Бектұрған ЛАҚАДЫЛ: Мен сені сағынғанда, Ағаштар да сағыныш жамылады...

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ: Мен сені сағынғанда, Ағаштар да сағыныш жамылады...

ОРЫС ҚЫЗЫ
Автобуста адам көп, келіп кірдің,
Ыстығынан мезі боп, жеріп күннің.
Қол сөмкеңді асынып, нәзік басып,
Мен отырған орынға келіп тұрдың.

Мен де жылдам орнымнан атып тұрдым,
Қимылыма аузыңды басып күлдің.
Мінсіз, сұлу мүсінің көз алдымда,
Өз-өзімнен ерленіп, тасып тұрмын.

Қарап қалдың көзімнен көзіңді алмай,
Сол сәттегі бусанған сезім қандай?!
Алтын шашың жүректі арбап тұрды,
Жақындадым өзіңе төзім қалмай.

Жеткізе алмай өзімді саған анық,
Жанарымды тұрмын-ау қадап алып.
Тіліміз де тұсау боп бірдеңе тұр,
Жатқанымен сырымыз бағаланып.

Қадап тұрдың көзіңді, қымсынбадың,
Езілуге аз қалды мұңшыл жаным.
Сенің мөлдір жанарың жария етті,
Менде ғашық сезім мен сыр тұрғанын.

Бұйра шашың есімде анық қалды,
Көрініп тұр жүзіңнен жарық таңғы.
Есіміңді сұрауға қарманғанда,
Амал не, аялдама алып қалды.

Сенімімді шыңдады бір қатал сын,
Біздің елдің ұға бер тума салтын.
Мен өзіңнің тіліңді білген күні,
Сен де маған қазақша тіл қатарсың.

ЕКЕУМІЗДЕ БІР АРМАН
Көңіліме медет боп бір ән ғана,
Шабыт болып шалқиды бұлаң дала.
Сенде де бар бір арман, менде де бар,
Тоғысуға жазса екен бір арнада.

Жалған сөзін жалғанның мың естідім,
Тұрақ қылмай келемін бір ешкімін.
Мың құбылған жандардан мұрат таппай,
Саған ғана сеніп тұр жүрек бүгін.

Бір мұңлы әуен толқиды балғын, бәсең,
Көбелек боп ұшсаң сен шалғында әсем.
Сен жыласаң, мұңайсаң мен де солай,
Қуанышым, күлкім де, қайғым да cен.

Тірлігіме медет боп бір ән ғана,
Шабыт болып шалқиды бұлаң дала.
Көңілім өзің болсаң жасыл жайлау,
Сен болмасаң, қу адыр, қуаң дала.

ЖҮРЕГІМ СЕН, ЖАРҚЫНЫМ
Әр дәуірдің сыйлайтын сыйы бөтен,
Тең келмейсің торлаусыз күйіне сен.
Бұл күндер сезіндірді сергелдеңді,
Ғашық дерті бәрінен қиын екен.

Сезім-түлкі, алдайды бұлаң қағып,
Жүрек шіркін өзіңе тұр арбалып,
Көңіліңнің төріне көпір салдым,
Жанарыңнан жалынды сыр аңғарып.

Керек емес басқа күн, басқа ай маған,
Өзің болсаң алапат отқа айналам.
Сырға толы жүректің құлпын ашар,
Бұл өмірде сендей жан жоқ қой маған!

Кереметін асырып, көркемдігін,
Жарасайық аққудай еркем, бүгін.
Күн батқанмен, айналып таң келеді,
Бүгінгі іс-болжамы ертеңгінің.

КӨК ГАЛСТУК
Есімде елес болып жүріп алдың,
Өлшемі өзің сынды тұнық ардың.
Суретшінің тұңғиық бояуы боп,
Өлеңіндей өрілдің жыры бардың.

Көкірегің ән салып, сыр ақтарып,
Ажарыңнан тұратын шуақ тамып.
Қоңыр бұйра шаштарың еппен ғана,
Иығыңа қонушы ед құлап барып.

Бақытты бол демеске шарам қанша,
Қосып айтар әніміз тәмамдалса.
Ынтызарлық - бір сынса құралмайтын,
Қайта келмес сәт екен, амал қанша?!

Өткізіп ек қарлы қыс, сәнді күзді,
Өмір сөйтіп теріске салды бізді.
Сезімім де селт етіп секем алды,
Аялап өтем деген мәңгі қызды.

Сыйламайды бостан-бос өмір төрін,
Тұрақтылық етпесе сенім-серім.
Алтын нұрға армансыз ғашық еді,
Аққуынан айрылды, көңіл-көлім.

Арайлатар алда Алла таңымызды,
Не жетеді болғанға жаның ізгі.
Менің туған күніме сыйға тартқан,
Көк галстук жалғап тұр әлі бізді...

СЕНІМ
Жаралдың ба, білмеймін сағым-нұрдан,
Қандай күш мені саған табындырған.
Сені ойласам қиялым қиыр кезіп,
Кешім батып, атады таңым жылдам.

Қайтсем екен, сыныңа көп қалармын,
«Ақылына» тояттап дос-жаранның.
Сенің күлкің бұлақ па, қоңырау ма,
Күлкісі онша еместеу басқалардың.

Өмір тезге салады, таңғалмағын,
Еңбексіз өрлемейді жанған бағың.
Тағдырдың тауқыметін тартқызады,
Асығыспен жасаған талғамдарың.

Көретіні әлі алда жас табанның,
Қайда барам, артым – құз, асқар – алдым.
Сенің бір-ақ лебізің жетпей жатыр,
Есігін талқандауға тас қамалдың.

МЕН СЕНІ САҒЫНҒАНДА...
Мен сені сағынғанда,
Сағынышқа тұншығып бұлақ-санам,
Естелік дәптерімді жиі ақтарам.
Сені іздеген қиялды жоғалтам да,
Біз сырласар бақтардан бір-ақ табам.
Сосын қайта өлеңмен мұңдасамын,
Бұралған қос қайыңға сыр ақтарам.

Мен сені сағынғанда,
Ән саламын жүзіме шуақ тұнып,
Аспанда ай да тыңдайды жырақ тұрып.
Санама кеп жабысқан сары уайым,
Өз жөніне кетеді, құлап, құрып.
Сабыр-айдын тартқанмен құшағына,
Көңіл-толқын тастайды лақтырып.

Мен сені сағынғанда,
Ағаштар да сағыныш жамылады,
Құстар да олай-бұлай сабылады.
Бір сәт үнсіз ұстасам дегбірімді,
Сезім-балға аз тұрып тағы ұрады.
Өйткені мына тілсіз табиғат та,
Сенің жарқын бейнеңді сағынады.

САҒЫНЫШ САЗЫ
Жабырқау жанымды шымшылап,
Қиядан қызарып күн шығад.
Тамдағы кәлендір парағы,
Қимастық сезіммен жыртылад.

Қиялдап бүгіннен ертеңді,
Өн бойым лапылдап, өртенді.
Бар екен қайғы мен қуаныш,
Әркімнің өзіне өлшемді.

Сағыныш сазына кенелсем,
Қасыңа барармын мен ертең.
Түн бойы түсімнен шықпайды,
Сен тұрмақ анау көлеңкең.

Арманым әсем мұнар, тау,
Қажетім мәңгі сын, алқау,
Белгісіз менде бір шөлдеу,
Белгісіз сенде бір аңсау.

Көкірек көншіп, жырланбай,
Өзекте ойсыз сыр бардай.
Көзіме елестейсің сен,
Қол бұлғап маған тұрғандай.

Келемін ойға жыр артып,
Келер күндерге құмартып.
Жалған махаббаттасқаннан,
Іздесіп тұрған мың артық.

Мендегі сыршыл сезім сен,
Мендегі берік төзім сен.
Бастағы бақтың таймауы,
Мінезіңнен- деген едің сен.

Көңілім күліп қуанса-ау,
Жүрегім аппақ гүл, аңқау.
Сенде де болар бір бақыт,
Менде сол мәңгі бір аңсау.

САРЫ АЛА ЖАПЫРАҚ
Ауылдан кеткенде алыстап арманым,
Сезбедің жүректің мұң кешіп қалғанын.
Жалаудай желбіреп сағыныш шыңында,
Жүрекке үн қатып сары ала таңдарым.

Назарым сен жақта, көңілде қуаныш,
Бойымды билейді ып-ыстық бір ағыс.
Өткен күн жетелеп алысқа әкетті,
Емес те шығар-ау, кездесер күн алыс.

Санамда сары ала, сезімге мас, білсең,
Сап-сары жыр жазам сергісем, шат күлсем.
Қолыңа қондырып, сұлулық пәк құсын,
Ақыры айналып таң болып аттың сен.

Сары ала жапырақ, тағы бір күз келді,
Санамда қалыпты өткеннен бір белгі.
Жалғыз түп қайыңның түбінде еске алам,
Екуміз жүрген сол шытырман іздерді.

СЕНДЕ МҰҢ, МЕНДЕ МҰҢ...
Сенде мұң, менде мұң сарапшы сары тірлік,
Іңкәрлық сезімін алыста қалдырдық.
Дүние күреңітіп, сұрлана бастады,
Жүзіміз сазарды білінбей жарқындық.

Сонда да мен сені түсінем, білемін,
Жанарың – айна көл, көңілің – гүл, егін.
Тұрлаусыз өмірге ақылмен қарайсың,
Елемей ешқашан өмірдің түнегін.

Тамағың - таң ба екен, тал бойың нәзік тым,
Шашыңа кеткендей бояуын жағып түн.
Үніңді естімей қалсам мен бір сәтке,
Даяр-ақ тұрады сырмағын жазып мұң.

Боран да басылды, таң келді шуақты,
Жағалап келемін сыңғыр үн бұлақты.
Кешегі нөсерде найзағай отынан,
Жалғыз түп қара ағаш аяусыз құлапты.

ТАҒЫ ДА КӨКТЕМ
Тағы да көктем келді, жыл айналып,
Бұлақ біткен ағады ылайланып.
Сол аруды сүйетін сол баланың,
Жүрегін түсінбейді-ау, былай халық.

Жаңарды әлем, жайнады дала гүлдеп,
Қоңыз «қоңыр тезегім», ара «гүл» деп.
Шаттанғың-ақ, келеді осындайда,
Болса-дағы қарамай санада ілмек.

Жазылатын кезі бар құлашыңның,
Төбесіне шыққандай бұла шыңның.
Бір аруға бір өлең теңеу болмай,
Бір кітабын жаттаушы ек бір ақынның.
Кеткенде айналамыз арайланып,
Көктемді махаббатқа балайды анық.
Қыр басында гүл теріп жүр ме екен деп,
Көк төбені шығушы ек сан айналып.

Көктемнен күтуші едік көп үмітті,
Сауғасын мына жылда неге ұмытты.
Былтырғы ойнақтаған құла бесті,
Құрықталып арбаға жегіліпті.

ТОЛҒАНЫС
Маған шабыт беріп еді, туған далам - боз далам,
Сол далада, әнім-асқар, жырым-жасын, бозборан.
Адамдықтың ескерткішін қалаймын-ау дегенше,
Қайта-қайта қастасымның қақпанына кез болам.

Басын кімнің бүркеп алса қардай-қайғы, түндей-мұң,
Жүрегімді қолыма алып, соны барып үрлеймін.
Айналамда жүргендердің бәрін бірдей дос санап,
Жардан қалай жалпаң етіп түскенімді білмеймін.

Абайсызда сынып қалса аялаған бақ-кесең,
Жүрегіңде жігер болса, жылдар жазар саспа, сен!
Тіршіліктің нағыз мәнін түсінгіңіз келсе егер,
Қарлы таудан қайсарлықпен құлап көрген жақсы екен.

Бірің сөгіп, менсінбедің, бірің нағыз ұрыстың,
Бірің даттап, кемсің дедің, бірің кеттің күліп тым.
Қабағына басқалардың, өсегіне туыстың,
Бұдан кейін тасымауға, жасымауға тырыстым.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста