,
Өзгенің жарын сүйгендер.
Тозақты кешіп не түрлі,
Отқа да тірі күйгендер.
Қымтаған жесір, жетімді,
Сарғайған ұзын шинельдер.
Соғыстан тірі қалғандар,
Тұяғы тозбас тарландар.
Ауылда, қала, ауданда,
Бір-екі тірі шалдар бар.
Қорғаның болған соларды,
Қорғаңдар бәрің,
Қорғаңдар!
Анаңды сенің мәпелеп,
Әкеңді сенің жетелеп
Осы елді елдік мұратқа,
Жеткізіп кеткен
Сол жандар.

ҚЫРЫҚ ҚАРАҚШЫ
(немесе Шамалған құрылыс училищесіне)
Қара киім
Бәрі, бәрі қара еді,
Қаралықтың өзі кейде әдемі.
Мың орыстың баласы бар бұл жерде,
Отыз қазақ баласы да бар еді.
Қиын еді отыз бала тірлігі,
Қашып шықтық отыз бала бір күні,
Мұнда өйткені біздің ауа тар еді.
Орыс нені жесе соны береді,
Шошқа майы, сұйық супы қорегі
Қазақ қашты, орыс қуды жерімде.
Қазақ қашты Қазақстан төрінде,
Оның қазақ болғаны да сор еді.
Олар қашса орақ мұрын капитан,
Әр ауылдан қайта жинап келеді.
Елім десе өртенетін өзегі,
Отыз ұлды қорғамады өз елі.
Қаша-қаша қасқыр болды бір күні,
Батыр болды қоянның да көжегі.
Ерегістен, төбелестен от алдық,
Тасқан судай тал-теректі қопардық.
Отыз бала қырық болдық келер жыл,
Қырық тентек «Қырық қарақшы» атандық.
Ал, директор Жапаровта амал көп,
Қазақ сөзін сөйлеуге онда амал жоқ.
Қолымызға берді бір-бір домбыра
– Қазақ болсаң күшіңді сал соған, – деп.
Бар қазаққа әйгі күйші Айса ағай,
Жарықтықтың күй саулаған саусағы-ай,
Құрманғазы оркестрін тастап кеп,
Күй атасы «Сарыарқадан» бастап кеп,
Ұлы рухтың жұмыртқасын шайқады-ай.
Шын қуандық туғандай бір азат күн,
Ұл туғанға мың қуандық Айсадай.
...Жан рухы көтерілсе қазақтың,
Оны орыстар қалай тұрсын байқамай.
Сол Жапаров ұлтшыл деген атпенен,
Орынынан түсіп қалды, әттеген.
Қарап тұрсаң сонда біздің Жапаров,
Орыстарды сойған екен мақтамен.
– Оркестрден айырылдық деп әттең,
Айса мұңын шайып кетті арақпен.
«Сарыарқаны» ойнағанда бәріміз,
Шапқандай боп қиқулаушы ек көп атпен.
Бұл оқиға болған іс қой әріде,
Оны бірақ ұлы рухтың дәні де.
«Сарыарқаны» керек шығар ойнату,
Мен қазақпын дегендердің бәріне.
Жапаровтай керек намыс қайнату,
Айса керек жасыңа да кәріңе.
Қайда намыс, қайда найза, қайда Ту?!
Дегізеді бұл «Сарыарқа» бәріңе...
Содан кейін...
Осы мына
Беріде
Қырықтың бірі Қыдыр болып келгендей
Сарыарқаның жеріне.
Міне, қызық қарашы!
Сол Шамалған ауылының баласы,
Астананы салып тастап Сарыарқаның төріне,
Бар қазақты мойындатты, елдігімді қабылдатты,
«Сарыарқаны» дауылдатты оркестр
Менмін деген, менменсіген мемлекеттің бәріне!

ЕЛІҢДІ ЖАМАНДАМА
Еліңді жамандама жамандатқыр,
Отырсың ұпай жинап, амалдап құр.
Адасып бөтен ел-жұрт, бөгде өлкеде,
Жете алмай ел-жұртыңа арам қатқыр.
Тұрған соң жақын ел-жұрт, жақын ауыл,
Еліңді жамандайсың ақымақ ұл.
Қайтер ең бөтен елде адасып қап,
Бір пенде жоламаса қасыңа бір.
Адасып алыс елде кеткеніңде,
Айтарсың байқұс бала өкпе кімге?
Шығып ап жар басына далбасалап,
Тұрар ең айқай салып көк теңізге.
Еліңді, жұртыңды іздеп тау, теңізден,
Көк дауыл ұрар еді желкеңізден.
Көсемсіп көп сөйлейсің ел мен жұртың,
Көп сипап қойғаннан соң әукеңізден.
Тілгілеп текеметті, сырмақты да,
Жамандап жалпақ елді жын қақты ма?
Ішіөткенбұзауқұсапкөпемгенсоң,
Біттің ғой өз қораңды былғап мына.
Секілді шайпау қатын жүрші ұрынбай,
Бәрібір бола алмайсың шын Сүйінбай.
Бетімді жіберсең де тырнап жүдә,
Батырдың басындағы тыртығындай,
Шындық та жарасады-ау, шын жақсыға.

ЖЫЛҚЫ МЕН ЗАМАН
Сығылысып найзалар сыңғырлаған,
Өтті қанша қазақта сұмдық заман.
Сондай кезде апай төс ат үстінде,
Үзеңгіңді шіреніп тұрдың бабам.
Қайран жылқы емес пе сол заманда,
Қара нанға қазақты құл қылмаған.
Ұлыңды құл, қызыңды күң қылмаған,
Қайран осы жылқының арқасында,
Әкеңді Әндіжанда Әшмәт әкә
Есектей сартқа сатып пұл қылмаған.
Қайта оралмай қазаққа бір сұм заман,
Жылқым да аман болсыншы жұртым да аман.
Ішім де аман болсыншы, сыртым да аман
Дос пен дұшпан сүйсініп сыртымыздан,
Қазақ деген болсыншы ұлтым да аман.
Жамандарға не дейсің бұл заманда,
Бір- бірінің сыртынан тың тыңдаған.
Шибөрідей ұлиды бәз біреулер,
Шидің түбін тырмалап, сұңқылдаған.
Ішіп-жеуден басқа бір мұраты жоқ,
Мына дүние байқасам сұрқың жаман.
Жалғыз атты жігіттің сырттанына
Ханның қызын беретін шіркін заман.
Ақ боранда ақ буы бұрқыраған,
Бірін-бірі көргенде шұрқыраған
Кең далада жүрсінші жылқым аман,
Елдің сесі – ер жігіт, сен де аман бол
Сай-сүйегі елім деп сырқыраған.

ТЫНЫШТЫҚ
Тыныштықта тау мен дала шүрілдеп,
Терең сайда жатыр өзен гүрілдеп.
Тыныштықты бұзбаса екен деп біреу,
Жан жүрегім отырғаны-ай дірілдеп.
Біздің жақта қысы-жазы күн ыстық,
Біздің жақта мәңгі-бақи ырыс-құт.
Қадіріңді ұқпайтұғын бәз біреу,
Қасиетіңнен айналайын тыныштық.
Тіршілікте алыстық та жұлыстық,
Тыныштықтың не екенін ұмыттық.
Өз анаңдай маңдайыңнан сипаған,
Айналайын мейіріміңнен тыныштық.

ӘКЕ
Осы ауылдан шалдар көрсем ақ таяқ,
– Марқұм, әкең ақын еді, – деп қояд.
Әңгіменің арғы жағын жеп қояд.
Осы ауылдан кемпір көрсем құр сүйек
– Әкең, шіркін, ақын ед, – деп күрсінед.
Айта алмаған бар секілді бір тілек,
Аталар мен апаларға жетпейді,
Атақ-даңқым шығып жатқан дүркіреп.
Жез құмандай жезделерім баяғы,
– Әкең шіркін, ақын ед, – деп қояды
Әңгімесі сол әкеме саяды.
Жатқа соққан өлген әкем өлеңін,
Жақпай қойдым жанына бір көненің.
Әр заманда бір сұрқылтай бар шығар,
Өткен іске өлсем қайтіп көнемін.
Әкем айтқан термені айтса Әміржан,
Әлденеге қайысады қабырғам.
Айтысуға даяр жатқан секілді,
Тентек әкем қарғып шығып қабырдан.
Ойран-топыр қылатұғын ортаны,
Тентек еді ол, азулы еді, арқалы.
Менімен айтысуға жеңгелер,
Марқұм әкем аруағынан қорқады.
Өлең, өлең, өлең, өлең, өлең деп,
Ауылымда талай жүрдім көлеңдеп.
«Серікбай әкең ақын еді» деді елім,
«Баласы да ақын бопты» деген жоқ.
Артта қалған ауылымды, көпті ойлап,
Қайтып барам боз даладан атты айдап.
Бозторғайлар қыр соңымнан қалмайды,
«Әкең, шіркін, ақын еді»деп сайрап.
Талай даңқты жүрсек-дағы өңгеріп,
Ел-жұрт мені тұратындай кем көріп.
Тым құрмаса бола алмайсың Серікбай,
Елмен бірге жүрмеген соң ел болып.
Ел қиналса жебемедім жыр айтып,
Біреу өлсе жұбатпадым тыңайтып.
Қыз-қырқынға әркім өлең айтады,
Қымыз ішіп, қыли көзін қылайтып.
Сонау жылдар бидай тасып арбамен,
Жесірлерге айтқаным жоқ зарлы өлең.
Бірге жылап, бірге күліп елменен,
Жүре алмасаң, жетпейді екен әлденең.
Әкеміздің айтқан сөзі рас-ау,
«Ақын болсаң ел сауабын ал!» – деген.
* * *
Қайран әке, ойға шомып жанарың,
– Қатарыңнан қалма деуші ең қарағым.
Басқаларға қайдам бірақ, өмірде,
Ақын үшін Ұлы жеңіс әр адым,
Рейхстагқа ту тігетін солдаттай
Жаңбыр оқты бір дарытпай барамын.
Ұлың сөйтіп шайыр болды тағдырлы,
Көзі түссе дір еткізер әркімді.
Тасқа қашап жазғандаймын әр жырды,
Аш мысықтай кес-кестеген алдымды.
Әлдекімдер көңілімді қалдырды,
Сонда өзімнің сағынамын ауылымды.
Қаудыр-қаудыр қара сулық киіп ап,
Қара күзде мал бағатын жаңбырлы.
Күнде-күнде тайталасам тағдырмен,
Серікбайдың ұлы ғой бұл деп жүрген.
Осы күнде көрем әке әркімді,
Соны естісем кәдімгідей мастанам
Іс тындырған екенмін деп мардымды.
Өз жанымды өзім күнде жеп біттім,
Арпалысып айтысқа да көп түстім
Жоқтатпайын деп елімде Жамбылды.
Уақыт айтар құнсыз бенен құндыны,
Тек әйтеуір естір сөзім бұл күні
Жаны құмар жақсы әйел мен шарапқа,
Серікбайдың түзеліпті жынды ұлы.
Соны қойшы дейтіндер де бар елде,
Мен олардың болмаған соң бұлбұлы.
Менсіз де осы толып жатыр бұл елдің,
Қысыр сөзден жүлде алатын дүлдүлі.
Анам да әлі қағып қойып қабағын,
– Қатарыңнан қалма дейді, қарағым.
Тесік етік киген бала секілді
Сазды кешіп, судан өтіп не түрлі
Қырдан-қырға асып кетіп барамын.
Қырдан-қырға кезіп кетіп барамын,
Біреулерден безіп кетіп барамын
Құрман сопы бейітінен әр таман,
Жол шетінде жантайған бір қарт адам
– Сапарыңнан қалма дейді қарағым.

КӨТЕН
Жата-жата іш әбден пысығасын,
Бірдеңе айтып, үйіңнен сытыласың.
Барасың бір ортаға, барасың да,
Оларға да онша аумай ықыласың
Бірдеме айтып одан да құтыласың.
Зая кетіп өлеңің, тер мен еңбек,
Көріне алмай жүресің елге жөндеп.
Көрінейін десең де тұрып алар,
Көтені үлкен біреулер көлденеңдеп.
Өліп-өшіп еңбегің еленгенше,
К...ке бөстек жасайды сенен көрпе.
Қай көтеннің дәуірі туды екен деп,
Көтен аңдып өтесің өле-өлгенше.
Көтен – арман, күнде бір көтен – үміт,
Адам бола алмайсың жеке жүріп.
Бір-ақ уыс боп қапты өз көтенім,
Көрінгенді жүргенде «көке» қылып.
Бұл заман да өзгерер бір жағына,
Сенің к...ің біткенше көтеріліп.

ТІЛ ҰШЫНДА
Тіл ұшында тұрған сөзді іркемін,
Қыл ұшында тұрғандай боп үркемін.
Қақпан қысқан қасқыр құсап тірсегін,
Екіұдай боп елең қағып тұр сенім.
Шырқыратып шындықты айтсам бір жәйсіз,
Қатар бірге жүргендерден ыңғайсыз.
Ойнап бірге күлгендерден ыңғайсыз.
Өмілдірік, құйысқанды тең ұстап,
Барған сайын бар шындықтан алыстап
Өмір сүре білгендерден ыңғайсыз.
Кіл бетсізге тұрғанымда құрмет қып,
Тіл ұшымда тұрады ылғи бір боқтық.
Кіл бетсізден құтылуға күш керек,
Тірсегімнен жібермейді тістелеп.
Бір кем дүние,
Бір күдікті ой, бір жоқтық.

БІЗДІҢ ЖАҚТА
Біздің жақта өте көп «сыйлы ағалар»,
Шекпенділер, шектен тыс милы ағалар.
Келгенде де кеткенде қинады олар
Самарқанға кіргендей сарттың Ханы,
Керней тартып шулайды сиреналар.
Біздің жақта өте көп сыйлы адамдар,
Келгенде де кеткенде «қимағандар».
Шекпен, шапан ел-жұрттан жинағандар,
Біздің жақта өте көп Айса адамдар
Қара жердің бетіне сыймағандар.
Ауданыма келеді айдағылар,
Елбасына күн туса- сайдағылар.
Жер бетінен биікте жүрсе-дағы,
Жер бетінің жемтігін пайда қылар.
МАИдағылар жол аршып жанын салар,
Ашып берер күштінің жолын солар.
Кім келді екен деп едім көрейінші
Көзіме ешкім түспеді көңіл толар
Сонда да осы сыйлатып зорлықпенен,
Сындырады адамның сағын солар.
Болар еді өтсе де дыбыс қылмай,
Өзге жұртты жолынан ығыстырмай.
Бір дауылдан қалмайтын «шатырларым»,
Бір от түссе лаулайтын қуыс қурай.

ӨЗІМІЗ
Қиянатты көріп тұрып көзіміз,
Шеннен қорқып, шегіншектеп көбіміз.
Жылы жауып шектен шыққан қылығын,
Дейтін болдық өзіміз ғой, өзіміз.
Ол найсапқа өтпеген соң сөзіміз,
Дейтін болдық өзіміз ғой, өзіміз.
Екі қолын қанға малып тұрса да,
Көрмейтұғын болды оны да көзіміз.
Бірді де емес зар жылатқан мыңдарды,
Өзіміздің кісі дейміз сұмдарды.
Сондайларды бірақ сөзбен тоқтатар,
Осы біздің ел мен жұртта кім қалды?
Осы сұрақ мені ылғи да қинайды,
Осы сұрақ ақылыма сыймайды.
Басу айтып басқызбайды ағайын,
Ашына айтып ақын жазған шимайды.
«Өзімізге» енді мен де көнгенмін,
Өзіміз деп көне берер пендеңмін
Бұл өзіміз болды бүгін зор ұғым,
Ауыстырып алғандаймын орынын.
Маңдайдағы оң көз бенен сол көздің,
Өзіміз ғой...

БІР ТҮЙТКІЛ
Бір құдайдан ұят болды деп жүріп,
Мықтылардың зорлығына, қорлығына көндігіп
Жүріппіз ғой өзімізді-өзіміз
Көрінгенге жеңдіріп.
Өршелендім өмір өтіп кеткен соң,
Өз ақымды алмақ болып өндіріп.
Бірақ мені ақымақ қып мырзалар,
Жеңе берді қайта-қайта жер қылып.
Еш соғысқа қатыспаған генерал,
Ешкімменен атыспаған генерал
Жылдан-жылға орденменен шен алар
Сарбаздардың сары майын жеп жүріп.
Жасы кіші «ағаларды» маңайлап,
Сосын жүрем сауысқандай сақ ойлап,
Шошып жүрем өз-өзімнен абайлап,
Еш соғысқа қатыспаған генерал
Ол да мендей кеңселерді жағалар.
Дұшпанға емес, маған жасап дөң айбат,
Бір атаның баласымыз екеуміз
Қазақтағы «ең ақылды» ең әйбәт.
Парадтарда ол мінгендей ақ боз ат,
Мен мінгендей темір торлы автозак.
Екі жақтың оқабында жатар ек,
Құшырланып тырылдатып атар ек
Екеумізге беріп қойса автомат.
Қайтем бірақ, өзің де әйбәт, мен де әйбәт,
Мен байқұста бар ғой дейсің қай қайрат?
Ұтылсам ба ұтылмайтын жерімде,
Құтылсам ба тақымыңа тай байлап.
Жараланып бір-ақ ауыз сөзімнен,
Генералым жатыр дейді ойбайлап.
Бәрі сенің өзіңнен ғой, өзіңнен,
Ақындарға дікеңдеген айғайлап.

ТӘТТІ ИІС
Шен таққандар шектен шыққан өмірде,
Ұят, ынсап естен шыққан өмірде
Қамшы болып тие ме деп көзіме,
Қайта-қайта қақпақ қойып өзіңе
Айтқан сөзің к...тен шыққан өмірде.
Өңкей жасық палуан жыққан өңірде,
Ездер жеңіп, ерлер бұққан өмірде
Бір Айсалар көктен түсіп күркіреп,
Бір Мәділер жерден шыққан өңірде
Ешнәрсені алғың келмей көңілге,
Балық аулап отырар ме ед о, шіркін
Бірлік жақтың балдыр басқан көлінде.
Жан көңілім бір тыныштық жүр тілеп,
Жайбарақат жаңбыр жауып, сіркіреп
Тұрғандай бір күндер керек тегінде,
Өңкей шірік шіреп тұрған шағында,
Көк аспанды тіреп тұрған шағында,
Ұры сайда, ұрынбай бір дауылға,
Бей-жай жатқан барып алып ауылға
Телміруден артық бақыт жоқ шығар
Терезеден тырс-тырс тамған жауынға.
Бұл ауданда жеңілдер мен ауыр да,
Кезек-кезек мінген кезде жауырға,
Тезірек бір қашып кеткен жөн шығар
Тезекке нан жабатұғын ауылға.
Сөйлегенмен сөз өтпейтін қауымда,
Шындықты айтсаң безектейтін қауымда
Жақсылары мың жылда бір жаралып,
Ал, жамандар тарақандай таралып,
Қоян құсап көжектейтін қауымда
Телміріп құр жатқан дұрыс жауынға
Терезеге тезек үйген ауылда.
Біздің ауыл басқа ауылдан шет мүйіс,
Бұл жерде жоқ еркектермен көп сүйіс.
Жай таптырар маза қашқан жаныңды,
Тезек жағып пісіргенде наныңды
Тарайтұғын тәтті түтін, тәтті иіс...

БҰЛ ЗАМАН
Бұл өмірде талайлар шиырлаған,
Тек ешкімге ештеме бұйырмаған.
Бәрі болып, басталды енді міне,
Тұнық суға тышатын сиыр заман.
Суға тышқан, ол тұрмақ тұзға тышқан,
Батыр жасап біз жүрміз кіл жасықтан.
Қазақстан дейтұғын бір құдықтың,
Суын ішіп, сол суды былғатысқан.
Малдай болып, мөңіреп, маңырадық,
Содан кейін тұс-тұсқа жамырадық.
Мешіт салып құдайға жаға алмадық,
Бай болып та отырып жарымадық
Сол ырзықтың барлығы адал болса,
Біз де өмірді сүрер ек адамдарша.
Адамша өмір сүрмедік амал қанша?
Ортақ үйді тонап ап қаңырадық.
Енді жүрміз шырылдап шындық іздеп,
Ши шығатын бір жерден сұмдық іздеп.
Беті қара болған соң барлығының,
Бетің сүртсең былғанбас сүлгіміз жоқ.
Мынау үлгі дейтұғын үлгіңіз жоқ,
Үлгі болса оны да білгіңіз жоқ.
Анаң берсе сақтаған сары майын,
Отырамыз одан да бір қыл іздеп...

АУЫЛДЫҢ МАҢЫ КӨП МАЗАР
Ауылдың маңы көп бейіт,
Беттейді бейіт ауылға.
Ауылды таптап кетпейік,
Деген бір келмей сабырға,
Жылжиды ерен қабырға.
Көк күмбезбенен шатырлап,
Тұрғызған өңкей көп мазар.
Ауылға қарай жақындап,
Келеді өңкей патшалар,
Маңдайлары қасқалар.
Мәрмәрдан соққан ақшалар,
Кінәлі, мөндім кейіпте,
Аласа кейбір бейіттер
Сияқты сәнді мазардың
Қасынан қалмас оққағар.
Ауылды және басқарар,
Солардан қалған бәтшәғар.
Базарда сүйреп қол арба,
Күліп бір қарап соларға
Сүреді өмір басқалар.
Адамның есін шығарар,
Өңкей бір сесті зіл мазар.
Ауылдан біздің түбі олар,
Жасайтын шығар құл базар.

Үшінші бөлім
БІР ӘЙЕЛГЕ
Алжапқыш киген келіндер қалмай қасыңнан,
Тойларда сені көремін қазан асылған.
Ардағым, саған шексіз бір алғыс сездірем
Бір иіскеп сонда ағарған сәл-пәл шашыңнан,
Аман-сау жүрші алыс та жақын жарығым,
Жыл өткен сайын барады артып қадірің,
Жыл өткен сайын барасың аумай досымнан.
Жалғызым едің жан-тәнім сүйген жасымнан,
Алтыным едің көзінен жұрттың жасырған.
Жаңбырлы таңда жайырақ тұрып қасыңнан,
Шығушы ем жолға бір иіскеп қолаң шашыңнан.
Оятпай сені көрпеңді қымтап ашылған,
Кетуші ем кешіп жапырақтарды шашылған.
Содан да бері не өтпеді менің басымнан,
Тағдыр ғой бәрі, тақпайық кінә, ғашық жан.
Қақпаныңа сенің қайтадан түскім келеді
Қақпаңды көрсем жартылай сәл-пәл ашылған.

ҚҰШАҚТАШЫ...
– Жағаңызды келші аға, түзеп берем,
Дедің маған іңкәр бір ізетпенен.
Шымырлады жүрегім, сол жүрегім,
Былғарыдай еді ғой біз өтпеген,
Бізбен тесіп жіберсе тыз етпеген.
Кетерімде байқамай құшақташы,
Құшақташы, «байқамай» тұсақташы.
Сен жеңілтек емессің.
Дәтің берік
Бірақ та осы бір рет ұсақташы,
Тартып кетіп барасың, секілденіп
Жаңа ғана басталған кітап басы.
Тәубедемін, мен бүгін нысаптамын,
Менің көрген құқайым кітап қалың.
Аядың ба білмеймін, аяладың,
Басқа жұртқа білдірмей құшақтадың.
Есіркеген шығарсың ескі ағам деп,
Жаманшылық көп көрген жақсы ағам деп.
Құшақташы тағы бір, құшақташы,
Жағамды бір түзетіп тастаған боп.
Бір құшақтап
Ал-дағы шығарып сал,
Сөйтіп мәңгі үзілмес бұғалық сал.
Алып тауды айналып өтетұғын,
Арамызда біздердің жылы ағыс бар.
* * *
Мөлтілдеген мен осы,
Сезім едім.
Өгей тартып барамын өзіме-өзім
Өзімді-өзім естелік сезінемін.
Көлбең қағып көшеге шыға қалсам,
Өтіп кеткен өмірге кезігемін.
Бәрі болған оқиға, бәрі де өткен,
Өткен шақты көремін төңіректен.
Сағынасың баяғы жас шағыңды,
Қиянаттар жаныңды еңіреткен.
Тартып алып біреулер сүйгеніңді,
Еске аласың жазықсыз күйгеніңді.
Еске аласың содан соң өзің де осы,
Айналаға қырғидай тигеніңді.
Қанатымды қайырған қараулардан,
Кездерім-ай, әрең бір аман қалған.
Қатарымнан оздым ба, кім біледі?
Осы өмірді үйреніп жамандардан.
Таппай жүр ғой бәрібір жан қанағат,
Кейде тіпті жүремін жар жағалап.
Жамау-жамау жалауын тағдырымның,
Ұстап алып жүгірем желге қарап.

САҒЫНДЫМ
Кейде әкеңе ұқсайтын,
Көңіліңді жықпайтын,
Шын досымды сағындым.
Мінездері – сұрапыл,
Көңілдері – театр,
Өлең қуған, жыр қуған,
Арқаларын жын буған,
Көп досымның ішінде,
Гулетуді сағындым.
Мына заман тойы көп,
Санаспайды жәйіңмен.
Бір қызды ойлап уайыммен,
Сыбырласып қайыңмен
Мұң кешуді сағындым.
Көп болса да берекем,
Көп болса де мерекем,
Сағынғаным көп екен.
Несіне айтам ар жағын,
Несіне айтам мен сізге
Ненің қымбат-арзанын.
Бір әйтеуір елсізде,
Жоғымды іздеп зарладым.

БІЗДЕР СҮЙСЕК...
Біздер сүйсек,
Қор болып сүюші едік.
Хор қызына басты тек иуші едік,
Шүберекке қу жанды түюші едік.
Тар бөлмеде тағдырлас достар тұрған,
Сүйіп-сүйіп сүйіп ап тоқ балтырдан,
Сүйген қыздың аяғын жуушы едік.
Мен мақтансам Ай маңдай
Ақ тамағым.
Аяғыңды жудым деп мақтанамын.
Сол есіңе түсті ме кім біледі,
Жиіледі бұл күнде хат-хабарың.
Аяғымды сен де өзі жуушы едің,
Жуындырсаң қайтадан туушы едім.
Менің күңім сияқты ең сол жылдары,
Мен де ол кезде болыппын құлың сенің,
Байпаңдаған аюдың табанындай,
Табаныңды сағындым күңім сенің...
Біз сүйсек өліп-өшіп сүюші едік,
Жылы су аяғыңа құюшы едік,
Жуып ап сол аяқты сүюші едік,
Қи десе қу жанды да қиюшы едік.
Сен де мені баладай өбектедің,
Жүруші ең мейіріміңді үйіп-төгіп.
Сен есіме түскенде, кенет менің
Өтеді жүрегімнен құйын соғып.

БЕЙ-ЖӘЙ КҮЗ
Бей жәй күзбен біз де бүгін бей жәй боп,
Тыншып қалдым
ойбай да жоқ, айғай жоқ.
Салқын таңда сабан исі аңқыған,
Көкірегің ашылады шәйдай боп.
Қоңыр бұзау сары сабан қарпыған,
Қомпияды кісі ұшатын шардай боп.
Ештеме жоқ әкіреңдеп әй дескен,
Алып таулар олпы-солпы ой кешкен.
Кешірімге толы бәрі кеудемнің,
Жаным тынып жәйбарақат тербелдім
Жалғыз терек секілденіп сайда өскен.
Сары күзім, сары сұлу сары қыз,
Бір ауылда бұйығы боп бой жеткен.
Жадымда жоқ жаздан қалған бір шыбын,
Шыбын ойсыз шынайы бір тыншыдым.
Қоңыр сиыр пышылдайды күшеніп,
Сар сабанға салып алып тұмсығын.
Сарғаяды сары дала пішені,
Ауық-ауық есіңе бір түседі
Әлде кімге өле-өлгенше ынтығың.
Әлде кімге өле-өлгенше боп ғашық,
Жасым бүгін елуден де кетті асып.
Жан бітіріп біздің ескі көңілге,
Сарғайтады, сағынтады жоқ бақыт.
Шүр-шүр етіп әңгіме айтып торғайлар,
Қырман жаққа барады ұшып топтасып.

ЕГДЕ СҰЛУ ТУРАЛЫ
Талайды ғашық қылып еңіреткен,
Бұл тойда әйел отыр өмірі өткен,
Дәурені өткен, бетінен өңі кеткен.
Дәурені өтіп кетсе де мұндай сұлу,
Бұл күнде табылмайды төңіректен.
Рахат! Оған ұзақ қараудың да,
Отыра берсе дейсің көз алдыңда.
Аты өшті талай ақын, әкімдердің,
Ал, әйел әлі күнге ел аузында.
Талайды адастырған әйел- арман,
Міне отыр егде сұлу аяланған.
Қан ішкен қаншық қасқыр сияқтанып,
Ерінін қып-қызыл ғып бояп алған.
Өзінен жастау жігіт адам көрсе,
Күрсініп қояды екен кемеңгерше.
Елпілдеп есің шығып барар ма едің,
Бір кілтін есігіңнің саған берсе.
Намазын қаза қылмас тақуа едің
Қарама, қарама оған шамаң келсе.
Ол мені көрген емес бір ескеріп,
Тым құрса қасына да ілеспедік.
Жасқанбай қарайтұғын оған бүгін,
Ойпырмай қазір неткен жүректі едік.
Тағдырын талқан қылып көп ағаның,
Тайдың да таңдап жеген қалағанын.
Ол енді қымтап отыр орамалын,
Тойбастар той үстінде шырқап отыр,
Біреудің аңсап отыр қарағанын.
Осындай біздің жақта қасқыр өтті,
Айғырдың жарып жеген жарағанын.
Ұстайды әлі де асқақ өзін-өзі,
Ұстайды әйел біткен жағаларын.
Осындай сұлу сүйіп тас жүректі,
Ізтүссіз бұл өмірден өтті-кетті
Рухы сынып қалған ағаларым.
Келмейді оларды тек табалағым,
Бір кілтін есігінің саған берсе,
Өзің де білесің ғой не боларын.
Біз оны қаншама өсек, жыр етпедік,
Барлығын енді отырмыз құр өкпе ғып.
Қарғысы әйелдердің майдай жағып,
Қайтадан отырады ол түлеп келіп.
Жігіттің жігіті оған құса-құрбан,
Дәмелі болған бәрі құс арудан.
Жігіттің не апайтөс атандары,
Шығады азып-тозып құшағынан,
Ештеңе бұл әйелге ете алмады,
Бетіне кісі әйелі пышақ ұрған.
Ешкімге дәурені өтті дегізбейді,
Ешкімге өз нәсібін жегізбейді.
Қаншық қасқыр әлі де жем іздейді,
Қоралас жатқан мына үш ауылдан.

АДАМДАРҒА
Аялады мені адамдар алақаны аялы,
Олар әлі кең құшағын жаяды.
Өле-өлгенше арқа сүйеп соларға,
Өмірдің де таяп қалды аяғы.
Өмір сүріп келем мына заманда
Ел-жұртыма арқа сүйеп баяғы
Есіркеді, мені адамдар аяды.
Аялады, мені адамдар түсінді,
Тәкаппарлар өлеңіме кішірді.
Биік таулар көлеңкесін түсірді,
Адамдарға деген алғыс толып тұр,
Менің жарып көрер болсаң ішімді.
Мені адамдар аяуменен жүріпті,
Жалғыз қалсам маңайыма бірікті.
Сөйте-сөйте бәйтерек қып жіберді,
Шымшық қонса майысатын шыбықты.
Қарс айырылған тандыр шөлде жүргенде,
Таңдайымды тамшы нұр боп жібітті.
Кейде-кейде қинаса да қас надан,
Дүниеде көп екен-ау жақсы адам.
Дүниеде ешкім менен озған жоқ,
Мен де озып кеткенім жоқ басқадан.
Енді ойлаймын ел-жұрт жәйлі ой терең,
Елің барда адам жоқ қой бай сенен.
Артық заттай қылса егер де қайтер ем,
Айдалаға лақтырып тастаған.
Менің мәңгі жыйған, терген қорегім,
Жақсы пейіл, адал көңіл дер едім.
Бұл заманда менен асқан кедей жоқ,
Ал, табағым табағындай төренің.
Өмірімде орнағанда тапшылық,
Есімде әлі ел жасаған жақсылық.
Көңіл босап сол есіме түскенде,
Жанарымда тұрар менің жас тұнып.
Заман озар, бәрі тозар , бірақ та,
Ескірмейтін сары алтын ғой жақсылық
Ескірмесін ешқашан да жақсылық.

БІЗ ДЕ ОСЫ
Біз де осы нағыздардың шетін көрдік,
Аңызды көзбен көрген секілдендік.
Орныңды мен басам деп ертең күні,
Оларға қыр көрсетіп өту де ерлік.
Кей-кейде сәлем беріп, батылданып,
Азды-кем сөйлесуге дәтім барып
Оларды көруші едік жақын барып.
Жұпар есіп тұратын сөздерінен,
Қойғандай көмейіне әтір жағып.
О, олар пырақ еді даламдағы,
Ұшты , кетті қайтадан оралмады.
Бүгінгінің дәл біздей көзірлері,
Оларға көшірме де бола алмады.

ІШІҢ АДАЛ
Ақын қазір жарты ақымақ, жарты сау,
Шынайы ақын болудан ол қорқады.
Өмір бақи ұзын арқан, кең тұсау,
Сәл қозғалса аяғынан тартады.
Ішің адал, айуанша өмір сүресің,
Жаның таза. Ал өмірің көргенсіз.
Адамдардың айтқанымен жүресің,
Өйткені ақын жәндіктен де дәрменсіз.
Жүрсе де оның қызыл тілі байланып,
Ақ сәбидей тап-таза ғой жүрегі.
Жазар кезде
Жаны құсқа айналып,
Жаратқанға барып қайтып жүреді.
Өлеңімен оятып бір ізгі үміт,
Өзге жұртты нұр жұмаққа кіргізіп,
Бірақ өзі ит боп өмір сүреді.

АЛДЫҢДА ЕСІГІҢНІҢ
Алдыңда есігіңнің тал бар еді,
Шарбақты талдан өрген шал бар еді.
Шарбақтың ар жағынан бір сүйдірсең,
Өзегім өрт ішкендей лаулар еді.
Кигеніміз кең балақ шалбар еді,
Сүйгеніміз қыз ба еді, алма ма еді?
Сыбырлап айтатұғын әлденені,
Сыртында ауылымның көл бар еді.
Қаздай бір қаңқылдаған қара гармон,
Сені аңсап айлы түнде зарлар еді.
Отырған гармон тартып балалармен,
О, қайран, қыз бен алма,
Арман елі.
Бұл күнде ауылыма келе жатсам,
Ауылға көз саламын төбе жақтан.
Шарбағы сіздің үйдің көрінбей тұр,
Қарғалар ұя салған қара ағаштан.
Алдыңда есігіңнің тал бар еді,
Сол үйде ағаш аяқ шал бар еді.
Ентіккен есі кетіп бала ғашық,
Бір сүйіп алма беттен заулар еді.

ЖАЗҒЫ АЛМА
(көрші қыз туралы хикая)
Ақын болсам сен шығардың атымды,
Саған беру керек қалам ақымды.
Көрші ауылдан, Көкөзектен салушы ем
Көрші үйдегі қызға жазған хатымды.
Авторы жоқ сол хаттардан кешегі
Құпия бір сырлы сезім еседі.
Саған арнап бес шақырым алыстан
Хат таситын Атағұлдың есегі.
Өзің де бір сияқты едің жазғы алма,
Саған арнап сол хаттарды жазғанда
Авторы жоқ сол хаттардың авторы
Екендігін Серікбайдың шешегі
Қайдан білсін Атағұлдың есегі.
О, қара есек, маңдай соры бес елі
Көкбел асып, асып талай жота, қыр
Суды кешіп, толқындары алысқан
Ыңыранып, ыңқылдап,
Кесіп өтіп қоғалы сай, қамыстан,
Арқасында ағаш аяқ Атағұл
Тұяқтары бір-біріне тиіп кетіп сыртылдап
Келеді әні, пошташының есегі,
Ғашық ұлдың хатын тасып алыстан
Табады әлі біз тұратын,
Қыз тұратын көшені.
Қара есекті күтуші едік сіз бен біз
Қатар шығып есік алды үйден біз.
Қара жолға көзді талай сүзгенбіз,
Біртүрлі боп жүруш еді хат алса
Өз ойының тұнығында жүзген қыз.
Жақсы әйелге жазған ауыр, тағдырдан
Қаша алмады-ау жазғы алмадай сол бір жан,
(Жақсы әйелді жамандар бар қор қылған)
Саған осы кездестім де былтыр мен
Саған қарап жымидым да бір сырмен
Кітабыма қолтаңбамды қалдырғам.
Өзгерген жоқ әлі күнге қолтаңбам,
Жыр жазамын тұрып алып сар таңнан.
Қолтаңбама қарап қойып
Аң-таң жан...
Қағып қойып кете бердің арқамнан.
Көндің тағдыр маңдайыңа жазғанға,
Маңдай сорың болып шықты бес елі
«Әттең, сонда атымды атап жазғанда...»
Деген бір ой көкейімді теседі.
...Байқұс сол бір ерте түскен жазғы алма,
Байқұс сол бір Атағұлдың есегі.

АУЫЛ —АПАМ
(Бірлікке барғанда)
Қарайып қара жолмен қыр құласаң,
Біздің ел,
Біздің ауыл,
Біздің Отан!
Ажары арса-арса боп елжіреген,
Аман ба, айналайын, Бірлік- апам?!
Бұлкүндеәнескірдіауылжәйлі,
Ал ауыл өз орнында мамырлайды.
Ажарың азып-тозып кетсе-дағы,
Бәрібір сендей апа табылмайды.
Ал қалай, ауыл апам, амансыз ба?
Құлағың дүниеден хабарсыз ба?
Қара су, қара көже, қара камзол,
Жатырсың өмір сүріп балаңсыз да.
Аса алмай мінген көлік анау өрден,
Батпақтап жаяу келдім қара жолмен.
Жасырмай ақиқатын айтар болсам,
Айран мен қатық үшін бола келгем.
Алысқа осы ауылдан жол жүрерде,
Азамат бол! – деп едің....
Болдық ал не?!
Көрместің бәрін түгел көріп болған,
Көнбестің барлығына көніп болған,
Жарықтық ауыл – Апам,
Жалғыз Әулие.
Өлеңде деп жүруші ем шындық ашам,
Бұл күнде мен де жазам жырды қасаң.
Өзен теріс ақса да өзгермейтін,
Бәрі есінде, тек әттең көз көрмейтін,
Әйтеуір сен аман бол, Бірлік – Апам!
Бірлік – апам, өзімнің кіндік апам!

Төртінші бөлім
ҚОШ БОЛ, ҚОШ БОЛ!
Кетемін бүгін, кешір мені, кеш мені,
Белгісіздеу енді қашан келерім.
Аңдыса да ала алмаған еш бөрі,
Ақылыңа, сабырыңа сенемін.
Кетем бүгін қош бол, қош бол, кеш және
Қайта келдім өмірге сен арқылы.
Алабұртып айтпай-ақ қой ештеңе,
Аңсайтының белгілі ғой әр күні.
Кетем бүгін, тұрғаныммен кете алмай,
Өз еркі жоқ өміріме не дерсің?
Аруанасын іздеп жүрген ботадай,
Ауылыма іздеп бір күн келерсің.
Аттанайын көңіліңді өксітпей,
Абай боп жүр, ағаң сенің қызғаншақ.
Ақ тамақтан бір сүйейін ақ сүттей,
Сол сүйісті жүру үшін күнде аңсап.
* * *
Тағы да көктем келді ән салдырған,
Қаршадай қарлығашқа там салдырған.
Аяңдап күн ашықта қырға шығып,
Іздеймін елесіңді салқам қырдан.
Сыбырлап қырдың желі сырлас үміт,
Ойымда сен тұрасың тамсандырған.
Уылжып отырғаным ондай кезде,
Ұмытып тіршілікті сарсаң қылған.
Бар еді-ау бас бермейтін бір мінезің,
Жақпаса жайлы ортаны талқан қылған.
Ағайын, ел мен жұртың емес пе еді,
Асаудың қарсы алдында арқан құрған.
Келін боп кетеріңде іздеп келіп,
Қылығың елді түгел талқан қылған.
Ел-жұрттың ұшырайсың қарғысына,
Бұл күнде махаббатқа болсаң құрбан.
Селт етпес дүниенің серті мынау,
Сен тұрмақ мені бүгін қорқау қылған.
...Сол жылдар енді бүгін түс секілді
Жұмақтан ұшып шыққан құс секілді,
Қапыда шыға келші қарсы алдымнан.

АРМАН
Тағы да жауды, жауды
Қар тынбады.
Қаңтардың қалың қары қарқындады,
Тынысың тарылғандай болады үйде
Өмірді ойлай-ойлай артыңдағы.
Қардың да қалбаңдаған құты бардай,
Өтсе екен қоянның бұл жұты болмай.
Ет жегіш ертелі-кеш еркегінен,
Үйімде әйел отыр құтыла алмай.
Тағы да жауды, жауды
Қар үдеді
Бәрінен жаным неге зерігеді,
Бәрі де бәрі өткінші өмір еді.
Бәрі аппақ тау-даланың төңірегі,
Тұратын тау басында жалғыз король
Сияқты бар ғұмырым көрінеді,
Ойпыр-ай, жаным неге егіледі,
Аспаннан аппақ жіптер төгіледі.
Тұрыпты тау басында жалғыз король,
Ұмытты оны ел-жұрт, төңірегі.
Сол король таңғажайып суретші екен,
Ерте-кеш есіл-дерті суретте екен.
Суретін ғашық жардың салған мәңгі,
Құрметте сол корольді құрметтесең.
Бұл өзі тірі адам ба, сурет пе екен?
Дегендей өзі салған суретіне
Тесіліп қарайды екен өле-өлгенше.
Тақ үшін бас ауыртпай төменгі елше,
Ол тіпті селт етпепті етектегі
Еліне жаугершілік заман келсе.
Әрбір ел өзін күшті есептеді,
Бар пәле содан келер неден келсе.
Сурет қыз үнсіз ақыл айтады екен,
Алдына мұңын шағып король келсе.
Байламға келіп содан қайтады екен,
Еліне шешім айтып кемеңгерше.
Ендігі мен де король болар едім,
Келбетін сүйгенімнің салар едім
Жеңуге пенделікті шамам келсе.
Жанымды әр нәрсемен кірлеттім-ау,
Жарылқап мені құдай өлең берсе.
Аруды ай мен күндей суреттеген,
Өмірін өткізіпті ол суретпенен.
Корольдің әлгі салған суретіне,
Сол қызды мәңгі салған суретіне,
Айтуға адамдарда тіл жетпеген,
Ұқсапты түні күнге, күні түнге,
Үзіпті одан ел-жұрт үмітін де.
Жын-пері иектеген есуас деп,
Оны жұрт ұмытыпты тірісінде.
Ханзада тұра берді шың басында
Ісі жоқ қазынаның кірісінде.
Содан соң жұлдыз болып кетті король,
Дірілдеп тұратұғын түн ішінде.
Тәрк еткен қоғамдарды, замандарды,
Бір үлгі жүрегімде содан қалды.
Менің де король болғым келеді ылғи,
Ойламай опырайған жаман халді.
Барлығын, бәрін тәрік етейін де,
Мен де бір шың басына жетейін де.
Әлде сол король құсап ақырында,
Арсыға жұлдыз болып кетейін бе.
Жаным қас болса-дағы жалғыздыққа,
Неге осы жалғыздық бар көкейімде?!
Король боп кетсем бе екем басқа болмай,
Мен бірақ ғұмыр кештім басқалардай.
... Аспаннан салбырайды күміс жіптер,
Апарар тау басына аспа жолдай.

ТҮСІМДЕ
Баяғыда Байкалды көріп едім,
Байкал – Байкөл!
Не деген керім едің,
Ол жылдары сыя алмай өзіме-өзім,
Сол Байкалдай толқыған кезім едің.
Сол Байкалды түсімде көрдім тағы,
Бір тұныққа кім білсін, кезігемін.
Шарасына сыймаған алабұртып,
Көл Байкалдай өзімді сезінемін.
Байкал көріп түсімде,
Байып қалдым.
Байкал көрсем,
Бәрінен айыққанмын.
Алабұртып, алқынып,
Демі бітіп
Толқығанын көрсең ғой мені күтіп,
Жағалауда байланған қайықтардың.
Егделік-ай, айқайлап қуанбаған,
Бөренедей жыл сайын жуандаған.
Қуаныштан толқыған бала қыздай,
Байкал көрдім түсімде сылаңдаған.
Байкал жатыр байқалмай бай Тайгадан,
Байыппен бір шайқалған, шайқалмаған.
Кірген жоқсың түсіме бекерге сен,
Бір қуаныш басымнан өтер ме екен
Өзге жұртқа айқайлап айта алмаған.
Балпаң басып бақытым жетер ме екен,
Балапандай күздегі байпаңдаған.
Балпаң басып жағада аяңдаған,
Көрген адам көркіне тоя алмаған.
Бақыт көрдім түсімде
Енді мен де
Болар ма екем бұл елге аяулы адам.

ПОЙЫЗДА
Жүрдек пойыз жүйткіді дүдік-дүдік,
Қара мазар қырда тұр. Ымырт тұнық.
Қарсақ жортқан кезде осы, қас қарайған,
Қу мазарға біреу жүр кіріп- шығып.
Барар жер, басар тауы қалмағандай,
Немесе малын кешке қамдағандай.
Е, пендем, не ғып жүрсің өз молаңдай,
Ол өмір, бұл өмірді кіріктіріп.
Ол өмір, бұл өмірден үміт қылып,
Қайтасың қу молаға тұрып-тұрып.
Өзін-өзі даламен жарыстырып,
Ала пойыз барады алысқа ұрып.
Қара мазар қасынан өте бере,
Қарт паровоз өкірді дауыс қылып,
Паровоздың үніне үнін қосып,
Аш бөрілер жүргендей алыста ұлып.
Түні бойы даланы басып өттім,
Талай- талай мазарды қасып өттім.
Ала пойыз екпінін баяулатты,
Алматының қасында басып екпін.
Алматыда адам көп. Сол адамдар,
Қарамайды бетіңе осы деп кім.
Обал, сауап ұятты ұмыттырып,
Жібереді енді өмір құнықтырып.
Су қараңғы далада
Соқыр түнде
Қу мазарға жүрер ме ем
кіріп-шығып.
Кіріп барып молаға, тұрған қырда,
Дегім келер айғайлап:
– Кім бар мұнда?
Тірілердің пиғылын түсіндік қой,
Тілін ұққым келеді жындардың да.
Тілін ұққым келеді елестердің,
Шейіттердің, өлгеннің, құрбанның да.
Қызықтары, әйтпесе, бұл өмірдің,
Қызық болмай барады жылдан-жылға.

ЖӘМИЛАҒА
Қараймын саған ылғи еміреніп,
Қараймын көрген сайын тебіреніп.
О, қандай өкінішті, жұрттың бәрі,
Тұрғаны көздерімен сені көріп.
* * *
Көрмесе екен
Сені көзі мергендер,
Елес екен деп қалса екен көргендер.
Көрмесе екен
Ұмытқандар құдайды,
Құдайға емес,
Өзіне өзі сенгендер,
Сені жұрттың көрмегені ұнайды.
Көзі барлар Жәмиланы көрмеңдер,
Көре қалсаң көздеріңе сенбеңдер,
Көре қалса бәрі саған өңмеңдер.
Жеңеді ғой бәрін, бәрін жеңгендер...
Еркек біткен байлық қуып алжасып
Көрмесе екен екі көзін шел басып.
Сені олардың көргендігі не керек?
Көз алдымда жүріп жатқан керемет
Кино-ертегі жүре берсін жалғасып.
Көре қалса келбетіңнің шетін шын
Мансаптылар мазаңды әбден кетірсін,
Ұзынағаш- ұзын қолдар болса да,
Қолы жетпей қор боп бәрі өкірсін.
Соншама қор екендігін жаңа ұғып,
Сол мықтылар ақыл-естен жаңылып,
Тентіресін
Терең суға секірсін,
Тақта отырған пірдің өзі тапжылмай
Тектілігін, бектілігін ар қылмай
Сені көрсе ұшып-қонып отырсын,
Текті де емес, наубайшының баласы
Екендігін енді сезіп өкінсін.
Сен сонда да көнбе оларға жан еркем.
Арман болсын өзің тұрмақ көлеңкең.
... Қиылыста сыя алмайтын екі адам
Қиылысып қалсақ болды таңертең.

СЕНІ КӨРСЕМ...
Бәрі болған,
Бәрі де өткен басымнан
Ыстығым да, суығым да басылған.
Көргем бәрін,
Пердем талай ашылған
Сенен бірақ қысыламын, асыл жан.
Тыпырлаймын жөргектегі сәбидей,
Амандасып сен өткенде қасымнан.
Не көрмедік бұл дүние өрісте,
Судан таза бола алмадық әр істе.
Амандасып сен өткенде қасымнан,
Баяғыда ұшып кеткен басымнан
Пыр-пыр етіп қайта қонар періште.
Дүниеде нені сірә көрмедім,
Көргенімнен көп те шығар көрмегім.
Амандасып сен өткенде қасымнан,
Бозбала кез, сонау бала жасымнан
Елестейді есім шығып көргенім.
Талай отқа салып едік жас жанды,
Бәрі қалды,
Махаббат та, дос қалды.
Бәрі де оңай сияқты еді ол кезде,
Арман дүние енді ғана басталды.
Арман көп қой жас алпысқа кіргенде,
Сені көрсем,
Тастап кеткен бір жерге
Нәрестедей шырылдаймын тастанды.

КҮНДЕР ӨТЕР ОСЫЛАЙ
(әні бар)
Ұқсас күндер, ұқсас түн,
Көңілімді күс бастың.
Сен болмасаң қасымда ,
Мен биікке ұшпаспын.
Келіп отыр ұштасқым,
Көңілімді мүк бастың.
Іздеп барсам өзіңді,
Көңілімді жықпассың.
Іздеп бардым үйіңе,
Сұқ көздерден жасқанбай.
Сен отырсың мумио
Қатып қалған тас майдай.
Енді мені қасыңа ал,
Елжіресең несі бар?
Бекер өткен түндердің,
Армансыз бір өшін ал.
Жүз жылда бір тасыйтын,
Сосын қайта жасыйтын
Өзен құсап тасып ал.
Қатып қалған мумио,
Ерісінші ақ таңда.
Кірген із бар үйіңе,
Шыққан із жоқ пәк қарда.
Иітетін тасыңды,
Наурыз келе жатқанда.
Қайта оянған күлкіңді,
Көрдім. Неткен жомартсың?
Сенің берген кілтіңді,
Әттең бірақ жоғалттым.
Алмашы оны көңілге,
«Осылай да осылай...»
Мен жоқ жерде сенің де,
Ерте ағарған шашың-ай...

АҚЫЛ СҰРАП КЕЛГЕН АҚЫН ҚЫЗҒА
Бұл ақындық емес қалқам пайдалы іс,
Бұл ақындық қатарыңнан жәй қалыс.
Өз қатарың бақытты боп жүргенде,
Қамсыз мұңсыз бақытты өмір сүргенде,
Маған тиіс бақыт бар деп бір жерде
Мұңың шағып отырасың айға алыс.
Сенің ешбір досың да жоқ бұл жерде,
Бұл ақындық аспанменен байланыс.
Қарасаң да мәңгі аспанға тесіліп,
Көктен арқан түсе қоймас есіліп.
Құрбыларың бақыт тауып кеткенде,
Кешігіп бір келген құстай көктемде
Бақытыңнан сәл жүресің кешігіп.
Бұл ақындық пайдалы емес, зиянды іс,
Бұл ақындық бұлдыраған қиял құс.
Ілесе алмай қоғамдардың көшіне
Шаң қабасың, ала алмайсың жиі алғыс.
Жүрегіңде гүлдегенмен жыр гүлі
Қай ақынның оңып еді тірлігі?
Өзін ғана ойлайды деп өмірде
Бала-шағаң теріс қарар бір күні.
Сондай сенің болашағың, ақын қыз,
Сол тағдырды кешіп келе жатырмыз.
Мешкейлердің заманында біз бірақ
Қарнымыз аш, көз алдымыз тұнжырап,
Сонда да алға еліктіріп бір үміт
Ақ сағымдар көшкен қырда,
Қырдан қырға жүгіріп,
Қызғалдақтар кешіп келе жатырмыз.

ТІРІ ӨЛІК
Ішімде отыр жүдеу көңіл бір кісі,
Келмейді оның жұрт сияқты жүргісі,
Келмейді оның жұрт сияқты күлкісі,
Келмейді оның ештеңені білгісі.
Сорлы адамдай солпияды сол адам,
Өмірбақи түзелмеген тұрмысы.
Адам деген тек әншейін аты бар,
Өз-өзінен қуыстанып отырар
Жұрт алдында бар сияқты қылмысы.
Өзін-өзі әр ортада тым жайсыз,
Сезінеді ол, бәрі де оған ыңғайсыз.
Өзін-өзі отырған соң қор қылып,
Оған сіз де онша мойын бұрмайсыз.
Жаңа ғана шыққандай бір ақталып,
Қарай берер әрбір көзге сақтанып.
Ал бір пысық отырады қасында,
Көп білетін адам болып мақтанып.
Сосын біреу тауық құсап қақылдап,
Оған ел-жұрт қол соғады жапырлап.
Гитлерге ұқсайтынын оның сол,
Айта салу керек еді лапылдап.
Бірақ менің ішімдегі бір кісі,
Адольфты отырғандай мақұлдап.
Ұят емес заманда да ештеме,
Үндемейді ол. Ұқсайды бір кещеге.
Түк ұқпайтын адам құсап отырар,
Керек емес оған мүлде ештеңе.
Ел-жұрт үшін ол бір жүрген тірі өлік,
Отырады мың тіріліп, мың өліп.
Бәрі-бәрі сөйлеп отыр жылпылдап,
Үндемейді тірі өлігің тың тыңдап
Ішінде оның бір кісі отыр қылпылдап.
Мәселенің барлығы да ҰЯТқа,
Сезіп отыр келетінін тіреліп.
Бұл мәселе тарихқа да қиянат,
Дегендей бір жаны таппай тиянақ.
Жалт етеді көзіне от ұялап,
Айта алмады бірақ түк те.
Түн бойы
Айтам деген шын ақиқат, шын ойын
Ақ қағазға айтып шықты сиялап.
Ақ қағазға бәрін жазып асығып,
Сосын оны тығып қойды жасырып.
Түні бойы ойнап тұрған найзағай,
Таң ата әрең қалған екен басылып,
Аспан жүзі шайдай болып ашылып.
Жаны кірді ақ жаңбыры себіліп,
Қаны жүрді қабырғасы сөгіліп.
Ол туралы басқалар жүр не біліп?
Қыпыңдайды ішіндегі бір кісі,
Абыройы қалатындай төгіліп.
Қолында бір үлкейтілген дүрбісі,
Ішінде оның бақылайды бір кісі.
Тақуа емес аспайтұғын сызықтан,
Дәмесі бар пендешілік қызықтан
Оның да осы келеді өмір сүргісі.

БІРГЕ ӨСКЕНДЕР
Бірге өскендер,
Балалықтың бақытын бір кешкендер,
Бала күнгі көңілді кірлетпеңдер.
Бір есепті көшіріп бір-бірінен,
Көкөзекке келерде Бірлігінен
Көк есектің артына мінгескендер.
Бірге өскендер, бір өскен туысқандар,
Бір-біріңді ешқашан ұмытпаңдар.
Қыстың күні клубта вальс билеп,
Қыз демімен клубты жылытқандар.
Бірлікте бірге ойнаған қыз бен ұлдар,
Жақсы көру, сағыну, қызғанулар.
Бәрің-бәрің дос, бауыр емес пе едің?
Бауыржандар, Сайлаулар, Кеңестерің.
Осы күнгі көзірлер, тұздарың бар,
Көздеріңде неге осы ызғарың бар?
Ұстаздан артық адам жоқ деп сенген,
Содан соң өткен талай «мектептерден»
Е, қайран, баяғы сол қыздар, ұлдар.

БАЛА ДОС ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Ащының суы тасқанда,
Қиын сабақтан қашқанда.
Жатып ап күнгей қапталға,
Ақ бұлттар көшкен аспанға
Армандап қарап жатқанда
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Сәуірде сайлар тасқанда,
Қоныштан суы асқанда
Жан досын жолға қалдырмай
Арқалап судан өтетін,
Жалғанда сендей дос бар ма?
Арқалап алып өтуші ең,
Қарытпай тобық мұздарға.
Қонышым тесік екенін
Сездірмеуші едің қыздарға.
Бұл күнде барлық дос майда,
Ойлағаны бас пайда.
Қонышым тесік екенін
Сезіп бір қалса сол достар,
Жолға бір тастап қашпай ма?
Қодықтай ғана ұл едің,
Толағай еді жүрегің.
Тобықтай ғана болсаң да,
Топ бастап ылғи жүр едің.
Айлы бір жаздың түнінде,
Алманы бірге ұрлаған
Қайран да бала досым-ай,
Қойды ғой шіркін бұл заман,
Досқа да жаны ашымай.
Қалды ғой биыл жылғадан,
Ащының суы тасымай.
Өтеді-ай, бәрі кетеді-ау,
Өтеді-ау, бәрі осылай.

ІІ
Не дейін бала досыма,
Бұл күнде сен де атасың.
Түсімде мені Ащыда,
Арқалап келе жатасың.
Жүректе нәзік өлеңі
Арманың сенің көп еді,
Бермеді-ай, өмір батасын
Баяғы бала кезіңдей,
Бар менен жоғың сезілмей
Ауылға барсам әйтеуір,
Кітабыңды оқып жатасың.
Көрініп арман көзіңнен,
Баяғы бала кезіңдей
Әрненің басын шатасың.
Интернатта оқитын
Баяғы он бес жасыңда
Шілдеде көлдің басында,
Баяғы досың қасыңда,
Қыздырып күнге арқаңды,
Жотаңды күнге тосқанда,
Желігіп келген жеңгелер,
Киіміңді ала қашқанда
– Обал болды ғой, – деуші едің,
Қалтамда жүрген сарғайып
Бір қызға жазған хаттарға.
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Интернатта оқитын
Бір қызға сұмдық ғашық ең,
Ойласаң соны бала дос
Кетуші еді кенеттен
Себепсіз және себептен,
Көзіңнен сенің жас парлап.
Сен жете алмай жүрген сол Жұлдыз,
Үлбіреп тұрған көк жұлдыз
Кетуші еді мен үшін
Сені айтқан сайын аспандап.
Ауылда ұлдар жиылып,
Ащының шөбін шапқанда,
Ащы тер көзге құйылып
Ашымал ішіп жатқанда,
Күрсініп досым қоюшы ең
– Интернатта бір қыз бар,
Сол қызды шіркін, көрсең, – деп
Айтушы ең аузың кемсеңдеп.
Көре алмай кеттім ақыры
Сол қызды мен бір көрсем деп.
Он бесте әлде нешеде?
Буының бекіп қатқанда
Таусоғар құсап көшеде
Талтаңдап келе жатқанда,
Бақытты едік бала дос,
Бақытты едік дос барда.
Ағалар көріп сүйініп,
Таңдайын қарттар қаққанда
Кең балақ шалбар киініп,
Киноға бара жатқанда
Ойлаушы едің Жұлдызды,
Жұлдыздай алыс бір қызды
Мойныңды бұрмай еш жанға.
Сүттіген шөптей майысып,
Қабырғасы қайысып
Мойынағашпен көрші қыз
Су алып келе жатқанда
Азаматы деп ауылдың,
Жолыңды сенің тосқанда
Сол қыздың мөлдір көзінен,
Көзіңді ала қашқанда
Бесмойнақ жақтың бір қызын
Ойлаушы едің ескі дос
Көңіліңді бөлмей еш жанға.
Айлы бір түнде жұлдызды,
Көрші ауылдан бір қызды
Ағалар ала қашқанда
Жалғыз көзді мәшине,
Жарқырап қырдың төсінде
Жотадан бері асқанда
Тек сол қыз ғана есіңде,
Мектептің соңғы кешінде
Сол қызды алып қашсақ деп,
Айтушы едің достарға.

ІІІ
Не дейін бала досыма,
Жастарға берер батасын
Бұл күнде сен де Атасың.
Сүйесің әлі сүйгенді
Бермеген саған опасын.
Суретін іліп төріңе,
Өлеңге әлі қосасың.
Төріңде тұрған сол сурет,
Қарайды көзі мөлтілдеп
Қалса да бүгін кемпір боп.
Төріңде тұрған сары сурет
Мауқыңды сол ғой басатын.
Мас болған кезде еңкілдеп,
Сырласың болып сол сурет
Кеудеңе ыстық басасың.
Айыққан кезде арақтан,
Шиқылдатып шинеңді
Пішенге бара жатасың.
Махаббатың алдыңда,
Төзімі сендей болмаса
Ұласып кеткен сан жылға
Сезімі сендей болмаса
Ақынның біздей несі ақын?!

ІV
Дүниеге мынау не дерсің,
Баяны жоқ, тұрағы.
Әкімшілік еденін
Жуып жүрген кексе әйел,
Бөксесі жуан бөшке әйел
Сені осы кеше сұрады.
Екі көзі мөлдіреп,
Төріңде тұрған портрет
Қырық жылдан бері тұр әлі.
Айтып ем оған мен соны
Жуып жүрген кеңсені,
Кексе әйел әлгі жылады.
– Ұзынағашта кезінде
Беріліп ғажап сезімге
Интернатта бірге оқып ек
Менсінбей ақыры кетіп ем
Биік қой біздің көкірек.
Сол сенің бала досыңның
Назасы өтіп кетті ме?
Қарғаумен мені өтті ме?
Елуге жасым келгенше,
Күйеуге тидім жеті рет.
Әр жақта жүріп тентіреп,
Оралдым елге ақыры.
Тағдырдың басқа салғаны-ай,
Шын сүйген жарды таңдамай.
Жауыр болған тақымы
Әркімнің болдым қатыны.
... Қайран да бала досым-ай,
Қырық жыл іліп төріңе
Бірге алып кетер көріңе,
Сарғайған әлгі портрет
Сөйледі маған осылай...

ЕЛУДЕН АСТЫҚ
Елуден астық, қыздарға болдық шал аға,
Қуса да үйден шықпайтын болдық далаға.
Дүрілдеп ағып дүние деген дария
Қалдықтай бізді қалдырып кетті жағаға.
Түріміз қазір ұқсайды қатқан қолаға,
Қарттық пен жастық арасы қазір өлі ара.
Бір досың өлсе елменен күліп сөйлесіп,
Апарып тастап қайтамыз күліп молаға.
Елу бел астық асатын бел де аз қалды,
Көреміз енді маңдайға Құдай жазғанды.
Шаштары қалың жастар жүр бүгін тойына
Шақырып біздей өңкей бір төбел таздарды.
Елуден астық ата боп бала-шағаға,
Теңізі құрғап кеткен біз бейне шағала.
Қазағы аздау келгендей бөтен қалаға,
Сөйлесер кісі аз.
Жетпейді сөзің шалаға.
Қараймыз үнсіз қара адыр, елсіз далаға
Қоғамнан қолдау, адамнан ұғу таппадық,
Қолдай гөр өзің, қолдай гөр Алла Тағала!
Елуден астық, қонған жоқ әлі даналық,
Елеңдеп тұрған әлі де бар бір балалық.
Көрместі көрдік, жеңбесті жеңдік ал, енді,
Өмірің тұрмақ, өлім де емес жаңалық.
Жантақ жейтұғын түйедей жарды жағалап,
Жүрдік біз ылғи сондықтан сүйді жамағат.
Қанағат шүкір, бәріне шүкір, қанағат,
Өлеңім, жұртым, өзіңе мәңгі аманат.

АЛМАТЫМА
Алматы аңсап келсем өзім сені,
Болушы ең маңдайымнан сипағандай.
Басына Мұқағали қонушы еді,
Жүргендер Алматыдан үй таба алмай.
Құйылып арман қуған жандар көркем,
Жиылып жүруші еді Алматыда.
Өлсем деп Кеңсай жақта армандаушы ем,
Өлермін ауылымда алда, сірә.
Жыр құмар, сыра құмар, шарап құмар,
Танысқан Алматыда талаптылар.
Айналды ақыреттік жолдасыма,
Бұл күнде жаназада керек қылар,
Ауылдың ұқсаймыз біз молдасына.
Талайын тарпаң мінез біздейлердің,
Бұл өмір келтірді ғой тәубасына.
Сонда да барғым келед жолдасыма,
Қолтығында кітабы, қолда сыра.
Сен едің қала-сері,
Қала-әпенді,
Әлі де ұмытқам жоқ сол әсерді.
Өлсем деп Алматыда армандаушы ем,
Өлермін ауылымда шамасы енді.
Қонатын үй таппасаң қоналқада,
Бар еді айықтырғыш бәрекелді.
Ұрсып-ұрсып ап кетсе милициялар,
Көргендей қуанушы ем өз әкемді.
Алматым арман таза ақ қағазым,
Саған жоқ айтатұғын өкпе, назым.
Пісірдің, жетілдірдің қанаттарын,
Алматым ақындарға жәннат бағым.
Балапан қарлығаштар қанаттарын,
Қайрадың тасқа соқпай талаптарын.
Өзіңнен ұшып шықты көп қазағың,
Мен саған талай рет жараланған,
Жазықсыз жапа шегіп қараланған
Қазақтың жан жүрегі деп қарадым.
Ауырып жүр ғой сірә, сол жүрегің,
Келмейді енді ешкімге елжірегің.
Аңсаған достарымның көзі ғой деп,
Мен саған анда-санда кеп жүремін.
Келеді сенен бірақ аулақ жүргім,
Үзілген жіпті ғана жалғап жүрмін.
Өлеңнің астанасы-ау, неге мені,
Келеді байлығыңмен таңғалдырғың.
Табылмай табан тірер сүйенішім,
Өзіңде қалмағанға күйеді ішім.
Кептеліп кептелекте бір жеріңнен,
Кимелеп киесіздер жүргенімен
Сен маған өмірбақи киелісің.

ТАЗҚАРА ҚҰСТЫҢ ТАҒДЫРЫ
Айта алмай жүрген шыным көп,
Көңілде содан тыным жоқ.
Неге айта алмайсың дейтұғын,
Жанымды жатыр шыбын жеп.
Жанымды күнде жейтұғын,
Кеудемде мына көп шыным
Осылар мықты дейтұғын,
Талайдың тостым көпшігін.
Сонда да болдым қайтейін,
Тазқара құстай жексұрын.
Отанымды сыйладым,
Оған да бірақ сыймадым.
Сыйласпайтындармен сыйласып,
Өзімді-өзім қинадым,
Кетпейін деп қи басып
Аяғымды жинадым.
Сонда да сайқал дүние
Жақсылығыңды қимадың.
Жүремін талай ортада,
Жүргенмен бірге құным жоқ,
Сабырлы қалпым болса да
Жанымды жүрмін жұлып жеп.
Оқыста тосын сөз айтсам,
Оқырайар барлығы
О, қалай болды бұның деп.
Айтуын айтып опындым,
Ақылға жүрмін көнген боп.
Тазқара құстай отырмын,
Жапырағы жоқ тап-тақыр
Қу бұтақты шеңгелдеп.
Айта алмай жүрген шыным көп,
Шыныңды ұғар ұғым жоқ...

ЖАҢА ДӘПТЕРДЕН...
ҚҰРҒАҚ КҮН
Құрғақ өмір,
Құрғақ сөз,
Құрғақ бәрі.
Құрбақадай талтайып құрғақтағы,
Жиналыстан шығамыз «жырғап» тағы.
Таршылықта көп азап көргеніммен,
Баршылықта ешнәрсе жырғатпады.
Қайда кеткен зым-зия,
Ой, дүние-ай
Көңілімнің әдемі ырғақтары.
Құрғап, қурап тұрған соң
Сірі төсің
Күнә жасап теріңді жібітесің.
Жапырағын жаныңның үгітесің,
Үгітіліп түседі ол.
Көктемейді
Ешнәрсе жоқ жаныңды тірілтетін.
Ертең ненің боларын жатқа білем,
Кездесеміз сөздердің қатқағымен.
Елеңдемес жүрегім ешнәрсеге
Телефондар безілдеп жатқанымен,
Шешендер де таңғалтпас, көсемдер де,
Тақылдаған таңдайда тақпағымен.
Жау да емеспін, ешкімге дос та емеспін,
Бәрі түгел. Мұңым жоқ. Бесте-беспін.
Естімейді құлағым. Саңыраумын
Естімейді өйткені ештеме ешкім.
Ешкім бүгін жүрмейді еміреніп,
Ешкім бүгін сөйлемес тебіреніп,
Құрғақ бәрі.
Құрғаттым дым қалдырмай,
Көңіл деген емшекті еміп-еміп.
Ешкім бүгін тұрмайды көңіл аулап,
Қағып, соғып кетеді омыраулап.
Жесір қатын сияқты желігемін,
Ары да аунап төсекте, бері де аунап.
Барлығына болса да мүмкіндігім
Барлығынан зеріктім.
Бір түрлімін
Кездеспеген ешқашан бір құбылыс
Көз алдымда тұрса ғой шіркін бүгін.
Соны көріп көңілім ұрандаса
Жан-жүрегім тыпырлап тұра алмаса
Сағындырып, сыңсытып, сұңқылдатып,
Төбемде бір тырналар тырауласа.
Марғау ғана мал жайған малшы болмай
Тыпыр-тыпыр етсем ғой жан шығардай,
Құрғақ бәрі, әзірге құрғақ бәрі.
Жаным, тәнім
Барлығы қаңсығандай
Жасы келген кәрі аттай бір күндері
Арам өліп қалам ба қан шығармай?
...Сенің осы орныңды ей, қарағым,
Ешнәрсемен қойдым-ау толтыра алмай.

ҚЫЗ МҰҢЫ
Сөндірулі бұл күнде телефоның
Ұға алмадым,
Ұқпадым неге екенін
Түсінем де, түңілем
Өз жанымнан,
Саған ғашық қыздардың
Көп екенін.
Сөндірулі,
Сөнулі телефоның
Бар екенің белгісіз, жоқ екенің
Сезбейсің-ау, сезбейсің,
Сені өмірде
Мендей сүйер ешкімнің жоқ екенін.
Мені де бір аңсайды жігіт үміт,
Қарсы алдымда тұрады үгітіліп.
Мен сені егер шын аңсап, шын сүймесем,
Баяғыда кетер ең ұмытылып.
Телефон сөндірулі,
Телефон сөндірулі
Оған да осы үйрендік көндігуді.
Білінеді бәрібір бірлігіміз,
Махаббатың емеспін мен бұрынғы,
Махаббатым емессің сен бұрынғы.
Мен күйеуге тигенде бір күндері,
Өкірерсің мұхиттай желді күнгі.
Қателікті баяғы түзете алмай,
Менсіз мына өмірде қыр аса алмай,
Менен басқа ешкімді ұната алмай
Жоғалтарсың баяғы өрлігіңді.
Телефон сөндірулі...

АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ
Ортасы жоқ шалқыған кешегі ерен,
Ақын кетіп барады көшеменен.
Сұратпай-ақ су берсең қайтеді оған,
Шапағатқа толы бір кесеменен.
Ашып айтқан әділін, ақ-қарасын,
Ақын кетіп барады. Неткен ақын!
Сөз киесі бар кезде осы адамға
Әуес емес әйелдер жоқ болатын.
Абыройын мықтының төксе де ақын
Оған барлық жігіттер жақ болатын.
Суға итеріп жіберсе сұм достары
Мұңдастары, шырқырап шын достары
Су жағалай жүгіріп ап қалатын.
Біреулермен әрине күндесетін,
Күндестері барында күн де өсетін.
Күндестер де бұл күнде арман болды-ау
Гүлмен бірге тікендей бірге өсетін,
Елжіресіп барлығы тыңдаушы еді
Мөлдіретіп ұстаса ол жыр кесесін.
Ол туралы сөз де жоқ дуылдаған,
Тойлар бар ма ол бүгін қуылмаған.
«Бомж» кетіп барады көшеменен
Қысы жазы түрі бар жуынбаған.
Есін әлі жимапты кеңкелесің
Оған бүгін қай әйел ентелесін?
Умаж-умаж болса да үсті басы,
Мына бізге түрі бар сұс қылатын,
Мына бізден түрі бар жеркенетін.
Шығып алып түнеген жертөледен
Сыраны аңсап барады ертеменен.
Бір студент қыз көрдім, сол қайыршы,
Сол дуана ақынға еркелеген.
Сол студент аруды жетелеген
«Бомж» кетіп барады көшеменен.
Ол сорлы ма, әлде осы біз сорлы ма,
Сіз сорлы ма әлде анау қыз сорлы ма?
Бәрін ертең көрерміз пешенеден.

БІЗ ЕКЕУМІЗ
Естеліктер ендігісі,
Бастық жастық солықты
Біздер жайлы елдің іші
Көп айтатын болыпты.
Сырым дос пен жатқа мәлім,
Жаңғырады жоталар.
Ақ орамал Ақмаралым,
Қосағыңмен қоса ағар.
Өмір сүрдім өзіңменен
Елеңдетер енді елес.
Сені сүйген кезімде мен
Періште едім, пенде емес.
Жерге түстім, жеңді бәрі
Жақын туыс, жолдастың,
Бұл өмірде ендігәрі
Мен бақытты болмаспын.
Кеттің ұзап жылай, жылай,
Ең соңғым да, алғашқым.
Бұл өмірде бұдан былай,
Шын қуана алмаспын.
Жылай, жылай жан-жүрегім
Айналды тас өкпеге,
Өмірімде енді менің
Болмайтындай ештеме.
Артта естелік жатыр талай,
Талай-талай адастым.
Жар төсегін жатырқамай
Жаңа-жаңа жанастым.
Тұндым айдың тұнығы боп
Дулы ортаны жаратпай,
Жүрегімнің дүбірі жоқ
Тұрып қалған сағаттай.
Керең кемпір – далам күзгі
Тыныш сусып құс кетті,
Түпсіз теңіз, Марал, бізді
Жұтып қойған іспетті.

САҚТАҒАНЫМДЫ САҒЫНҒАНЫМ ЖЕСІН
Күтетінің мені ылғи сенің мәлім,
Менің де әлі сенсің ғой табынғаным.
Түн жарымда келгенде арып-азып
Қойдың әкеп алдыма сары қазы
– Сақтағанды жесін, – деп – сағынғаным.
Сақтағаннан татсын деп сағынғаным
Жарым түнде жалаң төс жалындадың
Өлтіремін десең де өзің білгің,
Кілтін тауып өлтірер өзің бір күн
Сары сандықтың ішінде менің жаным.
Сары сандықтың үстінде қалың көрпе
Ернін берсе еркелеп, жанын берсе
Неге керек көрпені жамылғаным,
Із кескендер індетіп кеп қалмасын
Тығып қойшы мені анау кебежеге
Қарды ойнатып қаңтар тұр терезеде
Қандай бақыт шынайы сағынғаның.

ЖЫЛ ҚҰСЫН КӨРДІК...
Жыл құсын көрдік көксеген,
Жұлдызы жаман өтеді.
Көктемді көрдік көппенен,
Осы да бізге жетеді.
Өткен соң жастық басыңнан,
Осы да дейсің болар-ау.
Тек әттең қары ашылған,
Тепсеңге қиын қарамау.
Бойласаң өткен-кеткенге,
Өмірге мынау бөтенсің.
Құс алып келген көктемде,
Құлшынып тағы кетерсің.
Теріскей әлі, теріскей,
Күнгейдің беті қаралау.
Аңсаған арман мен іштей,
Арман боп мәңгі қалар-ау.
Ақмарал алыс тілегім,
Көктемге ол да жетеді.
Ойласам соны жүрегім,
Оянып тағы кетеді.
Ақмарал – арман көп жаса,
Ағарып жанмен некелі.
Сағынар сәттер болмаса,
Өмірдің рас бекері.
Келді ғой, міне көктем де,
Сен қайтіп жүрсің, Марал-ау!
Жақсы бір күнге жетсең де,
Ішіңде аңсар қалады-ау.
Ішіңде кетер барлығы,
Сырыңды сыртқа шығармай.
Көңілде жүрген наз-мұңы,
Жайқалып өсіп жазды күн,
Жапырақ болып шығардай.
Теріскей жандай көп ішкен,
Күнгейдің беті қаралау.
Күнәсі адал періштем,
Сен қайтіп жүрсің, Марал-ау!
Шыға алмай кеттім құмардан,
Мәңгілік менің құмарым.
Булығып тұрған бір арман,
Бұтақты көріп жыладым.
Баратын саған жол да жоқ,
Қанаты сынған қарағым.
Бұрынғы шағым сол ма деп,
Бұлттарға көшкен қарадым.
Өзіңнен қайтіп безінем,
Өзім боп кеткен шығармын.
Жасырып жұрттың көзінен,
Жағама таққан тұмарым.
Дүрілдеп келер көктемнен,
Қаймығып тұрған қар анау.
Сырласпай бастан өткенмен,
Сырласты қайдан табам-ау.
Ішінен іріп теріскей,
Бейнесін берді санамның.
Өзімді өзім жеп іштей,
Мұңдасты қайдан табармын.
Теріскей ол да келісті-ей,
Қылтиып шығып жерден көк.
Сездірмей жұртқа тек іштей,
Сенімен жүрмін серуендеп.
Жылмая көктем, жылы жел,
Жан бітті кепкен таяққа.
Көсіліп жатыр ұлы бел,
Көрпесін теуіп аяққа.
Көшеде қыздар құс кеуде,
Ішінде талай жақсы бар.
Кешегім еске түскенде,
Жеген де болам тәтті жал.
Көгеріп күнгей көгалы,
Теріскей соны жобалап.
Көшені, қырды, моланы,
Келеді көктем аралап.
Баяғы адал сезімнің,
Орнында қалса ала дақ.
Көктемді мынау өзіңнің,
Көзіңмен көру обал-ақ.

ҚАРА ТОРҒАЙ. КӨКТЕМГІ СЕЛ
Барлық өзен буырқанып ашулы,
Барлық сайлар бастағанда тасуды
Таудың селі құмалақтай қуалап
Үй алдына әкелгенде қақпақылдап
Үйдей қара тасыңды
Сол қара тас таптап кетіп жүрер деп
Мен де үстелден көтеріппін басымды.
Қалың қара дәптерімде
Таусылғанда барлық бет,
Мая шөптен қалған кезде
кәшек-пәшек қалдық тек,
Бітеді деп қашан бұл қыс отырғанда
Пеш түбінде қалғып тек,
Қара торғай тереземді шертеді
– Қарағым-ау, біз де келіп қалдық, – деп...

БЕЙТАНЫС ӘЙЕЛ, ӘЛЕКЕҢ...
Сізді көріп...
—Кім еді, бұл кісі!—деп,
Жәй таппады көңілім білгісі кеп.
Сіздей сұлу әйелдің келбетінде
Сүйген күнің тұрады тұңғыш рет.
Сіздей әйел жоқ шығар жер бетінде,
Таңғалдырды, барлығын тамсандырды,
Біздің осы ортаға бір кісі кеп.
Сіздей әйел көрмеппін, көрдім бе екен?
Дірілдеді кеудемде мөлдір кесем.
Сізді мына көргелі мен әлде осы,
Дүниеге қайтадан келдім бе екен?
Сіз отырсыз жарқырап, о, Құдайым!
Мен отырмын басымда сары уайым.
Жалпы жұрт – көп!
Ал сіздей жақсы жалғыз!
Неғылайын, құдай-ау, неғылайын!
– Әйелдің де әйелі болады-ау, – деп
Қағып қойды қарт әкем таңылайын...
Кәрі әкем де байқапты. Бәрекелді!
Сол қарт әкем Жамбылов Әлекем-ді,
Сол қарт ақын қашырды берекемді,
Жамбыл тәтем әлі де тірі жүр деп
Көрген сайын қуанам Әлекемді,
Бәрекелді!

АУЫРМАШЫ ЖҮРЕГІМ
Қара тізім ішінде аты-жөнім,
Тұрғандай бір сыздады көкірегім.
Мен туралы ештеңе сұрамашы,
Сұрамашы, сұрама өтінемін.
Бағынумен әпенде әмірлерге,
Өтіп бара жатырмын өмірден де.
Қадірлеймін барлығын, бірақ менің,
Өзімді-өзім құқым жоқ қадірлеуге.
Сырласым да жоқ менің, сыйласым да,
Біреулермен мәжбүрмін сыйласуға.
Жүрегімді ауыртып алам ылғи,
Болмаған соң титімдей ми басымда.
Жалп етсе де жапалақ жасқанамын,
Жалпақтаудан қалмады басқа амалым.
Ауырмашы жүрегім, сенен басқа,
Арқа сүйер жоқ менің тас қамалым...

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ
Жедел жәрдем,
Шаршадың-ау сен осы мені емдеуден.
Жүрегім де шаршады, шалдықты әбден.
Жеңілмейтін нәрсені жеңем деумен,
Жеңілместер жүректі сыздатады.
Оттан ыстық жанымды мұздатады.
Біреу кетсе жамандық жасап әбден,
Табылады тағы оның ізбасары.
Ештеңеден, ешқашан жеңілмейтін,
Жамандықтың бар екен жүз жасағы.
Жедел жәрдем, жүректі желімдейсің,
Желімдеуден, жамаудан ерінбейсің.
Сонда ғана бір сәтке жеңілдейтін,
Байқұс жүрек сыздайды күзде тағы.
Бірін-бірі жамандар алмастырып,
Жамандығын жатады жалғастырып,
Шынашақтай біреулер кісімсіген,
Бірін-бірі жасайды бармақ қылып.
Сол бармақтар жанымды жылатты кеп,
Қашан бізге келесің тұрақты боп,
Күнде шыққан күндей боп
Беу, жақсылық!

Е, БАУЫР...
Е, бауыр,
Бізде талай жынданғанбыз,
Жынданам деп бәрінен құр қалғанбыз.
Кезінде шындықпенен бір болғанбыз,
Қыздарға – арман, ініге – пір болғанбыз.
Алысып шаршай-шаршай «мыңмен жалғыз»
Бұл күнде амалсыздан жым болғанбыз.
Ерте иіскеп білетұғын бар бәлені,
Бұл күнде мына біз де сұм болғанбыз.
Менікі бүгін жұртқа ілесу ғой.
Мен айтпай-ақ өзің де білесің ғой,
Көңілде екендігін кімдер жалғыз.
«Әруақ азса жын болар» деген бабаң,
Құмырам қолында ойнап нелер жаман.
Құмырамды бір сипап қойса болды,
Желпілдеп жетіп келер жын болғанбыз.
Ол сұмдық шыбын екен быжынаған,
Алдымнан солар шықты құжынаған.
Өмірде болмайды екен сұмдар жалғыз.
Отырмын енді міне меңірейіп,
Иленген енді мені тірідей үк.
Етегі ерте ашылған сұлу қыздай,
Қараймын әркімдерге бедірейіп.

ҚАЙНАЗАР МЕН САРЫБАЙ
Екейден шыққан Қайназар,
Мұндай бір сойқан қайда бар?
Алатау елін сұраған
Елімнің басын құрған,
Сарыбайменен өш еді,
Сойқанды салып кесірлі
Қаражал қасқыр секілді
Жолын бір талай кеседі.
Атағы кеткен әр қайда
Жақсымын деген Сарыбайға
Жасаған оның сесі еді.
Өстіп жүрген Қайназар,
Бір күні ұстаханаға
Абайсыз кіріп кетеді.
Көрпілдеп жатқан көрікке,
Көздері түсіп кетеді.
«Темірді темір кеседі
Темірді темір теседі»
Дейді де есіл Қайназар
Бұрылып шығып кетеді.
Осы бір өзі Назардың,
Тоқтамға келген сабаздың
Сарыбайға да жетеді.
Бірлігін елдің ойлаған,
Сарыбай мен Қайназар
Бітімге келгені осы еді
Сарыбай ақыл кеніші,
Сонда бір кеңіп терісі
«Қайранда ерім Қайназар,
Сендей бір серік қайда бар?
Дүрдиіп дүрсіп жүргенде
Дүние бастан айналар,
Батырлық, ерлік сенде бар
Айла мен амал менде бар
Екі тарлан бөрідей
Ал, қостық тізе дейді олар
Екі де бірдей айдаһар
Осыдан соң-ақ топ бастап
Орысқа ойран ойналар
Қоқанда бармақ шайналар.
Өмірі күнде өксімей
Көңілі елдің жайланар
Бірлігің болмай қайда мал,
Басқаға бағың байланар
Аталар тапқан осы ақыл
Ақылы барлар ойланар.

ҚҰЛА ШАБДАР
(хикая)
Ақиық ақын Сүйінбай дүниеден өтерінде «Шапырашты баласы, келесі жылы маған ас бергенде қырғыз-қазақты түгел шақырып, ат шаптырарсыңдар. Сонда ат баптап әуре болмаңдар. Менің ойға да, қырға да мініп жүрген жаман құла шабдарымды бәйгеге қоса салсаңдар болды, барлық аттан басып озып бірінші келеді», – деп аманаттап кеткен көрінеді.
Сүйекеңе ас беріп, ат шаптырар кезде бұрын соңды бәйгеге түсіп көрмеген құла шабдарды қосу керек пе, қоспау керек пе деген үлкен талас болады. Ақыры ақынның ақырғы аманатын орындаған біздің ел құла шабдарды баптамай-ақ бәйгеге қосып жібереді. Ақын атамыз айтса айтқандай сол бәйгеде қырғыздың атақты сары атын басып озып құла шабдар елдің жағасын ұстатып бірінші келеді. Үш жүз аттың ішінде жаман шұбардың бірінші келгендігі ғаламат оқиға болып, жұрт бұл құла шабдар атты әруақпен сөйлескен киелі жануар санатына қосады. Бұдан былай құла шабдардың үстіне шыбын қондырмай еркіндікке жіберуге келіседі. Бірақ ас соңында құран оқылып болған соң, құла шабдар кісінеп барып өліп кетіпті,– деген аңыз бар.
Құла шабдар самғады,
Көзден жасы домалап.
Құла құла болғалы
Топқа түсті, о, ғажап!
Құла шабдар самғады,
Құлағынан жел үрлеп.
Аярға жан қалмады,
Үзілердей кеңірдек.
Сары ат зырлап оңынан,
Ол да түсті қапталдай.
Арлан қасқыр соңынан
Салып келе жатқандай.
Құла шабдар ышқынды,
Өлер шағым келді деп,
Ерні ыржиып үстіңгі,
Астыңғы ерні елбіреп.
Қиқулаған мына кім?
Құла әруағын шақырды.
Бәйгесі еді құланың
Ең алғашқы...ақырғы.
Сары ат аяқ салды алға,
Ілгізбеске бәйгісін.
Құла ат шапты жалғанға
Білдірмекке қайғысын.
Шабдар үшін өмірлік
Бұл шабыстың мәні бар.
Ащы ішектей созылып,
Аңырады жануар.
Құла шабдар шапты алға,
Құдіретін жоқтаған.
Егесі өліп жатқанда
Екі дәурен жоқ-ты оған.
Сары ат мойнын созды, әне,
Жұрт аузында «А, құдай!»
Құла шабдар самғады
Қоян қуған тазыдай.
Тасын илеп тақырдың,
Ұшты құла от өріп,
Әруағын ақынның
Бір қазақтай көтеріп.
Ұшқан құсты кез келген
Тістеп өтіп барады.
Жарлы, құзды жерлерден
Құс боп өтіп барады.
Белес көрсе еліріп,
Бор қып өтіп барады.
Омыртқасы сөгіліп,
Орғып өтіп барады.
Жанын аза, ой қыштап,
Сүйекеңді зар қылды.
Шапқан жерін оймыштап,
Оймақтай ой қалдырды.
Аза тұтты асырып,
Қара менен төреден.
Ат иесі асығып,
Күтетіндей сөреден.
Айтып аза, иманын,
Тірі адамша өкінді.
Сүйекемнің дидарын
Көріп шапқан секілді.
Білмей жүрген нарқын ел,
Момын шұбар бұлқынды.
Бөктердегі қарсы жел
Бөздей болып жыртылды.
Сары ат артқа тасталды,
Сөре міне, мінекей!
«Бауырымдап» бас салды
Мойынынан бір екей.
Бәйге алды, Алла-ау, расында,
Ал, екейім, жылашы,
Сүйінбайдың асында
Сүйінбайдың құласы!
Келді құла жел-дауыл,
Ауыздықпен алысқан.
Құла ат емес онда бұл,
Шабдар түкті арыстан.
Шабдар жылқы пішінде
Шамырқанып, қозданып,
Үш жүз күлік ішінде
Ақ жолбарыс озды анық.
Жан шыдамас сөзіне
Сүйекеңше бәйге алып,
Кете барды өзі де
Бір елеске айналып.
Шабдар өлді. Ақ жаны.
Ақтап ақтық парызды...
Сүйінбайдың әруағы
Ат боп шапқан тәрізді.
Құла шабдар шартына
Жастай мен де шалдыққам.
Сары аттардың даңқына
Қызықпаймын сондықтан.
Сары ат –даңқы, жез кеуде,
Жез омырау тозады.
Шын намысқа келгенде
Шабдар аттар озады.

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ КОМПОЗИТОРЫ
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ АҚСАҚАЛҒА
Нұр-ағам тентек теңіз, күй дастандай,
Аспанда аққуменен үн қосқандай
Шарт етер шапырашты мінезің бар
Қасыңнан сайтан безіп жын қашқандай.
Жетпістен тұрсыз бүгін асамын деп,
Асқар тау мен де биік, жотамын деп,
Музейден екі метр жер сұрайсыз
Қасына Жамбыл тәтем жатамын деп.
Жамбыл атам сияқты жүзге келмей,
Ол жерде аға сенің жатағың жоқ.
Өлетін Жамбыл атам өліп кетті
Өзіңнен басқа бүгін атамыз жоқ,
Қалқайып қос құлағың жүре берші
Жасыңнан Жамбылдың да асамын деп.
(Бұл өлең Нұрғиса көкеміз өзінің көзі тірісінде Жамбыл ақын зираты қасынан өзінің болашақ зиратына деген екі шаршы метр жер сұрап келіп тұрғанда айтылған өлең еді. Ақыры Нұрғисаның осы тілегі орындалып, қазір ұлы композитор өзінің ұлы бабасы Жамбыл Жабаевтың зираты қасында жатыр).

БІЗДІКІЛЕР
Бала кезде батыр ем, айдарлы едім,
Мен ол кезде бір ғажап майданда едім.
Ағаш атқа мініп ап тұра шапсам,
Чапаевтай атақты айбарлы едім.
Біздікі боп ол кезде ойнаушы едік,
Ешнәрседен ол үшін таймаушы едік.
Ағаш қылыш жарқылдап, жау жапырып,
Ала тікен кескілеп қоймаушы едік.
Жауды көрсе қуанған Махамбеттей,
Біздікілер дегенде жайнаушы едік.
Біздікі боп тек қана ойнайтынбыз,
Қалың жауға қылышты қайрайтынбыз.
Дүниенің бар жауы қаптаса да,
Біздікі жеңеді деп ойлайтынбыз.
Біздікінің ниеті түзу еді,
Біздікі боп ойнаған қызық еді.
Қып-қызыл бір майданда жүрген соң ба,
Ұраны да, туы да қызыл еді.
Батыр-бұтыр балалар кескілесе,
Ала тікен мойнынан үзіледі.
Бұл күн бөлек әрине, ол күн бөлек,
Біздікі жоқ. Ауылға келдім бөлек.
Аспан бойлап қаулаған ала тікен,
Адырайып қарайды «Жеңдің бе?» деп.
Ескі үйлердің өсетін түбіндегі,
Менсінбеді тікендер бүгін мені.
Елім үшін деп ауыл жүгірмегі,
Әскер ертіп артынан жүгірмеді.
Осындайдан басталар елін сүю,
Осындайдан адамның түңілмегі.
Біздікі боп аттанса қазақ елі,
Қайтер екен ауылдың қаракөзі.
Басқа жағын қайдам-ау, сол заманның,
Біздікілер дегені ғажап еді.
АҚТАРЫЛУ
Жабы тірлік жырға мойын бұрғызбай,
Бір күннен соң өтіп жатыр бір күн жай.
Жарқын ойлар, жарқ етіп бір келсейші,
Көк аспанды жарып аққан жұлдыздай.
Арман деген ақ кеменің жырдағы
Желкеніне жел керек боп тұрғаны.
Талай рет жыр арнадық қыздарға,
Қызғалдақтай жанып тұрған қырдағы.
Елемейтін сынды мені еш пенде,
Ескермейді кейде дулы кештерде.
Бабам Жамбыл басындағы бақ-дәулет,
Баласынан басқа жанға көшкен бе?!
Бабалардың артқан жүгі батпандай
Көтерейін
Соқ, жүрегім, соқ, талмай!
Сүйінбайлар салып кеткен жолдардың
Бір сүрлеуі жүрегімде жатқандай.

«БАСТАУ»
ЖЫР ЖИНАҒЫНАН
(1984 жыл)
Құлан жырдың қолтығын бір жазайын,
Тушы алдымнан өз жұлдызым, өз айым.
Ақындардың көрмесіндей әз өлкем,
Бір ақынға болсын тағы көзайым.
«Сөз кезегі өзіңде енді, қырғиым», -
Десе де жұрт тумай жүр-ау жыр құйын.
Ұлыларға оңай емес,
Ендеше,
Ұлылардың ұрпағына тым қиын.
Таңдайынан тамып түсер тасқа өлең,
Сүлейлерден өнеге алған жас пері ем.
Текті сөздің бір тарауын айтайын,
Тыңда, далам! Тыңда, Қастек, Қаскелең!

АРДАГЕРЛЕР
Жарық дүние күлкіге, әнге байып,
Жылдар зулап барады таңғажайып.
Сонау соғыс жылдары алыстады,
Алыстатқан жандар да қалды азайып.
Осы өмірді жеткізген өрге сүйреп,
Көп еді ерлер,
Кернеген кеудесін кек.
Осы күнде от жүрек сол ағалар
Көшелерде түсіп жүр көзге сирек.
Аз-ау сондай ағалар – алып шынар,
Тарланбоздар бағасын әлі ұқтырар.
Әлі кейін елесін іздер оның
Табанынан таусылып тарихшылар.
Сақтап қалған жарық күн, жарқын айды
Ойлар ұрпақ солардың нарқы жайлы.
Боздақтардың бейіті басында бір
Екі тізең еріксіз қалтырайды.
Тіршілікте қай адам тойды арманға,
Түнереді өткенін ойлағанда.
Медаль таққан қарт солдат маршал құсап,
Мерейі асып жүреді мейрамдарда.
Мың бір әжім маңдайын әдіптеген,
Жүреді олар сырласып даңқпенен.
Жүрегімнің жанар тау дүмпуімен
Көрген сайын соларға салют берем.
Сиреп бара жатса да сол ағалар
Кездері жоқ тірліктен шола қалар.
Қолтықтағы көнетоз балдағымен
Көзге шұқып ажалды келеді олар.

ПАНФИЛОВШЫЛАР ПАРКІНДЕ
Салтанатпен мүлгиді үнсіз сая бақ,
Дем дірілін сезгендеймін сол бақтың.
Мәңгілік от алақанмен аялап,
Маңдайынан сипайтындай солдаттың.
Тыныш мұнда, тыншып жатыр даңқты ер,
Тұғыр тасты жылытады нұр қонып.
Гүрілдеген гүрзі тұмсық танктер
Шөп астына шөгіп кетті күл болып.
Белгісіз сан сарбаздардың осы күн
Белгілері көкті барып тіреді.
Мен білмейтін, сен білмейтін есімін
Жер-ананың көкірегі біледі.
Біледі ұлын, біледі ғой Ұлы Ана,
Ұландарын ұмытпайды халқымыз.
Аспандаған атақ емес, сірә да,
Белгісіздік – біздің ұлы даңқымыз.
Сабыр, достым, тый жаныңның күлкісін,
Мұнда үнсіз ойға батар ақындар.
Мазалама,
Бірер сәтке тыншысын
Тыныштықты қорғап қалған Батырлар.

АМАН БОЛ, АҒА!
Аманбысың сен әлі, ағатайым «Волгалы»,
Ұмыта алмай келемін «ерлігіңді» сондағы:
Орта жолда тұр едім: «Отыр! – дедің, – Бол, кеттік»,
Шын кісілік көрсетіп, өзің өзің болғалы.
Жүрмеген соң дәл сендей дәулет құрап, бақ құрап,
Жаяу-жалпы жүрміз ғой ой мен қырға шапқылап.
Самай шашың ағарып кете жаздап тоқтадың,
Машинаның есігін жауып едім қаттырақ.
Бізде арман бар ма екен, барда өзіңдей «жақсы» аға,
Дүниенің есебін дәл өзіңдей тапсақ, ә?!
Жиған-терген байлығың шалқып кетті.
Өйткені,
Іліп-алып кетесің көлденең шөп жатса да.
Төрт кластық біліммен төр басына кеп жеткен,
Неткен епті жан едің, жылпос едің сен неткен?!
«Табыс тапсам, шіркін-ай!» – деп ойлаған жандайсың,
Жатқаныңда-ақ шыға алмай шыр-шыр етіп жөргектен.
Көзге ілетін сен бе едің көлігі жоқ «кедейді»,
Көңілің толмай көркіме сұрақтарың көбейді:
«Бірінен соң өлеңнің бірін жазып жатырсың,
Біреуіне сонда олар қанша ақша төлейді?»
Қаламақы алуды жүрмесем де мият қып,
Айттым мен де өсіріп, жиып қойып ұятты.
...Батпақ жолда машинаң бара жатты гүжілдеп,
Қиға барып қонатын қара қоңыз сияқты.

АДАЛ АДАМ
Бір адамдық күтеді ол бұзықтардан,
Бір жақсылық күтеді ол тұнық таңнан.
Жаман пиғыл тоспайды ешкімнен де,
Ешкімнен де сыры жоқ бүгіп қалған.
Езуінен жиылмай күлкі керім,
Осылай-ақ күн кешсін, шіркін, ерің.
Мылтық кезеп сен оған тұрар болсаң,
Ойнап тұр деп ойлауы мүмкін оның.
Өміріңнің әр күні бір сын еді
Өзгелердің қамы үшін күрсінеді.
Сен әншейін бас шайқап қоя салған
Қиянаттан ол қатты түршігеді.
Тірлігінің туы еткен адал арын,
Жақсылардың жанарын жаба ма мұң?
Сенің жаның түршіккен қиянатқа,
Оның жаны білмеймін не боларын?

БАЛАЛАРДЫҢ БАЛДАҒЫ
Соғыс өтіп, көз жасы құрғаса да
Кейде-кейде көңілді зіл басады, ә?!
Алып шықты кеше бір аптекадан
Бүлдіршіннің балдағын бір жас ана.
Көрді-ау сәби тағдырдың қақпақылын,
Күрмелесің сен неге, ақпа тілім.
Ойшылдар-ау, шынымен таппадың ба,
Ойыншықтың осыдан басқа түрін?
Балдағы не, жүрмей ме бала билеп,
Кімдер оны түсірген нала күйге?!
Мұны анасы арнайы аптекадан
Ойыншық деп алды ма?
Жоқ, әрине!
Өзін қалай жасаған дәл мүсіндеп,
(Айта алмаймын мұны бір алғысым деп)
Ана мұны алған ғой,
Құлыншағы
Қатарынан кем қалмай қарғысын деп.
Ақсатса да тағдырдың шөңгелері,
Қандай ана баласын кем көреді.
Осы боп тұр, сұмдық-ай,
Сәби үшін
Ойыншықтың әзірге ең керегі.
Маған жұмбақ, балақай, атың, әттең,
Берік еді тағдырдың дәті неткен?!
Балапаны қыранның шығарсың-ау,
Ұшамын деп қияда қапы кеткен.
Бөпем, сені бұл ағаң солай ұғар,
Бәлкім, сенің аяғың әлі айығар.
Ер жігітке кездесер біле білсең,
Қиындықтың өмірде талайы бар...
Тіршілікте соғады небір құйын,
Адам түгіл тозады темір бұйым.
Мақсатыңды ақсатпа ең бастысы,
Мақсат болмай, күресте жеңу қиын.

ҰЛЫМДЫ САҒЫНҒАНДА
Сен әжеңе кеткелі шу азайды,
Азайтумен тартқыздың-ау сазайды.
Шекелесіп жататұғын сенімен
Шешең байғұс енді мені қажайды.
Үйіміздің ұрлатқандай құт-әнін,
Жапырақсыз селдірейді бұтағым.
Анаң, әне, шығып кетті далаға
Ысырып тастап оқып жатқан кітабын.
Авторының айыбы жоқ,
Дегенмен
Тартпады оны роман да, өлең де.
Жан дүниесін жайлап алған сағыныш
Сыймайтұғын ешбір мөлшер көлемге.
Анаң сенің атып тұрып кей түнде,
Душар боп жүр: «Дәурен қайда?» – дейтінге.
Бар бітірген жұмысымыз киноға
Барып жүрміз қыз-бозбала кейпінде.
Үлкендердің немерешіл дауын да,
Елеместен ентелейміз «дәу» ұлға.
...Әжемізден сәл ұяттау болса да
Билет алып қойдық бүгін ауылға.

АНА
Баллада
...Жанға дәру болмай жүр-ау жырларың,
Ой кеміріп, оңнан туған қайсы айың?
Ұлылықтың ұғу үшін шын мәнін,
Ұлым, саған бір әңгіме айтайын.
(Анамның әңгімесінен)
Туған үйдің есігі тұр бекулі
Соғыс, міне, жүріп жатыр бір апта.
Эшелондар вагон-вагон жетімді
Жау қолынан ала қашты жыраққа.
Эшелондар тылға беттеп тартты алға,
Қол бұлғайды Украина орманы.
Фашистердің самолеті аспанда
Қарауылға жетімдерді алды, әне.
Сансыз бомба келе жатыр сорғалап,
Көкке қарап шырқырайды көп жетім.
Өшпенді жау өте шықты бомбалап,
Қызыл жалын отпен орап жер бетін.
Ажал ауыз салды келіп бізге енді,
Алапаттың жоқтай мүлдем тоқтамы.
«Мамалаған» жалынышты үндерді
Қырқып өтті пулеметтің оқтары.
Жатыр, әне, жараланып ыңырсып,
Жазығы не жаңа туған жандардың.
Сәби дене, сәби қолдар жүр ыршып,
Қан аралас топырақта қоймалжың.
Өшті осылай бала шақтың нұр таңы,
Сәби жүрек енді қайтып соғар ма?
Болғаны үшін большевиктер ұрпағы
Талайлары кетті өртеніп вагонда.
Қатал кезең, қайғысыз жан кемде-кем,
Соғыс кімге тигізбеген салқынын.
Өне бойын ауыр сырқат меңдеген
Ортамызда жалғыз ана бар-тұғын.
Қасіретке кеткенімен еті өліп,
Өлмейді ғой мейірімі адамның.
Ауыр сырқат сол ананы
Көтеріп,
Вагонға әкеп салып еді сонау күн.
Өлім де көп, қайғы да көп, кесел көп,
Ананы да аямаған бұл уақыт,
«Бір жұтым су әкеп берші, көкем», – деп,
Әрең-әрең жатушы еді тіл қатып.
Өзегіне от құйды ма жай мына
Орынынан әрең-әрең тік тұрып,
Ұмтылды ана құшағын кең жайды да,
Өрт ішіне бомба жауған ысқырып.
Жүректегі махаббаты аналық
Өрттен де әрмен лаулап тұрған шақ онда.
Қызыл тажал от ішіне оранып,
Жанып жатқан қойып кетті вагонға.
Қас қағым сәт, әрбір минут санаулы,
Самолеттер атқылап жүр оқ төгіп.
Сәбилерді етегіне ораулы
Абзал ана алып шықты көтеріп.
Ысқырынған оққа төсеп кеудені,
Төзімі бар тауқіметке қажалған.
Жанып жүріп үстіндегі көйлегі,
Өзгелерді құтқарып жүр ажалдан.
Екеу...үшеу...тағы бесеу...тағы оны,
Ең соңғылар қалған шығар, тегі, енді.
Вагондарда
Дарымаған жау оғы
Құтқарылған бала демде көбейді.
Соңғы сәби қалды ма екен табылмай,
Құшағы бос келеді ана жақындап.
Арқасында айдаһардың жалындай
Бір құшақ от алаулайды лапылдап.
Сарқып болып біздер үшін өз демін,
Келе жатыр абзал ана өртеніп.
Жетім біткен жұмып алған көздерін,
Елес болып бір кездегі еркелік.
Қанды тырнақ қару ажал қарманып,
Жалмап кетіп бара жатыр жанды асыл.
Қызыл жалын – қызыл мыстан долданып,
Арқасында сол ананың салды асыр.
Кенет-кенет өне бойы составтың
Селк етті де, тартып берді дүркіреп.
Алдымызда арайланып аппақ күн,
Артымызда қала берді түн-түнек.
Көзімізден қызыл ұшқын ұшты бір,
Бара жатты көз ұшында от қашып.
Аяулы ана орамалын қып-қызыл
Бұлғап тұрған секілденді қоштасып.
Алыс еді жетер күндер жеңіске,
Алдымызда асу-асу белес көп.
Көз ұшында қызыл қанат періште
Тұрды сол сәт бәрімізге елестеп.
Жерге келдік жұпар шашып, гүл өнген,
Көкте күліп елжіреді ғажап күн.
Жалғыз состав қорғансыздар тиелген
Жетіп еді даласына қазақтың.
...Жетім едік. Соғыс бәрін жалмаған,
Ерте есейдік балалықтан құр қалып.
Дарқандығы даласынан аумаған,
Құшағына алды бізді бір халық.
Діліміз де, тіліміз де төселді,
Тамыр жайдық, туды бізден жаңа ұрпақ.
Менікі деп иемденсем осы елді
Ешкім бүгін қарамайды таңырқап.
Ұмытсам да соғыс салған таңбаны,
Жүрсем дағы бақыт жырын ән қылып,
Қызыл қанат періште-ана сондағы
Көз алдымнан кетер емес мәңгілік.

ТАУ ҚЫЗЫНА
Есімнен кетпес күлкі-ойын,
Есімде сенсең, бала қыз.
Өткізіп өлең, жыр тойын,
Аттанып, міне, барамыз.
Қоштасар сәтте айырылмай,
Қолыңнан қысып тұрғам-ды,
Ақтығы таудың қарындай,
Айтылмай арман, сыр қалды.
Тағатым таппай бір тыным
Толқуды тұрдым жоя алмай.
Жүректің асау дүрсілін
Өзгелер естіп қоярдай.
Қош айттым саған жәй ғана,
Қош айттым үнсіз жанармен.
Болмаса ел-жұрт айнала
Шашыңнан иіскеп қалар ма ем.
Бір сәтке сен де, арманым,
Ұмытып жеңге, ағаңды,
Дірілдеп алақандарың
Түзете бердің жағамды.
Дірілдеп саусақ, қол ұшың,
Сыр аштың солай сен маған.
Аңқауым, сені ол үшін
Сөккен де болар жеңге, ағаң.
Тағдырмен осы келіспей,
Қол бұлғап қалдың соңғы рет.
Кемсеңдеп тұрдың тек іштей,
Кекілің желмен желбіреп.
Артымда қалды мәңгі арман,
Алыстай берді нұр – көрік.
Ауылға асқақ таулардан
Елесің келді бірге еріп.
Кеткелі сенен аулаққа
Бір күнім бейне бір жылдай.
Жанарым тұрар тау жаққа
Жәудіреп таңғы жұлдыздай.
Көңілде қазір көп елес,
Көмескі түс те көбейді.
Жолымды таулар ғана емес
Тағдырдың өзі бөгейді.
Бөгейді шың-құз, шатқал мың,
Бөгейді таулар еңселі.
Қашан да махаббаттардың
Қиындық болған өлшемі.

ҚҰПИЯМ ЖОҚ
Құпиям жоқ,
Болса да сақтамаймын,
Көңілім бір кірбіңсіз аппақ айдын.
Адал достың алдынан құшақ жайып
Айқарыла ашылған қақпадаймын.
Құпиям жоқ,
Бәрін де ақтарғанмын,
Сырымды айтып беремін достарға әр күн.
Құпиясы болса егер болар мүмкін
Мансап үшін ұятын сатқандардың.
Құпиям жоқ,
Болса егер білерсіздер,
Бәлкім, сіздер осыған күлерсіздер.
Құпиямды біліп ап,
Қыл мойныма
Құрық салмақ болады жүгенсіздер.
Құпиям жоқ,
Ақтарып айтам бәрін,
Ішімде жоқ жасырын сайтандарым.
...Бала қыз-ай, бар еді бір құпиям
Соны ғана мен саған айта алмадым.
***
Келіп көктем – көк көктем, көрік көктем,
Буын босап, сабырдан ерік кеткен.
Көшелерде көркемдік таластырып
Қыздар біткен қыдырғыш болып кеткен.
Тұнған сәуле, айнала тұнған арай,
Көктем келіп сырға да, жырға да бай.
Бозбаланың бездіріп түн ұйқысын,
Бойжеткеннің жүрегін қинағаны-ай.
Қызықтырып қыз көктем сырына алуан,
Көркем сурет көзіңнің нұрын алған.
Күншуақта кемпір-шал отыр, әне,
Қартайса да көзінде күліп арман...
***
«Қалада жүр ақынның ірі-ұсағы,
Бәрі де ұлы болуға тырысады.
Қалмай сен де қатардан бармайсың ба?»-
Бір ағайым осылай ұрысады.
Бағым жанбай жүрген бір баладай-ақ,
Ағам мені көргенде қалады аяп.
Жағам кетіп жайлауға, жайраң қағып
Келе жатсам көшеде жалаң аяқ.
Кетсем алыс емес қой Алматың да,
Сол жерде жүр мықты ақын жолдасым да.
Шалғы шауып жүрген соң, шалап ішіп
Ағам мені қоспайды заңды ақынға.
Жырлағанда көзден жас ағызатын,
Жүрді кеше қалада нағыз ақын.
Қарыс қадам жердегі Қарасазын
Қарс айрылып жүрегі сағынатын.
Тарғыл тасын сағынған тарлан аға
Ортақ бүгін қалаңа, тау, далаңа.
Өгей бала өлеңде болмау үшін
Мен де барып қайтайын сол қалаңа.
Қаз-қаз басып анамның «тәй-тәйімен»,
Жігіт болып әкемнің айқайымен
Өскен ауыл ұлы едім,
Ертең осы
Қалаңа да бір барып қайтайын мен.
Қала бейне ұнайды сәніменен,
Дала кейде сынайды шаңыменен.
Қала, дала, аспантау, ақ шағыл құм,
Ортақ ұлмын бәріңе, бәріңе мен.
Төбесінен төгетін Күн жылуын
Төрт құбыла әлемнің ізгі ұлымын.
Ақынымын аядай ауылымның
Жер шарының кәдімгі тұрғынымын.
Әлем мұңын өзімнің дертім еттім,
Өлең-жырын өлкемнің еншілеппін.
Перзентімін Жетісу – туған жердің,
Ақынымын бар құрлық, континенттің!

ЖЫР ТУҒАНДА
Алып кел қаламымды, Дәурен балам,
Жалғайын жырдың жолын жалғанбаған.
Алдымнан шықты тағы шырқау шабыт
Алты ай жаз ала бұлтын армандаған.
Санамда жарқ-жұрқ етіп жанған оттай
Күй келсе отырар кім ойға батпай.
«Тұяғы» қаламымның тысырлайды,
Кермеде тықыршытып қойған аттай.
Осылай шырай беріп күлкіңе қыр,
Сіркіре, ақ жаңбырым, сіркіре нұр.
Құлазып күз күніндей тұрған жаңа
Құлпырып сала берсін шіркін өмір.

ЖАУАП
Сен: «Ана жылы албырт мінезді, аңқылдақ ақын досың бар еді, қазір сол қайда?» – дедің.
Қалды ол белден аса алмай,
Ұраны: «Тек жүр! Абай жүр!»
Шындығын сыртқа шаша алмай
Ішінде өлді талай жыр.
Өлтірді іште жыр талай,
Ойлары – үй-жай, орманы.
Ақын боп асау бұрқамай
Аяңдап жүрсе болғаны.
Ондайды ақын деген кім,
Әлгіндей болса тілегі.
Бай болам жұрттан дегеннің
Өзі де өлі, жыры өлі.
Солайша өшті бір ақын
Жырымен шашқан нұрлы ұшқын.
Өзгертіп өлең мұратын,
Өгізі болды тірліктің.
Жіберсе егер еркіммен,
Оранып ыза-отқа мен,
Сәбиін өзі өлтірген
Анадай оны соттар ем!

«БІРЛІККЕ» БАРА ЖАТҚАНДА
Көне сүрлеу барады ағып суша алға,
Жұпар иіс бұрқырайды жусанда.
Айналаның бәрі таңсық бүгінде,
Осында өсіп, осы ауылда тусам да.
Сыңғыр-сыңғыр сырнай тартып шилері,
Сырлы «Ащыны» сырбаз әуен биледі.
Қылта тұстан көрінеді қылт етіп,
Қызыл аңдып қырды кезген шибөрі.
Күн еңкейіп болып қалды екінді,
Қызыл сәуле аймалайды бетіңді.
Өркеш таулар өлең сүйген жүректің
Кардиограмма толқындары секілді...
Табиғатқа айтып арман – сырларын,
Бұлттар көші барады ұшып бір қалың.
Алыстағы тракторлар дауысы
Жыр етуде молшылықтың қырманын.
Жабы бұлттың жанарынан жас жаумай,
Қаңсып қалған қазірден-ақ бастау қай.

«АҒЫМНАН ЖАРЫЛАМЫН» ЖЫР ЖИНАҒЫНАН
(1987 жыл)
Шілде шыға бәсеңсіген арыны
Шұңғыл сайлар орта түскен астаудай.
Бұраң-бұраң жолдары көп тірлікте,
Біреу бағыт ұстанған-ау «Бірлікке».
Құдды өзімдей
Қара жолдың үстінде
Құлдыраңдап бара жатыр бір нүкте.
Іштей толғап бара ма екен ол да жыр,
Іңкәр елге жеткізер-ау жол қазір.
Әудем жерден жеті айда бір жетпеген
Әлде мендей жайбасар ма ол да бір.
Жалғыз белес жеткізбейді мың белдей,
«Бірлігіме» кеткем қалай бір келмей?!
Сағынғаннан
Кеңістікті жанарым
Тесіп өтіп бара жатыр туннельдей...

БІРЕУГЕ
Өзгелерге өрең түк жетпегесін
Сен өзіңнен басқаны жек көресің.
Өміріңнің барлығын
Басқаларға
Өрмекшідей тор құрып өткересің.
Жетсем-ау деп біреудің түбіне осы
Жемтік көрген қорқаудай жүгіресің.
Әр адамның ішіне
Әлсіз жерін
Білу үшін үкідей үңілесің.
Тарлан көрсең тамам ел тамсанатын
Тас кенедей жабысып қан соратын,
Жақсы істерін жасырып,
Жаңсақ кетсе,
Жалпақ елге түп-түгел жар саласың.
Бір-біріне ешқашан өкпелемес
Туғызасың туысқа кек пен егес.
Хас дұшпанның жасаған жауыздығы
Сенікінің жанында ештеңе емес.
Озбыр ниет ойларда ішің ерге
Сендей қарау емес-ау күшіген де.
Жайсаңдардың қасында көп жүресің
Жақсы болып көріну үшін елге.
Жүрісіңе
«Еш мінсіз» елтігесін
Жұрт тамсанып жүр сырттан көркіңе шын.
Бейдауа ісік секілді,
Адамдарды
Ажалынан бұрын сен өлтіресің.
Бәрі жақсы дегенге жүгінбе құр,
Осындайға кенде емес бүгінде өмір.
Ішке бүккен бармағын, әзәзіл-ай,
Түбіріңмен жұлармын түбінде бір.

ЖҰМБАҚ ӘЛЕМ ЖАЙЛЫ ЖЫР
Есімде...балалықтың сайран бағын
Базар ғып бал сезімге алданғанмын.
Есімде көлбей ұшқан көбелектің
Қанатын гүлге ұқсатып ойланғаным.
Көкейде бүрін жарып гүл арманым,
Қиялдың елесінен шыға алмадым.
Есімде Көкөзектің инелігін
Ұқсатып вертолетке қуанғаным.
Атойлап көңілімде сезім жаңа,
Армандай көрінетін керім дала.
Керемет құбылысты жұрт сезбеген
Сезгендей болатынмын өзім ғана.
Өзгеше таныған-ау өмір кейпін,
Елітіп оңашада сезімге еркін,
Алаңда асық ойнап жүретұғын
Боп кетті сары бала көрінбейтін.
Білгенін тылсым көңіл айта ма ашық,
Бір сезім, бір сезіммен тайталасып.
Ол үшін келе жатқан сияқты еді
Есігін жұмбақ әлем айқара ашып.
Ұршығын уақыттың зыр қақтырған,
Өтсе де талай күндер мұң қаптырған.
Сол әлем, сол баяғы жұмбақ әлем,
Секілді қолын әлі бұлғап тұрған.

ІНІГЕ СЫР
Інім-ау, сен де таттың ба сезімнің алғаш шарабын,
Сағатқа сонша тағатсыз сәт сайын неге қарадың?
Сырбаздық пенен серілік бойыңда сенің тапшы еді,
Үтіктеп жатсың асығыс шалбардың шаң-шаң балағын.
Көшені кезген тентекті бір жөнге салып бергендей,
Әмірі жүрген сотқарға перизат еді ол нендей?
Қырындай келіп айнаға он келіп, қайта он кеттің,
Өзіңді-өзің айнадан өмірде тұңғыш көргендей.
Дүрия көйлек қыздармен гүл теріп шығар көк белге,
Махаббат, жастық әуресі саған да келіп жеткен бе?
Қыз дәурен мынау ғұмырды
шын сүйіп қалған шығарсың,
Көктемге сұрай көрімдік тырналар ұшып өткенде.
Жастықтың тарқап базары, алмасып жатыр көктем, күз,
Кекілді тарап айнаның алдынан біз де өткенбіз.
Егіліп жылап жырымды жатқа оқып бүгін жүр ме екен,
Ең алғаш рет именіп ернінен өзім өпкен қыз.
Арманға толып жанарың, сабырың мүлдем сақталмай,
Асыға басып сен кеттің-ай туған шақта ақ маңдай.
Арбасып әлсіз елеспен елегізіп үйде мен жаттым,
Арқама бейне арқардың асығы батып жатқандай.

АҒАТАЙ ДЕУШІ ЕҢ...
Ағатай деуші ең, күтпей бір менен пенделік,
Ағатай деуші ең, ағаңа мені тең көріп,
Сол ағаң сенің сергелдең болып жүр бүгін
Сезімнің ақ жал толқындарында тербеліп.
Аңқауым, саған аға етіп өмір қойды да,
Амалсыз, міне, алданып келем ойыныңа.
Абдырап тұрып адалдық жайлы ойлаймын
Ағалап келіп асыла кетсең мойныма.
Ағаңда ғажап айтылмай жүрген сыр барын
Аңқауым менің, әлі де ұқпай жүр жаның.
Ағалық менің ықыласымның артында
Аңқасы кепкен аңсаудың бұғып тұрғанын.
Албырап тұрып сендегі алау гүл ерін,
Ағатай десең, аунап бір түсер жүрегім.
Талайдан бері келемін сенің алдыңда
Айнытпай ойнап ағаның адал рөлін.
Аңқылдай берме, аңқауым, біреу күлсе егер,
Адамда қазір аз емес шығар дүмшелер.
Арудың бәрі аңқау боп мәңгі қалмас па,
Ағаның бәрі ақ жүрек болып туса егер.
Айтуға соны оқталып барып неше мың
Алдыңа келсем айта алмай үнсіз кетемін.
Ашылмай тұрып аңғарту керек шығар-ау,
Ағалығымның алдамшы қылық екенін.

ЕСІМДЕ ЖОҚ...
Сүйгенім бе,
Сүйгенім өмірде емес
Ұйықтасам түнде түсім,
Көңілде елес,
Өлгенше кетер емес
көңілден еш.
(М. Мақатаев)

Есімде жоқ, біреуді сүйе алдым ба,
Соны ойласам, кетеді қиял мыңға.
Үміті бар біреуге қарайладым
Уәдемді бұзуға ұялдым да.
Ыстық сезім, қыздардың отты лебі, –
Бәрі-бәрі айналып өтті мені.
Жалынымен жанымды өртей алмай
Әлі есімде бір қыздың өксігені.
Қызық қуып және де қуып өлең,
Жүрдім рас, тойларда түніменен,
Аруларды сонда бір аймалаппын
Алаулаған жастықтың буыменен.
Ақтарып сап сол түні сезім легін,
Ал ертесін есімде безінгенім.
Уылжыған қыздардың қылығынан
Ерсілеу боп тәттілік сезінгенім.
Ақ сезімнің айдынын шайқағанға
Көңіл толмай, сырғыппын сай табанға.
Қадірлім-ау, көкейде сен тұрғанда,
Мен басқаны сүйдім деп айта алам ба?!
***
Қар қылаулап тұр еді, осы есімде,
Адастық біз Алматы көшесінде.
Неге адастық білмеймін,
Бар көшенің
Білуші едік тұйығын, төтесін де.
Қар қылаулап тұр еді бел-белесте,
Жарыстырып келеміз ойды елеске.
Біз автобус күтетін аялдама
Астанадан табылмай қойды емес пе...
Мен тұрғанда алам деп қандай шешім,
Сен қимапсың сезімнің балдай кешін.
Жол іздеп ем алаңдап
Дедің маған:
«Адастырдым әдейі, ал қайтесің?»
Сенің мұндай айналдым амалыңнан.
(Алтын жұлдыз жарқ етті жанарымнан)
Ала қашып жүзіңді жалтарсаң да
Аймаладым ақ ұлпа тамағыңнан.
Жаға-жеңді малшынтып жақұт қарға,
Ақырында іліктік ақық таңға.
Сен бірақ та егіліп жылай бердің,
Назадан ба, білмеймін, бақыттан ба?!
***
Қуанған болам жұртпенен бірге жаны ізгі,
Қуанған болам, мамырға балап тамызды.
Қуаныш – күлкі шалқыған маңға жолатпай
Кеудемнен біреу итеріп жүрген тәрізді.
Жұбанған болам, ұмытып күнді күрсінген,
Жолдас та болдым көңілі бүтін мұңсызбен.
Жарқылдап күліп, жанында көптің жүрсем де,
Мен өзім жоқ та
Жүргендей бейне құр сүлдем.
Ән салған болам, думанды тойда жайраңдап,
Ән салып емес, тұрамын бекер айғайлап.
Өзгенің тіпті ойына сонда келмейді
Өмірде мынау жүргенің сенің қайғы ойлап.
Шалқыған болам, шаттыққа жайып дос құшақ,
Шақырар кейде адамды сондай тәтті шақ...
Армансыз жандай алаңсыз шалқып,
Ертесін
Болбырап қалам, тесіліп қалған доп құсап.
Армансыз, досым, алаңсыз шақта ал күліп,
Дау-дамай кейде жүреді жүндеп, дал қылып,
Өмірде мынау қуана білген адамға
Қайсыбір кезде қайғыру дағы заңдылық.
Шаттанған болам қосылып жұртқа шат күлген,
Шаттанған болам, кетпейді бірақ дақ-кірбең,
...Әйтеуір, жаным, ауылдан өзің кеткелі
Ойларға батар осындай мінез таптым мен.

СЫР
Он бесімде-ақ тежеу көріп тағдырдан,
Айрылдым мен Айнұр қыздан ән қылған.
Жауқазын жыр жарып шықты кеудемді
Жанарымнан жауған сонда жаңбырдан.
Он сегізде от сезімдер арбасып,
Өзге қызға болдым тағы мен ғашық.
Ол да тұрды көп ұзамай ЗАГС-те
Жат біреумен сақинасын алмасып.
Жиырмамда жиі жүрек маздаған
Жыр қалды ма біз шіркінде жазбаған.
Ыза болып ынтықтырған бір қызға,
Өзімді-өзім жазым ете жаздағам...
Сан қыз алдан сезім гүлін шықты алып,
Бірімізді біріміз тек ұқпадық.
Жиырма бесте осы азаптың бәрінен
Бір қыз ақыр алған еді құтқарып.
Үйленген соң барып қана ес кірді,
Сирегендей болды және дос-құрбы.
Көктем келсе, көз сүзбеймін көк белге,
Сары күзде сағынбаймын ешкімді.
Бұрынғыдай еш нәрсені етпей мұң
Отбасының тыныштығын көксеймін.
Жүрек шіркін, жұлқынады кей кезде,
Бұлқынады,
Бірақ оған не істеймін?!
Кінәлі емес, тегі, бұған адал жар,
Тірлік дәмі сияқтанар маған бал.
Дегенмен де бір құпия қуаныш
Болмаған соң бұл өмірде не мән бар?!
КЕЙДЕ
Жанданып әлем, жадырап тұрсын жер мейлі,
Жападан-жалғыз жаныңды бір мұң кернейді.
Сергелдең қылып жіберген кеше осы мұң
Есенқұл тұрмақ Есенин сері Сергейді.
Түрленіп жер-су, тұрса да жайнап жалын күн,
Жәудір көз мұңға жаныммен түгел малындым.
Мектептен қайтқан Айнұрдың сұрап портфелін
Арқалап жүрген кезімді сұмдық сағындым.
Шалқысын ел-жұрт, бақыттың шырқап шат әнін,
Аулақтап жұрттан ащы бір мұңға батамын.
Басымды даң-дұң даңғаза шудан ап қашып,
Балдырлы көлге, балыққа бара жатамын.
Алаңсыз, мұңсыз Айнұр да, бәлкім, жүр аман,
Аңсауға толы арнаймын әлі жыр оған.
Қам көңіл қылып жаратса бізді қайтесің
Қарасаз, Бірлік, қайыңдар елі – Рязань.
Сағыныш түстес сарғалдақтармен сырласып,
Саяқсып жұрттан кетемін жалғыз қырды асып.
Алдамшы сағым секілді алыс бір бақыт.
Әйтеуір, менен әлемде мынау жүр қашып.
***
Түстіктен сонау талықсып жетіп тырналар,
Толқынға толып, толықсып ағып жылғалар,
Қыпша бел бұлақ қытығы келіп сан аунап,
Қып-қызыл жалау күн батар кезде алаулап,
Көкорай белдер сарғалдақтарын самсатып,
Көбелек біткен көк өрім гүлден бал татып,
Толағай таулар жас талдан жұпар иіскеп,
Тотыяйын аспан одан да әрмен биіктеп,
Қоғалы көлде көлбақа біткен кеңесіп,
Көгілдір белдер көкжиектермен теңесіп,
Ақ ұлпа бұлттар аспанда жүзіп, қалықтап,
Айдынды көлдер теңіз болуға барып қап,
Жапырақтарын жақұтқа малып жас тоғай,
Жап-жарық түнде жалаңаш жүзіп аппақ Ай,
Қызыл іңірің көгілдір түнге ұласып,
Бозбала жігіт бүлдіршін қызға сыр ашып,
Ақ қыстан кейін қонғандай бейне бақ қырға,
Жаужапырақтар алақан тосып ақ нұрға,
Кеудемнен менің сезімнің селін көшіріп
Қоңыраулатып, көктемім келіп қалдың ба?!

КӨЛЕҢКЕ
Таппаса да тың теңеу, дара сурет.
Жылтыр жырдың жазып жүр жаңасын көп.
Бір сәт қояр сені де көтермелеп,
Атақты ақын түбінде боласың деп.
Данасынып әркімге дәріс ашып,
Ал ішінде мүңкиді жаны сасық.
Көзге мақтап,
Содан соң таланттардың
Табанының астына тары шашып.
Жүрсе де оны тұрасың даттай алмай,
Қарасының өзі де ақ бояудай.
Бұрқыратып жазады,
Сен жүргенде
Қара орманнан қамшыға сап таба алмай.
Алдамшы деп сен оны жүрсең жорып,
Ай мен Күнге жұрт оны жүр теңгеріп.
Сенде бір де мақтау жоқ
Алғысы оның
Жатқан кезде жиналып бір том болып.
Баянсыздар бағамды білмеді деп,
Ойлы жігіт, сен іштей жүрме жүдеп.
Ондайлардың өмірде кейде өзінен
Көлеңкесі жүреді ілгерірек.

ТІРЛІК ТОЛҚЫНЫ
Білген соң жыр бағасын, сөз бағасын,
Ойдың да қиынына кез боласың.
Өнерде өрісімді кеңейтем деп
Өршисің, өртенесің, қозданасың.
Жүрген соң жыр-мұхитта өлең іздеп,
Толқынмен дөңбекшиді кемеміз көп.
Кей кезде сәтсіздікке ұшырадық,
Сенбейтін адамдарға сенеміз деп.
Оп-оңай арба сынып, ат өлмегі,
Аңқауға өмір неткен қатерлі еді.
Жүретін шақ та болар аңдап басып,
Адамдай жалдамалы пәтердегі.
Жүрсең де албырттықты қоя алмай тым,
Жайың бар жайлап басып аялдайтын.
Сонарда сорым қайнап қалмасын деп,
Ақ қармен көз алдаған қояндайсың.
Бәрібір тұрмайды бұл күйің ұнап,
Жүресің жиі адасып, жиі құлап.
Жеңіл шақ желдей есіп өте шығар,
Иықта батпан-батпан қиыны қап.

ОТЫЗҒА КЕЛГЕНДЕГІ ОЙ
Уақыт зымырауға асқан епті,
Жаным-ау, жылжып отыз жас та кепті.
Бақыттан басы айналған балауса кез
Баянсыз ол да біздің бастан өтті.
Көшеден көңіл енді үйге асығар,
Сырластан бұрын бізге сыйлас ұнар.
Аңғырттау кешегі албырт көңілімнің
Ақылға байлап қойған бұйдасы бар.
Үзіп ап сол бұйданы жалғадым мың,
Арыны қатты-ау әлі арманымның.
Ардақ ел, парызымды ақтау үшін
Ар-ұят қайда айдаса, сонда жүрмін.
Тұрғанда кемел шақтың кезі келіп,
Айтар жан табылар-ау сөзіме құп.
Мергеннен мезгіл атты жасырынып,
Жүр әлі жүрегімде сезім-елік.
Албырт шақ, кешегі өткен арманды шақ,
Жаярсың жырым болып алдан құшақ.
Түрім бар жанатұғын маздап ұзақ,
Өртенген жаз соңында орман құсап.

КЕУДЕМДІ БІР КЕРНЕГЕН ЖЕЛ БАР ЕДІ
Кеудемді бір кернеген жел бар еді,
Қасымда содыр-сойқан ел бар еді.
Мінсіз болып ел-жұртқа көрінсем деп
Мінезімнен жоғалттым әлденені.
Келісе алмай «тәк-тәк пен қой-қойменен»
Албырттанған күндер-ай айқайменен.
Кешегі сол ашу жоқ, ақылым көп
Түлкі болып қашамын сай-сайменен.
Ашуым жоқ кешегі екіленген,
Үйреніскен бәріне, етім өлген.
Жұрттың айтқан қой-қойын қайталап жүр
Жылы қолдан жем жеген тоты кеудем,
Ал, ендеше, тірідей осы да өлген.
Ақиқатты іздемей тым тереңнен
Көрінуге құнықтым кіл төр, өрден.
Қылтың-қылтың етеді төрде мойным
Қырғауылдай мойыны күлтеленген.

«ЖАНҚИССА» ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫНАН
(1996 жыл)
Кеудемді бір кернеген жел бар еді,
Қасымда содыр-сойқан ел бар еді.
Серпілейін десем бір серілермен
Таба алсамшы оларды емге қане,
Арасында албырттардың жүре тұрмай
Дүние, сені қуып нем бар еді.
***
Сүйе алмай жүрмін, сүйе алмай жүрмін, сүйе алмай,
Сүйе алмай жүріп ақын боп жүрмін ұялмай.
Сүю дегенің мен үшін қалқам, қиялдай,
Сүйкенген жанмын нәпсісін ғана тия алмай.
Махаббат қайда маңдайы күнге шағылар,
Махаббат қайда, таңдайда қара қалы бар.
Махаббат ойда шығар да шықпас жаны бар,
Махаббат азған, жүрек жоқ, жүрек қабы бар.
Ешкім жоқ мені елжіреп тұрып сағынар,
Дірілдеп соқпай дүңкілдеп жүрек қабынар,
Ақ желең көрсе, алқынып тұрып шағынар.
Құлындар қайда, құлаштап шашын тараған.
Шырын-бал қайда, арасы жүрек талаған.
Ұлар боп ұшып кетті ме Ләйлі-Сәруәр,
Періште жүзін перделеп күнге қараған.
Шақырдым сені Сәруәр пірім Ләйліңмен,
Ап-ашық күнде адасып мынау Ай-Күннен,
Шақырдым сені шаттығың менен қайғыңмен.
Алдымнан өтші махаббат пірі Сәруәр,
Ақ пері қыздар астына бір-бір тай мінген.
Шырыным кеуіп, бір жұтым балға жұтындым,
Жұпары бітті, ішінде жүрек құтымның,
Қап тауы жақта жас сұлу Ләйлі қайда деп,
Қастерлі жүрек қабынтып сені бітірдім.
Қамығып көрші, сабылып көрші қайтадан,
Қамауға түскен қаражал қасқыр сықылдым.
***
Бай да емеспін, бұл күнде кедей де емен,
Азаймаған адаммын, көбеймеген.
Өзегімді өлеңім жарып шықпай,
Өлең айтып келемін көмейменен.
Айтып беріп жайсаң мен жақсыға өлең,
Жағынғанды жанымдай жақсы көрем.
Атақ, атты аламын арзан жырмен,
Махаббатты өзгертіп нәпсіменен.
Жалықсам да осы бір ойынымнан,
Жақсылармен жанастым бойы бұлғаң,
Қолда өсірген жыландай қолтық кезіп,
Сумаң етіп шығамын мойыныңнан.
Бай да емеспін, бәрібір құл да емеспін,
Ол да емеспін, және де бұл да емеспін.
Боқта өсірген кәдімгі гүл сияқты,
Болашақта келеді гүлдеп өскім.
Біреу білмей, мұнымды бірі аңғарар,
Біреу сеніп, біреулер күмәнданар.
Пәренжесін жамылған жас тоқалдай,
Пәктігім бар, бойымда күнәм да бар.
Қадалмайтын көз бар ма жас құлынға,
Күнәһарлық жарасар қас сұлуға.
Талай байдан шығармыз аман болсақ,
Абай байдай шыққанша тас тұғырға.

БАЛА АҚЫН
Жүрегінде шам жанып
Жанарынан шық тамған,
Таңқалмасқа таңданып,
Сұқтанбасқа сұқтанған.
Өмірі оның көңілді,
Өмірі оның жоспарсыз.
Өз қалпында өмірді
Көретұғын астарсыз.
Қулық пенен сұмдықты
Күтпейтін еш адамнан.
Айтпай тұрсаң шындықты
Ала түсер жағаңнан.
Қыл ұшында ілініп
Кейде өмірден түңілген,
Бүлінбеске бүлініп,
Сүрінбеске сүрінген.
Көркемдікті көргенде
Көзі айдындай тұнатын,
Білдірмейтін жерлерде
Жария еткен күнәсін.
Дос-дұшпанды жақын ғып
Тарылмаған айдыны,
Сол бір ұлы ақындық,
Солғын тарттың қай күні?

ӨЛЕҢ, ӨЛЕҢ
Өлең, өлең,
Өмірлік алданышым,
Жалғанның да ішінде жалғанысың.
Бір ғажайып бір жерде өмір бар деп,
Өзімді өзім керексің алдау үшін.
Жазған жырым жан дауа, жан дауысым,
Сұлулыққа едің ғой таңғалысым.
Кексе тартып кеттің-ау сен де бүгін,
Жақсы қыздай төгілген ар-намысың.
Қазір мініп ұшардай арғымаққа,
Қайдағы бір қиял жүр мәңгі баста.
Менен гөрі бақытты өлең айтқан,
Базардағы қайыршы қаңғыбас та.
Киіміңнен мін таппай қарағанмен,
Кім қарайды көздегі жанды жасқа.
Арашасы секілді ақ жанымның,
Қағаз сатып аламын қарным ашса.
Өлең, өлең,
О, менің алдағышым
Өлмейтұғын өмірдің әруағысың.
Жақтырмайды жан баққан ит өмірді,
Жасырынған кеудеме жолбарысым.

ТҮСІНЕМ...
Мен де қыршын кезімде арман құшып ем,
Қызарғанда құтқармайтын құсың ем,
Кеше жалғыз келе жатсам көшеде,
Айдай болып адамдардың ішінен.
Кесіп өтті бір келіншек жолымды
Амандасып ерінінің ұшымен.
Түсінем...

ЕСКІ ДӘПТЕРДЕН...
ШЫМ-ШЫМ ШЫНДЫҚТАР
Жақсылар «жақсымын», – деп айта алмайды,
Жамандар «жақсымын», – деп айқайлайды.
Жүрген соң күнде-күнде көзің көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
***
Бір жақсы бір жаманға себеп боп жүр,
Дегенім тұқым бидай кебек боп жүр.
Өз сөзімді өткізу үшін елге,
Біреудің сөзін сөйлеу керек боп жүр.
***
Осынау қамшы сабы аз ғұмырда,
Жарасқан мырзалармен қалжыңым да.
Ештеңе өз қолынан бермесе де,
Әйтеуір мырзалардың аузы мырза.
***
Тазаланған, таранған көп жақсыға,
Сүйсініп бір қарайсың алғашқыда.
Сұрауы жоқ қазына қолда тұрса,
Мырза болмай не бопты, албастыға.

ЖЕСІР ЖЕҢГЕМ, ЖЕТІМ МҰҢ
Ойлап тұрсаң өмірдің бәрі уайым,
Бәрі уайым өмірдің, сары уайым.
Қажып келіп отырмын жеңгем саған,
Қағбаны жеті айналған қажыдайын.
Адамдардай үн-түнсіз дойбы ойнаған,
Саған келсем, келеді ойлар маған.
Жан-жағымнан қыз кетіп, қызық кетіп,
Жалғыз қалған ақынға қандай жаман.
Сері жігіт деуші едің, бекер бәрі,
Масаң тентек едім мен қатардағы.
Құмырадай құлазып босап қалдым,
Қуып шығып жынымды жотамдағы.
Қызулықтың тарқаттым қызуын мен,
Тұнық сумен бетінде нұры күлген.
Жесір жеңгем, жымидың үнсіз неге,
Жез қоңырау секілді тілі үзілген.

ЕСІЛ ДҮНИЕ
«Өмір қашан оңалады?» дейсің-ау,
Сол сөзіңмен жанымды ылғи жейсің-ау.
Көзімді ашып дүниені көргелі,
Көкіректі кеміреді сол сұрау.
Өмір қашан оңаларын білмедім,
Бәрі де адал – жылағаным, күлгенім,
Құм тірліктің құрау үшін бір жерін,
Есігінен қайту керек түрменің,
Бұл өмірдің түзеу үшін бір кемін,
Әркім бүгін істеп жатыр білгенін.

Адамдығы жоғалған соң адамның,
Қай тіршілік, қашан қайтіп оңалдың.
Бүкір сайтан сияқты бір қараулық,
Тұлғасындай көрінеді заманның.
Үмітіңмен келер күнге көш кілең,
Мендей ақыл сұрай көрме естіден.
Алатаудан арқар ауып кетті ғой,
Абыройы арзан тартып ешкіден.
Алтын тақта, ақ сарайда отырып,
Хандардың да өмірі өстіп өксіген.
Коммунизм кезінде де «кемелді»
Өмір қашан оңалады дегенді,
Әкемнен де, шешемнен де естіп ем.
Жамандардың асығы ылғи алшыдан,
Жақсылардың күні туар артынан.
Сіз бен бізге сіңіріндей қасқырдың,
Өле-өлгенше керек екен жан шыдам.
Өмір мәңгі амал-айла білгенім,
Бәрінің де табу керек тілдерін.
Амалсыздан Абай атаң айтқандай,
«Қолдан достық» жасап алып жүргенің.
Өмір қашан оңаларын білмеймін,
Бірде тұман, бірде жарық күндеймін.
Тоңып, тозып, торыққан бір шақтарда,
Тоны жаңа жақсыларды күндеймін.
Есінетпей еркелетші сен мені,
Мен де өмірді екі мәрте сүрмеймін.
Есіркеші, еркелетші жұбатып,
Бауырдағы барлық тасты уатып.
Адам болып жаралсам да анамнан,
Адамша өмір сүргізбеді уақыт.
...Дәметемін бір тамаша заманнан
Бар халықты қуаныштан жылатып,
Мәңгі бақи болатұғын күні ашық.

ӨМІР СҮРУ КЕРЕК ЕДІ...
Өмір сүру керек еді өзімше,
Өмірді адам ылғи біздей сезінсе.
Қамсыз-мұңсыз жүріп алғың келеді
Қарбаласқан ел мен жұрттың көзінше.
Қаңғып-қаңғып келесің де түнімен,
Айтатының «аналармен жүріп ем».
Ұяласың бажырайған баладан,Ұяласың аға тұрмақ ініден.
Өтетұғын өмір болды әйтеуір,
Өзге жұрттың ақылымен, тілімен.
Қайда небір өтті тойлар өзімсіз,
Қайран өмір өтіп кетті-ау шынымен.
Айым туып кетер еді солымнан,
Күнім туып кетер еді оңымнан.
Келген істі істемедім қолымнан.
Бар да, жоқ та күй кешемін балықтай,
Балықшының түрткішіне соғылған.
Бұл өмірде бір ақылды болсашы
«Бар, қаңғып қайт», – қалма дейтін, –
жолыңнан».
Бір қылығым ұнамады сірә оған,
Білгеніңді істе дейді дүр ағам.
Білгенімді істер болсам ұнаған,
Бүгінгідей болмас едім кір адам.
Нұрлы өмірге жетелеген бізді ылғи
Бір амалын табар мүмкін Нұр-ағам.
Өмір сүру керек еді керемет,
Өз дегенім болмады ғой, не керек.
Өлкетану музейіне тапсырған,
«Өлкемізде болды бұл» деп жапсырған
Секілдімін коллекция көбелек.

БІР ЖЕҢГЕЙ
Көйлегінің көптігіне күрсініп,
Жеңгем отыр, өз әлінше пірсініп.
Бәрі де бар, жетпейтіні тек қана,
Жотасынан осып түсер бір шыбық.
Көзін тігіп көк жиһазға жиналған,
Қара қатын қайыршыдай қиналған.
Ойда жоқта қалдым мен де ауырып,
Осы жеңгем қара шәйін құйғаннан.
Ауырсынған алтыны мен күмісін,
Байғұс жеңгем көрген күнің құрысын.
Кесені емес кесек ұстап тұрғандай,
Кесірленіп ұсынады-ау шынысын.
Иесінің хәл-қадірін білетін,
Итке осының төгер ме еді ырысын.
Әй, ағам-ай, әйдік адам болсам деп,
Әйелдің де алмапсың-ау дұрысын.
Кеңсірігің отыр неге тарылып,
Кең даланың аңсадың ба тынысын?
Сол далаға сабап шығып жеңгемді,
Жазбаймыз құрысы мен тырысын.
Отауына қоқыр менен қоқымның,
Бекер келген екенмін деп опындым.
Әбжыландай кетсе екен деп жарылып,
Темекімді шегіп қойып отырмын.
...Күрсінері жоқтығына күрсініп,
Жесір қалғыр
Жеңгем отыр қырсығып.

КӨКТЕМ ШЫҒЫП КЕЛЕДІ...
Біртін-біртін беткейге жасыл қаптап келеді,
Төрт түлік мал төскейдің төсін қаптап келеді.
Терістікке тентіреп кеткен кеше құстардың
Ақ түйедей ақ тырна көшін бастап келеді.
Кеше кеткен қарлығаш қасыма кеп қонып тұр,
Алма ағаштың алғашқы ақ бүршігі тоңып тұр.
Елсіз жердей кешегі еңіреген көңілім,
Еріген көл сияқты әлденеге толып тұр.

БІР КІСІ
Шаршадым сенен жамандық,
Сөзімнің айтсам расын.
Сұрасып күнде амандық,
Сүмпиіп келіп тұрасың.
Болмайды сенде бір нысап,
Ішің бір құрдым тұңғиық.
Толқындар шайған құм құсап,
Шығасың алдан жылмиып.
Шырылдап жаның шыбындай,
Қамқорсып кейде кетерсің.
Бетіңнен маскің сылынбай,
Бейітке бір күн жетерсің,
Өмірден өстіп өтерсің.
Адамдарға істеген
Зәлімдігің үшін бір күні
Әңкүр-мәңкүр тергесе
Не жауап айтар екенсің?
Шаршадым сенен әбілет
Шамам жоқ сені ұратын.
Жанымда тұрып лағынет,
Қанымды сорып тұрасың.
Тілеулес жанның бірі боп,
Ойлаған жақтан шығасың.
Бойында ешбір міні жоқ,
Не үшін оны ұрасың.
Жау болып келген сұсы жоқ,
Сөзіңнің бәрі ұнасым.
Жақпайтын ешбір ісі жоқ
Таппайсың ешбір күнәсін.
Шаршадым сенен жамандық,
Күндегің осы күндегің.
Сен сұрап тұрсаң амандық
Ауырып қалар бір жерім.
Сездірмей сорар кеудені
Сен де бір көлбар жылансың.
Өстіп-ақ жүріп сен мені
Өлтіріп түбі тынарсың.
...Өзің де соған құмарсың.

БЕРЕКЕЛІ ЖЕҢЕШЕМ
Ақжүрек жеңгем гүл мүсін,
Жүзіңнен жылы нұр есіп,
Ізгілік сеуіп жүрмісің
Ізіңнен басқан гүл өсіп.
Кең маңдай менің байтағым,
Ауылға жүрсің ай, күн боп.
Айтасың мені жайсаңым,
– Сергелең сері қайным деп.
Тамаша думан әр күні,
Жүрген бір жерің жақсылық.
Той болған үйдің барлығы
Қазанын саған асқызып.
«Кең маңдай келін» жүр атап,
Сенімнің осы жүгі ауыр.
Сен барда өмір рахат,
Сен жоқта сараң бұл ауыл.
Көп өлең жатыр көркіңде,
Еркелік және тентектік.
Құдалар сыншыл келсе үйге
Алдымен сені көрсеттік.
Бозжусан мынау даламның
Дәстүрін айтпай меңгерген.
Есте жоқ ерте заманның
Елесі болдың сен жеңгем.
Әлде бір мұңға тұсаулы,
Күлкің бар...күлкің құдірет.
Қайтеді енді құсаңды
Бөлісіп көрсем бір рет.
Айтпайсың оның барлығын,
Әйтпесе сізде көп арман.
Ақ жеңгем сары сандығым,
Ашатын кілті жоғалған.

ТАҚЫР АДАМ
Келіп едім береді қол ұшын деп,
Тоңқаяды аюдай болысың кеп.
Азар болса сен осы жүрсің сірә,
Менен гөрі ас-суды көп ішіп, жеп.
Менің бар мен жоғымды сезінбейсің,
Шапқа біткен шандырдың безіндейсің,
Сынық сүйем бірдеме сұрап кеп ем,
Сылтауратып әр нені безілдейсің.

Болсадағы баршадан жасың кіші,
Көрінесің бар елден басым кісі.
Жарыған-ақ екенбіз жақсыларға,
Сен болмасаң бұ жұрттың татымдысы.
Аю құсап тоңқайып отырмайды
Ел басқарған жігіттің ақылдысы.
Алғашқысы сен емес әкімдердің,
Және дағы болмассың ақырғысы.
Татырмайтын түрі бар елге ештеме,
Тумай жатып маңдайы тақыр кісі,
Әттең, заман басқа ғой, бұл әйтпесе
Жендеттерін келіп тұр шақырғысы.
Тап-тақыр боп анадан туғансың ғой,
Парасатсыз, пайымсыз пақыр кісі.
Тазыңа осы басынан тарақ қалған,
Күнім құрсын ойпырмай қарап қалған.
Тақыр кісі, аман бол, жақсылығын,
Төбедегі шашындай санап қалған.

ИЕСІЗ ҮЙ
Қабырғасын қалың қурай жасырған,
Қалың жылдар дуалдарын жапырған.
Томсырайған тоқал там,
Жапырайған жапал там,
Үңірейген терезеңе қарап бір,
Шығатындай ішінен бір қарақшы
Үрейлене өтіп барам қасыңнан.
Бұрын мұнда тұрушы еді бір анам,
Білінбейтін екендігі тірі адам.
Кемпір өліп қалды иесіз бұл араң,
Ала кеште апақ пенен сапақта
Алба-жұлба ішінде әлі жүр адам.

Мұнда қонақ келмесе де топталап,
Тоқал там тұр өз міндетін атқарып.
Пеш түбінде періге ұқсас бір адам
Жылтылдап отырады от жағып.
Әруақ қой ол ал әруағың сөйлей ме,
Арақ ішіп баспайды оның гөй-гөйге.
Алыс-жақын әруақтарды шақырып,
Бір мәжіліс бастайды ол да кей-кейде.
Кіріп-шығып перілердің қыздары,
Көздерінің жылтылдайды ызғары.
Жапал тамның ішінде оттар жалпылдап,
Бір мәжіліс сезіледі қызғаны.
Сол бір түнде осы ауылда тұратын,
Бір байғұстың таусылады тұз-дәмі.
– Апам-ай-лап кім жылары белгісіз,
– Атам-ай-лап кім құлары белгісіз.
Талқан, демі таусылатын сол пенде,
Қараңғы үйдің тұрғынысыз енді сіз.
Тіршілікте жиналыс көп ұрысқақ,
Әркім онда шешенсуге тырыспақ.
Жиналыстан қатты ауырған басым-ау
Қараңғы үйдің мәжілісін осынау
Ішінен бір тыңдар ма еді дұрыстап.
Тіршілікте ақының кім, батыр кім?
Бәрі де ақын, бәрі деп жүр батырмын,
Бәрің мықты деп жүрсің ғой әкіммін
Оның бәрін анықтайтын қараңғы үй,
Оның бәрін анықтайтын ақырғың,
Қабағы ауыр қараңғы үйдің қасынан,
Жалтақ-жалтақ қашып бара жатырмын.
Бұл үйге енді өле-өлгенше бас сұқпан,
...Ал әлгі әйел, өліп қалған аштықтан
Әжесі еді аудандағы әкімнің.

КЕҢСАЙДАҒЫ АҚЫНДАР ЗИРАТЫНДА
Жатыр екен жақсылар қырды асып ем,
Қоңыр мола қоңырқай сұлбасымен.
Менде де арман жоқ шығар, ей жігіттер,
Осылардың көбімен сырласып ем.
Осылар ғой өмірде думандаған,
Құлқын үшін құлшынып қу болмаған.
Елдің бәрі оларды жақтырса да,
Бастық болу қолынан кеп тұрса да,
Жақсы атанып, жасанды ту болмаған.
Думандатып есепсіз көңілменен,
Осылар ғой өмірді өмірлеген.
Ешнәрседен құр қалып сонда дағы,
Ешнәрседен ешқашан жеңілмеген.
Бақай есеп тірлікте тырбаңдаған
Құл болмаған және де құлданбаған.
Астан-кестен шығарып жүрген жерін,
Арттарында қалатын жырлар мен ән.
Тіршілікте артынан талай өсек
Су жыланы секілді сумаңдаған.
Отырғызбай оларды қуған заман,
Алқымынан сөйлетпей буған заман.
Маскүнемдер деген бір сылтауы бар
Қаскүнемдер беретін удан жаман.
Көздің жасын көл қылып олар бірақ,
Иықтары салбырап су болмаған.
Шаңырағын сәл ғана шайқап алып,
Шалқып өткен шырағын қайта жағып,
Кімдер пасық, кімдер пәк байқап алып,
Баяғыдай жампоздар бұлғаңдаған.
Буындырса тіліңді будан заман,
«Бұзықтарың» осы еді тілді алмаған.
Қансыздар да көп еді маңайында,
Жансыздар да көп еді жылмаңдаған.
Болат қылыш боқ шапқан кезі еді бір,
Бұлар бірақ ешқашан былғанбаған.
Қоңыр мола қоңырқай сұлбасымен
Жатыр бүгін жайсаңдар мұнда кілең.
Мыңбасылар еді ғой бұлар біздің
Мыңбасының көбімен мұңдасып ем.
Қара өлеңді солармен жырласып ем,
Қара жерді солармен бір басып ем.
Қарапайым болушы ед жарықтықтар,
Қара аспанды тіреген тұлғасымен,
Арқа тұтып соларды Алатаудай
Анда-санда мен де бір тіл қатып ем.
Түнде тұрмақ, күндіз де жанатұғын
Жұлдыздарға жанымды тыңдатып ем.
Көмбе болып жатырсың жарықтықтар,
Әуре болып біз жүрміз бір басымен.
Заман, заман екен ғой өз заңымен,
Адам, адам екен ғой сырласымен.
Құмның сәні кіреді құланымен,
Таудың сәні кіреді құлжасымен.
Өзгеріс көп өмірдің әр кезеңі
Өзі салған ағады жалғасымен.
Сөлекеттеу көрінді өзге жұртқа
Сөздеріңмен сендердің үн қатып ем.
Қай сөзбенен ұғысып жүр десеңші
Бүгінгілер өзінің құрдасымен.
Құлазиды жүрегім Ақан құсап
Құлагердің мұңдасқан қу басымен.

МҰҚАҒАЛИҒА
Ірі едің Мұқа, пір едің,
Жаратқан құдай жыршы ғып.
Алатау-асқақ мінезің,
Аспанға тұрған құлшынып.
Емессің Мұқа пір ғана,
Сәбиге сендей обал-ақ.
Аңырап өтті-ау бір бала,
Айдарлы басы домалап.
Жыласа бала кім ұғар,
Жыласа бала-ұрып ал.
Бәрінен таяқ жейтұғын,
Қайран да біздің, ұлылар!

МӨЛДІР
Бала едім ғой, шала едім ол күнде мен,
Қонарын сай, ұшарын жел білмеген.
Дәу көзіне аспанды сидыратын
Қыз бар еді класта Мөлдір деген.
Мөлдір десе шіркін-ай, мөлдір еді,
Мөлдіреген көздері көл нұры еді.
Алқын-жұлқын ойынын қоя салып,
Мөлдір десе бар бала елжіреді.
Терезеге қадалып отырушы ед,
Ақ иегін аймалап қол, білегі.
Шақырғандай алыстан ертек елі,
Терезеге қадалып елтер еді.
Телмірген сол қалпымен үн шығармай,
Терең-терең сырларын шертер еді,
Оның әрбір сөздері көркем еді,
Мөлдіреген тамшыдай шатырдағы,
Мөлтілдеген өзі де еркем еді.
Үнсіз-тілсіз жаңбырда жылап тұрған,
Үнсіз-тілсіз класта құлаққа ұрған
Терезенің тамшысы дертер еді.
Сабақтан соң оңаша баққа қарай,
Сағыныштан сарғайған жаққа қарай
Мөлдір кейде мені де ертер еді.
Үлбіреп бір жанымыз үйге қайтып,
Түсініксіз қияли бірдеме айтып...
Бір-біріне екі ақын еркеледі,
Бір-біріне екі арман ентеледі...
Арғы жағын айтпаймын ол себебі
Бақытсыз боп бітетін ертегі еді.

БҮГІНГІ ОРТА
Жарқылдамай кешегідей жанымыз
Неге қасаң болып кеттік бәріміз.
Қажытады өзгені де, өзін де
Өмір деген көпті көрген кәрі қыз.
Бәрін қойып, бәрін көріп заманнан
Әркім бүгін өзіне өзі қамалған.
Қаңырайды қараң қалып барлығы
Адам жаны жалыққанда адамнан.
Анда-санда той болады ауылда
Арман билеп көңіліңді көк орман.
Тойға барсаң сезім билеп сені бір,
Жаны ортақтар жолықпайды өңі гүл.
Маңдайы тар маңындағы мәңгүртті
Мас қылады топас мақтау, өлі жыр.
Шалпылдатып мастар сүйсе бетіңнен
Еркек құсап отырасың көгілдір.

Адам күні адаммен» деп көңіліңді басатын
Мақалыңа ештемем жоқ қосатын,
Жеке қалсаң ешкім келмес жаныңа
Ертең жалғыз қалмау үшін тағы да
Екі бетті сен де әркімге тосасың.

ӘЛІ ТАЛАЙ
Әлі талай өмір бар мен өлгенше,
Мүлгіген бір мүрдеме шөп өнгенше
Әлі талай өмір бар ақыретте,
Ай менен күн ақыры теңелгенше.
Мен де өлермін бір күні өлең де өлсе.
Өмірді де жөндеп бір сүре алмаппыз
Өлең, өлең деп жүріп өле-өлгенше.
Кейіп өткен көңіл-ай барлығына,
Кер заманға тап болған кемеңгерше
Қаралы күн әлі алыс біз өлгендей
Кейіп өттік тағдырдың тарлығына,
Кәрі әйелге үйленген әмеңгерше.
Қаралы күн әлі алыс біз өлгендей,
Иесі өліп күреңім күзелгендей,
Көп сөйлемей көп ұққан адам көрсем
Жүрегімнің жүрісі түзелгендей.

ТЕМІР ЖОЛ КӨРСЕМ...
Темір жол көрсем тентіреп кеткім келеді,
Жүрегім әлі сенбейтін іске сенеді
Біз жақта шілде...
Пойыздың үсті әппақ қар
Еміреніп келіп, еңкілдеп кеткен составтар
Көлеңкелерін жетектеп кете береді.

Жоқсың ғой жоқсың,
Жандары бірге көп достар
Әйтеуір тобыр, жолықса кейде жолдастар
Көлеңке құсап соларға денем ереді.
Қайда деп қайда ғазиз бір жандар тұрағы,
Темір жол көрсем телміріп көзім тұрады.
Пойыздар өтсе бетіме жел боп ұрады
Сүгірдің күйі, Біржанның соңғы бір әні.

МАЙГҮЛ МЕН МҰҚАҒАЛИ
Трамвай басып өлтірген Майгүл деген
кішкентай қызын құшақтап, Кеңсайдағы зиратта
Мұқағали жатыр.
«Ақ папама барамын» – деп қырандай,
Ақ мамаңа кетіп едің, тіл алмай.
Бір трамвай жаншып өтті гүлімді,
Тоқтай алмай, тоң мойынын бұра алмай.
Папаң да өтті қырандығын бұра алмай,
Көкектердің көңілінен шыға алмай.
Адам жанын таптап өтіп кететін,
Ағалардың бәрі кейде «трамвай».
Көп трамвай басып өтті жыландай,
Папаң жатыр, ол да орнынан тұра алмай.
Майгүл де өтті, Мұқаң да өтті өмірден,
Бұл өмірдің сұмдықтарын ұға алмай.
Майгүл бірақ жылайтындай кей-кейде
«Папа, папа, ойнаймын» – деп тіл алмай,
Сен сияқты ол да сәби болғанмен,
Сен әкеңді көресің ғой Құдайдай.
Әкең байғұс соны көріп еңіреп,
Қайта-қайта басын көрге тығардай.

«ТАУ БАСЫНДА КӘРІ ҚАР» КІТАБЫНАН
(2005 жыл)
Бүкіл қазақ топырағы сол кезде,
Солқылдатып көздің жасын жылардай.
«Өмір» деген рельстен шыға алмай,
Ей, ағалар, болмаңдаршы трамвай.
Ақын деген ақ сәби ғой өтетін,
Өмір-бақи құшағыңнан шығармай.

ТАҒДЫР
Алатауда тұман бұлттар түтіндеп,
Азынайды қарлы боран түтін жеп.
Сол боранда қажыған бір қарт бүркіт,
Ұшып кеткен ұясын жүр бүтіндеп.
Тауысып болып таудың ит-құс тағысын,
Тапшылықтың бұл да киді қамытын.
Талғау болар таутеке жоқ, елік жоқ,
Бұйырғанын тамақ қылды жаны үшін.
Жейтін азық табылар-ау, тек жоқтық,
Жегідей жеп бара жатыр намысын.
Өмір сүру қиын емес дәл бұлай,
Олжа көп қой, торыңды құр қалғымай.
Жаратқаннан жаралсаң да құс болып,
Жылы жаққа кете алмайтын, тағдыр-ай.
Жылы жақты көрген емес, көрмейді,
Оны тәңір тағдырына бермейді.
Қанша жерден қара тастай болса да,
Жылынсам бір деген үміт өлмейді.
Ұмыттырып жылуы жоқ төзімді,
Сенде де жан бар екені сезілді.
Кетсем-ау деп бөденедей жорғалап,
Төмен жаққа бір қадайсың көзіңді.
Құзыры көп құс патшасы екенсің,
Бір «елп» етсең төменгі елге жетерсің.
Дәл мұныңды кешіреді Құдай да,
Өзіңді – өзің кешіре алар ма екенсің?

ТАУ БАСЫНДА КӘРІ ҚАР
Тау басында кәрі қар,
Жата-жата жалығар.
Жарқырамай жатқан соң,
Жатыстың не мәні бар?
Шың басында сары қар,
Жаны жоқ та, жаны бар.
Жаз өткенше жаңармай,
Не бар, не жоқ бола алмай,
Ақылынан жаңылар.
Қадірі жоқ жады қар,
Жалығар да сарылар.
Санатта жоқ, сайда жоқ,
Сансыз күннен пайда жоқ
Өмірдің не сәні бар?
Несін айтам, досым-ай,
Өмір өтті осылай.
Таудың қарап басына-ай,
Сабырымның қашуы-ай.
Айран болып ашымай,
Ойран болып тасымай.
Бір сарынды күндерге,
Құрбан болған басым-ай.

КӨЛ БАСЫНДА
Самсы ауылы,
Таймапты бағың әлі.
Су басында балалар жамырады.
Бұл ауылдың қыздары көлге түссе,
Көйлектерін шешпей-ақ шомылады.
Шыт көйлегі оранып тәндеріне,
Жан құшпаған жабысар белдеріне.
Жан құмарың тарқамай тамсанасың,
Жасырын бір сұлулық көргеніңе.
Бір-біріне қауышып ет, көйлегі,
Құлын мүше көрініп беп-бейнелі.
Жасырынып қарайды жас ұлдарға,
Көйлегіммен дегендей, – жеп қой мені.
Шыт көйлегін сығады Шынар, Гүлнәр,
Десе қыздар «қарама», қыздарды ұлдар.
«Қарамашы» деп тұрып, «қара» деп тұр,
Сүйгізбейтін сүйкімді бұзау қыздар.
Бір тұныққа бір тұнық жуынғандай,
Қыз сүңгіген мөп-мөлдір суың қандай?
Тайға мініп ұлдар тұр жағалауда,
Ынтызарлық жүрегін суырғандай.
Тар көйлегі тартылған нартайлақ қыз,
Тап сол үшін анадан туылғандай.
Айдын-көлде асыр сап ойын қылып,
Көрер көзді қыздар жүр тойындырып.
Кластас қыз «жалт» етіп қарай қалса,
Ұлдар кетер ұялып тайын бұрып.
Ұмытылған ұяң бір сезімдерді,
Көл жағалай барғанда көзім көрді.
Тостағаны толқыған көлде қалмай,
Неге кешіп кеткенбіз теңіздерді?

САРЫ ҚЫЗ, САРЫ БӘЙБІШЕ
Сандықтағы сары алтындай сары қыз!
Саған бір кез құмар едік бәріміз.
Сары таңға саған арнап хат жазып,
Апаруға жетпей кеткен әліміз.
Арманым ең, асылым ең ардақты,
Сені армандап қанша ұйқысыз таң да атты.
Жұтынып бір тұратұғын жұлдызым,
Қыз кезіңнен жұрнағың да қалмапты.
Сайран кезден сарқытың да қалмапты,
Беттің әрін бетпақ өмір жалмапты.
Бар апаға бағынбайтын тентек қыз,
Сары апаға айналыпсың салмақты.
Бұрынғының Жібегі деп, бұл бір қыз,
Қыр соңыңнан қалмаушы едік сіздің біз.
Айдай едің, айдай нұрың әлсіреп,
Ай артынан бозарғандай бір жұлдыз.
Жолдас-жора басты қостық бәріміз,
Кейінгіге біз де бүгін кәріміз.
Ерте қашып кетіп едің күйеуге,
Ене бопсың келіндерге кәрі жүз.
Оңашада қалған кезде балалардан,
«Ойхой, дәурен» – деп қоясың сары қыз,
«Ойхой, дәурен» ішінде мен бар ма едім?
Есіңе әлде түсті ме екен әлдекім!
Саған арнап тағы да бір хат жазсам,
Апаруға жетпес еді дәрменім.

ЖАЛПЫМЫЗ
Жалғанның айта-айта жамандығын,
Талайлар тақырлады қалам қылын.
Ел заманды қарғаса «е-е» дей салып,
Жанымның ойлап жүрмін амандығын.
Заманның бірі қатты, бірі босаң,
Адалдың туып еді, күні қашан.
Былжырап отырғанның патша боқтап,
Құбылып қуларменен құбылмасаң.
Құдайым құлқын бұзбай жанды аман қыл,
Жаны адалдар ешкімге болмаған құл.
Деуін солай десем де, дем жұтқызбай,
Алдымда ауа сатып оңбаған жүр.
Алқынып ауа жетпей қалмау үшін,
Арзанға алданады ар-намысың.
Қалтылдап жан қалады қара суда,
Қармалап өмір-өзен тал-қамысын.
Шыбықтан ұстай алмай шыр айналып,
Шығады шығандарға жан дауысың.
Қалыпқа кірді осылай дал басымыз,
Біз де бір саны жауыр салдақы қыз.
Артының не боларын кім біледі?
Жалпының құр әйтеуір жалғасымыз.

САРЫ ДАЛА. МОЛА
Жел гулесе сары мая, сабан ық,
Жатып алам жаз иісіне оранып.
Қара жердің тынысындай қара жел,
Орақтан соң жатқан тыныш демалып.
Баян етіп баяғының заманын,
Еңірейді апаны ескі моланың.
Сарп болды қанша уақыт, қанша жел,
Ұзындығын өлшеймін деп даланың.
Опырайған мола жатыр қылжиып,
Бүйірінде бір үңгір бар тұңғиық.
Атжалмандай ар жағынан жылмиып,
Ажал күтіп алатындай ыржиып.
Қара күздің қалса желі гулемей,
Қара адырлар өлетіндей қың демей.
Обыр дүние көмейіндей тойымсыз,
Обырайған мола жатыр ыржиып.
Құлазиды құлан дала, құба бел,
Жұт жыландай жұтынады мына жел.
Көрден шыққан Көрғұлындай бейне бір,
Көр астынан Заман-Адам шыға кел.
Елсіз дала, енсіз қиян төңірек,
Көр тесігін кеңітіп жүр жел іреп.
Айдаһар-жел кіріп кетсе бүктеліп,
Апан аузы қоя берер еңіреп.
Сол тесіктен сұмдық бір сөз естілер,
Еңірейді елсіз қырда ескі көр.
Тесірейіп үңіледі үңгірге,
Екі көзі оттай жанған ешкілер.
Естіп, жылап өлген мола өлеңін,
Елсіз қырда ешкі баққан мен едім.
Неге екенін сол молаға әйтеуір,
Осы күнде қайта-қайта келемін.
Өлім оңай сол молаға барғалы,
Өміріңді ойламайсың алдағы.

Сол маңайға бір кемпірді жерледік,
Атасының жұрты ғой деп қордалы.
Көпшілікпен бірге мен де барып ем,
Апамызға ақ топырақ салғалы.
Көрдің аузы көпті көріп ыржиды,
Тіршіліктен алым-салық алғалы.

ЖАМБЫЛ, ЖАМБЫЛ
Жамбыл, Жамбыл!
Жамбылға әркім жақын
Жадыратар жанымды жаңғырды атың.
Жақсыны да жаманды көрген тәтем,
Жақсының да жаманның аузындасың.
Жақсылардың жанына жағып қалсаң
«Жаса» – дейді ел мен жұрт Жамбыл жасын.
Алу оңай болғанмен альпинистке,
Қалу қиын мекендеп таудың басын.
Таудай болсам екен деп құлшынасың,
Таудан сосын бір түсіп, бір шығасың.
Жаурап, тоңып жай таппай жаның бірақ,
Қалың көрпе жамылып қалың құрақ,
Жартастардың түбінде жаның жылап,
Жайдағыңа қайтадан ынтығасың.
Төбесінен күнде бір күн шығатын,
Тау болуға жайдақ көп ұмтылатын.
Жалаң аяқ табаның зырқырасын.
Шың басында шырқырап шыбын жаның,
Құз басында құйын жел бұрқырасын.
Шың басында тұратын шынар құсап,
Сонда ғана боларсың шыншыл ақын.
Жақсы, жаман жалғанның бәрін көрген,
Жамбыл таудай болуға кім шыдасын?!

ГҮЛ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Жаздың жаңа қауыз жарған мәйегі,
Жауқазында майдың жасыл айы еді.
Гүл әкеліп екті аулаға анамыз –
Ауылдағы жалғыз орыс әйелі.
Апта өтпей-ақ, жаулап алып ауланы,
Қызыл, жасыл жалын гүлдер лаулады.
Көшедегі ең шеткері жалғыз үй,
Көркемдіктің көрмесінен аумады.
Қоймақ тұрмақ қорғасындай нән қақпа,
Ол кез ауыл тұрғызбайтын шарбақ та.
Қырға жайып қызыл-жасыл қанатын,
Қызыл гүлдер қашып шықты аулаққа.
Қызыл-жасыл гүл өсіру асылы,
Кәсібі емес, болатұғын машығы.
Анамызға алғыстарын айтатын,
Ауылдың бар қыз-бозбала ғашығы.
Мамыражай бастан кешіп тірлікті,
Бақыт билеп тұрған кез ғой Бірлікті,
Жадыраған жаз соңында, бір түнде,
Біздің ауыл ойда жоқта дүрлікті.
Жағалауда жалп-жалп құлап жар басы,
Құтырғанның алқынады арнасы.
Кейде толқын кеуделеп кеп құлайды,
Біздің үйдің есігіне жармасып.
Көз алдымнан кетпейді әлі осы жай,
Еске алмаймын сол тасқынды шошымай.
Қарттар айтты: «Өзен аты – Құтырған
Жүз жылда бір құтырады осылай».
Бір топ толқын келді де ақыр топталып,
Біздің үйді қақпақылдап кетті алып.
Бастан өткен бала дәурен секілді,
Мен ойнайтын бара жатты доп та ағып.
Ойландырып отау қамы, бас қамы,
Әкем тыңнан жаңа үй сала бастады.
Толқын алған біздің үйдің орнына,
Колхоз жазда қызылша егіп тастады.
Су көшкен жер берер ед деп, құт төгіп,
Бригадирдің болмады тек күткені.
Ұшан-теңіз бар алқапқа, сұмдық-ай,
Қызыл-жасыл «гүл-қызылша» шықты өніп.
Гүлге толып сыбырлайды сыз алаң,
Бригадир жүр жарылардай ызадан.
Қызылшашы қыз-келіншек гүл теріп,
Күні бойы салады бір ұзақ ән.
Десін мейлі бригадир «шап, қыр да, жұл»
Осы алқапқа өсе берді жылда гүл.
Он жыл бойы отап, шауып гүлдерге,
Ғаламат бір майдан ашты бригадир.
Бригадирдің бұрмаған соң бүйрегі,
Сиреді ақыр, қызыл гүлдер сиреді.
Жауқазындай жастар кетіп жан-жаққа,
Ауылдың да кетті азайып үйлері.
Алдандырып арман өлең, мұрат бақ,
Біз де кеттік осы ауылдан жырақтап.
Магниттей мені өзіне тартады,
Сол Бірлікте тұрған анам тұрақтап.
Сол жылдарғы орнын іздеп үй-жайдың,
Ауыл барсам қалған гүлін жинаймын.
Қуаныштан жылап тұрған алдымда,
Жан анама жалғыз талын сыйлаймын.
Жылама ана, көзге моншақ тіреліп,
Жан шуағың жауқазын боп тұр өніп.
Артыңдағы ақын ұлың келеді,
Адамдардың жүрегіне гүл егіп.

САҒАТ
Ілінбей ғайбат өсекке,
Жүрейін тыныш жай қалай?
Сен салған түнде төсекте,
Сағатым қалып қойғаны-ай.
Тірліктің қамы, бас қамы,
Ұмыттым бәрін жәнәтым.
Ұмытып сенен басқаны,
Үйіңде қалды сағатым.
Сағатым күндіз-түн жылжып,
Сабырсыз алға зырлайды.
Өмірім жүз жыл, мың жылдық,
Бір түнге сол бір тұрмайды.
Бақытты еткен өзіңді,
Есіңде қалсын жақұт түн.
Сақтап жүр сол бір көзімді,
Сабындай алтын қасықтың.
Сағатымның бауы сары алқа,
Келіншек қайран басы жас.
Бір түні келсем қонаққа,
Бұрқырап шашың есік аш.
Бұрқырап иісің есік аш,
Болсайшы сонда түн ұзын.
Бір түнге сол бір татымас,
Өмірде барлық қызығың.
Атар таң атпай байланып,
Қойса екен сол, тілегім.
Сағатқа өзім айналып,
Атқылап соғар жүрегім.
Аңсаған мені түндері,
Бұрап қой тетік тілдерін.
Сағатым жүрсе ілгері,
Сағынып сені жүргенім.

КЕМПІРЛЕР
Қазақтың қасиетті кемпірлері,
Өткен өмір суреті өң-түрлері.
Өз үйінде өзі келін сияқтанып,
Келінінің алдында елпілдеді.
Барын берген балаға, жанын берген,
Нәрін берген, өмірге тамыр берген.
Құдіретті кім білер кемпірдегі?
Жарықтық жалпақ қанат шешелерім,
Жарылып желімдеген кеселерім.
Алла Құдай білмесе адам білмес,
Бейнетіңнің қай күні өтелерін?
Әулие әжелерім, енелерім,
Көтерген көп бейнетті қара жерім.
Қызығын көріңіздер немеренің,
Немере кім біледі, не берерін?
Өлместің дәрісін бір тапсам егер,
Алдымен әжелерге берер едім.

МЕН АРМАНДА
Мен арманда, ол да арманда, арманда,
Тарғыл барыс жортып жүрген Талғарда.
Жалғыз қыстау. Жалғыз ару жалғанда,
Тау үстінде таң қылаңдап қалғанда.
Жалғыз ару суға келер аңғарға,
Жалғыз елік суға түсер сол маңда.
Жалғыз ару су алуға иілсе,
Жалғыз елік қарап тұрар тауларға.
Жаялықтай жайып қойған қанатын,
Жалғыз қыран қалықтайды заңғарда.
Жалғыз едің жаны аяулы қарындас,
Ауылыңа анау жылы барғанда,
Бал шелегің кемеріне толғанда.
Жалғыздықта өз-өзіңмен сырласып,
Жарбұлақта жалғыз өзің қалғанда.
Жаным, сені осы азаптан құтқарып,
Аю алып кетті ме екен орманға.
Тау егесі, томпағым,
Табаны май торпағым.
Қарағай басып қайырған,
Аршаның басын айырған
Аңғырт ойын қорқағым,
Әкетті деп қорқамын.
Әлде ауыл жақта бір,
Мұңын шағып тасқа кіл.
Тамыр тартып тасты ауыл,
Боп кеттің бе, тас бауыр?
Тебіренбес ойға түк,
Тас болғанша беткейде.
Алақанда ойнатып,
Аю алып кеткей де!
Тікұшақтар шың басында ұшқанда,
Қойнаудағы қоныңдаршы қыстауға.
Жалғыз ару кетті ме екен айналып,
Жалғыздықтан жалбыр шашты мыстанға?

Сен де арманда, мен де арманда жалғанда,
Шіркін, тағы шығар ма еді Талғарға?!
Жалғыз қыстау. Жалтыраған құндыз қар,
Жалғыз әке жайын баққан бір қыз бар.
Тарғыл барыс жортып жүрген тауларда.
Жалғыз әке. Жалғыз сұлу заңғарда,
Кісі киік ізі қалған қарларда!
Сол сұлуды тауып сүйген жан бар ма?!
Ал арманда, арманда!

КҮЙ ҚАНАТЫНДА
Секен Тұрысбековке
Мен сені мақтан етем, сүйем сені,
Сыймады сөзге бірақ күй өлшемі.
Наз жаңбыр домбыраның үні жауған,
Тұншығып үзіледі үздік арман.
Өмірдің жапырағын жапырасың,
Өзіңді өзің айдалаға шыңыраудан.
Түйіліп қабағың мен қалды қасың,
Қамығып, қасіреттен қан жұтасың.
Тып-тыныш өмір сүріп жүрген көппен,
Адамды айдалаға қаңғытасың.
Саусағың сағада ойнап ақ тиындай,
Тақуаның тырсылдаған тасбиғындай.
Таусылып тарихты ойлап, хадисті ойлап,
Заманды аңсады екен қарт биім қай?
Қамығып қарт би отыр сөз білетін,
Сөз мұңын ыммен ғана сездіретін.
Фәнидің мәні қайда, мәнісі не?
Бір білсе, оны дағы сен білесің.
Теңселіп жел тербеген қарағайдай,
Тербеліп кейде шанақ салады ойбай.
Сап тиып, сосын сараң отырғаның,
Баянды суға сатқан Қарабайдай.
Қан қақсап өкінішпен өкшелері,
Сүйретіп шаңырағын көш келеді.
Қалдырып Қаратау мен Ұлытауды,
Күйменен қазағымның көшкен елі.
Сең, сең күй сел боп ақса, тыңдаған ел,
Сексеннен селт етуге сескенеді.
Өмірін сағыныш пен наз арытқан,
Естіліп еміс-еміс саз алыстан.
Селк етіп оянған Секен абыз,
Серпіліп қоя берер Қазақстан!
Мен сені мақтан етем! Сүйем сені!
Сыймайды сөзге бірақ күй өлшемі.
Осынау күй сазының құдіретін,
Сыйдырып өлең сөзге жіберсе еді.

СҰР ТӨБЕТПЕН СЫРЛАСУ
Көрген кезде бас иеңнің төбесін,
Неге сонша жалмаң қаға бересің?
Мен де итпін, түсінемін мен сені,
Аузы сасық, ниетті адал төбетім.
Ит болуға тіршілікте мың себеп,
Қожаңның да қор болғанын білсең ет.
Еркелесең Есенқұлдан аумайтын,
Сұрың құрсын сұрқиядай сұр төбет.
Ауызым сасық, адал, бірақ ниетім,
Қаба қоймас мендей иттер иесін.
Сүйек тастап сүйгендігін білдірер,
Менің дағы ием болса сүйетін.
Шынжыр қазық шыр айналып діңкелеп,
«Ит-ақының» қожасына жыр төгед.
Сұрағаны мына менен аумайтын,
Сұрың құрсын сұмпайыдай сұр төбет.
Қас батырдан қарақшылар көп туып,
Елдің басын көрге жатыр жеткізіп.
Мен де бір күн арс ететін болармын,
Қойғандығы көп болса да өткізіп.
Менің де бар сұм қарақшы, шын ием
Ыр етуге шамам келмей күйінем.
Ер де болсам етек-жеңім жаба алмай,
Өте шыққан есіл қайран дүнием.
Пиратым-ай,
Сен дегенім өзім ғой,
Неге ішесің деген тұр ғой көзіңде ой?
Сен ауырып қалғанда да анау жыл,
Арақпенен ішіңді айдап едім ғой.
«Пиратым-ай» сен бір иттің адалы,
Пират болып қиратқаның шамалы.
Ешкімде жоқ шексіз, шетсіз бостандық,
Босатайын, бір кезіп қайт даланы.
Бұлғаңдап қайт, босатайын кешқұрым,
Күнде еркіндік бола қоймас, кеш күнім.
Екеуміздің көзіміз де сондықтан,
Көздеріндей жылтылдайды ешкінің.
Сұр қасқырдай шулы қан қыл көшені,
Айтқан сөздің елең қылмай ешбірін.
Дәл мен құсап жаман атақ шығарып
Бостандықта неге жүр деп мынау ит?
Жазықсыздан жаман сөзді естідің.
«Пират, қайт» деп үнім шықса зекіген,
Ойлап қалма «қатыгез» деп осы ием.
Менің де бір ақылды ием болса ғой,
«Қайт енді» деп зілсіз ғана жекіген.
Жүрегімді иітіп бір сөйлемей,
Итпен ит боп таласады-ау, шетінен.
Ауызым сасық, адал еді-ау ниетім,
Соны адамдар ұқпағанға өкінем!

БІРЛІК АУЫЛЫ
Қазағы бар, ішінде қалмағы бар,
Бұл ауылдың тарихта салмағы бар.
«Бой бермеген қазаққа халықпыз» деп,
«Қалдан-Серен батырдан қылыппыз» деп,
Қалжыңдайды әйтеуір сондағылар.
Қасіреттің өзін де қалжың ғылып,
Өткен іске қарайды әркім күліп.
Айт, айтпа арғы аталар өмірінде,
Әйтеуір бар сияқты тағдыр қызық.
Есіне алмас ескірген заманды олар,
Ескілердің ісі ғой деген болар.
«Елім-айы» естілсе баяғының,
Екеуі де егіліп жаман болар.
Ішінде шалың да бар, балаң да бар,
Мейрамда атқа қонып далаң қағар.
Шарт етер Шапырашты мінезіңе,
Қалмақ қаны қосылып зәреңді алар.
Бекерге белсенділер қауіпті айтар,
Өткен соң бірінші май мауық қайтар.
Көп болса көк байталға мінгесіп ап,
Көп бала көрші ауылды шауып қайтар.
Айдарлы қалмақ емес қыл найзалы,
Келеді соған бірақ ыңғайлары.
Тарсылдап тар көшеде атпен шауып,
Таусылмас көрші ауылдың түнде айғайы.
Атынан «қалмақ» деген шошынам-ай,
Бұл күнде дейтіндер бар осы қалай?
«Қасқырды қанша бақсаң мал болмайды» деп,
Жезделер құйып қояр отына май.
Қалмақ деген жалғыз сөз тілде ғана,
Қалмақтөбе мүлгіп тұр қырдағы оба.
Аталасын аларда ажыратып,
Екі арасын жалғайды Жылғары ана.
Алшынбай мен Тұрсынбай, Едігелер,
Ердененің қалмаққа ебі келер.
Тірілерді көрмеге тізіп қойған,
Тірі музей сияқты көрінеді ел.
Адуын, ашықауыз со Бірлігім,
Сақтаған қазақ, қалмақ ел бірлігін.
Әйтеуір бұл ауылдың жігітінің,
Көрмейсің көзді алдаған көлгірлігін.
Қазағы, қалмағы бар, қалғаны бар,
Қайнайды бір қазанда ондағылар.
Шалдардың шалы білмес бұл ауылда,
Тарихтың жазылмаған тармағы бар.
Қасқырдың тұқымы деп мұндағылар,
Қыжыртар Ізтілеу мен Миралылар.
Жылнамашы жыны ұстап жазбай кетсе,
Жазығың не сендердің Жылғарылар.

ҚАРА ШАРУА
Қара шаруа!
Сәл жымиып қарайсың мен осалға.
Қара жерде сен жүрсең жалаң аяқ,
Сенен басқа адамға жарасар ма?
Қара шаруа!
Қайратым кем өзіңмен таласарға.
Қара төбел ат мініп қазан аяқ,
Қара терлік жастансаң жарасар да.
Қара шаруа!
Сәл жымиып қарайсың мен осалға.
Қара жердің тағдырын сен айтқанда,
Ханның өзі алдыңда жақ ашар ма?
Қара шалғы қолымда, қара сайда,
Қара сайдың бойында қара шайла.
Қаным кеуіп отырсам, ойхой, мен де,
Қара терім тамшылап қара шайға.

ШАЛДАР
Шалдарым-ай,
Шалқайғанға шалқайған
Қарттықтан да осы күнде мән тайған.
Ары айдаса, бері айдаса жүрмейтін,
Қара түйе секілдісің талтайған.
Ақыл айтар бір пенде жоқ сендерге,
Әкімдердің тіліне олар ерген бе?
Бір «маңқ» етіп жүріп кетер орнынан,
Қара күпі киген біреу келгенде.
Омырауың толы медаль, орденге,
Оның өзі ерсі бүгін көргенге.
Қарттықтың да қасиеті қалмады-ау
Қара тілдің қасиеті өлгенде.
Сендер айтқан әрбір сөздің нарқы бар,
Соны естуге ақын байғұс талпынар.
Жақындамай жан баласы қасына,
Ақын ғана маңайында шарқ ұрар.
...Қаптың түбін қағып көрші қарттарым
Қап түбінде бір уыс дән бар шығар.

ЖАМАН ТОНЫМ ЖАЛБЫРАП...
Жаман тоным жалбырап,
Екі иінім салбырап,
Қырға шықтым, аяғында ақпанның.
Екі иығын тең ұстап,
Көрген сайын алыстап,
Алатау тұр, қатпар, қатпар, қатпар мұң.
Қарай-қарай келбетіне қажыған.
Маған қарай құлай ма тау деп қалдым.
Өз-өзімнен қалжырап,
Өз-өзімнен балбырап,
Өмір кештім, арасында жоқ, бардың.
Аш өзегім қанжылап,
Кімді күндеп, кімді тілдеп боқтармын.
Ортасына кіре алмасам көкпардың,
Ел алдында келмейді ешбір ақталғым.
Тағдырыңды өрге тартсам деп едім,
Кешір, кешір, кеңпейілді мені Елім,
Жәй ғана бір тағдырласың боп қалдым.

АЛА ЖІП
«Есіктің алдында ала жіп, ала арқан тастап қойсаң аштан өліп бара жатса да қасқырлар қораға шаппайды. Олардың серті сол. Ала жіп аттаса, қасқырлық қасиеті кетеді.
Алдыңғы жылы қара күзде қорама екі көкжал келді, ала арқанды ары иіскеп, бері иіскеп, аларып, қадалып қарап-қарап тұрып кетіп қалды. Жотаға шығып алып таң атқанша ұлып отырып алды, сабаздар»
(Кәрі қойшының әңгімесінен)
Есіктің алды – ала жіп,
Қарайды қасқыр қадалып.
Ала жіп егер аттаса,
Ар-ұятын тастаса,
Қасқырлық кетер жоғалып.
Иттердің бәрін састырған,
Бұтына төбет шаптырған.
Бұзылмас серті бөрінің,
Ар-ұят үшін бас құрбан.
Ала жіп көрсе қорадан,
Ойланып қалар абадан.
Өз елін өзі тонаған,
Болса ғой сендей көп Адам.
Қасқырдың сертін ұғып көр,
Қасқырдай арлы жігіттер.
Ұлысты тонап бітті ғой,
Бұралқы өңкей ұры иттер.
Арыңды түгел жиғызып,
Арсызды бұтқа сигізіп.
Бөріден жігіт жиғызып,
Атамнан қалған Отанда
Кім салар бүгін қиғылық?
Отаннан кетіп барады,
Атамнан қалған игілік.
Семізді сойып сұраусыз,
Жүйрікті мініп қылаусыз.
Ұры иттер өршіп барады,
Қарғыбаусыз, бұғаусыз.
Тону мен талау айнала,
Күзетпес қотан бір итім.
Атадан қалған ақ дала,
Құритын болдың, құритын.
Аңсары жалғыз ар ғана
Шығып ап жота, айдала,
Қасқырлар қашан ұлисың?

ЖЕТІМ БАЛА. ЖАРТЫ НАН
Көршілердің сұрайтыны – жарты нан,
Бар нәсібі тұрады ылғи жартыдан.
Бүтін берсең бір түрлі боп алмайды,
«Жарты нан» деп қайта келер артынан.
Өмірбақи жарты халық, жарты нан!
Осы бала айнымайды өз халқынан.
Бұзық дейді ел, сені неге Тұзағым,
Бұзылмайды ол, бұзып болған бұзарын.
Өскен ұлы ол намыс пенен ызаның
Он үш жасар жетім қазақ баласы
Көрші орыстың бағып беріп бұзауын.
Күзгі белде отыр естіп түз әнін,
«Өз әнім» деп айтып отыр күз әнін.
Алып барып сол Тұзаққа жарты нан,
Түз әніңді айтшы деймін артынан.
Ол отырар желмен бірге ыңылдап,
Әлденеге құлақ-шекем дыңылдап.
Әлденеге ашынамын, сарқылам!
Өмірбақи бар нәсібі – жартыдан
Осы бала айнымайды өз халқынан.
Көгал жерде күрескен бар баланы,
Жетім бала жер иіскете салады.
Сабалақтай жырым-жырым балағы,
Жалп еткізіп байдың ұлын манағы
– «Жарты нан!» – деп жаман айқай салады.
Жарты нанға жанын берген өмір бір,
Көнбесіңе амалсыздан көніп жүр.
Көресіңді көрсетеді ол әлі!
Жығып кетсе сол жарты нан-талабы,
Жетім бала шошытты бар баланы.
Бір сабалақ жырым-жырым балағы,
Ұзынағашта бұзау-тана бағады.
Жарты нанын алып барып жаңағы,
Жетім бала қарындасын бағады.
– «Білінбесін» деп қояды жетімдік!
– «Үзілмесін» деп қояды сабағы.

ӨЛЕРДЕЙ МАСПЫН
Өлердей маспын,
Өлердей маспын, не істейсің?
Өлердей маспын, не істейсің, тағы сөккейсің.
Жоғал да жоғал, бас ауған жаққа «кет» – дейсің,
«Кет» – дейсің бірақ, жанымнан өзің кетпейсің.
Маған да саған бір жақсы күнді көксейсің,
Көгерер күнді көксейсің, бірақ не істейсің?
«Жетсек» – деп жүрген жеңістер бізде көп еді-ау,
«Терсек» – деп жүрген жемістер бізде көп еді-ау.
Белгісіз әлі жетесің оған, жетпейсің,
Көрінбейтұғын шеңберлер көп қой шектейтін.
Тағы да маспын, өзіңе қарар жоқ кейпім,
Тастай бір салмақ басымнан неге кетпейсің?
«Қаңғырған ит» деп, қаңғырған иттей тепкейсің,
Сорыңмын сенің сор жерде тұрып көктейтін,
Бағыңмын сенің басыңнан тепсе кетпейтін.
Жаным-ау, берші болмашы ғана бостандық,
Содан соң мейлі өгіз қып мені жеккейсің.

«БАСҚАН ІЗІН...»
Басқан ізі сыбдыр-сыбдыр естіліп,
Тереземнен кім қарайды кешкілік?
Қара мақпал қаусырғанда жер бетін,
Әйнегімнен тесіледі әлде кім?
Түнде жаңбыр, әйнек беті жылғалар,
Әкелгендей әлдекімнен тың хабар,
Тереземнен телміреді бір жанар,
Ойлы көздер, айтады сыр ол нендей,
Жүрген жұмбақ жан ба екенсің көз көрмей?
Тесілесің бір қалыпты өзгермей,
Телміресің тебіренбей, өң бермей.
Үнсіз көздер үңгіп кетті кеудемді,
Миллион жылдар арасынан келгендей.
Үкі көздер... қарағаны бір түрлі,
Үңгіп жатыр ішімді де сыртымды.
Ой-қырымды түгел шарлап шыққан бұл,
Ойлы көздер кім болуы мүмкін-ді?
Елбек-елбек, есі кеткен заманда,
Есіне алып жүр ғой дейсің кім-кімді?
Ескі күндер есептерін сұраған,
Тереземнен тесіледі бір адам.
КИІЗ ҮЙ
Киіз үй!
Қазақ үшін – бәрі, бәрі!
Киіз үй!
Арда алаштың ары, жаны.
Боз үйде бойжеткенді оятатын,
Таңертең бозторғайдың қоңыр әні,
Дауысы сол торғайдың – халық әні.
Киіз үй – табиғаттың ұлы мәні,
Жан денең киіз үйде тынығады.
Балбырап бір таң алды жатқаныңда,
Тастардың сыңғырлаған жақпарында,
Естілер бал бұлақтың тұнық әні.
Батыр ғып баланы да жіберетін,
Сыртында үйір қасқыр ұлығаны.
Жылтылы жұлдыздардың, Ай күлгені,
Сыңқылы сары өзеннің, сайдың лебі.
Жайлауда мамырлаған майдың кезі,
Іргеңде тойған қасқыр жай жүргені.
Көрініп көрпе астынан жердің көгі,
Әр күні малшы жұртқа той күндері...
Сол кезде біздің қазақ мейірімді еді!
Мың қиял киіз үйге шақыратын,
Шықты алғаш киіз үйде ақын атым.
Сол үйде атам менің ала таңға,
Сары ауыз мына мендей балапанға,
Оқытып «Алпамысты» отыратын.
Киіз үй – қазақ үшін бәрі, бәрі!
Тұрғандар киіз үйде дарын әлі.
Өспеген киіз үйде балаларға,
Қазақтық қанша айтсақ та дарымады.
Іргеде шу-шу еткен маңырағы,
Жүрегім киіз үйді сағынады.
Жатса да өмір өсіп, өркен жайып,
Бір нәрсе көңілімде қаңырады.
Киіз үй жоқ жерде қазекеңнің,
Пейілі де бір түрлі тарылады.
Қанша дөкей болса да ел білетін,
Есігінен еңкейтіп енгізетін.
Қазақтың қасиетті шаңырағы!
Қазақтың қасиетті шаңырағы.

ДОС ІНІМ – РАТБЕК ТЕРЛІКБАЕВҚА
Анаң сені туғанда салмақты ғып,
Сені маған теліген жолдас қылып.
Біз екеуміз күнде бір мұңдасамыз,
Бір зарменен бір зарды жалғастырып.
Менің шаң-шұң дауысымды жеп қояды,
Қорғасындай сендегі салмақтылық.
«Шыда» дейсің тағы да, шыда тағы,
Шыдамдыны құдай да ұнатады.
Шыдамдыққа келгенде Рәт інім,
Осы өмірде өзіңнен кім асады?
Ақыл сұрап қазақтың бар баласы,
Отырардай ұл едің төрде басы.
Жеті жасар кезінен жетім қалған,
Сияқтысың сен кейде хан баласы.
Талап сені тастады-ау қу жалғанның,
Шибөрісі, кәндені, қандаласы.
Мендегі бар төзімдер тәмәмдалса,
Шыда дейсің шым қорған, қамалдарша.
Шыдаймыз ғой, шыдаймыз, амал қанша,
Зәу сайтандар шынжырға оралғанша,
Қара тасы қағбаның ағарғанша.

БАЛАЛАРҒА ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Е, мынау жаңа өмірдің балғындары,
Бәрің де жүрегіме болдың дәрі.
Қасымда сендер жоқта қарақтарым,
Иіссіз гүл сияқты елдің бәрі.
Сендерді көздерім бар аймалаған,
Сендерді қорғап жүрем айдаладан.
Сендер де қорғаңдаршы мына мені,
Сендерсіз дүниеде қайда барам?
Кей-кейде өздеріңе қайран қалам,
Достықтан басқа ештеме ойламаған.
Ойламас достан басқа ештемені,
Бір кезде менде де осы дос көп еді.
Түсімде көрем ылғи осы күнде,
Ішінде тірі адам жоқ бос кемені.
Әйтеуір құмарттық та әлденеге,
Бәріміз кеттік мініп әр кемеге.
Жаным бір тұншыққанда
Жаңа достар,
Бұрынғы достарымдай дем бере ме?
Барамын олар жоқта тойға неге,
Барғанмен көңіл-күйім сай келе ме?!
Достарым кетті алыстап мүлде менен,
Білмеймін жүргендігін қай кемеде.
Кетсе де бәрі алыстап елеспенен,
Қасымда қалды досым Кеңес деген.
Жоқ болса жоқ нәрсемді бар ғып тауып,
Бар болса айдарынан жел еспеген.
Дүние басымыздан дөңгеленіп,
Барымыз біртін-біртін егделеніп.
Қасымда баяғы сол Кеңес досым,
Басқасын тастағандай жерге көміп.
Ауса-дағы осы өмірдің ортан белі,
Сол Кеңес жан ажарым. Ортам да еді.
Ол мендей тіршілікке шорқақ емес,
Ол мендей жасық емес, қорқақ емес.
Ол нағыз көлде жүзген шортан да еді,
Сол Кеңес бірге отырған бір сәтінде:
– «Мен сенсіз дүниеден қорқам»... – деді.
Боп жүріп өзі қамқор тағдырыма,
Ол менің шөлдейді екен жан нұрыма,
Не дейін шынын айтқан жан досыма,
Не дейін жалғандағы жалғызыма.

ЖАР БАСЫНДА
Жар басында,
Іленің сағасында.
Жалғыз үй тұр,
Кіресің, барасың да.
Қарсы алмайды қалбаңдап ешбір адам
Бірақ, сендей пенденің бәрі осында...
Қаңыраған бір үй тұр қара түзде,
Жар басында, Іленің жағасында.
Жанға сабыр табасың, ойланасың,
Жалғыз өзің сол үйге қонасың да.
Бір ақсақал жүреді үй ішінде оның,
Бір қыз-жігіт қыстығып сүйісуде.
Ет асылып жатады ошағында,
Піскен еттің сезесің иісін де.
Бір келіншек сыңғырлап құшақтай қап,
Бір кемпір жүр ошаққа бұтақ сайлап.
Бір сәлделі молда отыр күбір-күбір,
Обал, сауап, иман мен нысапты ойлап.
Қос қарақшы өткен мен кеткенді айтып,
Қараңғыда әне отыр пышақ қайрап.
Қап-қараңғы түнде осы қою, қалың,
Жылап-сықтап түнейді қойыңға мұң.
Сатыр-күтір біреулер аттан түсіп,
Босағаға тастайды сойылдарын.
Бірі кетіп, елестің бірі келіп,
Елең-елең жатасың көз іле алмай.
Терезеден жапанның түні бөгіп.
Дүние-құрдым қарыны тоқ сияқты.
Келер-кетер ештеме жоқ сияқты,
Осы жерде кетсем де бүгін өліп.
Жар басында жалғыз там не көрмеген?
Бұл дүние кімдерді шегермеген.
Не бар дейсің жалғанда көнермеген?
Бір сөзімнен оқыста сүрінгенде,
Дыр-дыр етіп киімім тілінгенде,
Дүр етеді машина «келем»деген.
Бірте-бірте өзіме жақындаған.
Сақыр-сұқыр тістері сақылдаған,
Албастыны алдаймын өлеңменен...

БІР МЫРЗАНЫҢ ТОЙЫНДА
...Көрген жерде ауыл бар!
Көрісейін жұртпенен
Бауырлар-ай, бауырмал?
Бауырларын құрт жеген...
Қаны жоқ қаңылтыр аналар,
Жаны жоқ жап-жалтыр балалар,
Жиналды бір тойға «жаңалар».
Кебеже кең құрсақ батпандар,
Әйелін басқаға сатқандар.
Әне жүр жас қыздар, жас қарлар,
Ханмен де, құлмен де жатқандар.
Арсыздар арсызды ардақтап,
Қамсыздар қамсызды құрметтеп.
Біріне біреуі қалбақтап,
Бірінен біреуі дірдектеп,
Бір-бірін арбайды күрмектеп.
Құлаққа кіретін әні жоқ,
Құмарпаз бұл тойдың мәні жоқ.
Мәні жоқ болса да, гәбі көп...
Бұларға бәрібір менің бұл пәктігім,
Жалпыға жаққан бір жақсының
Шын сенер қасыңда жаны жоқ.
Қасиет, қасірет жоқ жандар,
Болғандар, толғандар, қор жандар.
Жоқпенен ісі жоқ тоқ жандар,
Боқпенен соғылған қорғандар.
Олардың қолында заңдар бар,
Заңдармен қорғанған зәндәмдар.

Сырты – қой,
Ал іші – доңыздар.
Адамды білдірмей бауыздар,
Жалтырақ жайсаң бір жауыздар.
Көргің бір кеп тұрса өліктер,
Көрнекті бұл тойға келіп көр.
Жалпаңдап жүгірді қара, әні,
Өмірде көбейіп барады,
Өліктей шоңдарға жеріктер.
Осы той тарқайды,
Осы Эдем,
Түн ауа жылжиды көшемен
Табыттай, жып-жылтыр көліктер.

МЕН СЕНІ КӨРДІМ ТҮСІМДЕ
Мен сені көрдім түсімде,
Түсімде азып кетіпсің.
Суалып жағың мұңайып,
Алдында тұрсың есіктің.
Сабылып іздеп сен мені,
Сағынып жүр деп есіттім.
Өмірдің бәрі өткенде
Сен неге сонша өшіктің?
Кешіктің жаным, кешіктің.
Өр едің сұмдық сен осы,
Өң тайып енді өшіпсің.
Өмірдің аты өмір ғой,
Өрліктен бекер не шықсын.
Таңертең тұрып тараушы ем,
Көмірдей қара шашыңды.
Айдала түзде ағарған,
Ақ селеу болып кетіпсің.
Шашыңды сенің тараушы ем,
Шаштарың қалың екен деп.
Мен сені сонда санаушы ем,
Жанымнан тәтті бөпем деп.
Өзіңдей жақын адам жоқ,
Өзіңдей маған бөтен жоқ.
Ойланып тұрдым таңертең,
Өзіңе қалай жетем деп.
Жасыма, жаным, жасыма,
Жүрмін ғой мен де асыға.
Бақытсыз сенің басыңа,
Бір медеу болсам екен деп.

ЖАҢБЫРЛЫ КҮНІ
Жаңбырлы күні жайырақ тұрып қасыңнан,
Жабығушы едім жаңбырға қарап жосылған.
Жабыққан бірге жаңбырлы күнді сағындым,
Көңілді күндер өтсе де небір басымнан.
Жапырақ құсап көп алтын жатса шашылып,
Алтын да күміс аяқта жатса басылып.
Соның да бәрі қақпаңа сенің жетер ме,
Жаңбырлы күні жартылай тұрған ашылып.
Жартылай ашқан жасырып жұрттың көзінен,
Сол жасыл қақпа сабырсыз неткен төзім ең.
Махаббат, жастық кетсе де өтіп кезімнен,
Жаңбырлы күні мен соны әлі сезінем.
Бүгін де жаңбыр,
Қаңғыр да, күңгір шатырым,
Қаңғысам ба екен, қақпамнан шығып ақырын.
Жан-тәнім сезер жанымның жалғыз екенін,
Кемелге келіп, толысқан кезде ақылым.

ЕЛЕС СҮЙРЕП
Елес сүйреп ертелі, кеш те мені,
Көргім келмей көшеден ештемені.
Қаршадайдан үйренген жалғыз әнім,
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Қаракөзге мөлтілдеп жас келеді».
Өмір өтті-ау, әйтеуір жақсы, жаман,
Қырқасынан қырықтың астық аман.
Екі көзі мөлтілдеп жылап тұрған,
Бір қаракөз арман боп өтті маған.
Біздің елді біреулер дос көреді,
Біздің де елден біреулер сескенеді.
Көрінбейтін бір жаққа көшкен елі,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қадіріне жетпеген қайран елі,
Қарындастың көзіне жас келеді.
Қаратаудың қарасам таз басына,
Өмір шіркін қоймапты тозбасына.
Алатаудың қарасам боз басына,
Ие болмай әрең тұр өз басына.
Қалың түндер...
Қайысып құрақ сынған,
Қасиетім кетті-ау деп жылап тұрған,
Қаракөздің шөлдеймін көз жасына.
Қайсы аруың осылай шырылдады,
Қаншама қыз шыбындай қырылмады,
Біреуіне жүрегім бұрылмады.
Бір қаракөз арман боп өтті маған,
Бала күнгі,
Батырлар жырындағы.
Қаншама қыз жасырын ұрындады,
Қаншама қыз қысылмай қырындады.
Өткінші бір жаңбырдай мұның бәрі.
Қырға шықсам жүретін бір қаракөз,
Сүйретіліп жусанға бұрымдары.
Беу, қаракөз!

ГҮЛДӘУРЕНМЕН КЕЗДЕСУ
Аннан-мұннан жұлдыз гүлдер бүр жарып,
Ай сырғасы тұрған кезде дір қағып.
Жалаңаяқ нояндары ауылдың,
Алма ұрлауға шығушы едік ұрланып.
Мысық жүріс ептілікке мастанып,
Қаншасын жеп, қанша алмасын тастадық.
Сол бір жолы алма ұрлаудың кезегін,
Әлімбайдың бақшасынан бастадық.
Қарқындары қамал бұзар кіл «батыр»,
Қараң- құраң қалың баққа кірді ақыр.
О, жасаған, масахана ішінде,
Толықсыған, толған айдай қыз жатыр.
«Қарақшылар» қалт тұра қап шетінен,
Қапелімде ауып қалды есінен.
Ай сәулесі өліп-өшіп сүйіп жүр,
Періштенің тамағынан, төсінен.
Бір ғажайып арман күтіп ақ таңнан,
Ару жатыр, ақ білегін жастанған.
Жаңа ғана көзін ілген секілді,
Бір періште ұшып келіп аспаннан.
...Ойлап тұрсам ол бір ғажап түн екен,
Содан бері сұлулықты жыр етем.
Әлгі сұлу періште емес, басқа емес,
Әлімбайдың сары тәмпіш қызы екен.
Балғын қиял қуалаған күндіз- түн,
Бала едік қой, бала едік қой бүлдіршін.
Санамызға сәуле кірген сол түні,
Кімге қандай түс кіргенін кім білсін?
Бізге осылай келді ме екен жігіттік,
Біздер содан алма ұрлауды ұмыттық.
Бұл өмірде алмаңыздан мың артық,
Бір тәттілік бар екенін шын ұқтық.

ЖАТАҚХАНА. ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жатақхана. Жалғыз төсек. Бал қыздар,
Жатақта да, өмірде де жалғыздар.
Мұқағали суретімен мұңдасқан,
Қабырғаның өзі мұнда сыр дастан.
Түні бойы сырласады бал қыздар,
Қалампырдай қауыздарын түнде ашқан.
Мұңаяды Мұқағали суреті,
Жалғыздықтың жырын бірге жырласқан.
Биге барсаң- жұғымсыз бір жұрт аңдып,
Кино барсаң – кірлеп көңіл, сыр сандық.
Тойға барсаң – бар қызығың бір таңдық,
Қадірсіз боп қалды ескіріп, елеусіз,
Қайран сұлу, қасиетті іңкәрлік.
Жаздың түні. Жалғыз жұлдыз. Жалқы үміт...
Жатақхана жалғыздыққа малтығып,
Қызыл ерін қызғалдақтай аршылып.
Көрпе-төсек – көк теңіздің үстінде
Жүзіп бара жатыр қыздар талпынып,
Жамбы төстер жанар таудай алқынып.
Ар – намысын сақтап жүрген тұмар ғып,
Бұлар – ырыс, ошағыңда бұлар құт.
Арулардың балқытады жан-тәнін,
Аналыққа – деген абзал құмарлық.

ТАҒЫ ДА ТҮН
Тағы да,
Тағы да түн.
Тағы да түн...
Бір адам жоқ тәні де, жаны жақын.
Бір тентектеу әйелді сағынасың,
Бір көрпені тартқылап жамылатын.
Ағын түн,
Ағын дүние,
Ағын ырғақ.
Жатырмын жарым түнде жан ыңылдап.
Неге осы дүниені шайқамадым?
Сезімнің ұстасам да тарта бәрін,
Басыма қонбады ғой бәрібір бақ.
Неге осы өршімедім, өртенбедім,
Неге осы шайқап ішіп ерте өлмедім?!
Керемет түндер өтті-ау, мен жоқ жерде,
Себелеп жұлдыз төкті-ау, сен жоқ жерде.
Не керек енді өзіңнен жеркенгенім.
Өткені-ай, құр қиялмен қияқ күнім!
Балаға, данаға енді ұяттымын.
Әйтеуір мына жарық дүниеде,
Сүймеген, сүйілмеген сияқтымын.

ЖІГІТІМ БАР...
Ессіз ғашық халімді көре тұрып,
«Жігітім бар!» – деуші едің, өп-өтірік.
Азаптағың келетін мені әйтеуір,
Сүйгеніме шынымен сене тұрып,
Көнбей маған кетуші ең, көне тұрып.
Гүлнәр, Баршын, Гүлсімің, Күмісің бар,
Бәрі соның деуші еді: «жігітім бар».
Менің бала кезімнің арулары-ай,
Сендер бәрің шынымен ұлысыңдар.
«Жігітім бар» – дегенің сылтау еді,
Барлық ұлдар ол кезде мылқау еді.
«Жігітім бар» – дегенің жігіттердің
Сезімі мен намысын шыңдау еді,
Соны, бірақ түсінген кім бар еді?
Жігіт те емес, бала едік сары ауызды,
Бүгін жігіт болдық қой, ор ауызды.
Сонша неге ұнаттық екен, Құдай,
Көзі ғана әдемі қара қызды?!
Қасып қойып тәтті бір жарамызды,
Қыздар жүрді-ау, қыздырып арамызды.
«Жігіті бар» сол қыздар жігіт іздеп,
Кезіп кетті кейіннен әр ауылды.
Ол жылдардың қыздары керемет ең,
Елемейтін сен өзің бөгемесең.
«Жігітім бар» дегені байғұстардың,
«Жігітім бол сен менің» дегені екен.
Сезіміме сен менің сене тұрып,
«Жігітім бар» – деуші едің, сәл өкініп.
Жігітің сол, білмеппін, мен екем ғой,
Неткен шындық едің сол, сол өтірік.

ӘЙЕЛІММЕН ӘҢГІМЕ
Жайлап алып жаны жылы пеш түбін,
Шүңкілдесіп отырамыз кешқұрым.
Демеу болар ағайын көп десек те,
Сенен басқа жоқ екен-ау, ешкімім.
Белің сынып кететіндей күтірлеп,
Барған сайын бара жатсың бүкір боп.
Менің тақыр тауқыметім тұрғанда,
Саған осы өле-өлгенше күтім жоқ.
Барлық жүгін әйелдің де, жігіттің,
Саған ғана артып қойып жүріппін.
Мен түзелер деген, сірә, үміт қой,
Көздеріңнен жылтыраған бір ұшқын.
Е, бәйбіше, сенде не жоқ, бәрі бар,
Сынған шәйнек, тозған диван табылар.
Жеті ай қыста жем жемеген сиырың,
Шытыр көкке тойып өлді, жануар.
Күн көрерміз бұзаусыз да, сиырсыз.
Өзі де бір өлгір еді, сиымсыз.
Бейбіт қайның былтыр берген тананы,
Бұзауымен қайтарар-ау, биыл күз.
Е, бәйбіше-ау, сіздің көңіл биікте,
Біздің көңіл қырда жүрген киікте.
Қоразы жоқ қотыр тауық болмаса,
Басқа малға емшегіңді иітпе.
Маздап жатыр, қозғап қойшы пеш түбін,
Менен басқа сенің де жоқ ешкімің.
Мен бар кезде сенің де жоқ еш мұңың,
Біздің күйеу «әйгілі ақын» – екен деп,
«Айқым біткен шулап жүр» – деп естідім.
Түбі менің түсініксіз байлығым,
Тұқымындай көбейеді ешкінің.
Бұлың-бұлың бұлдыр бұлттар ішінде,
Өрге тартып бара жатыр көш жырым.
Бұл өмірде сен бар-ау, деп білмеген,
Қателігім болса егер де кеш, күнім!
Келші, жарым
Шүңкілдесіп отырайық кешқұрым.

ЕЛЕГІЗУ
Қалың тұман
Барлығы бұлдырайды,
Құдай қимай қойғаны-ай, күнді де, айды.
Қара құлдай қайыспас қайран көңіл,
Оңашада қалғанда шын жылайды.
Кіммін?
Немін?
Қайдамын?
Қайда барам?
Мен аңсаған баяғы қайда ғалам?
Біреуді аңсап отырған сияқтымын,
Ақ боз атпен келетін айдаладан.
Болар істің барлығы болған кезде,
Ілесем деп, аттыға қайда қалам?
Ойлаған ой,
Тілек те, тіл де бөтен,
Жұртпен бірге қашыпты құр берекем.
Аспан асты
Жер үсті дүниеде,
Біреулерді сағынам.
Кімдер екен?
Кімге кетем?

Алты аласы
Болса да бес бересі,
Серік болар жігіттің жоқ «төресі».
Тұманға да қарамай, бұлтқа да,
Басым ауған бір жаққа кетсем осы.
Алаңдамай артына ілесетін,
Жаннан безген жігіттің жоқ «төбесі».
Қалың тұман тұрмыста тасқа соғып,
Қайырлады талайдың көк кемесі.
...Қиялилар азайған дүниенің,
Қимайтұғын жоқ екен ештеңесі.

АУЫЛДАҒЫ ҚАРАША
Кімім бар үйіне іздеп баратындай,
Мәре-сәре содан соң болатындай.
Қалдырғандай көшеде бірдемемді,
Көңілімнің елегізи беретіні-ай.
Іздеп барар жоқ екен ешкімім де,
Қарауытқан қара күз кешкі күнде.
Жаңбырлы күн бір жарты қызыл ішіп,
Отыратын достармен пеш түбінде.
Құрдастармен өткізген тамашасын,
Сағынасың сол күндер қарашасын.
Күпәйкенің жағасын көтеріп ап,
Қиралаңдап көшемен барататын.
Төрге жетті білмеймін басым қалай?
Емес үйге шақыру ақынды оңай.
Күпәйкемнің жағасын көтеріп ап,
Шыққым келіп көшеге отырғаны-ай...
Ол кезде жақсы еді, осы қараша күз,
Достарменен жарасқан оңашамыз.
Күпәйкелі жігіттер ауылдағы,
Батпақ көше бойында жарасамыз.
Кластас қыз бір шыны шәй берер деп,
Сырт көшеге аяңдап баратамыз.
Жәңке кемпір бір жаққа кетіп қалып,
Жалғасатын сол үйде тамашамыз.
Ақын бүгін қырықтан асып толған,
Ауылды қар алғашқы басып қалған.
Жәңке кемпір бақилық осы күні,
Кластас қыз бір жаққа кетіп қалған.
Өмір өмір болмады жылдағыдай,
Көңіл көңіл болмады бұрнағыдай.
Күпәйкемнің жағасын көтеріп ап,
Шыққым келіп көшеге тұрғаным-ай...

ҚОРҒАҢДАР
Қорымдар,зират,көне ордам,
Тарихтың талай мүшелі.
Сендерді көрсем даламнан,
Сонау бір сойқан заманнан
Мүжіліп,құлап,жоғалған,
Отаным еске түседі.
Зираттар – көнекөз елім,
Киелі қара орманым.
Сендерге қарап сеземін,
Отаным кеше болғанын.
Қорымдар, көне қорғандар,
Қолдаңдар мені, қорғаңдар.
Топырақтың торқасы,
Тарихтың майлы сорпасы
Тозып та біткен орда олар.
Аңызда аты жаңғырып,
Табандылығымен таң қылып.
Ірімей ғасыр-ғасырдан,
Іргесі қалған мәңгілік
Сендерде ғажап арман бар.
Ел болмасты ел көрген,
Тең көрместі теңгерген.
Өзгеден өзін кем көрген,
Қорғаңдар бізді қорғаңдар,
Қорғандар, көне қорғандар
Қорғаным менің болғандар.
Отаным қайда демеңдер?
Отаным менің сол маңдар...

ӨЗ ЕЛІМ
Сенен талай қайтса-дағы меселім,
Кештім бәрін, өсе берші, өс елім!
Саған бекер кінә тағып жүрмін бе?
Күллі әлемнің азған жұрты бұл күнде,
Саған қарай қаптатады кеселін.
Таппасаң да көңілімнің хош, емін,
Өзгере бер, өсе берші, өс елім!
Жұрт ішінде өз-өзіммен сөйлесіп,
Өзгеде жоқ, бір тамаша ой кешіп,
Өн бойымен жүріп келем көшенің.
Өмірімде көкем де көп, шешем көп,
Көңілімде кем-кетік көп, кетеу көп.
Өзенінен өз ойымның шыға алмай,
Өз-өзімнен кетіп барам екеу боп.
Зар жылаймын, неткен көп деп кеселім,
Қан жылаймын, сосын бәрін кешемін.
Өсе берші, өсе берші, өс елім!
Дәл өзімдей маңдай соры бес елім.
Мен сенімен күнде-күнде қоштасам,
Қоштасам да, сосын қайтып достасам.
О, туған жер, сенде қанша жауыз бар?
Жауыздығы жазаланбас ешқашан!
Солар мені күнде-күнде бауыздар,
Содан сені және өзімді ап қашам.
Өлдің елім! Келдің! Біттің! Қош деймін,
Сосын қайта кешіремін, кешпеймін.
Өзегімсің, өзегімді кеспеймін,
Өз елімсің, өз-өзімсің, не істеймін?!
Сенен талай қайтса-дағы меселім,
Өз қолымды өзім қайтіп кесемін.
Көзім сүйер көрініс жоқ, бос елім!
Қилы-қилы қиялымнан айырды-ау,
Ұялмайтын, қызармайтын төсегің.
Сенің ешбір қажетіңе жарамай,
Секілді әлгі Момынбайдың Көшегі.
Өн бойында ойнап жүрген көшенің,
Күні бойы лай суды кешемін...

АҚ КӨЙЛЕК, КӨК КӨЙЛЕК
Көшеде қыз жүреді тарпаң болып,
Тарпаң көрсем кетеді арқам қозып.
Тырсиған төсіңдегі жанартауың,
Бір күні атылады-ау, шампан болып,
Шампан болып, тағдырың талқан болып.
Көшеде қыз жүреді бұлтыңдаған,
Тойған тоқты секілді қырқылмаған.
Балтырына қарашы пәтшағардың,
Карташының қолындай жылтылдаған.
Көшеде қыз жүреді қайық болып,
Толқынында жастықтың кәйіп болып.
Желбіреген жел аңсап желкен көйлек,
Бір күні кетерсің-ау ғайып болып.
Ақ көйлек арманымның ақ мұнары,
Көк көйлек көңілімнің көк тұманы.
Төмен қарап жымиған қызды көрсем,
Тағы да өмір сүргім кеп тұрады.

МОНШАДАН ШЫҚҚАН МОНШАҚ ҚЫЗ
Моншадан шыққан балбырап,
Монтаны бір қыз ай маңдай.
Жантайсаң жазда бал құрақ,
Жұпары танау жарғандай.
Алмадай беті албырап,
Алаулап тұрған нұр қандай.
Жаңбырдан кейін бал құрақ,
Үлбіреп су боп тұрғандай.
Сәмбі тал құсап салбырап,
Өріктей піскен болбырап.

Өзінен шыққан ыстыққа,
Өз бойы балқып, балбырап,
Моншадан шыққан шырайлым,
Моншақтай жуған жаудырап.
Ақ сүттей болған, қарағым,
Айрандай болып ұйып бір.
Құшатын осы баланы,
Құдайым кімге иіп тұр?
Тамшылап тұрған талдайым,
Қасықта тұнған балдайым.
Болмысы бөтен дүниеде
Болады қандай жағдайың?...

ҚЫРҒА ШЫҚСАМ
Қырға шықсам сөйлемей дала жатыр,
Дала қанша өткерді заманақыр.
Жылдан-жылға әйтеуір менің де осы,
Сөздік қорым таусылып бара жатыр.
Сөзді бекер болам ба қор қылғандай,
Жақынымның барлығын жау қылғандай.
Дұрыс шығар кейде осы сөйлемеген,
Мына жатқан мұңайып боз қырлардай.
Маңыраған үн шығар кейде менен
Маңыраған адасып жалғыз қойдай.
Мен не дейін құдай-ау, сөйлегенде,
Жаршы болдық
Аты озған пенделерге.
Жалшы болдық біреуге,
Сен де мен де
Еске түсер елжіреп ештеме жоқ.
Ештемені ұқсаймыз көрмегенге,
Сөздік қорым таусылды неге менің?
Дауылдатып алсам ғой деген едім.
Дауылдатпай, селдетпей, дабырлатпай,
Дабырасыз жәй ғана себеледім.
Жанбай қалған бағымды жандырам деп,
Шамды айналған мен де бір көбелегің,
Сол шамды да айналып шаршадық қой,
Қу жаныма білмеймін не керегін.
Маңыраған жапанда жалғыз қойдай,
Маңырап жүр әйтеуір «неге?»-лерім.

КҮЗГІ МАХАББАТ
Секілденіп құрғап қалған бос өзен,
Жарым түнде жан көрінбес көшеден.
Сол көшеде мен келемін солпиып,
Жапырақсыз ағаштар тұр селтиіп.
Сен берсең де есігіңнің бір кілтін,
Саған түнде келмеппін-ау, бір дүркін.
Ертегісін, ертегіге жалғаған,
Біздің сезім секілді екен мың бір түн.
Қараңғы екен есігіңнің алды да,
Мәңгі жұтып қоясың ба кім білсін.
Ертегісі таусылған бұл сорлыға,
Ертегі боп жүре тұршы Нұргүлсін...

ҚАРА ЛАШЫҚ, ҚАПАС КӨҢІЛ.
ҚАЗАҚ ЖІГІТ
Жігіт ашынады:
Әйелім де емессің, жесірім де,
Бөтен тартып барасың осы күнде.
Кешке саған болады кешігуге,
Маған сені болады кешіруге.
Кешік , кешік... қорлық-ай, кешік енді,
Біреу құшып жүр білем несібемді.
Үнсіз ғана кіресің үйге кешке,
Осы күні оған да етім өлді.
Жерге қарай бересің сен өкініп,
Аңғармаған боламын мен өтірік.
Көлгірсимін, танытып көңіл тоқтық,
Көзіңдегі күнәні көре тұрып.
Жасыра алмай жұмбақ мұң, ерке сырды,
Жаншыттың ба, мәрмәрдай өр төсіңді?
Жалынына тозақтың жанған кезде,
Бәлкім, біреу бықсытып өрт өшірді.

ҚАРАУЫЛ ҚАЙҒЫСЫ
(Поэма)
Жас шалғынға жайылып бұрымдарың,
Өртендің бе, шырылдап шыбын жаның?
Қымтай берген қылығың көйлегіңді,
Етегіңнің айтып тұр сырылғанын.
Бір өзгеріс бойыңнан байқалады,
Болды, бәлкім, төсегің сай табаны?
Тәнің әлі балқып тұр балауыздай,
Көздерімнен көздерің тайсалады.
Жарың өлік. Жас жесір құр сүлдесі,
Табалауың сен мені мүмкін бе осы?
Омырауың от шашып ар азаптан,
Күңіреніп, күйзеліп, күрсінбеші.
Құшағынан әйелдің от тілеген,
Адам Ата белгісі өшті менен.
Таң атқанша салады мені азапқа,
Шоқ қызғаныш кеудемді кескілеген.
Осы кесел бойыма жабысқалы,
Жардың тәні жанымнан алыстады.
Қыл тамақтан талаған қыз – аққуды,
Ер жігіттің мен едім арыстаны.
Өлік шыққан адамдай үйімізден,
Саяқсимыз самарқау күйімізбен.
Жарастықты келеміз жалғап әрең,
Жалтақ әрі жасанды сыйымызбен.
Қаным марғау зым-зия сезім жойыт,
Тамыр-тандыр. Қараймын өзім мойып.
Талақ болған жарымды байқамаймын,
Тастағандай біреулер көзімді ойып.
Сайтан ойнап жатса да іште мейлі,
Жарым сүйген жабырқау күштемейді.
Жан сарайын улайтын күдік құрты,
Түніменен кеудемді тістелейді.
Арамызда жатқандай мұз аралы,
Таң атады, күн шығып, ұзарады.
Қолаңшаштым тұрғанда төсегінен,
Ши бөрідей көздерім қызарады.
Күлдей жанып түнде сен күттің мені,
Төңкеріліп толқындай түстің бері.
Атып тұрдың амалсыз кеткендей бір,
Көрпең кенет өртеніп үстіңдегі.
Екі бетің дауылдап нұр жалындай,
Қолаң шашың бұрқырап тұр дауылдай.
Қара түндей қабарып қайта жаттың,
Қайырылып мойының ішке қырғауылдай.
Жесірімсің бұл күнде, некелі жар,
Ар мен аңсар кеудеңді етеді дал.
Сен әйелсің ойы адал, ойыны бұзық,
Сен әйелсің екі емшек, етегі бар.
Қашатұғын кезің ғой мойның үзіп,
Сен – әйелсің жататын қойны қызып.
Он екі айда болса да бір таң ату,
Таусылмайтын шағың ғой, ойны қызық.
Әйел-еркек, мәңгі арман, мәңгі жалын,
Астын-үстін шегі ол домбыраның.
Қаны тамған жүзінен хас сұлуды,
Қалшылдатып қашанғы тоңдырамын?!
Қалтыратқан төсегім қара суық,
Бас жара алмай бармақтай бала шыбық.
Қу жанымды тарыдай қуырады,
Бір құшақ от қасымда аласұрып.
Ақ түндердің таусылып іңкәр әні,
Бір құшақ от бір суып, бір тоңады.
Жарқыраған жас тәнін Ай аймалап,
Қалшылдаған жан жарым қымтанады.
Басқа үйлерде басталып төсек әні,
Бір құшақтан бір құшақ от алады.
Күлге айналып сүйегі үгітіліп,
Бірін-бірі жұмаққа апарады.
Басқа үйлерде тізеге ел шоқ төседі,
Қайшыласқан білектер от көседі.
Табиғаттың тартылыс күшіменен,
Диірменнің тасындай беттеседі.
Жарым менің аңсаумен ділгір үнді,
Түнегіндей түрменің түн жырылды.
Көрмей қойды көрсоқыр көзім сені,
Сезбей қойды кіндігім кіндігіңді.
Құндыз кірпік, құмыра мүсінменен,
Сен кетерсің алданып ісіңменен.
Ажыратып алуға мен кетермін,
Күнделікті асымды ішіп-жеген.
Таң нұрымен үлпілдеген үкі денең,
Сен кетерсің, сыртың нұр, ішің өлең.
Таңсық көрген қарасың таныстарға,
Табиғаттың тартылыс күшіменен.

ЖАР. ЖАС ӘЙЕЛ.
ЖАЗЫҚСЫЗ КҮНӘ
Әйел ішінен айтады:
Ай!
Ағыт, ағыт, кеудемді ағыт тағы,
Көз алдымда жарқ етті, шабыт шамы.
Жазғыр мейлі, жазғырма, жарым қазір,
Жатқан адам секілді табыттағы.
Адал жардың таусылды ақырғы әлі,
Күткен шағың тағатсыз жақындады.
Дүлей күшпен дүние шыр айналып,
Аш белімнің сүйегі шатырлады.
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы,
Сансыратқан сағыныш басылмады.
Көшедегі менменсіп, мекерсіген,
Болсын жұрттың мендей-ақ, қатындары.
Сарғаюмен солды ғой сарғалдағым,
О, қу дүние, осынша неңді алғанмын?!
Көзім алды бұлдырап бара жатыр,
Көкірегімде өртеніп орман қалың.
Жылжып артқа жылдарым, құт арманым,
Жауынгердің жырындай күте алмадым.
Кеме жүзген айдындай бір-ақ сәтте,
Жарылып-ақ, кетті ғой бітеу жаным.
Жылжып ақты жылдарым, күң – өмірім,
Тірі жесір тозағын біледі кім?
Ең болмаса жүрмедің елден жырақ,
Екі көзі жайнаған тірі өлігім.
Айналдырып азапты түн ұршығын,
Ынтық оймен ысынып, ыңырсыдым,
Жәмилә нұр жалынды жатқа құйдым,
Жайылмап ед, өзгеге бұрын сырым.
Сарқытпын ғой, қайтейін, жардан қалған,
Құнықтым-ау, құмарпаз қардан да әрман.
Жат еркекті емес-ау, жаны сасық,
Қиялымды құштым мен арман болған.
Аһ, айналып дүние барасың ба,
Өлі-тірі жатырмын арасында.
Ұжмақ түнім ұзаққа созылсашы,
Ләззаттың қалықтап қанатында.
Дәл осылай көрмеп ем кеудемді ашып,
Аңсарым-ай, жібердің арнамды ашып.
Күнәм үшін осындай қымсынбай-ақ,
Дар алдына барар ем шолжаң басып.
Етектінің есі бар тілін алмай,
Жүрдім неге бұйығып бұрын, аллай-ай?!
Құрсағымды жібітті-ау, құрысып қалған,
Кіндігіңнің тамшылап түбі балдай.
Тегім-әйел, бұл менің текті азабым,
Көтеремін ел-жұрттың көп мазағын.
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы,
Ардың жібін алты жыл аттамадым.
Аттамадым алты жыл. Азап қанша,
Көрпем күйіп шығатын таң атқанша.
Оймен бірақ өзімді саттым талай,
Қаны бойда қағынған жәләптарша.
Оймен саттым, тәнім тек сатылмады,
Жатсам болды жанартау лапылдады.
Саттым сені сан рет сары түнде,
Саңырауқұлақ Семейде атылғалы.
Арзан бақыт, қызықтан тартынғанмен,
Айналдырды басымды алқынған дем.
Сайтанның тозақ отын қойнымдағы,
Өшірдің жаншып, таптап нар тұлғаңмен.
Таң шығына бомбаның шығы қонып,
Дегелең тау жарылды шыны болып.
Жатырмын енді, міне, жат біреумен,
Жарылған сол бомбаның күлі болып.

Полигонның бықсыған күлін күреп,
Самал соқса, сасиды күлімсі леп.
Биік-биік төрлерде тұрады ылғи,
Курчатовтың бейнесі күлімсіреп.
Бәлкім, мұным азғындық, айып шығар,
Ем жоқ енді күнәмнан айықтырар.
Күлімдейді осыны көріп тұрып,
Азаматтың алдында айыптылар.
Ақ бастылар, әйтеуір күлкің бөлек,
Жанарларда жалғыз ой – «сілку керек».
Мен ойлаймын, шынымен бұл өмірде:
«Менің күлмей өтуім мүмкін бе»-деп.
Күлгім келді, бір ғажап күйге бекіп,
Күлгім келді, күлкімді күймелетіп.
Күлдім міне, азабы-ай адал жарды,
Көз алдына көк шыбын үймелетіп.
Күлгім келді, оңаша, бір аулақта,
Күлгім келді, гүл шырын мынау жаста.
Албырт шағым алданып өтті, қайтем,
Кебіні жоқ, көрі жоқ тірі аруаққа.
Күлгім келді, мауықты маусым барда,
Күлмек түгіл, жетерміз қарқылдауға.
Тірілердің қасында жүре тұрып,
Тірі жанның қызығы таусылған ба?!
Жандылардың қасында өлік, өлік...
Шыққыр көзім жүр ылғи нені көріп?!
Бүгін ақыр кебінсіз, жаназасыз,
Бір тасаға оралдым оны көміп.

ҮМІТСІЗДІК. ҮРЕЙЛІ ӨМІР. БАҚҰЛДАСУ
Жігіт ішінен айтады:
Құшқан жарым, бұл күнде мыстан залым,
Жанарынан бір сайқал ұшқан жалын.
Ерсі күлкі көбейді ту сыртымнан,
Елдің бәрі секілді дұшпандарым.
Көркем жарға көп елдің көңілі ауды,
Қоржын артқан қодықпын қоңыраулы.
Үкі көздер аңдиды тереземді,
Үнсіз оқтар үңгілеп омырауды.
Маған бүгін сауық та, сайран да сын,
Масайрайды ел, төрт мүше сау болғасын.
Қатындарға жыр болдым, қайратымды,
Қара тасқа қайраған қайран басым.
Жар соңынан жансызбын тың тыңдаған,
Ана күлкі сонікі сыңқылдаған.
Ториды жұрт үйімді, көршілердің
Балалары емес ол құрт ұрлаған.
Соның бүгін жаныма азап бәрі,
Ториды жұрт жарыммен жарасқалы.
Демек, мені ерлердің қатарынан,
Қатал тағдыр мәңгіге аластады!
Қасиет-қадір жоғалды,
Өлгеннен басқа не қалды?!
Өтіп кеткен бақыттың бәрі бақыт,
Жалғыз жұмыс келеді жан уатып.
Барлық дерттің емшісі – мезгіл деуші ед,
Емдей алмай қойды ғой мені уақыт.
Өтсін уақыт, ол маған керегі не?
Уақыт, уақыт, ол маған береді не?
Өмірімді тым құрса ұзартатын,
Әке атанбай барамын бөбегіме.
Тіршілікпен титықтап күнде жауыр,
Басарымды білмеймін кімге бауыр?
Дәлдеп салған дұшпанның найзасынан,
Достарыңның мүсіркеп жүргені ауыр.
Мен мүскіннен қалатын бала қайда?
Бас жібі жоқ байтал жүр ана сайда.
Кебіні жоқ, көрі жоқ тірі өліктен,
Қатын ғана қалады талапайға.
Арманы не артында тұяқтының,
Қурай өскен қу мазар сияқтымын.
Абай менен Мұхтардай ер туғызған,
Ата-баба алдында ұяттымын.
Қасиет-қадір жоғалды,
Өлгеннен басқа не қалды?!
«Еріксіз түскен аңғардан,
Еркіңмен шығар өр артық.
Қорлықпен өткен жалғаннан,
Көсіліп жатқан көр артық!»-
АЗАМАТ солай деді де,
Асылды көзін алартып...

ҚАРА КҮЗ
Қара бір жаңбыр борады-ау,
Ала бір жауған қар анау.
Тау жақта бір от жанады-ау,
Аулақтап бәрі барады-ау.
Алдағы өмір алданыш,
Көретін қызық шамалы-ау.
Қара адыр малсыз бел анау,
Қарайған жансыз далам-ау.
Күңіреніп қобыз шалам-ау,
Қурайлар сыңғыр қаға ма-ау.
Жотада жатқан жолменен,
Жаяулап кеткің келеді-ау.
Қалжырап жатыр қара күз,
Балбырап жатыр даламыз.
Саудырап сабан, сары аңыз,
Маужырап жатыр санамыз.

ӘНГЕ АЙНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР
Үмітпен келіп дүниеге,
Күдікпен кетіп барамыз.
Арпасын тиеп арбалар,
Қыбырлап қырдан қозғалар.
Қалбаңдап қара қарғалар,
Қанаты барға мәз болар.
Періште бар, пенде бар,
Бізге де біреу зар болар.
Жайымды ұғар ел қайда?
Қайғымды сұрар ер қайда?
Жайымды ұқса жалпы дос.
Жанымда біреу қалмай ма?
Жаңбырдан жаным жаурамай,
Жаным бір содан жаурай ма?
Жалпының арзан бақытын,
Жазбаған біздің маңдайға.
Күйзелдің неге күз кеуде?
Естіліп еміс күйі жәй.
Мың есе зорлар бізден де,
Мұңайып өткен дүние-ай!..

АЛДАЙ-АУ
Алдай-ау, алдай, алдай-ау,
Дүние түбі балдай-ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалды-ай-ау, бәрі, қалды-ай-ау.
Үри-ау, дәурен, үри-ай,
Үмітпен өткен дүние-ай.
Теректей басым теңселіп,
Терең бір ойлар еңсеріп,
Ұйқы да тұйқы сең соғып,
Ұйқысыз өткен түнім-ай.
Арманым алда бұлыңғыр,
Орманым ол да сылыңғыр.
Жапырақтарын жанымның,
Білдірмей біреу жұлып жүр.
Өмірдің өгей пендесі-ай,
Өлеңнің шертіп қылын бір
Өзіңді-өзің жылындыр.
Өткені-ай, бәрі өткен-ай,
Өмірдің жаз бен көктемі-ай.
Сары ала қаздар саңқылдап,
Сары ала күздің жеткені-ай.
Біреуге өзім ынтызар,
Біреулер маған өкпелі-ай.
Өткінші мынау өмірде,
Өтпелі, бәрі өтпелі-ай.
«Аға» – деп барсаң ағаңа,
Ағаңның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға – туа жат,
Жолдасыңа – жүре жат
Менен де осы өтті өмір.
Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын ағайын!
Сендермен жерді бір басқан,
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан
Өмірі өлең жыр-дастан,
Менде де арман жоқ шығар.
***
Еш қисыным құралмай,
Ел қатарлы жүре алмай.
Жақсыға да ілестім,
Жаманға да ілестім,
Жалғыз өмір сүре алмай
Іште жанып көмірім,
Өтті жарты өмірім.
Қуғанға да жолдас боп,
Қашқанға да жолдас боп.
Қатар жүрген пенденің,
Қалдырмадым көңілін.
Мені де арбап барады,
Дүниенің боқтығы.
Ал ішімде жанады,
Арман, ойдың от нұры.
Аман-есен жүрсем де,
Ойнасам да, күлсем де.
Көтерілмей қойғаны-ай,
Көңілімнің шоқтығы.
Менің бүйтіп жүргенім,
Күлмес жерде күлгенім.
Шын жұбаныш, шын ғашық,
Шын қуаныш, шын бақыт.
Болатындай жанымда
Ақ сәбидей күнәсіз,
Аяулымның жоқтығы.

ҚАСЫҢДА ТҰРЫП САҒЫНАМ
Қасында тұрып сағынам,
Қасыңнан кетсем неғылам.
Екі елі менің жанымнан,
Кетпеші жаным, жалынам.
Ай туды алтын қасықтай,
Аңсап бір күткен бақыттай.
Қарайлай тұршы қасыма,
Қайтуға үйге асықпай.
Шуағын құйып жас жанға,
Шуақты ай тұр аспанда.
Бір сүйіп қайтшы үйіңе,
Күн шығып келе жатқанда.

САҒЫНДЫМ СЕНІ, САМАЛЫМ
Алатау асқақ қамалым,
Жетісу салқын самалым.
Аққұсқа мініп қалықтап,
Ауылға қайтып барамын.
Сағындым сені,
Сағындым сені,
Сағындым сені,
Маралым.
Естілмей көптен хабарың,
Мөлтілдеп кетті-ау, жанарым.
Айналып ұшып тауларды,
Ауылға қайтып барамын.
Сағындым сені,
Сағындым сені,
Сағындым сені,
Маралым.
Аңсарым жалғыз маралым
Ауылға қайтып барамын.
Аңсап бір ұшып келгенде,
Болады қандай заманың?
***
Барады өтіп келте өмір,
Өтсе өтсін мейлі несі бар?
Тарығып жүріп әйтеуір,
Тамағын ит те асырар.
Қамы үшін қарын шіркіннің,
Алдына барып құнсыздың,
Қадірім кетіп қалды ма?
Көңілің содан шошынар.
Өлеңнің гүлі солған соң,
Өлмеудің қамын ойлайсың.
Айналаң ұры болған соң,
Адалдан бір мал соймайсың.
Жарылып жамау астауың,
Ой емес ойды қаужайсың,
Көтеріп жұрттың шашбауын.
Той емес тойды тойлайсың,
Өзін бір өзі қаңғыртқан,
Дәруіштен бейне аумайсың,
Талапай тартыс жердегі,
Талайын өттім мектептің.
Қаз-үйрек едім көлдегі,
Қанатты жылан боп кеттім.
Айтып бір мұңлы жырымды,
Келемін кебіс сүйретіп.
Өмірді қалай сүруді,
Ұл-қызым маған үйретіп.
Іштегі жүрген бұрынғы,
Ұғымның бағын күйретіп.
Әкелік парыз алқымдап,
Келемін көше қаңғырып.
Білтенің түбі жалтылдап,
Бітпейтін қайран мәңгілік.

ЕСІЛ ДҮНИЕ-АЙ
Бұл өмірдің жолын қалай табайын?
Айтыңдаршы, айналайын ағайын.
Қалың жұрттың ортасында жүрсем де,
Қаңырап тұр неге менің маңайым?
Қайырмасы:
Есіл дүние-ай,
Көңілім неге егілді.
Мен туралы мына дүние не білді?
Қайда қоям аңсары көп,
Арманы көп көңілді.
Бұл өмірде кімге серік болайын?
Бұл заманда кімге кінә тағайын?
Тамашаңа тамсана алмай ағайын,
Оңашада өз әніме салайын.

ЖҰЛДЫЗДАР БӘРІН БОЛЖАЙДЫ
(Әні бар)
(Бауыржан Үсеновтің әруағына)
Аспанда жұлдыз, айтады бәрін,
Жұлдыздар бәрін болжайды.
Қай жерде кімдер, айтарын әнін,
Кімдерге бақыт орнайды.
Қайырмасы:
Жұлдыздар, жұлдыздар!
Жұлдыздар бәрін,
Жұлдыздар бәрін,
Болжайды.
Армандап жанын, адамды сүйсең
Басыңа бақыт орнайды.
Басталса жерде шапқындар кейде,
Ұмытқан иман, Құдайды.
Сыңары өлген аққудай бейне,
Жұлдыздар жерге құлайды.
Қайырмасы:
Жұлдыздар, жұлдыздар,
Жәудіреп тұрған сендерді көрсем
Жүрегім неге жылайды?
Жұлдыздай биік, жұлдыздай нәзік,
Өмірде біреу ұнайды.
А-а-а-а-а-ай
А-а-а-а-а-ай
А-а-а-а-а-ай
А-а-а-а-а-ай
Жәудіреп тұрған сендерді көрсем,
Жүрегім неге жылайды?
Жұлдыздай биік, жұлдыздай нәзік,
Өмірде біреу ұнайды.
Шырқырап жерге шаншылып тамған
Жұлдыздар жанын біліңдер.
Шаң менен мұңға малтығып қалған,
Жүрегім менің жұмыр жер.
Қайырмасы:
Жұлдыздар,жұлдыздар!
Мөлдіреп жаның, мөлдіреп бәрің
Ұл-қыздар аман жүріңдер.
Шаң менен мұңға малтығып қалған
Жүрегім менің жұмыр жер.
А-а-а-а-а-ай
А-а-а-а-а-ай
А-а-а-а-а-ай
Жұлдыздай биік, жұлдыздай нәзік,
Ұл-қыздар аман жүріңдер.

АҚҚУЫМ
(әні: Б.Омаровтікі)
Толғанай Торғыным-ай
Хорланым хор қызым-ай.
Кешігіп кезіктірген,
Тағдырдың қорлығын-ай.
Торғыным тор құлын-ай,
Оңаша ой-мұңым-ай,
Өзіңмен бірге жүрер,
Бермеді жолды Құдай.
Аққудың баласындай,
Көзімнің қарасындай.
Тосылып көргенім жоқ,
Тотым-ау дәл осындай.
Арамыз екеуміздің,
Ай мен күн арасындай.
Ай батса күнім шығып,
Күн батса айым туып.
Ай мен күн бір-бірімен,
Кездеспей қалатындай.
Қайтейін қарындасым,
Өмірдің заңы осындай.

КӨҢІЛІҢ МЕНДЕ БІЛЕМІН
(әні Б.Бөкебаевтікі)
Көңілің менде білемін,
Көрініп тұр ғой жүрегің.
Сырымды сенен жасырып,
Өзің деп өмір сүремін.
Қайырмасы:
Ұялдың неге соншама?
Қызардың неге соншама?
Көрінбей жүрсің көзіме,
Көңілің менде болса да.
Айтпай-ақ қойшы сөзбенен,
Айттың ғой бәрін көзбенен.
Бақытың менен бағыңды,
Өзгеден ізде, өзгеден.
Сарғайып батқан күн қандай?
Сарғалдақ қызыл гүл қандай?
Қиыспай сізбен заманым,
Қияға кетіп барамын.
***
Бақ пенен қызыр қонса да,
Біреуге ол да аз болар.
Қанша суми болса да,
Сусар бөрік тазда бар.
Қыран құстар қауіптің,
Қиясында зар қағар.
Семірген сайын тауықтың,
Құйрық жағы тар болар.
Өмір сүйтіп лайым,
Өр жігітті аздырар.
Көзін салса Құдайым,
Көк қарғаны қаз қылар.
Бұл Құдайдың пендеге,
Беріп те жатқан түгі жоқ.
Біреудікін біреуге,
Алып та беріп мәз қылар.
Әлди-әлди Бақтияр,
Әр нәрсенің уақыты бар.
Жетер-жетпес жерде бір,
Қолың жетпей бақ тұрар.
Жал-құйрығың жетілмей,
Жалғыз өскен жетімдей.
Елде жүрген жақсының,
Қас-қабағын бақтырар.
Болар-болмас нәрсені,
Боз жыланның өтіндей
Өмір-бақи қат қылар.
Күндердің бір күнінде,
Бізге де мына сәт туар.
Сыр-мұңын іштей күйттеген,
Сырлы тонын бит жеген.
Мына біздей бәрібір
Қалмайды жерде ащы бал.
Өйткені мынау дүниеде,
Сізді де еске алатын,
Бізді де еске алатын,
Аз да болса, жақсы бар.

ӨЗІҢДІ АҢСАП
(әні Ж.Омаровтікі)
Өзіңді аңсап өтеді көктем, өтер күз,
Аңсаумен өткен өмірге мынау нетерміз,
Көрсем деп, шіркін, іздеген мәңгі бір-бірін,
Көк аспандағы ай менен күндей екенбіз.

Қайырмасы:
Жаным-ау, менің жағама таққан тұмарсың,
Жалғанда жалғыз жабығып жүрген шығарсың.
Ұнарсың талай бір көрген жанға, ұнарсың,
Өмірде бірақ, өзіме ғана сыңарсың.

Көркемім сені көрсем де жақсы өзгеден,
Қиналдым соны айта алмай саған сөзбенен.
Сен туған ауыл, ел-жұртың неткен бақытты,
Өзіңді күнде жүретін көріп көзбенен.

ТҰМАНДЫ КҮН
Көтерілсе көк тұманның желкені,
Бұлың-бұлың бұлт басады өлкені.
Бұлың-бұлың бұлт басса да еңсені,
Бұрынғыдан жақсы көрем мен сені.

Қайырмасы:
Тұман, тұман, тұмандай,
Тұмшалаған жүрегімді күмәндай.
Сен де адасып жүр ме екенсің өмірде,
Қалың тұман арасынан шыға алмай?

Тұман, тұман, тұманды күн жылайды,
Мұнар-мұнар жер мен аспан мұңайды.
Жаным сені аңсап-аңсап кеткенде,
Маған да осы тұманды күн ұнайды.

ӨНЕР АДАМЫ
(әні Қ.Көбентаевтікі)
Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,
Біздер, біздер біреулерге арманбыз.
Барды бар деп, жоқты жоқ деп көрмеген,
Бақытынан қашып жүрген жандармыз.
Біреулердің оғы жоқ боп атарға,
Біздер жүрміз қатерлі бір сапарда.
Жыртығыңды жамап беріп жатса да,
Ешкім бізді қоса алмайды қатарға.
Қайырмасы:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от шырақ,
Әне-міне бақ қонардай боп тұрад.
Жалпы мақтап жаны қалмай жатса да,
Ешкім бізді шын түсінген жоқ, бірақ.
Бізге ғашық ұятты қыз шыбық бел,
Бізге ғашық жаны жайсаң жігіттер.
Біз жүрген жер үлбіреген үміттер,
Біз жүрген жер ақ ниетті бүліктер.
Жанымызға бермей ешбір тыныштық,
Көпшілікпен көп жүруге тырыстық.
Бар екенін махаббаттың, шындықтың,
Барша адамға сендіруге тырыстық.
Біздер бәлкім көздің жасы болармыз,
Үнсіз ғана ағып түскен ып-ыстық.

БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ
(әні Ж. Омаровтікі)
Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі,
Олар жайлы ағайын-жұрт не білесің сен осы?
Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден,
Өйткені олар ақиқат пен шындық сөздің жебесі.
Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі ол,
Біздің елдің жігіттері ұлы мұхит кемесі ол.
Осы жұрттан бақ пен қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осал жерге қағылатын біздің елдің шегесі ол.
Олар жайлы білгің келсе, ортасына кіріп көр,
Солар жүрген жолдарменен дәтің болса, жүріп көр.
Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған,
Қайран біздің қара нардай қасиетті жігіттер.
Біздің елдің жігіттері жігіттердің сырттаны,
Кешегі өткен ақындар мен батырлардың ұрпағы.
Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған,
Біздің елдің сұлтаны мен біздің елдің ұлтаны.

ҚҰСТАР ӘНІ
(Әні бар)
Күз келгенде балапанға бас қайғы,
Күзгі аспанда құстарды ата бастайды
Қауырсынды жарып өткен жарықшық,
Қабырғаңның арасында қақсайды.
Құс қайтты деп қамданады аңшылар,
Қанаттының қызыл қаны тамшылар.
Алатаудан аман-есен асқанмен
Қаратауда қара мылтық бар шығар.
Қарашаның суық желі қаңғыртып,
Құтты ұядан қуалайды қар бүркіп.
Қанаттылар жылда-жылда айтады
Қаратаудың «Елім-айын» жаңғыртып.
Құс ататын маусым. Құсқа күз қайғы,
Осы өлеңді айтып тұрмын біз жәйлі.
Қаңғып тиген қаңқу сөздер менің де
Қабырғамның арасында сыздайды.

АСЫЛ ҚҰРБЫМ
(Әні бар)
Асыл құрбым, айдынымды шайқаған,
Өзің жайлы мен бүгін де айтам ән.
Біздер бірге болу үшін мәңгілік,
Бұл өмірді бастау керек қайтадан.
Ару қыздар шығып күнде алдан мың,
Тағдырыма талайлардан алдандым.
Сен киноға алғаш барып жүргенде,
Мен біреуге тәуелді боп қалғанмын.
Кінәлама кездесуге келмесем,
Оңашада ой орманын тербетем.
Жаңбырдан соң жадыраған аспандай,
Жаным менің жәудірейді сен десем.
Кездесе алман, кедергілер көп алда,
Тамшы мұң боп үйірілдің жанарда.
Әдеті ғой ең аяулы бақыттың,
Сәл кешігіп келетіні адамға.
Асыл құрбым айдынымды шайқаған,
Өзің жайлы мен осылай айтам ән.
Жабы тірлік жалықтырған бір сәтте,
Бәлкім саған оралармын қайтадан.

БІР ҚУАНЫП
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып.
Сөк шыққанға бір қуанып,
Өмір өтті зырғып ағып...
«Жетсем»-деген арман жолы,
Бара жатыр жыл да ұзарып.
Сарғалдаққа бір қуанып,
Қызғалдаққа бір қуанып
Өмір өтті-ау, сырғып ағып.
«Өсем» деген ұлды бағып,
«Кетем» деген қызды бағып
Бара жатыр көк аспаннан,
Бір беймәлім жұлдыз ағып.
Ыстық жұлдыз,
Мұңлы...
Жарық!
***
Сол баяғы ескі қатын, ескі үйде,
Жүрмін әлі олпы-солпы пәс күйде.
«Көшеңізде шалшық көп» деп, келмейді,
Жалтыраған машиналар шеткі үйге.
Жасық даусым жарқын-жарқын естіліп,
Балалармен доп ойнаймын кешкілік.
Әлем тұрмақ осы біздің көшеде,
Мен туралы жүргендер бар кеш біліп.
Газ бен шаңнан, кір мұнардан шаңытқан
Суықтөбе бұлдырайды алыстан.
Теңіз шеті....
Бөшке ішінде тұратын
Кейде мен де сияқтымын данышпан.
....Ескендірлер менен ақыл сұрасын,
Кейде алыстап бара жатса халықтан.
Бұл заманда қайта бастап сапарын,
Өзге тілде сөйлейтіндей қатарым.

«САРҒАЙҒАН САРЫ ТЕРЕЗЕ» КІТАБЫНАН
(2007 жыл)
Елең-алаң ескі мектеп қайда деп,
Ескі оқулық ұстап бара жатамын,
Ескі мақал жұптап бара жатамын.
Ескі көше,
Ескі жүрген мектебім.
Одан кетсем, өзімнен де кеткенім.
Тек, әттеген...
дегбірімді қашырып,
Елеңдетіп бара жатыр көктемің.
Дүниенің ұмытып, бар ескісін,
Көктем шыға ауысады ес-түсім.
Бір күн мен де жоқ боп кетер ме екенмін,
Су алуға кеткен қыздай кешкісін.
Қайта-қайта қанатыңды көтердің,
Алтын торда отырған сол «көк құсым».
Еркіндікте емін-еркін сайраған
Сыңарыңды көріп қойған жоқпысың?
Шаңырақтан ұшып шығып мың бір түн,
Мен де жұртты шошытармын бір дүркін.
Қанаты бар екендігін жасырған
Періште ме,
Перімін бе,
Кім білсін.....
Тасынар да басылар бұл ғашық жан,
Түңлігіңді ашып қойшы,
Күн кірсін.

ҚАРАША КЕЛІП...
Қараша келіп,
Қалың бір жауын сырқырап,
Жайлаудан жаурап, жылқылар түсті шұрқырап.
Алаңсыз өткен алты айың үшін күншуақ,
Қара күз келді қабағын түйіп, құн сұрап,
«Апырау, бәтір, сәл шыдай тұрса нетті» – деп,
Жатыр-ау іште жасық бір ойлар қыңсылап.
Қолтықта отырған қоңыр үй көшті қойнаудан,
Қар түсіп тақыр,
Мал түсіп жатыр жайлаудан.
Қарлы тау жаққа қараңғы тіпті келмейді-ау,
Қабаржып тұрған қалың да қалың ойлардан.
Қар ерте түсер кәрлі тау тұрса іргеңде,
Түңілтіп барып, түс ауа күлер Күн жерге.
Тамсанып қойып, тағы да биыл шықпадық,
Орынтай айтқан құзар да құзар Құмбелге.
Көрінген тауға шыға алмай қойдық әйтеуір,
Көрінген жанның көңілін аулап жүргенде.
Ала қар таудай ала бас қарттық іргемде,
Алпыс жас тұр-ау, аттасаң болды бір белге.
Үлкенге, жасқа үлгі қып айтар ел ішің,
Айта да жүрер бір қылық жаса ел үшін,
Не жетсін сонсоң, өлгенше тыныш жүргенге.
Тобырдан бөлек тосын бір қылық көрсетіп,
Не жетсін сонсоң қойнына жердің кіргенге.
....Өлдік қой бірақ, ашығын істің айта алмай,
Көрінген жанның көңілін аулап жүргенде.

ЕСІГІҢДІ АШ...
Есірке, есігіңді аш, ең алғашқым,
Өзімсіп саған тағы қадам басты.
Өтпелі, өзгермелі дүниеде
Өзіңнен жақын туыс таба алмаспын.
Мен сені күнде ойладым, түнде ойладым,
Сызылтып сырлы дүние сырнайларын.
Жүргенде жадап-жүдеп жылынатын,
Сен менің сияқтысың күнгей жағым.
Өмірден өлең іздеп, өзімді іздеп,
Ортадан талай-талай безіндім көп.
Тағдырдың тасқа соққан бір сәтінде
Тағы да келіп тұрмын өзіңді іздеп,
Баяғы таң нұрындай сезімді іздеп.
Жүдедім жүрексіздер жұмағынан,
Жұмақтың жұтып шықтым ылаңынан.
Үкідей үлбіреген үміт көрдім,
Үйіңнің қалт-құлт еткен шырағынан.
Есірке, есігіңді аш, жүдеп келдім,
Өзіңсіз өмірі жоқ күн өткердім,
Жыландай жылуы жоқ жыл өткердім.
Мейірімсіз мекер дүние арасынан,
Мен сенен жалғыз шуақ тілеп келдім.
Ұстама босағада, жібер, жаным,
Қорыққаның ба бұл, әлде. Қуанғаның?
Баяғыда басыңнан аттап кеткен,
Алдыңда арып-ашып тұр арманың....

ПЕНДЕ ҒҰМЫР
Алатау!
Күн бұлттанып жиі мына,
Сырқырап екі иығың ұйыды ма?
Еңселі ағасына қызыққандай,
Мен сенің қарап өстім иығыңа.
Бала кез түседі еске сені көрсем,
Тұратын күлкі ұялап миығыма.
Майтөбе елестетіп арғы атамды,
Қараушы едім қайта-қайта тауға қарлы.
Тек қана тау саламын сурет салсам,
Түсімде теуіп жүрем тауда шаңғы.
...Жазды күн. Тарту үшін тауда шалғы,
Бір күні әкем мені тауға апарды.
Қызықтап құзды биік тауда жүрдік,
Аң-құсқа қақпан құрдық, ау да құрдық.
Көрініп құзар шыңда әрең-әрең,
Бір арқар бара жатты қарда жылжып.
Құз кесіп, тасты айналып, қия жалдап,
Қиялап барады арқар қиралаңдап.
Тұяғы таймаса деп тұғыл тастан,
Тұрады шыбын жаным шыға жаздап.
Ақыры арқар шықты-ау тау басына
Ақырын жүз амалдап, мың амалдап.
Әкемнің қарс жабылып қасы, көзі,
Сондағы айтқан сөзі тосын еді.
– Шығатын биігіне мың амалдап,
Пенденің өмірі де осы,-деді.
Жастықта әке сөзін елесін кім,
Тауға тік шығамын деп сенетінмін.
Әкемнің айтқан сөзін баяғыда,
Түсініп жаңа-жаңа мен отырмын.

СОЛ ЖАЗДА...
«Сол жазда жиделер де көп гүлдеді»
М.Шаханов
Тым-тырыс түз, қыр –
Тырмалы қоста тыныштық,
Сәске түс. Сағым. Шөпшілер жатыр тыныс қып.
Иілген сәл-пәл,
Қара ағаш дел-сал
Күн ыстық!
Шөпжелке қызбен шөмеле шөптеп, жұмыс қып,
Шөліркеп келіп, ожаудан ортақ су іштік.
Еңкейіп келіп ожауға екі нұр маңдай,
Күлімдеп езу,
Күлкіге, суға тұр қанбай.
Ожауда ортақ ырғалған тұнық нұрлы су,
Өмір-ай, өстіп өтсең ғой мәңгі былғанбай.
Орта бір жаста еске алдым сол бір ожауды,
Сүйісер сумен амалын тауып білген жас.
Арыған атпыз, арқасы жауыр, қажаулы,
Өзіңнен басқа еске алар ертең дым қалмас.
Ырғалған сумен ұрланып сүйген нұр жолдас,
Сұм жалған деші.
Ұрланған сол жаз Ұлжалғас....

БАЛА ДОС. ЕСКІ КЛУБ
Бала күнгі досым,
сықақшы Сейсенбай Нұриевке
Бала дос неге арамыз суып кетті?
Әрине, әркім тірлік қуып кетті.
Біріміз бірімізді іздеуші едік,
Таңертең тұра сала жуып бетті.
Баяғы есіме алсам тұнық кешті,
Қуалап жүруші едік қуыс допты.
Жігіттер өлеңі бар, өнері бар,
Бойында таланты бар «бағалылар»,
Жағалап жүруші едік клубты ескі.
Сен сықақ оқитұғын жаның салып,
Бір күні ескі клуб сынып кетті.
Ойлаушы ек, өнер деген киелі деп,
Өнерді барлық адам сүйеді деп,
Құлаған ескі клуб қабырғасын,
Бульдозер төбе қылып үйеді кеп.
Тегістеп сол клубты трактор – жұт,
Екеуміз соған қарап жылап тұрдық.
«Одан да қой бағуға барыңдар»,-деп
Айтатын қоғамға тас лақтырдық.
Қалды өнер, жырға құмар, әнге бейім,
Ұмытты бар өнерін ел де кейін.
Қалқалап үйіндісін сол клубтың
Отырдық арақ ішіп таңға дейін.
Клубпен бірге сауық, қызық та өшті,
Салмады ешкім қайта клубты ескі.
Сен кеттің Көкшетауға, Сексенкөлге,
Арамыз содан кейін суып кетті.

Талабың тасқа соғып, өкіндіріп,
Өнерден кеттің мүлде бетің бұрып.
Қарайсың бүгін суық өнерлі елге,
Мен ақын, мен әншімін дегендерге.
.......Көзден аққан жасыңнан,
мен өлгенде,
Бәрібір тұрар ма екен бетің жылып....

ҮШТІК ӨМІР
Үштік өмір.......
Қайран жастық, қайран сол құсшы көңіл.
Үштігіңе бір барып оралған соң,
Рахат болып көрінер тұтқын өмір.
Мені бүгін кіргізер үйіне кім,
Сүйсінерім азайып, сүйінерім,
Соны аңсап жүр бұл күнде ішкі көңіл.
Көрмей өткен байқұстай түкті де бір,
Күрсінеді бұл күнде күпті көңіл.
Жалғыз ғана алданыш –
Қара жердің,
Асты да өмір дейді ғой, үсті де өмір.
Шариғаттың шартына кірмесе де,
Оның бәрі сайтан мен жын десе де,
Үштік өмір – ол да бір ыстық өмір.
Еске алатын елжіреп ілкіде бір,
Ер жігітке керексің, ынтық өмір.
Қалып кетіп барады-ау бір көшеде,
Күнәлі де, күнәсіз шіркін өмір!
Үштік өмір.......
Оңай емес,
Ол да бір мүшкіл өмір.

ЖАҢБЫР, ЖАҢБЫР
Жаңбыр әлі жауып тұр, жауады әлі,
Қоңыр дымқыл ұнайды ауадағы.
Нұқ пайғамбар мінген бір кеме құсап,
Арасында бұлттардың тау ағады.
Тау ағады бір ғажап құдіретпен,
«О, Құдайлап» сонда бір күбір ет, сен.
Дүлей күштің барлығын оймен жеңіп,
Біреулер бар өмірден тірі кеткен.
Жаңбыр, жаңбыр әйтеуір таусылмады,
Жарқыраған көрмедік маусымды әлі.
Мұз мұхитта жүретін мәңгіріп құр,
Айсберг сияқты тау шыңдары.
Тірлігіме көңілім тоқ сияқты,
Кейде бірақ, ешнәрсем жоқ сияқты.
Жаңбыр, жаңбыр тұра тұр әлі жауып,
Тағдырым бар әйтеуір ауық-ауық,
Алыстан бір жарқ еткен от сияқты.
Бекер кетті-ау жанымның талпынғаны,
Қайран өмір даяр тұр сарқылғалы,
Табынамын баяғы бір ақынға
Тауда туып, тауда өскен, тау тұлғалы.
Өткізе алмай өмірді өз мәнінде,
Көңілімнің жайлауы салқындады.
...Ақын құсап алысқа даңқы кеткен,
Алыста үнсіз найзағай жалтылдады.
Шаршатпаған не қалды дүниеде,
Кейде қайтқым келеді шын иеме.
Кім біледі, бұл жақта сүйінбеген
Сәби көңіл сол жақта сүйіне ме?
Анау да ие, бұл жақта мынау да ие,
Қожаң-қожаң етеді мынау дүние.
Менің осы нені ойлап жүргенімді,
Мың ойланып таба алмас мың әулие.
Аздым-тоздым анайы құр шындықтан,
Бір сұмдықтар озып жүр бір сұмдықтан.
Көкірегім сазып жүр сазды жердей,
Қажып жүрмін қаймақтай мұңсыздықтан.
Ат басындай берсе де алтын бәйгі,
Енді көңіл ешқайда талпынбайды.
Алты мұхит сыздарын жинап алып,
Сұр бұлттардың етегі салпылдайды...

ЕГДЕ КӨҢІЛ
Күзгі жауын ал енді, сіркіре бір,
Тынши алсаң тыным ал, тыншы көңіл.
Шыбыны жоқ жаздай боп жайлаудағы,
Жылуы жоқ басталды мінсіз өмір.
Әлденені жанымның сағынғаны-ай,
Әлдекімге жанымның жалынғаны-ай!
Кісі елінде жүргендей кіріптар боп,
Дау айтсаң да айтасың дабырламай.
Тіршілікте тыншиды қай күн көңіл,
Қалқып суда тұрғандай қайығың жеңіл.
Мынау өмір шынымен кісі елі екен,
Әкең салған ән еске түседі екен,
«Әнге салсаң бозбала, қайғың кемір».

ЕКІНШІ ӨЛЕҢ
Созылады денемде өмір – қарын,
Кейде мүлде сезбеймін өмір барын.
Қозы-Көрпеш сияқты шын сүйсем де,
Көрсеңіз ғой тауымның шағылғанын.
...Үлбіреген келіншек соның бәрін,
Үйреншікті сөз ғой деп қабылдадың.
Бір көргенге байсалды, бабымдамын,
Ішімді бір жалайды зәлім-жалын.
Түк көрмеген адамдай дүниеде,
Егделікті келмей жүр қабылдағым.
Шыныменен енді өмір көнере ме,
Кеуіп тұрған не берем кенеземе?
Ықылассыз көңілдей ешнәрсеге,
Сілбіреген жауын тұр терезеде.
Ендігі еншім-бәріне көнген өмір,
Болу керек қанағат сенде де бір.
Қар түскенде қаңғыған таудан тауға,
Қар адамы сияқты егде көңіл...

ҮШІНШІ ӨЛЕҢ
Көрген жастық дәуренің қалды-ау, сірә,
Енді қайтып енбессің сол қалпыңа.
Мәңгіріп бір баратқан мәңгі Альпыға,
Қар адамы-
Қарама, енді артыңа.
Қадам бассаң қалың қар...
Тілсіз өмір.
Қарамашы артыңа, іркіле бір,
Қарағаннан өзгермес пірсіз өмір.
Тілі бардың барлығы тіл ұғар ма?
Ұлы қарға асқақтап шығып ал да,
Қар Адамы!
Алыстан күркіре бір!

МЕН КӨРМЕГЕН
Қаңғыруды доғар енді, сен неме,
Өтейтұғын парыз көп қой пендеде.
Армансыз-ақ айдай өмір кешіппін,
Жалт-жұлт еткен құрбан болып сәулеге.
Соны ойласам, денем иіп биедей,
Әлі күні келе алмайтын тәубеге.
Жалғыз жатсам жалт-жұлт еткен бір білек,
Қол жүгіртіп жатады ылғи кеудеме.
Тіршілікте,
Су қараңғы көрде де,
Сол ақ сәуле мәңгі бақи әуреле.
Құшағыңа қысып-қысып өлтірші,
Мен көрмеген, ел көрмеген әлдене.

ЭРОТИКА
немесе оқылмайтын өлең
– Жата тұр, жаным, Жанекем!
Көрініп төсің, сай-салаң.
Жұмыстан соқса телефон,
«Кеткен ол жаңа...» – дей салам.
Жата тұр біраз, айналдым,
Түн тұр ғой әлі сөгілмей.
Бұрқылдап шыққан қайнардың,
Бұлқыншы соңғы деміндей.
Тістелеп сені қасқырдай,
Құшырым қанбай тұр, ұқшы.
Жұмыртқа басқан аққудай,
Бауырға басып жылытшы.
Кеткенше әбден күн шығып,
Қасыңда сенің қалайын.
Әкеңнің аузы... тіршілік,
Өшіңді сөйтіп алайын.
Өмірдің мынау әлегі...
Шаршатты
Біттім қалжырап,
Халатың қандай әдемі,
Кимей-ақ қойшы сен бірақ.
Кеудеңде тұрған балбырап,
Қап-қара меңің қалды ұнап.
Қайтесің тұрып ертемен,
Қасыма келші қайтадан.
Телефон соқса кеңседен,
– Өлген ол жаңа... – дей салам.

БІЗ
Махаббаттан құр қалғандар! Біз азбыз,
Аз да болсақ адам сенбес шыдамбыз.
Сол шыдамнан шаршап кеткен кездерде,
Бір шапағат аңсап кеткен кездерде,
Шатқаяқтап шаршап ішіп жылармыз.
Адам көрмей, аң да көрмей, қыс көрген,
Бір жылылық жәйлі әдемі түс көрген.
Шың басында шытынаған шынармыз,
Орын берсе орнықты бір үстелден,
Әпенденің қылығындай істермен,
Әп-сәтте сол орындықтан құлармыз.
Әлеуметке әңгіме боп тынармыз,
Мейірімнен құр қалғандар! Тым азбыз!
Махаббатта жоқпын ба, әлде бармын ба?
Соны ойлаймын күзгі қара жаңбырда.
Аңыздағы ханның қызы – ертегім,
Алабұртып тұрғандаймын мен сенің,
Ашпалы алтын терезеңнің алдында.

ӨТЕДІ КҮНДЕР ОСЫЛАЙ
Өтеді күндер өтеді,
Ағартып маңдай шекені.
Тұқыртып асқақ тұлғаңды,
Тұрмыстың күйкі тепеңі,
Ескірген күнің жетеді.
Артыңда жүрген кешегі,
Адамның жылмаң мекері.
Маңдайда бағы екі елі,
Айналып өтіп алдыңды.
Жұлдызы жарқ-жұрқ етеді.
Үмітің өшпей сенің де,
Үздігіп алғы өмірге.
Ешкіні ессіз «апа» деп,
«Ата» деп жүріп текені.
Талқаның бітіп кенеттен,
Себепсіз және себеп пе.
Керемет күндер көруге,
Кезегің келмей кетеді.

ТАЙГАДАҒЫ ҚАЗАҚ
(өлең-әңгіме)
Менің туған анам Елизавета Якловлена Свечкарева немерелеріне ұрсып отырып:
– Сендер неге қазақша сөйлемейсіңдер? – дейді.
– Бабушка, сен өзің орыс емессің бе?
– Иә, мен орыспын, орысша білемін, сендерден жақсы білемін.
Бірақ мені қазақ асырап адам қылды. Қазаққа күйеуге шықтым. Балаларымды аталарың екеуміз қазақша өсірдік. Келіндерімізді қазақша тәрбиеледік. Енді сендердің орысша сөйлегендерің ұят емес пе? Өздеріңді өздерің неге сыйламайсыңдар?
Осыдан туған өлең-әңгіме еді мынау...
Мамам менің! Соғыс көрген, от көрген,
Сол соғысты ит етінен жек көрген.
Ащыны да, тұщыны да жеп көрген...
Құрсағында мені өсірген қазақ қып,
Қанына әбден сіңіп кеткен қазақтық,
Өңкей қазақ отырмыз деп бұл жерде
Айтқан сөзің зая кетті кімдерге?
Қазақшаның жоқ па деймін қадірі
Елің аман, жұртың тыныш жүргенде, –
Деп мұңайды есіл анам. Кешір, анам!
Сен жыласаң қазақшалап жылайсың,
Қазақшалап күлесің сен күлгенде.
Есіме алам...
Сенің ұлың баяғыда...
Армияда жүргенде,
Қиыр Шығыс...
Қалың тайга арасына кіргенде,
Тайга ішіне жеке кеткен бір аңшы
Сол тайганы мекен еткен бір «әнші»
«Менің Қазақстанымды» шырқап айтып
Келеді екен тайгада.
Қазақтың кең даласы емес, қалың орман айнала,
Ал, ол үшін Қазақстан бар сияқты қайда да?
Сонда менің елімді аңсап дүрсілдеген жүрегім,
Жарылып-ақ кеткен шығар, білемін.
– Оу, ағатай, мен қазақпын,
Ал сен, бауырым, кім едің?
Менің Қазақстаным – менің байтақ ұлы елім.
Сол қазақтың ұлы едім, –
Деп еңіреп, аңшы ағамның ұстай алдым білегін.
– О, құдірет, шыныменен естідің бе?
Жалғыз қазақ тілегін,
Қазақша осы бір ауыз сөз есту болып тілегім,
Мен сорлы қаншама жыл жүдедім! –
Деп сол адам тағдыр иті талаған,
«Айналайын сені туған анадан!
Айналайын, бауырымдап!»
Екеулесіп «Менің Қазақстанымды»
Айттық-ау, бір жаңадан.
Тауқыметін қарашы бұл тағдырдың?!
Туған жерден алыс кеткен сол жігіт.
Әрқашан да қазақ қана боп жүріп,
Қазақ тілін аңсайды екен әрбір күн.
Орман, тоғай, қайыңдармен тек қазақша тілдесіп,
Бұғы, марал, аюлармен жүреді екен күн кешіп.
Мәңгі есімнен кетер емес сол бір күн,
Ана тілін аңсап өткен жалғыздың
Құлақ құрышын қандырып,
Екі көзін оттай қылып жандырып.
Қазақ тілін ұмытпастай мәңгілік,
Жырын оқып Абайдың,
Әнін айтып Жамбылдың,
Жан шөлін бір қандырдым.
Өмір желі амалсыздан айдап тыққан тайгаға.
Сол азамат жүрген шығар,
«Қазақшалап сөйлеші» деп Айға да.
Әттең, соны ұғып жатыр қай бала?!
– Ей солдатым, сені маған жібергенін,
Қарашы бұл құдайдың.
Қашқын болып жүргеніммен
Ұлтыма жоқ түк айыбым,
Қайтем енді, тағдыр ісі... шыдаймын.
Ал сен, інім,
Қазақшалап сөйлей түсші, сөйлей гөр,
Қазақшалап сөйлей берші, сенен соны сұраймын.
...Елің түгел, ел болғанда.
Терезесі тең болғанда.
Әттең, тілі кем болғанда,
Сол тайгада қаңғып жүрген,
Өз Отанын ән ғып жүрген,
Қазақты ойлап мұңайдым.

АДАМ
Ешкімді өсекке қоспаған,
Ешкімнен жамандық тоспаған.
Қажетін тауып ап оқитын,
Газетін әкеліп почтадан.
Өзендер теріске ақса да,
Аяғын теріс бір баспаған.
Аштықта абыржып, саспаған,
Тоқтықта толықсып, таспаған.
Көшеде аяңдап барады,
Сыйлаған бар ауыл жақсы адам.
Өзгеше түгі жоқ басқадан,
Сәл ғана қартая бастаған.
Ағын су бұрып ап тоспадан,
Алма ағаш, өрігін баптаған.
Байсалды, байыпты, қадірлі,
Ауылда жүреді жақсы ағам.
Ол жәйлі айтса егер басқа жан,
Дейді ылғи: – Жақсы адам, жақсы адам!
Ақырын маңдайың ағарып,
Адам боп өлу де даналық
Айырма, белгің жоқ басқадан...

ЖАЛҒЫЗ ТАЛ
Қырқаға шықсам шаңы ұшқан,
Жалғыз тал көрем алыстан.
Әлемнен барлық әлгі тал,
Тақырға өскен арлы тал
Артылып қалған секілді.
Құр жүріп бекер, құр жатып,
Өтуде күндер, өтулі.
Алыста сонау тым қашық,
Жалғыз тал әлі өсулі.
Талпынып келіп бір бақыт,
Тартынып қалған секілді...

КЕҢ ҚАРЫНДА
Әлі ауылдан көрген жоқ құт адасып,
Жапырып жүр бұзаулар бұтаны ашып.
Сыйпалаған құйрығын сиыр сәске,
Ауыл тыныш,
Аңқиған дүкен ашық.
Машина жүр қыр жақта тозаңы ұшқан,
Тау қарайды мойынын соза алыстан.
Танаулары таңқиған жас балалар,
Баяғы сол біздің ел—Қазақстан.
Тау ішінде ат жеккен арба жүрдек,
Бұл ауылды атайды «Кеңқарын»,- деп.
Кеңге салып арқаны, о, шіркін-ай,
Кеңқарынға бір қонсам арманым жоқ.
Алақандай жып-жылы аялы ауыл,
Келі түйген келіннің аяғы ауыр.
Көлеңкеде ентіккен көк есектер,
Қалқалаған қара ағаш көп есектер
Зар боп жүрген мырза көп саяңа бұл...

СӘУІРДЕГІ ОЙЛАР
Барған сайын бара жатыр күн ысып,
Бұл көктемнің өңі-жасыл, түні-шық.
Есік алды келіншек,
Киіп шықса халатын
Есің ауып үндей алмай қаласың,
Омырауына қарамауға тырысып.
Қанбай қалды-ау, бір нәрсеге мейірімім,
Қалмай қойды-ау, менен осы ұры сұқ.
Есік алдын сыпырам деп,
Көкірегіңді ашпасаң,
Есік алды еңкейіп су шашпасаң,
Бірдеменің жоқ екенін
Сезбейді екем мен байқұс.
Сол жағымды
Өмірбақи таба алмаппын ешқашан.

АДАМ АТА, ХАУА АНА ЖӘНЕ ӨЗІМІЗ
(әзіл-шыны аралас)
Жеме деген жеп қойып жемістерден,
құдай бізге батасын теріс берген.
Әйелдерден басқа бұл ей, жігіттер,
Құдайдың түгі де жоқ бөліп берген.
Тозағың да пейішке айналмай ма,
Әйел деген бір жүрсең періштеңмен.
Жүрер едік, қуылмай пейіш төрден,
Құдай бізге батасын теріс берген.
Еркектерде ес жоқ қой әйел айтса,
Жемейтұғын жемісті теріп берген.
Жақсы әйелге жан құрбан демеуші ме ед,
Теріс бата Тәңірім неғып берген?
Терістікті шығарған терістікке,
Заңдар көп қой дүние кеңістікте.
Әйел айтса тағы да ап берер ем,
Тозақта егер қызарып жеміс піссе.
Шығар заман пейішке алыс әлі,
Пейіште әлі адамзат қауышады.
Бәлкім құдай кешірер мына бізді,
Бәлкім құдай бізбенен табысады.
Түбі сенің күнәңді кешер ем деп,
Құранда жазылған ғой бәрі, пәлі!
Бірақ та ең ақылды азаматтың,
Әйел десе ақылы ауысады.
Сөйтіп адам тозаққа тағы ұшады.

КЕМПІР-ШАЛДАР
Таңқалмаймын сіздерге,
Аштықты да, көрді-ау деп.
Жоқтықты да, көрді-ау деп,
Соғысты да, көрді-ау деп.
Таң болмаймын сіздерге,
Немісті де, жеңді-ау деп.
Аш-жалаңаш болды-ау деп,
Аяздарда тоңды-ау деп.
Сонда да өлмей қалды-ау деп.
Таңқаламын сіздерге.
Мәңгі бақи азаптан,
Мәңгі бақи тозақтан.
Адамдығын адамның,
Кісілігін кісінің.
Үлкендігін үлкеннің,
Кішілігін кішінің.
Адалдығын ісінің,
Тазалығын ішінің.
Қалай сақтап қалған деп,
Қызықпаймын сендердің
Атағыңа, даңқыңа,
Қызығамын сендердің
Таза Адамдық қалпыңа,
Арқаңа тас арқалап,
Қоғам жүгін тасыған,
Өмір емес, тор, тозақ
Өміріңнен шошынам.
Қанша қорлық көрсең де,
Қанша зорлық көрсең де,
Қайырымды сөзіңді,
Мейірімді көзіңді,
Ақтарылған сезімді,
Амал, астар, қулықсыз,
Ақ сөйлейтін кезіңді
Қалай сақтап қалдыңдар?!
Мен таңғалам осыған!

ҒҰМЫРНАМА
Өлең жазам...
Бар ісім осы ғана.
Өлең бердім досыма, қасыма да.
Туыс-туған ішінде еркелетті,
Мұқағали, Төлеген, Қасым аға.
Арғы атамды сұрасаң – Абай, Жамбыл.
Өрт Махамбет өз ағам –
Абайлап жүр!
Жолдас болдым бөрінің бөрісімен,
Сырлас болдым серінің серісімен,
Аруақтандым солардың перісімен.
...Заман келді жалғасқан жең ұшымен,
Енді қалған ғұмырда не бітірем?
Сорлы қалған бұл күнде соны ойлап жүр.
Бір құдайдан басқаға зауқым да жоқ,
Айналдырсаң, молдалар, мені айналдыр.
Кимесем де ақ сәлде сәнмен бүгіп,
Қоймасам да ақ сақал бәлдендіріп,
Киімімді киейін кең, мол қылып.
Аспанға ұшып жүрдік қой албырттанып,
Енді біраз көрейін жермен жүріп.
Енді қалған ғұмырда шолжаң баспай,
Бақырайған көздері балбал тастай,
Дүниені сыртынан көрген қызық.

СЕН ҰМЫТПА...
Бара жатыр батысқа күн еңкейіп,
Күнмен бірге майысар гүл еңкейіп.
Іздеп келіп қайтсаңшы осы түнде,
Содан кейін әр бөлек күнелтейік.
Қара түнде қауышып гүлденейік,
Бірімізге біріміз тіл берейік.
Содан кейін кетейік әр тарапқа,
Содан кейін әр бөлек күн көрейік.
Жер жаһанға жар салып іздесе де,
Ізім-қайым жоғалып, үндемейік.
Жібі түзу біреуге үйленейік,
Сүймесек те, одан бір сый көрейік,
Біреулермен әйтеуір күн көрейік.
Замандарды замандар сарыққанда,
Дүниеден баз кешіп, зарыққанда,
Қарағай бойы қар жауып, сауысқан да
Жұтап, құлап есінен ауысқанда,
Бірімізге біріміз бір келейік.
Бірімізді біріміз, бір өртейік,
Содан кейін...әйтеуір, күнелтейік...

БЕЙШАРА
Түндегі ой басқа,
Тіршілік басқа күндізгі,
Құрбан боп бекер қалады ойың ізгі-ізгі.
Тындырған шаруа, жасаған ерлік жоқ мүлде,
Келер ұрпаққа үлгі қып айтар кім бізді?
Түндегі ой ізгі,
Күндізің басқа,
Не етерсің.
Ақпа құлақтарға айтылған сөз де бекер шын.
Жалғыз ерлігің – халқыңа жаулық жасамай,
Қазақ боп туып, қазақ боп өліп кетерсің.
Адам болған соң заманнан адам аса ма?
Қолыңнан келсе, халқыңа жаулық жасама.
Бірдеме қылғың келеді мынау ел үшін,
Түндегі ой басқа,
Күндегі ой басқа,
Не шара?!
Бейшара...

БАЛАЛЫҚ
Патша боп кетсем, қаһарлы қаһан далалық,
Пайғамбар болсам, басыма қонып даналық.
Бәрінен соның артық екен ғой, құдай-ай,
Сарғалдақ кешіп, саршұнақ қуған балалық.
Көш бастап кетсем, көсемі жұрттың саналып,
Асқақтап кетсем, мұнарам биік қаланып,
Бәрінен соның артық екен ғой, құдай-ай,
Саршұнақ аулап, сарғалдақ терген балалық.
Жалғанда мынау жан беріп жүріп, жан алып,
Танылдық жұртқа жақсысы елдің саналып.
Мансабым менен мақтаным сенен садаға,
Оңаша иірім, қамысты көлде, жағада,
Майшабақ ұстап, шелегі толған балалық.
Жастығым өтті-ау, басқаның бәрі жаттанды,
Бір басқан ізім күнде бір қайта тапталды.
Бақытты болсам, алысқа барсам деп емес,
Батыру үшін қарсы алам енді ақ таңды.
Жасымыз жетті. Өмірден мына жаңалық,
Ештеме көрмей кеткендей көзім ағарып.
Өрекпіп жаның өртене алмай жүрген соң,
Өмірдің барлық қызығы кетті жоғалып.
Арқа тұтатын аға болдық па...кімдерге?
Жеткендер де бар, жетпеген де бар бұл жерге.
Миллион есе бақытты екем мен бұдан,
Қаршадай қызбен қашпа доп ойнап жүргенде.
Сондағы жасыл шексіз де шексіз қуаныш,
Неге сен сонша шектеліп қалдың бір демде?!
***
Иттің күні болса да көрген күнім,
Елегізіп оянам елден бұрын.
Енді ғана туғандай қуанамын,
Қанатымды алысқа сермер күнім.
Құл болсам да сары аяқ, жырық табан,
Мұратым бар мәңгілік ұмытпаған.
Иттің күнін көрсем де тіршілікте,
Арқа сүйеп жүргендей бір ұлт маған.
Жаман түрмен көзге ешбір шалынбаған,
Күнге қолым созамын жалындаған.
Елін қашан ұшпаққа шығарар деп,
Елеңдейтін сияқты елім маған.
Мен тұрғанда бұл қазақ шын жұтай ма,
Пісіп жатыр әлемнің үлгісі ойда.
...Мен өйткені бәрінен тұнықпын ғой,
Даласы кең, халқы аздау ұлтпын ғой,
Бір қазағы татитын мың қытайға.
Ойын қара деп күлме, шермендінің,
Туады әлі құлашты сермер күнім.
Мен өйткені адаммын,
Адаммын мен!
Иттің күні болса да көрген күнім.

ЖАҚЫПБАЕВ ЖҰМАТАЙДЫҢ ТҰСЫНДА...
«Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйла дертін жазар деп Ләйла ғана...»
Ж.Ж.
Өзің жоқсың, ал Жұм-Аға, не істейміз?
Шарап деген шарап еді-ау, Сіз барда.
Ару деген аты дардай көп қой қыз,
Ләйла деген шен тағатын қыз бар ма?
Сенуші едік қалтаға емес, дарынға,
Ғашық едік бәріміз бір аруға,
Жақыпбаев Жұматайдың барында.
Келуші едік, сен отырсаң үндемей,
«Қаламгердің» ат ақырдай «барында».
Жүргендей боп жәннаттың гүл бағында,
Сенің ғана жүруші едік маңыңда.
Балдай шарап...
Сұлу қыздар...
Көл, һауыз...
Өзімізді сезінуші ек сонда біз,
Отырғандай Омар һаям жанында.
Мынау бөтен,
Мынау жас деп жасқамай,
Өзі де өлең жазатұғын патшадай,
Сен отырдың поэзия тағында.
Патша тұрмақ, бақытты еді әттең-ай,
Мына мендей зыр жүгірген жас малай,
Жақыпбаев Жұматайдың шағында.
Енді міне...
«Аға» деген айдармен,
Төрде отырып қазы-қарта кертеміз.
Соқыр қойдай жайылған көп қойлармен,
Тоқ боп жүру тозақ екен сенсеңіз.
Көп қойлармен көкке тойып,
Қырды асып,
Көппен бірге бір соқыр қой жүргендей.
Сізді көрдім дегенім де бір бақыт,
Дүниеден өткенімше дым көрмей.
Ертегі айтқан Шаһризадай мың бір түн,
Ләйлаңа да қосылар ма ең, кім білсін,
Соған әттең...
Сәл-пәл қалдың үлгермей.
Бұл заманның іше алмайсың сырасын,
Шомылғым да келмейді онша ғұсылға.
Ұзынағаштың ең шетінде тұратын,
Бұл өмірде болды, кетті бір ақын,
Жақыпбаев Жұматайдың тұсында...

ЖЕЛТОРАҢҒЫ
Тым-тырыс сұр құм,
Бір үн жоқ.
Тарбиған өңкей тораңғы,
Үнсіздік қана дірілдеп...
Емдейді жүйке – жараңды,
Жөндейді тозған санаңды.
Тербейді жанды жалғыздық,
Келмейді көргің адамды.
Емдейді сені құмды ауыл,
Дүние үнсіз жылжиды.
Қызылқұйрық қырғауыл,
Қамысқа қонып мүлгиді.
Бархандар толқып теңіздей,
Сағымдар қалқып өтеді.
Өкінтпей, опық жегізбей,
Уақыт жылжып өтеді.
Жақындап қалған...барыс па?
Киесі қамыс сол еді.
Шықылдап құстар алыста,
Ойыңды сәл-пәл бөледі.
Қосылмай дүние – жарысқа,
Қалың да, қалың қорыста
Қаңғырып өлгің келеді.

САРҒАЙҒАН САРЫ ТЕРЕЗЕ
Таң алды,
Таңды бетке алып
Ауылдан шықсаң аттанып,
Алыста...
Сары терезе
Сарғайып күтсе от жағып.
Дүние деген немене,
Қойыппыз бүгін көп жүріп.
Сарғайған сары терезе,
Жеткізер бір күн деп жүріп.
Жете алмай сол бір межеге,
Қалдық-ау, әбден болдырып.
Сапарда
Кеуіп кенезе.
Келемін тағы жол жүріп.
Сарғайған сары терезе,
Сен тұрсың әлі сендіріп,
Сол үйді жаным сағынды.
Біресе жағып шамыңды,
Біресе тұрған сөндіріп.
Сарғайған сары сартаңда,
Алыста көлік зырлатып.
Сарғайған әлгі саршамға,
Жеткенің түбі бір бақыт,
Жетпегенің де бір бақыт...

АҒАЛАР ТУРАЛЫ
Ұмытқам жоқ,
Кісі қылды кім мені?
Ұмытқам жоқ,
Үйретіп ед кім нені?
Алдымдағы ағалар мен көкелер,
Сыр білдірмес жұмбағымен үлгі еді.
Ұрыспай-ақ, үйрететін барлығын,
Ағалардың үлгі тұттық тағдырын.
Үндемей-ақ, ұрсушы еді, сол жандар,
Ей, демей-ақ, айтушы еді жарлығын.
Олар мені көрген емес желкелеп,
Жетектеп те көрген емес ертерек.
Елуде де елең қағып келемін,
Мен соларға тек ішіммен еркелеп.
Тек ішімнен айтам арыз-шағымды,
Тілдесе алмай тауым талай шағылды.
Міне, солай мен алыстан түсініп,
Өзі салған қасқа жолды ұсынып
Ағаларым ашып кетті бағымды.

СЕЙДАХМЕТ АҒАМА
Сізге келіп талай-талай жылағам,
Ағыл-тегіл көздің жасын бұлағам.
Көңілімді тазартуға баратын,
Көк мешітім сияқты едің, бұл ағам.
Талантты бір ұлын көрсе қазақтың,
Тай-құлындай баптап, сипап, сылаған.
Адамды адам жеп бітетін ақырын,
Пенделіктің соғысында жасырын.
Ол жаман деп айтпай кетті бір адам.
Барлық адам ажалдысы құдайдың,
Бар адамның денсаулығын сұраймын.
Күні жетіп өле қалса кей ағам,
Кімім өлді деп Сейдаға, жылаймын?

БОЗТОРҒАЙ
«Бозторғай шырылдайсың жерге түспей»,
Боз құсым бірер сәтке жерге түскей.
Әлемде әннің бәрін тыңдасам да,
Тұрасың көңіліме сен жетіспей.
Астымда інім берген бала құнан,
Асып ем, Аңырақай алабынан.
Шырылдап әлі тұрсың шырқау көкте,
Қарабай, Сарыбайдың заманынан.
Бозторғай!
Атамбысың, апамбысың?!
Нені айтып шырылдайсың жапан құсым?
Бай жарып, жарлы байып кетсе дағы,
Қонуға қой үстіне қашармысың.

«Бай мен кедей өлгенде теңеседі,
Құл мен қожа майданда теңеседі».
Елім деп айта алмаған елін мүлде,
Қазақтың шырылдаған көңіліндей,
Құдайым шырылдатты неге сені?
Сен осы қой үстіне қонған дейді,
Сонда бір жұмақ өмір болған дейді.
Бұл елде бір жұмақ бар, бір жұмақ бар...
Тек оның рахатын ел көрмейді.
Бозторғай әлі көкте шырылдайды,
Қанаты тыным көрмей пырылдайды.
Қонсам ба, қонбасам ба дегендейін,
Қой көрсе төмен түсіп қырындайды.
Әйтеуір осы сені көргенімді,
Көңілім жақсылыққа ырымдайды.

БІР СҮЙІС
Тас бүршіктей тарс айырылып ашылған,
Жас бүршіктей қарс айырылып ашылған.
Бір сүйіс бар сүйектерім шашылған,
Сол сүйісті аңсап өттім жасымнан.
О, Құдайым ала берші, ала гөр,
Сол сүйісті өткер де бір басымнан.
Өз анасын сүйген сәби секілді,
Бір сүйіс бар, балбыратар етімді.
Бір сүйіс бар, бір сүйіс бар,
Елжіретер мәңгі біздей жетімді.
Өле-өлгенше тірі жанмен өбіспей,
Сол сүйісім енді жетер секілді.
Сол сүйісім алыстатып қарттықты,
Мәңгі бақи мөлдіретер секілді.
Сол сүйісім енді жетер секілді.

ОН СЕГІЗ ЖАСАР БОЙЖЕТКЕНГЕ
Айналайын он сегіз жас жасыңнан,
Жазғы көгал жасылдай
Айналайын басыңнан.
Қарлығаштың кіп-кішкентай басындай,
Қара шаштан еміреніп иіскесем,
Көпке дейін жүрегім
Өрекпіді басылмай.
Сен қауызы ашылмаған гүл едің,
Сырымды айтсам жасырмай,
Сенен жалғыз тілегім,
Алыс жүрші сен менен
Берекемді қашырмай.
***
Сен жалынсың! Жалында күнә бар ма?
Бір қарауға шыдармын шыдағанда.
Жарқыным-ау, жалынды сүймек тұрмақ,
Жақындау да қиын ғой тірі адамға.
Жолатпайсың қасыңа оттай жанып,
Көзқарасың түседі шоқтай қарып.
Бірте-бірте кетерсің бір еркектің,
Ошағында жанатын отқа айналып.
Домалайды дүние доптай болып,
Ешбір теңің сен жүрсің жоқтай болып.
Түңілдірмей көрінші көзіме ылғи,
Түнгі тауда көрінген оттай болып.
Сен жалынсың! Жалында күнә бар ма!
Қарттық та бір келеді тірі адамға.
Жаутаң-жаутаң қарарсың сен де маған,
Жастығыңның жалауы құлағанда.

ҚОС ТОРҒАЙ
Қар еріді,
Көшіп жатыр аспан жәй.
Күресінде жатыр екен ит өліп,
Кір-қожалақ
Қыстап шықты қос торғай,
Біздің үйдің мұржасына сүйкеніп.
Қайтіп келер ертең елдің құстары,
Көң-қоқыстар қалды қармен қымтанбай,
Біздің үйдің мұржасында қыстады
Үсті-басы күйе-күйе сұр торғай.
Қары кетті етек-жеңі жәй қыстың
Қос торғайдың шыр-пыр ойнап жатқаны-ай.
Үсті-басын ыс қаптаған байқұстың,
Бауыр жүні аппақ екен мақтадай.
Байқұстардың бауырының әппағы-ай!
Бірін-бірі шыр-пыр етіп аймалап,
Бір біріне жаны қалмай жатқаны-ай.
Екі торғай құлаш ұрды өмірге,
Беу, қос торғай.
Екі бірдей жас торғай,
Бір кездері бауыр жүнім менің де.
Әппақ еді-ау!
Жаңа жауған жас қардай.

АҒА СӨЗІ
Шын жылаған, шын күлген,
Айналдым сенің үлгіңнен.
Инабаттым, ұяттым,
Иілген гүл сияқты,
Қасыңда сенің кіммін мен?
Қызарған қызыл бүлдірген,
Қасыңда сенің кіммін мен?
Ауыр ғой тағдыр мендегі,
Өзіңді осы көргелі,
Өмірді қайта сүрдім мен
Бір күнім қызық бір күннен.
...Күз келіп міне, қалды ғой,
Басымда менің жалғыз ой.
Қасыңда сенің кіммін мен...?

ҚОЛЫМНАН КЕЛСЕ...
Қолымнан келсе, қолыңнан сенің жетелеп,
Баламдай сені өтер ем, мәңгі мәпелеп.
Жадырап күліп, жанымда жүрсең болғаны,
Тек содан басқа көкеңе мынау не керек?
Аялдап, сәл-пәл, кететін кенет жел айдап,
Ақша бұлт көрсем, тұрамын ботам сені ойлап.
Үлбіреп тұрып үзіліп кетер үмітсің,
Бос әуре ішкі ойымның бәрі көп әйбәт.
Мен сені ешбір жауыңа бермес қамалмын,
Өстіп те жүріп, өкініп бір қалармын.
Өстіп те жүріп басымнан ұшқан талай бақ.
Қолымнан келсе, қолтықтап күнде жүрер ем,
Амалым қанша, тұйыққа күнде тірелем.
Өмір сүре бер, өзіңнен өзің гүл ашып,
Өзінен өзі жазыла салған бір өлең...

СЕН КҮЙЕУГЕ ТИІП КЕТТІ ДЕГЕНДЕ
Сен күйеуге тиіп кетті дегенде,
Жайдың оты жарқ етті бір төбемде.
Жоқ еді ғой, нұрдан басқа ештеме,
Адам ұстап көретұғын денеңде.
Құдай ғана жалғыз болу керек деп,
Әлдекіммен кетті дейді дедектеп.
Жар да болмай,
Бар да болмай,
Сол үйде
Құр әншейін жүр ме екенсің керек боп,
Әйелі бар дегенге құр дерек боп.

ЖАҚСЫ АДАМДЫ ЖЕРЛЕУ
– Жақсы адам ба еді?
– Жақсы адам еді – деді жұрт,
– Жақсы адам! – деді жамағат түгел егіліп.
– Қарызы жоқ па?
– Құтылған барлық қарыздан,
Құтылған барлық міндеті менен парыздан.
– Ал онда бәрің артыма сапқа тұрыңдар,
Жаназа иман шығарам, – деді кәрі имам.
Жақсы адам ба еді?
Жақсы адам еді шынайы.
Жақсылық жасап жүретін елге ұдайы.
Жақсыны таңдап алды ғой сірә, құдайы,
Ертерек неге айтпадың мұны япырмау?
Елімнің мынау ығайы менен сығайы.
Жақсы адам еді жаратылысы бөлекше,
Жақсылық жасап жүретін елге ерекше
Жақсы адам еді жалпыға жаққан қашан да,
Жақсы адам осы Құдайға ғана керек пе?!
...Ілмиіп қайттым іркес те тіркес елменен,
Ісіген жара қалдырып сонау белесте.
Жақсы адам еді!
Жақсы адам еді, жарықтық.
Жабыла көміп қайттық
Біз оны топыраққа қарық қып...

СОЛ СУРЕТ
Ерке бір қыз етек-жеңі желпілдеп,
Бара жатыр бұрымдары селкілдеп.
Айнымаған Айнұр ғой бұл баяғы,
Мен бірақ та айта алмадым «сенсің» деп.
Қасыңа да бара алмадым желкілдеп,
Ауылда жүр кекіл шашы желпілдеп,
Анау жылғы альбомдағы сол сурет.
Сылқым басып маңайына бұрылмай,
Екі алмасы енді атылар тығындай.
Күмбірлетіп бара жатыр кеудемді,
Үйірдегі қоңыраулы құлындай.
Көшеде жүр көне сурет желкілдеп,
Көркімді осы көре алғандар көрсін деп.
Көрдім-дағы кете бардым бұрылып,
Көкірегім тостағандай мөлтілдеп.

БАЯҒЫДА...
(саған арнадым)
Сенің ауыр білегіңе тұншығып,
Ұмыт болып қызмет, бедел, тіршілік,
Жатушы едік, кеткенше әбден күн шығып.
Сосын бізге бар дүние қырсығып,
Бастығымыз галстукке қылғынып,
Біз кешірім сұраушы едік, қымсынып.
Сол жылдары сенен қатты шаршадым
Сол шаршауды енді қайта аңсадым.
Сөгіс, сөгіс, сөгіс, сөгіс, көп сөгіс,
Қатаң сөгіс, содан кейін теңселе іш.
Өсек, ғайбат, ұрыс, керіс жан-жағы
Біздің өмір ерлік екен сондағы,
Енді соны еске алудан қорқамын.
Дәурен сүрдік, құштық, сүйдік армансыз,
Соның бәрі сезім еді-ау, жалғансыз.
Енді екеуміз екі бөлек тас қамал,
Тас қамалда бала-шаға, басқа бар,
Ал, махаббат мәңгі бақи қорғансыз.
Бәрі жақсы, бүгін тура жолдамын,
Орындалды талай мақсат, арманым.
Жерде тұрып, көк аспанға қол созсам,
Ай мен күнге жететіндей қолдарым.
Қаншама жыл менің сорым сен болып,
Сапарымнан қалдым қанша қор болып.
Қатарымнан ауыр тиді қалғаным,
Ал, бүгінде мен бір тура жолдамын.
Кілең жайсаң, кілең дүрлер-қорғаным,
Емеспін құр қатардағы жәй адам.
...Бірақ, сұмдық жоқтап ылғи оянам,
Сенің ауыр білегіңнің салмағын.

ЭЛЕГИЯ
Қоңыр қақпа. Қоңыр үй. Қоңыр есік,
Тыныш аула, қалғандай өмір өшіп.
Есеңгіреп қарарсың ескі таныс,
Есігіңді мен ашсам еңіретіп.
Қуанып та, бір жағы секемденіп,
Бірер сәтке тұрарсың бөтенденіп.
Дір-дір етіп, моторы тұрған өшпей,
Бір дүр етіп көлігім кетер желіп.
– Мені тастап кетті анау...
– Амансыз ба?!
– Тіреледі неге осы жан алқымға?
– Түн жарым ғой...
Қайтерсіз, қонарсыз да.
Шәйін қамдап, үн-түнсіз сылаң қағып,
Отқа апарып қояды құманды алып.
Жалтаң-жалтаң қараймын жан-жағыма,
Жау үйіне келгендей күмәнданып.
Сарғайтады ол жанымды одан әрі,
Шамын жақпай...
Екі тал шырақ жағып.
Құшақ жайып, мың сүйіп, құмарланып,
Түн өтеді. Таң атар қылаңданып.
Жақсы көрем мен сені жас баладай,
Ағарса да шашың сәл шұбарланып.
Хош бол енді қоңыр үй. Еңіре есік,
Жас емеспіз. Барады өмір өтіп.
Одан бері...
Мен сені сағынғам жоқ,
Көңілім тоқ. Жүрмін ғой желіп, есіп.
Менің де бір елейтін ерім бар деп,
Жүрген шығар байғұстың көңілі өсіп.
...Суытады көп түндер көңіліңді,
Суық жұлдыз аспанда жанып, өшіп...

БІР КӨРІНІС
Аңырайды суық жел,
Қара жаңбыр борап тұр.
Сықырлаған сар терек,
Сынып кетпей сәл-ақ тұр.
Шамын жағып сарғайған,
Кісі күтіп шалғайдан
Ұзын бойлы келіншек,
Терезеден қарап тұр.
Сағынайық, күтейік
таусылса да шарамыз,
Суық қара күзде де
суымасын арамыз.
Жер бетінде әлі де
сағыну бар, күту бар,
Қамығып тұр келіншек,
сағынып тұр қараңыз.
Аңырайды қара жел,
Қаңырайды қара күз
Жел де тынды желпілдеп,
Жеңіл жаңбыр құйып тұр.
Терек бойы көлкілдеп,
Өз-өзінен иіп тұр.
Қара ат мінген бір жігіт,
Қараңғыдан шыға кеп
Келіншекті күлдіріп,
Терезенің сыртынан
маңдайынан сүйіп тұр.

ЖОЛСЕЙІТ
Тұрғызуға тұратын мұражайын,
Осы ауылда бар еді, бір ағайым.
Содан білдік қазақта Жамбыл барын,
Содан білдік қазақтың ұлы Абайын.
Өлеңді де, жүрген кез бағаламай,
Өнерді де, жүрген кез шамаламай.
Әдебиет сабағы бола қалса,
Домбырасын көтеріп келеді ағай.
Нұрлы әлемге жетелеп сәбилерді,
Жәкең сол әдебиет пәнін берді.
Тар мектепте той жасап шақыратын,
Мұхтар, Сәбит, Ғабитті, Ғабиденді.
Жүздерінен төгіліп шуақ нұры,
Жазушылар кіретін класқа ірі.
Классиктің барлығын мойындатқан,
Мұғалімнің Жолсейіт классигі.
Аласа адам болса да, толмас өзі,
Алыптардың барлығы жолдасы еді.
«Шақырыпты Жолсейіт» деген кезде,
Біреуі де олардың қалмас еді.
Әлде бәлкім, солардың кішілігі,
Әлде бәлкім, Жәкеңнің кісілігі.
Тар мектепте таудай боп келе берген,
Өңкей зордың зор екен түсінігі.
Сол Жәкеңнің өнеге, ақылы ұнап,
Бүгін біз де боп жүрміз ақынырақ.
Баласы енді мектепте той жасайды,
Майда-шүйде біздерді шақырып ап.
Құр қалмайтын қулармыз оңай сыйдан,
Көзір қылып өлеңді сан айтылған.
Тар мектепте сия алмай біз отырмыз,
Кемеңгерлер кешегі қалай сыйған?!
Біздікі бір әншейін еркелік те,
Әр адамды өзімен өлшелік те.
Құдіреттің барлығын мойындатқан,
Құдіреттің барлығы Жолсейітте.

БҰ НЕСІ?
Құлағымда Жер шулайды,
Ел шулайды.
Бұ несі?
Еш адамның маңдай тері, үлесі,
Берілмеген сияқты әлі.
Өршіп барады жылдан-жылға,
Махаббат пен Ғадауаттың күресі.
Бұ несі?
Құлағымда тау шулайды,
Дала боздап. Көл тулайды.
Дау шулайды, таусылмайды,
Талас-тартыс тағы да.
Жанталасып шындық іздеп,
Жан адамның шыға алмайтын жағына.
Ешбір қоғам,
Ешбір заман
Жаралмаған адамзаттың бағына.
Ешбір патша,
Еш заманда
Келе алмаған бабына.
Бір жығылып, бір жеңесің,
Күрескенмен шығармайсың мағына.
Бәрі соның қарапайым қанағаттың жоғы ма?
Шулап жатыр ел менен жер тағы да.
Қайтем енді,
Шуласаңдар, мен де бірге шулайын.
Көз жасымды сулайын да,
Мен де бірге тулайын.
Пенде болып әуел баста туғасын,
Пенделіктің жолын осы
Қалай бірге қумайын?!
Ал шындығы,
Сенде де емес, онда да емес көңілім.
Пенде болып өтсе-дағы өмірім,
Оңашада Періште боп бір нұрланып жырлайын!
Шыққан Күнге,
Өскен Гүлге қуанған.
Естілмейтін дыбыстар бір шығарған,
Жүрегімнің жан дүрсілін
Өлеңге сап тыңдайын.
Сен де тыңда,
О, Пендем!

КҮНДЕР ӨТЕР...
Күндер өтер...
Келер бір жылы хабар.
Сонда бір сәт көз жасым жылып ағар,
Момын менен қоңырдың жанын жеген
Сұмдардан да, дүние тыным алар.
Сұмның басын сұм алып бір күндері,
Қудың түбін қу қазып, бір күндері
Түлкі жеген тауықтай жүні қалар.
Сонда мынау дүние дариясы,
Қыздың сыры сияқты тұнық ағар.
Тұнық ағар, мөлдіреп, тынып ағар,
Күндер өтер, тағы да түндер өтер.
Бізді де уақыт тегістеп құр жер етер
Орта жастан асқан соң осы әйтеуір,
Істеген іс көрінер мүлде бекер.
Жылдар өтер, тағы да жылдам өтер,
Таудың асау суы да құмға кетер.
Түзу денем еңкейіп иіледі,
Беймәлім бір әдемі дүниені
Ақын жаны бәрібір жырлап өтер.
Бұл жалғанның жазы өтіп, күзі қонар,
Бізді де өмір сарғайтып үзіп алар.
Шаңда ойнаған баланың ізіндей боп,
Қисық, қыңыр ақынның ізі қалар...

ӨШІРЕТТЕ
(әзіл)
(Банкіде жалақының кезегінде
сығылысып тұрған кезде туған өлең)
Екі беттен сүйгізіп екі бетке,
Көкіректі тигізіп көкірекке.
Екеуміз тұрып қаппыз «өшіретте»,
Мұндай сәт күнде-күнде бола бермес,
Мұндай бақ күнде-күнде қона бермес.
Сондықтан келін шырақ кесір етпе,
Мұныңды күйеу бала кешірмесе
Көріп тұрған бір құдай кешіред те.
Сені мына өшірет қинап тұр ғой
Құдайым бір рахат сыйлап тұр ғой,
Мына мендей бейшара, жетімекке.
Біреудің келіншегін құшақтатқан,
Мың рахмет дейміз ғой өкіметке.
Өшірет тұр, кезектей аштықтағы,
Екі бетті екі бетке қостық тағы.
Сүйгізген айдай сұлу келіншекті,
Бақытты бол, банкінің бастықтары.

АРДАГЕРЛЕРГЕ
(Ұлы Жеңіс күнгі мерекеде ардагерлерге, әкім,
басшы, жақсыларға айтылған әзіл өлең)
Ассалаумағалейкум,
Ардагерлер!
Ардагерлер бармаған бар ма жерлер?
Қан төгіп, жеңіп алған жерлеріңді,
Жоқ қылды әкімдер мен саудагерлер.
Ассалаумағалейкум, батырларым,
Кешегі жауды жеңген асылдарым.
Майда-шүйде бірдемесін бере салып,
Қарашы әкімдердің қатырғанын.
Тағы да бірдемесін бере ме деп,
Қарашы қарттарымның отырғанын.
Ешқашан, еш заманда сүрінбеген,
Тоққожа, сен де отырсың дүрілдеген.
Томпаңдап той басқарсаң осы ауданда
Жүргенде басқан ізің білінбеген,
Кеңесбек, сен де отырсың осы жерде,
Кассаны жалағандай тіліңменен.
Жолдасбек, сен де отырсың осы жерде,
Қасқырдай қара саннан жұлып жеген.
Кешегі жауды жеңген батырларды,
Алдайсың шөп-шаламмен, гүліңменен.
Дзотқа жүгіргенде осы шалдар,
Мың теңге алайын деп жүгірмеген.
Қырқаның секілденіп сұр қояны,
Әскербек Абаев та жүр ғой әні.
Ақшасы «профсоюз» қайда десең?
Басыңа графинмен бір қояды.
Осы аудан, осы Жамбыл құдай көрген,
Ағамыз сіз де отырсыз Құдайберген.
Сізге де, жараспайды жылай берген,
Бізге де, жараспайды сұрай берген.
Екі жылда бір туатын түйе құсап,
Ақшаңа рахмет бұлай берген.

ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІК
Болмаппыз шыны керек туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың ақ үміті,
Алмапты Туу жайлы куәлікті.
Үміттің үзілген тек жері бар ма?
Бәрібір тоқтамапты өмір арба.
Жыл өткен соң тіркепті ауыл Совет,
Туды деп мені оныншы февральда.
Өлер деп көздің жасын сан ағызған,
Өмірге қайта кепті жаңа бір жан.
Бір күнге мен осылай кеш туыппын,
Мұзбалақ Мұқағали ағамыздан.
Туа сап сол ақынға ауды да есім,
Пір көріп өттім өлең дәу киесін.
Мұқаңнан мені өмірге кеш әкелген,
Ауыл Совет, сен қандай әулиесің?
Шынымен болмасақ та, туа мықты,
Мұқалмас жырмен Мұқаң суарыпты.
Өлең сенің өзіңнен алсам деймін,
Туу жайлы ендігі куәлікті.

ТҮЙЕ ҮСТІНЕН
Түйе үстінен шаптырып сие білген,
Сіз де бір күн түсерсіз түйеңізден.
Сонда бірақ ар көріп ұялмассыз,
Арқа сүйеп өзіме сүйенуден.
Кері айналып заманның дөңгелегі,
Теңеледі құдайдың пенделері.
Сонда мені жағалап сүмең қағып,
Мақта дейтін шығарсыз елге мені.
Түйең шөгіп, қазірден жүреледі,
Бұрынырақ білмеймін кім өледі?
Тірі өледі біреулер, шын өледі,
Бүгінгінің сіз бүгін «Дуалы аузы».
Ертеңгінің сүмпиген сүмелегі.
Түкірерсіз әзірге түйеңізден,
Шіренерсіз бір мықты иеңізбен.
Қайран әппақ көңілім кірлеген-ай,
Сіздің жаққан баттитып күйеңізден.
Бұл заманның нән төбет үрегені,
Түйе үстінен түкіріп шіренеді.
Ертең маған келеді еркелегің,
Желкеңізден бір сипап ертең елің
Күзетуге қорасын жібереді.
Кері айналып уақыт дөңгелегі,
Тең келместің барлығын теңгереді.
Сіз жүзетін бір күні көл кебеді,
Ентігеді сонда осы өр кеудеңіз
Секілденіп балықтың желбезегі,
Келеді ғой, келеді ел кезегі.
Сонда маған жәутеңдеп
Беу, бейшара-ай,
Таныстыр деп айтарсыз елге мені.
Сонда-ау осы айтамын елге нені?
Бір күні адам өмірін бітіреді,
Таудың өзі жүндей боп түтіледі,
Барлығынан бір сауал күтіледі
О, дүниеде бүгінгі түйең сенің,
Былш еткізіп бетіңе түкіреді.

ҚЫРДА
Егіннің иісі аңқиды,
Жел соқса сонау қыр жақтан.
Жаңғыртып кетер сай-сала,
Жапанға мынау үн қатсаң.
Жазира дала, жайсаң бел,
Қырлар-ай, қырлар гүл жапқан!
Қаншама таңдар тамылжып,
Қаншама сенде күн батқан?
Қоңыр кеш түссе, алыста,
Қоңқиып таулар зіл батпан.
Қолтықта жатқан сайларды,
Кеш түспей жатып түн жапқан.
Намаздігер намазшам,
Түн түсер екі арада
Иен де, иен далада,
Иесіз жатқан қораға
Жүрегі батып, дауалап,
Жолаушы келді түн қатқан.
Бір діріл ойнап денеңде,
«Байқұс-ай, байқұс» дегендей.
Байғыздың даусы үн қатқан,
Қайғылы қара өлеңдей,
Қара су, қара тереңдей,
Әлемді түгел түн жапқан.

ЖАЗҒЫ ТАҢДА
Талмаусырап, таулар нұрға боялып,
Таңғы сағат жетілерге таянып.
Жон арқаңды шыққан күге қыздырып,
Сабырлы жаз, салқын таңда оянып.
Тіршілікте ештеме жоқ үрейлі,
Жауыр көңіл жаңа күнмен түлейді.
Жалғыз бұзау жайылып жүр қасыңда,
Бір төбенің ойға шомып басында
Жайбарақат жан рахат тілейді.
Тұнып тұрған таңғы ауамен жымдасып,
Көк жотаға шығып тұрған бір бақыт.
Жап-жас бір шал жалғыз бұзау айдаған,
Мынау бейғам дүниеге шын ғашық.
Жазғы таңда төсегіңнен тұра сап,
Қазыналы қарт болған да рахат,
Анда-санда аяғыңды бір басып.
Бұл дүние керемет ең, не деген?
Судай жаңа, көгілдір таң, кең әлем!
Кеткің келер сол әлемге шын батып,
Күншығыстан күн келеді себелеп
Одан басқа тірі адамға не керек?!
Артық кетпей, артып кетпей жалпыдан,
Мамыр таңда мал қайырған керемет.

ҚАНИПА ҚАЙТЫС БОЛҒАНДА
Қыр басында көсіліп ана жатыр,
Аңғал, адал, аңқылдақ бала жатыр.
Бұл дүние өркендеп өскен сайын,
Нағыз ақын азайып бара жатыр.
Күнде-күнде сұр тірлік көретінің,
Күнде-күнде бір тобыр еретінің.
Күнде-күнде тар әйнек, тар есігің,
Бұл адамдар неге осы ойламайды?
Іші пысып ақынның өлетінін.
Сығалап құр қарайтын терезеден,
Ақын жанын алдарсың неменемен?
Дүниеде жай адам, бай адам бар,
Ақындарды аз бірақ аяғандар.
Ақындарың сарылып өлмеу үшін,
Сарылудан жарылып өлмеу үшін,
Адамша өмір сүрейік ей, адамдар!

ТАУЛАР, ТАУЛАР
Алатауым, ала, арша, асқағым-ай,
Қапталдағы қасқа бас қаспағың-ай.
Құлазыған қу тастар таудың іші,
Құмартпаймын тауларға жастағыдай.
Таулар жатыр өкініп таздығынан,
Аңғар жақтан еседі бағзы бір ән.
Адамзаттың ұрпағы азып барад,
Тау мінезді жандардың аздығынан.
Сөзі тәуір болғанмен өзі бөлек,
Дәу пенделер отырар төріме кеп.
Шынайы асқақ жандарды аңсағанда,
Таулар ғана тұрады көзіме кеп.
Сөзі жақсы болғанмен арман басқа,
Отырады төрімде жалған қасқа.
Кең өлкемде керілген қарап тұрсам,
Елде ештеңе қалмапты таудан басқа.
Жер ортасы Көктөбе келген жаста,
Дүниеде не көрдік сордан басқа?
Заңғар таулар алыстап кеткеннен соң,
Жалған тауға не шара алданбасқа?

ТАҒЫ БІР АҚЫН...
Тағы бір ақын жас кетті,
Көрмеген құрмет, әспетті.
Бәріне жеткен дүр атақ,
Бәріне жеткен рахат
Осыған ғана жетпепті.
Өзінше сүйіп өмірді,
Өзінше болып көңілді,
Өмірге жәй бір кеп кетті.
Сағындырды ма әлдекім?
Көзінде ыстық жас кетті,
Көңілде сұмдық пәс кетті.
...Тек оның сүрген дәуренін,
Бұл елде ешкім кешпепті.
* * *
Жанға тыныштық жоқ,
Отырмын тыныс сұрап.
Дүние-ай, шіркін деймін,
Отырсам бір күн деймін
Оңашада сырлы бақта,
Ағатын күміс бұлақ,
Ағаштар төбесінен
Аймалап сәулесімен,
Ағылса күміс шуақ.
Торғайлар шырылдаған,
Көк бие пырылдаған
Орып жеп құрыш құрақ,
Жап-жасыл су жағасы
Тыныш күн
Тыныш құлақ.
Жанға тыныштық жоқ,
Бітпедім сүренімді.
Мен өлсем елім қалай
Сүреді бұл өмірді?

ЖАМБЫЛ ТӘТЕМЕ
Қайран, Жәке,
Әңгімеге қолайлы.
Таң қалдырып жүрсің әлі талайды,
Күншілдерге сылтау болып көсемің,
Міншілдерге сылтау болып есегің
Әлі күнге бәрі саған қарайды.
Өзіңізбен салыстырып Абайды,
Сосын барып Абайды да сабайды.
Қабырғадан қарап тұрған мысқылдап,
Суретіңнен ащы күлкі тарайды.
Аңқылдаған қалжыңбас шал Жамбыл ең,
Әлі күнге таусылған жоқ әңгімең.
Бұл қазақтан туа қалса бір кәпір,
Сені Жәке сөз қылады алдымен.
Біреулерге әңгіме боп есегің,
Біреулерге әңгіме боп көсемің
Ғайбаттаса бір мырс етіп суреттен,
Күле қарап тұратының не сенің?!
Сынай қарап сен тұрғанда суретте,
Кінәлідей біртүрлі боп кетемін.
Оқымаған шал болсаң да сен мейлі,
Оқығандар шенеуіңе келмейді.
Айта берсін жамандар мен надандар,
Аштан өліп алтын жиған адамдар
Өлең жиған шалдың аты өлмейді.

ТҮНГІ ЕРТЕГІ
Түнгі аспан ұзақ ертегі,
Хикая бітпес не түрлі.
Көңілім қайда елітеді?
Қиялшыл бала секілді.
Түнгі аспан шексіз көлемі,
Кім көрген сенің шетіңді.
Қоңыр жел келіп өбеді,
Аңсаған сүйіс бетімді.
Бір жұлдыз туса әдемі,
Аспанның терең-тереңі
Кететін тартып секілді.
Жатырмын жазғы бау іші,
Жатып ем, жалғыз кешкілік.
Иттердің үрген дауысы,
Алыстан талып естіліп.
Ғұмырын үнсіз тауысып,
Жұлдыздар ағар төс тіліп.
Көрместің бәрін көз көрді,
Бәрі де бәрі өзгерді.
Көрген жоқ аспан ескіріп,
Өмірде мынау алысып,
Не керек еді жарысып?
Не керек еді қарысып?
Жатырмын соны кеш біліп,
Таппадым ешбір шараны.
Жаңадан туар жыр үшін,
Жұлдыздар ағып барады,
Жап-жарық қылып түн ішін.
Қап-қара түнге салады,
Суырып алтын қылышын.
Түнгі аспан, хисса, дастан кең,
Тауысып болмас бір ұшын.
Жастықта жұрттан асқанмен,
Жас келсе көптің бірісің.
Тірісің құр тек тірісің.
Ары да бері шапқанмен,
Өнбейді құрғыр бір ісің.
Ал, күндіз тойға барармын,
Дырду да дырду өтер күн.
Алпысқа толған ағамның,
Тойына ертең жетермін,
Тосырқап тұрып солардың
Тобына кіріп кетермін.
Болармын шал да бір ауық,
Киюге шапан тартынбай.
Барады көктен түн ауып,
Ертегі қызық таусылмай,
Боп кеткем неге жылауық?
Жасыдым неге апырмай?
Тірідей өлдім осы елде.
Айтқышпын қанша десем де,
Ақиқат кетті айтылмай,
Көретін көздер қызығып
Әлі де тұр ғой тізіліп.
Ағатын жұлдыз сарқылмай
Жүргенім жақсы мен де өзі,
Осынау қара жердегі,
Тартылыстарға тартылмай.
Түн ғажап сырлар шертеді,
Ал, күндіз мынау тар жалған,
Түн деген шексіз ертегі,
Ересектерге арналған.

БҰРЫНҒЫНЫҢ СӨЗДЕРІ
Бұрынғының сөздері,
Батыр қолда билеткен.
Жер қопарып, сүйреткен.
Суға малған сойылдай,
Бұрынғының сөздері.
Жаурап келіп кіретін,
Жалаң еттен сүйетін
Жалындаған қойындай.
Бұрынғының дегені,
Сан бұралып ашылған,
Ашсаң нұры шашылған
Сандықтағы құлпыдай.
Бұрынғының өлеңі,
Дегізетін шіркін-ай,
Қолға түспес жылқыдай.
Бұрынғының дегені,
Жас арудың деміндей
Бойға енетін шымырлап.
Бұрынғының дегені,
Өлмес өмір шөбіндей.
Іздеп жүрген тасбақа
Өмір бақи қыбырлап,
Тасбақа оны тапқанша,
Бар адамзат қырылмақ.
Жалықтырды жай жырым,
Қаламсабым сырылдап.
Шын қиналған кездері,
Бұрынғының сөздерін
Айтып жүрміз жырымдап.
О,өлеңнің киесі-ау,
Сөз шығады қай күні?
Дауысындай абыздың,
Көмейімнен қырылдап.
***
Ат мінгізді ел,
Атым – жылқы пырағы.
Шапан кидім,
Басымда хан мұрағы.
Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Түзге қарап ұлиды да тұрады.
Арасында өмір, өлең – екі оттың,
Дүниеге не қалдырдым, не септім?
Қарап тұрсам кейде менің арманым –
Арманындай гаремдегі әтектің.
Бір қызығын көре алмай-ақ өтетін,
Қасындағы ойнап тұрған етектің.
Ел мен жұртым еркелетті бір апта,
Сұрамастар жағдайымды сұрады.
Қайырымсыз қасқыр өлең бірақ та,
Өз үйірі қалғандай боп жырақта,
Қырға қарап ұлиды да тұрады...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста