Баянғали ӘЛІМЖАНОВ: Арынды өлең сия қоймас қалыпқа ...
КӨШКЕН БҰЛТ. КӨҢІЛ
Бұлтпен бірге көңіл көшіп барады
Өмір өтіп, естелігі қалады.
Аппақ қудай шалды көріп кім ойлар
Көкке қарай қолын созған баланы.
Еліктейтін Тарлан атты Тарғынға
Бала кезде жатып алып шалғында
Ақша бұлттан қайдан келе жатсың деп
Сұраушы едік, не күтед деп алдыңда?
Қара бұлттай нөсерлетіп төгуші ек,
Бұйра бұлттай ұшып кете беруші ек.
Бір құпия сыр бар ма екен осында
Біз де кейде бұлт секілді көрінсек?!
Шексіз аспан аялаған еркем деп
Керуен бұлттар бүгін бар да ертең жоқ.
Бұлтсыз аспан жұртсыз жердей көңілсіз
Бұлт көшеді көктің жүзін көркемдеп.
Бізден сәлем жеткізердей алысқа
Асығардай жауап әкеп берсем деп!
* * *
Түңіле берме өмірден
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн-түні
Күпір де болып кетерсің.
Ашам деп көңіл сарайын
Көп күлгенде не етерсің?
Кеңкілдей берсең күн-түні
Кеңкелес болып кетерсің.
Иіле берме әр неге
Иілгенде не етерсің?
Бүгіле берсең бір жола
Бүкір де болып кетерсің.
Көтере берме кеудеңді
Көпіріп қайда жетерсің?
Көбіктің түбі өтірік
Үп етсе ұшып кетерсің.
Бойыңа сыймай қуатың
Бұзып-жарғанда не етерсің?
Қиянат-обал арқалап
Бір күні мүрдем кетерсің.
Сұлумын деп сүйініп
Секеңдегенде не етерсің?
Сүйкене берсең әр неге
Сүйкімсіз болып кетерсің.
Үрейге бойды алдырып
Үрпигенде не етерсің?
Үңги берсең өзіңді
Кеуек боп босқа кетерсің.
Әр нәрсе тәтті дәмімен,
Бәрін де татып өтерсің.
Жұмбаққа толы дүние-ай,
Мәніне қайтіп жетерсің!!!
* * *
Бәріміз де мұңаямыз мүжіліп,
Зор болсақ та кейде бордай үгіліп.
Шетімізден күйрей берсек не болмақ
Кете берсек бұл өмірден түңіліп?!
Кінәлаймыз бірімізді біріміз
Жұлмалаймыз қанатындай қыбымыз.
Бытырлатып үземіз кеп аямай
Жанымыздың нәзік жалғас жібін біз.
Неге сонша жауласамыз жат болып
Бір емес пе бәріміздің түбіміз?!
Өкпелейміз өзімізден өзгеге,
Міндетсиміз бірер ауыз сөзге де.
Алтын үшін алысқанда табарың
Ақыреттік алты құлаш кездеме.
Соныңбәрін біле тұра дүние-ай
Таласамыз біреу таққан жезге де!
Неге біздер мұңаямыз мүжіліп,
Адамнан да, заманнан да түңіліп.
Ми қата боп неғыламыз мәңгілік
Ой жетпейтін тұңғиыққа үңіліп.
Төбемізден күле қарап тұрғанда
Кәрі күшті, рахымы мол ұлылық!!!
ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС
Жеңілу, жеңу
Ежелден егіз
Құм көшіп келсе
Шегінді теңіз,
Ақылгөй жоқта
Әңгүдік сөйлеп
Жолбарыс жоқта
Семірді доңыз.
Біреуді жеңіп
Сындырып сағын,
Баянды болмас
Қондырған бағың,
Дүние кезек
Бүгінде жеңсең,
Бір күні келер
Жеңілер шағың.
Керемет болып
Кетем деп асып,
Жұлқынсаң жұрттың
Кеудесін басып,
Жапанда жалғыз
Жабырқап жүрме
Басыңа тиіп
Берекең қашып.
Шапқының сенің
Біреудің құны,
Шаттығың сенің
Біреудің мұңы,
Біріңді-бірің
Жылатып жеңу
Осы ма, досым,
Өмірдің сыры!
Күрессіз өмір
Болмайды десіп,
Бір-бірін қырып,
Қызыл қан кешіп,
Адамзат қане,
Мұратқа жеткен?
Біреуді таптап,
Кетпейсің өсіп.
Біреуді жеңсең
Шығад дейт атың
Адамға адам
Емес пе жақын?
Біреуді жеңіп
Үстемдік құрар
Бір құдай берген
Бар ма еді хақың?!
Адамды адам
Өзіндей көрсін,
Кеудесін кермей
Көңілін бөлсін,
Жетелі болсаң
Жетерсің ойлап
Жеңген де сенсің,
Жеңілген сенсің!
* * *
Бірде маған лауазымы зор кісі
Бар әлемді кеп тұратын шолғысы,
Бұл заманға жүрмес дейді өлеңнің
Қарапайым, қазақылау пормысы,
Бүгінгінің ақындары келеді
Бұқар емес, Бродский болғысы.
Арынды өлең сия қоймас қалыпқа,
Жасық өтпес қайрасаң да шарыққа.
Өлең ортақ адамзатқа десек те
Алдымен ол керек туған халыққа.
Біз емеспіз бұғып өскен бетегең,
Бой таласар жөн жоқдеме Гетемен.
Артық емес алыптары әлемнің
Кемеңгер шал Тұрмағамбет кетеден.
Көп болғанмен өмірде олпы-солпысы,
Өлеңі - зер секілді қыз шолпысы.
Ата жырда аруағы бар қазақтың
Ұғар ма екен, ұқпас па екен сол кісі?!
ӨЛЕҢ ШӨПТІҢ ӨРНЕГІ
Атам қазақ
Алла деп атқа қонған
Азаттықтың жолында отқа барған.
Аймауыты жарқырап айлы аспанда
Айбалтасын сілтесе тасты жарған.
Айдалада аяңдап алмауытпен
Айбалдырған айлауық шөпке қонған.
Аймағыңды айналған андыз, алқа
Атқа да, атаңа да азық болған.
Адыраспан аластап албастыны
Ашудастың иісінде маңыз болған.
Ажырықтың ар жағы апан, топан,
Айрауықтың ащы күй аңыз болған!
Баялышқа бас қойған мал татымды
Бұйырғынның бүршігі бал татиды.
Буыршынның бойына қуат бітіп,
Бұйра жонда бұйдасы тарқатылды.
Баяғының байлары байырқалап
Баябан шөлде айналып айтақырды.
Боз биені бозаңда айтып шалса
Байталынан есесі қайтатын-ды.
Байыбына бармаса бай бола ма,
Боз қауданнан мал сере тартатын-ды.
Бұлдырықтай бұлдырап өткен күнге
Бұрылғанда байрағы шайқатылды.
Байырғыдан жоба деп бізге қалған,
Бұйырғанға қанағат айтатын-ды!
Тыныш кезде алаштың тай-құланы,
Толқығанда аспанда айшық әні.
Тайталасып түнімен тұмша бұлтпен
Таң алдында толықсып ай шығады.
Талықсыған тоқалды тағы да иіскеп
Таудай болып боз үйден бай шығады.
Таңқурайдың тамсанып дәмін татып
Тораңғыдай тарбайып қалтырады.
Тобылғының түбіне түрен салып
Темір заман тамырды қайшылады.
Топырағын тозаң ғып ұшырса да
Түйір тұқым құнарға шашырады.
Тарихыңның талшынын түгендесең
Тасжарғандай талай сыр ашылады.
Жаужұмырды жеген жұрт күлге жауып,
Жыңғыл жесе арымас жүйрік шауып.
Жерұйықты жер-көктен іздегендер
Жиделісін сағынар ауық-ауық.
Жарға біткен жантақты жаннан кешкен
Жалғыз жампоз жалмайды ебін тауып.
Жанға дауа даланыңжусан иісі
Жұрт жазылар жалбыздан емін тауып.
Жићанкездер жабыла жазып кеткен
Жапан түздің шөбінен жоғын тауып.
Өлең шөпте өмірдің өрнегі бар,
Өзегіңе дермене кермегі бал.
Өз еліңнің қурайы ән-сыбызғы,
Өрен жырау қаңбағын терме қылар.
Шөп те өлең, шие де өлең, шөңге де өлең,
Шынар-дастан шырғанақ, шеңгелменен.
Шөлқияқпен шілігің, шырғайың жыр
Шырмауық та өлең боп өрмеленген.
Шабдалы да, шытыр да жегізетін
Шіркін дүние, өлең боп дөңгеленген!!!
НЕВАДА-СЕМЕЙ. ҚОМЫЗШЫ ҚЫЗДЫҢ КҮЙІ
Полигон жауып, бомбыны жеңдік,
Ақындар жырлап, Ертіске келдік.
Невада-Семей, Акция өтті,
Қалғандай орнап ғаламдық теңдік.
АҚШ-пен батыс, шығыс та мұнда,
Теңдік пен достық шыққандай шыңға.
Қомызшы сұлу қырғыздан келді,
Әнімді әлем дегендей тыңда.
Уланған жерге басты да идік,
Сұмдықтың сырын көкейге түйдік,
Тажалға қарсы лағінет айтып,
Қауым боп қолдан тас оба үйдік.
Қара тас болсын тажалдың үйі,
Сұлулық, өнер адамдық сыйы,
Ертістің бойы, еліктей қыздың
Елітіп мені әкетті күйі.
Қырғыздың қызы қомызын тартып,
Қырмызы қырлар кеткендей балқып,
Қызарған күн де ұяға қонып,
Қызғалдақ толқып, қымыздық аңқып...
Елестер түнде үркердей болып
Әуені жанды өртердей болып,
Кей-кейде жүрем өзімнен өзім
Қомыздың қылын шерткендей болып!!!
* * *
Күннен шуақ аламыз, жерден қуат,
Тасқа қына бітеді, көлге құрақ.
Жаратылып жан біткен жақсылықтан
Жан сарайын ашады мөлдір бұлақ...
...Жамандық у жаяды неге бірақ?
* * *
Көркем ойға керегі не кестенің?
Кімге дәрі күйінгенің, бөскенің?
Кемеңгердің күпісіне кіріп ап
Күрең суды күрпілдетіп ескенің?!
* * *
Өзенді бойлап өлкені кезгім келеді,
Мекен ғып біраз қауырсын қанат кемені,
Ақша бұлттарға орана кетіп кей-кейде
Мұхитқа барып мұңымды шаққым келеді.
* * *
Бура бұлттар жерге төніп, көк құрсап,
Еске түсті бұрынғы бір өткір шақ,
Тұнжыр ойға батыратын осылай
Өзіміз де бұлыңғырлау боп тұрсақ.
Ақ қағазға түспегенмен дастан боп,
Таңғажайып сәттер өтті бастан көп,
Әбубәкір ақын інім екеуміз,
Түнгі бақты кезуші едік мастау боп,
Аппақ қарға аунап жата кетуші ек
Өлең оқып, “Аспан! Аспан! Аспан!” - деп.
* * *
Келтіріп сөздің өлшемін
Іздедім ойдың көркемін,
Ауызбен айтпай әр сөзге,
Жанымның бердім бөлшегін!
* * *
Өлең сөздің көп іздедім өрнегін.
Сүздім оймен өткендердің бергенін,
Түгел сөздің түбіріне кім жеткен
Ізін қудым айтыс пен жыр, терменің,
Керегіңді теріп-теріп аларсың
Сызып тастап артық-ауыс жерлерін.
* * *
Иегің қандай әдемі,
Сүйегің қандай текті еді,
Сөздерің қандай орнықты
Көздерің қандай отты еді,
Атқандай болдым ондықты
Жұтқандай болдым оттегі!
Оймақтай ғана аузыңнан
Төгілсін әндер айшықты.
Айдында жүзген аққулар
Шалпылдатпайды шалшықты!
Сүйріктей сұлу болсаңда
Сүйкімің кетсе - жақпайсың,
Жүйріктің бірі болсаңда
Киіктен биік баспайсың,
Құйрықты жұлдыз болсаңда
Бұйрықты жолдан аспайсың!
Жыр ойнаған сөздерде
Нұр ойнаған көздерде,
Аймен бірге айналған
Аяулы бір кездерде,
Өтетінін өмірдің
Албырт көңіл сезген бе,
Мен өзгеріп кетсем де
Сен ешқашан өзгерме!
* * *
Есімде, есімде сол бір кез
Тұңғиық толқынды мөлдір кез,
Жұлдыздай жалт етіп жанымды
Жандырған керемет көрдім көз.
Жауһарым секілді қолдағы
Жақындап келді де алдады,
Өзгертіп әкетті қай жаққа
Өмірдің сан тарау жолдары?
Уақыттың тезіне бағынбай
Болар ма бәрі сол шағыңдай,
Алыстай бермек пе армандар
Самалмен ойнаған сағымдай!
Айдай балқып айдынға кеп қонатын
Аққудай боп келші жайған қанатын,
Пәктігіне бұл пәнидің қызығып
Кірпік қақпай қарасыншы қара түн!
КЕҢІСТІК
Қыз:
Жанымдасың, жап-жақынсың бірақ та,
Жүргендейсің қол жетпейтін жырақта.
Жігіт:
Қас-қағымға ұзап шықсам қасыңнан
Нәзік үнің келетіндей құлаққа.
Қыз:
Таудан асып,бұлтты жарып келер деп,
Көз талдырып күттім сені елеңдеп...
Жігіт:
Сар даладан самал болып есіліп
Теңізден де бөгелмес ем терең деп.
Қыз:
Арамызда көз көрмейтін кеңістік
Ұмтылсақ та жеткізбейтін шексіздік.
Жігіт:
Өкінсек те өзгермейтін кеңістік
Өтінсек те өткізбейтін шексіздік...
Қыз:
Өмір – ағын, жүздіреді айдында
Ақ желкенді арманды ойға алдың ба?
Жігіт:
Кім біледі, сен ертелеу келдің бе?
Әлде бәлкім, мен кешігіп қалдым ба?!
АРУ МЕН АРБА
Көздің жасы үнсіз тамып кесеге
Күрең суды кермек татыр десе де,
Бағын сынап бағасымен базардың
Арулар жүр арба сүйреп көшеде.
Таң нұрына шомылдырып жан нұрын
Жөнеледі көздеп тірлік жабдығын,
Арбаға сап сүйреп бара жатқандай
Өздерінің өзгешелеу тағдырын.
Қайда олардың мөлдір биік арманы,
Қандай болар алыс күндер алдағы?!
Бәрін-бәрін көміп кетіп барады
Ала сөмке артқан арба шаңдағы.
Үйренгесін бүгінгінің саудасын
Үзбей ме екен нәзік әннің жалғасын?
Сұлу сүйреп келе жатыр базардан
Салдырлатып босап қалған арбасын.
* * *
Компьютер көрсеткенде ғажапты,
Жетпей оған ақыл тартар азапты,
Шахматтан Каспаровты жеңгенмен,
Өлең сөзде жеңе алмайды қазақты.
Файылында сар даланың әні жоқ,
Қара өлеңнің қаймағының дәмі жоқ,
Миллиондап жасағанмен вариант
Дәл қазақтай оның дархан жаны жоқ!
Өлең сөзге өмір өрнек құйдырған,
Тіл жетпеген тылсым сырды күй қылған,
Жүрегіне сыймай кеткен мұң-зарын,
Домбыраның шанағына сыйдырған!
* * *
Шаршадым деме,
Шаршауға сенің хақың жоқ.
Шырылдап жүрсең шынымен егер халқым деп
Азамат аз ғой алаңдауы көп Алашта
Болғанмен мұнай, көмір мен темір, алтын көп.
Лашындай жырлар шығады-ау ұшып лашықтан
Жасындай мінез көрінбес бірақ жасықтан,
Жанбағар кез бе жағаңнан жаһан алғанда
Жанкешті керек, иірер алшы асықты!
* * *
Қысыр сөзге неге сонша болады екен жұрт үйір?
Қызыл тілде буын жоқ қой.
Сүп-сүйір!
Сынау оңай,
Мінеу оңай,
Даттай салу тіптен оңай барлығын.
Іс бітіру қиын бірақ, бір түйір!
Ойланбастан жаға салып жаманды,
Оңдырмаймыз адамды,
Кінәлаймыз түгін қоймай қоғамды,
Бір түкіре саламыз-ау тәрк етіп
Қағынды деп заманды,
Аударамыз, төңкереміз ол аздай
Жиып, теріп бір уысқа
Бүкіл шексіз ғаламды,
Мән үйрету адамзатқа оп-оңай-ау
Пеш түбінде отырып,
Жөндеу қиын
Аңғал-саңғал,
Сықырлаған қораңды!
ЕСКЕРТКІШТЕР
Күн еңкейіп,
Көлеңкелер кешкілік,
Ұзарғанда
Бой теңесіп, шеп құрып
Ескерткіштер ел кезетін сияқты
Елес қуып....
Егескендей
Ессіздік пен Естілік.
Тірі жанды талқыға сап
Қысты өмір
Көкке ұмтылды
Шырылдаған құс көңіл...
Кеуде керіп күрсіне де алмайды
Тасқа қонып
Қатып қалған мыс темір.
Неге оларды байлап қойған тұғырға?
Байланғаны аз болғандай ғұмырда?!
* * *
Жалған дедік
Дүниені сұм дедік,
Арзан дедік,
Адамдарды құм дедік,
Жалмай бердік сүйдедік те жан-жақты
Біз не деген қанағатсыз жынды едік!
Қу құлқынның құрдымына түстің бе?
Бітер кезі болды-ау қандай істің де?
Қайтер еді бар адамзат келісіп
Жанталасты доғарса бір үш күнге?!
От алдырмай қойса барлық көлігін,
Тыйса түгел жын ойнағын, желігін,
Шүкірлік қып, ойлар кешіп дем алса
Күпірліктен аулақ салып көнілін.
Тазарар ма жердің күңгірт келбеті,
Азаяр ма ауаның да мың дерті,
Тәуба десе жазылатын сияқты
Өзі тапқан ынсапсыздық індеті!
* * *
Қазақта не көп?
Өлең көп!
Өлеңде не бар?
Нелер жоқ?
Қызық-ау ойлап қарасаң
Әр қазаққа шаққанда
Шумақтан қанша келер деп?
Жолдары доллар боп кетсе
Әлемге бөліп берер ме ек?
Доллардан жырым жоғары
Арзандап қалай көнермек?
Өлеңім еркін болмаса
Бүгінге ел боп келер ме ек,
Тілімді ұқса дүние
Жарысып жырмен көрер ме ек,
Басқасы басқа, өлеңде
Қазаққа қай ел теңелмек ?!
* * *
Тілім барда күнім де бар, айым бар
Тілім барда иманым бар, ойым бар,
Төрт құбылам түгел менің тіл барда
Түн ұйқымды төрт бөлмейді уайымдар,
Тіл білмейтін, тіл алмайтын тентектер
Тілімізге тиіскенді қойыңдар!
* * *
Бала, бала, балдырған
Өмір отын жандырған
Күн нұрындай күлімдеп
Көз мейірін қандырған.
Бала, бала, балдырған
Өмір отын жандырған
Кел, ертегі тыңдайық
Ата-бабаң қалдырған.
Бала, бала, балапан
Балдай тәтті балақан,
Әжең қандай әдемі
Аялаған алақан.
Ат тұяғы дүрсілдеп
Атын әлем білсін деп,
Атаң бата береді
Балдар аман жүрсін деп!
КҮЗГІ БАҚ
Алдағыға мың ұмтылған, жүз құлап
Бұрынғылар жүріп өткен ізді бақ,
Қиыры жоқ кеңістікті кеземіз
Уақыт шіркін қуалайды ызғып-ақ,
Жасыл дәурен жарқ етті-ау деп жасындай
Сыбдырлаған жапыраққа түр құлақ,
Жарты қапшық бос бөтелке арқалап
Бүкір кемпір бір бұрышта тұр жылап,
Шал тістейді түтін шалған сар мұртын
Трубкасын түбіртекке ұрғылап,
Алаңқайда шуылдайды доп қуып
Балдырғандар - асыр салған қозы-лақ,
Асығады айдынына мұхиттың
Таудың төсін тесіп аққан мұз бұлақ,
Тіршілікке тәтті мұңмен тәубә ғып
Сабырлы ойға батырады күзгі бақ!
СӘРЕСІ
Таң алдында... Дүние тыныш. Сәресі.
Сәресіге жуымайды жын-ойнақтың дуасы мен бәлесі.
Оразада ой теңізін кешкен сайын оңаша
Мұсылманның тазарады иман тұнған жан есі.
Рамазанда тәубаменен қарайды адам бәріне,
Мән береді тіршіліктің жалғыз түйір дәніне,
(Тойынғанның таңдайына татымайды табақ тола табака
Қайдан жетсін қара нанның қадірі мен дәміне.)
Ауыз ашар сәт келгенде сыйынады Аллаға
Жан-тәнімен шүкірлік қып нұр иманның нәріне!
* * *
Шексіздіктің біледі кім мөлшерін?
Қиялдадым...
Жер, көкті,
Күнді өлшедім,
Жете алмадым түбіне
Бар сезгенім
Шексіз ғалам...
Мен сенің бір бөлшегің!
Ой азабын арқалап сенделіп тым
Кетпесем де,
Көп сырды желден ұқтым,
Шырылдайды
шыбын жан шырқау іздеп
Шырмауынан шыға алмай пенделіктің.
Пендешілік...
Дүние-ай,
Пәни жалған,
Дәурен - ғұмыр...
Осы ма нағыз арман?!
Менің жаным мәңгілік мән іздейді
Галактика,
Ғарыштан,
Жұлдыздардан.
Құштар болдым жұлдызға
Бала кезден,
Жылқы бағып кезекпен, дала кезген,
Жұлдыздар мен жанымның арасында
Бір жақындық барлығын қалай сезгем?!
Айсыз түн
Айдалада
Ұйқы қашқан,
Пысқырады жылқылар жусап жатқан...
Естен тана үздігіп Құс жолына,
Ұшып кеткім келетін жұлдыз жаққа.
Мөлт, мөлт еткен жұлдыздар
Көп, көп еді,
Жерге тамып кетердей көркем еді,
Суырып алардай боп өзегімді
Шақыратын жан қоймай көкке мені...
Таң атарда қоштасып, қимайтынмын,
Әлденеге ішімнен жылайтынмын,
Сыйса деуші ем
Бар ғалам жүрегіме
Сыя қоймай ол мені қинайтұғын!
Жарты ғасыр өтіпті,
Өмір легі...
Бір тынбайды қаланың дүңгірлегі,
Тынысыңды тарылтып түнгі лебі,
Жұлдыздар да қазіргі өзгешелеу
Әлде өзгерген мен бе екем,
Кім біледі?!
Бүгінгінің балдары біздей ме екен?
Көктің сырын сезе ме,
Сезбей ме екен?..
Менің таза, мөп-мөлдір жұлдыздарым
Бала досын даладан іздей ме екен?!
«Аңыз бен аспан» кітабынан