АЛТАЙДАН КӨШУ
Күн, күн өрдім, күн өрдім,
Бұғы-Анаммен бір өрдім.
Қоңыр бұйра мүк талмап,
Таңғы шалғын, шыққа аунап,
Құба жалға жеткенмін,
Шағыл кұмнан өткенмін.
Биігіңді қайтейін, өр Алтай-ау, өзіңмен
Қоштасайын деп келдім.
Зілдей соқыр тұман басып еңсемді,
Кел, қара өлең, келші енді!
Бір түйір жас умен ғана толтырам,
Көңіл деген керсенді.
Мұңлы естіліп жиі әнім,
Нөсер болып құямын.
Түсімде ылғи сәби бүрін жарады,
Бітік келген тобылғысы қияның.
Оны кімге айтайын?!.
Байыз табар жер алыс,
Бойға қызыл шер қонды-ау.
Алай тартсам – керағыс,
Былай тартсам – кертолғау.
Сай, сай өрдім, сайда өрдім,
Сақман кезі Ай көрдім.
Сері күнім қалар енді шырмалып,
Селеуіне қай белдің?!.
Қос көзімде ырғап шоқ,
Кеу-кеулейді жүрегім.
Ой, бұл жүрек – көкжауқазын құрғақ шөп,
Күпсек қарға үгілмейді бүрі оның.
Аруанама жас ұйып, көшіп бара жатырмын,
Ақ Ертіске бас иіп, көшіп бара жатырмын.
Сағынышқа ұтылып, көшіп бара жатырмын,
Сары уайымға жұтылып, көшіп бара жатырмын.
Құшақ жайған түн алда,
Езбе жауын ми қылған жолсыз андыз, қыр алда.
Жетім қозым маңырап, суырғаны-ай өзекті,
Қимай, сірә, тұр ол да.
Көз алдымда бұлдырап құлын шағым баратты,
Себез, себез таң атты.
Мені Жусан Қызыма жеткізіңдер ал енді,
Айналайын, ақ бұлттар,
Сағынышым қанатты!
Ажал емес қорқарым,
Маңдай сорым, ол – қалың.
Ұлы да емес, Кіші емес,
Ертіс бойы ен жайлаған Ортамын.
Мұң ғана бар жүк қылып ап артатын,
Кірлегендей шарқатым.
Біз – Бұғының әулеті,
Алтайына кіндік қаны тартатын!
Қош, қош енді, өр Алтай,
Бар қазаққа төр Алтай!..
Жазғасын да жыр өңге,
Бір керегім бар-ау менің бұл елге.
Қолын бұлғап жол жатыр,
Жол болғасын жүрем де...
...Тәңір жазса келем әлі, келем ғой,
Түн дейтұғын Қубас атқа мінем де.
«Аға, аққулар ұшты!»
Боз қанатын жел қайырған құстай-ды,
Жүрегімнен қайтпай қойды-ау жүз қайғы.
Қарындасым тана көзі жәудіреп,
Түсімде ылғи ескі үйімді нұсқайды.
Ымырт көшіп...
Елестейді там жалғыз,
Сағыныштың әнін салып сан жалбыз.
Жон арқадан қара жаңбыр сорғалап,
Кімді ғана іздеп кетіп қалғанбыз?!.
Буырыл талға қаздың үні тамшылап,
Бұлттай басты сеңгірімді сан сұрақ.
Айға қарап ұлиды ұзақ көкбөрім,
Көкірегі тұрса да ылғи қансырап.
Қарындасым, қан жақыным, қарғашым,
Қу басыма сен жыласаң ол да сын.
Жолсыз күнде терезеге көп қарап,
Көңіліңе қаяу түсіп қалмасын.
Сені сонша сағындыртсам кеш, гүлім,
Бұлқынудан босатпады ау бес күнім.
Қар жауғанда «Аға, аққулар ұшты!» деп,
Әлі күнге айтады деп естідім.
Кірпігімді ауырлатып күз ойым,
Күз ойымды ақ параққа тізейін.
Сәлем жолдап жұлдыз ақсын сен жаққа,
Кеудешемнің бір түймесін үзейін.
***
Жерошақта шала сөнген от қалып,
Күз де келді... жалғыз тамшы боп тамып.
Сұлық таңнан суық ұшып барады,
Сағым-құстар,
Жұлдыздарды бетке алып.
Жекен түзге лақтыра сап күртесін,
Бізге қандай айтады енді бұл кесім?!.
Көкірегіне бір күрсініс кептелген,
Ызалы жел ыққа сүйреп білтесін.
Сол күрсініс...
Мүмкін емес мұң ұқпау,
Оның мұңы біздікінен тұнықтау.
Кебе құрғақ жас үзіліп көзінен,
Кеберсіген дүниені жібітті-ау.
Бұйра бұлттар сетінейді, солай-ау,
Күзді күту керек емес және аяу.
Қою түске ұласады ол бірте,
Ай астында ақ байғыздар ғана ояу.
Қою түске ұласады ол бірте,
Көлеңкенің бір атауы – көрбілте.
Ол еркіне бағындыра алады,
Ол өзіне және алады сендірте.
Ғайпи шақта қос анарын түн емген,
Ол жанасса жанасады түленмен.
Көзіне оның қараған жан сол сәтте,
Өлім құшып кететінін білем мен.
Раң қарабас белін басқан тұман бар,
Сұрасандар, күзден сауға сұрандар!
Боз жауыннан жаратылған бибі қыз,
Одан, тіпті, жатырқайды жыландар.
Жас безінен жалғыз тамшы иді аспан,
Күз деміне алабөтен күй қосқан.
Қабіріне ол да бір күн жатады-ау,
Көміп жатқан көпшілікті қимастан.
КҮЙЕК ТАРТУ
Шоқ-шоқ тұман, шоқ тұман,
Шоқыға кел, шөк тұман.
Қос жұлдызым жұмайын,
Жұтып кетсін көн шарық.
Боз жаңбырым бұлайын,
Бөрте тауға жол салып.
Көкірекке таң қонса,
Шұғынық боп өсейін.
Қызыл Үббі жар болса,
Қара Ертісті кешейін.
Жатаған жел еспейді-ау,
Есер менің кезегім!
Бізге де бір қош дейді-ау,
Сары ала қаз кежегім.
Бітеу біткен арбаға
Түн құласам Ай білер.
Орта бунақ, он жаңа,
Тұяқ терлеп, қой күлер.
Бойлап қызыл жиекті,
Кешкем күнін бұғының.
Тармақ-тармақ сүйекті,
Қуыс мүйіз құдырым.
Кеуде жүнім далақтап,
Бұйра мүкті таптасып.
Бұтым асты салақтап,
Өкіремін, от шашып.
Қайран, теңбіл бұғым-ай,
Қайран, кері бұғым-ай.
Алыстатты біздерді,
Қу шұнақтау бұ Құдай.
Шоқ-шоқ тұман ішінде,
Ирек жолдар жатыр ма?!.
Күйек тартып түсімде,
Айналайын, шақырма!..
Нұрын жұтам жарты айдың,
Кімнің бізде ісі бар?!.
Мүйізімде Алтайдың,
Қынасының түсі бар.
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ
Мұнарт, мұнарт қалған бұлт, ақ көбігі көпірген,
Көбік бұлтты кеудемен көсеп-көсеп, өкірген, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
Күйек тартса, сай түбі сағал-сағал су тоқтар,
Танау керсе, таулардың құшағына бу қаптар, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
Қыж-қыж идей божыған ашуынан жай шашқан,
Қож-қож тасты тұяқпен турап барып айқасқан, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
Шағыр мұзды жаласа ағын пайда болатын,
Жасаураса жанары - жауын пайда болатын, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
Он төрт сала сом алтын - бір Құдірет ойнаған,
Қылтылдаған ноқат боп көкжиекті бойлаған, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
Аңыз орнын көрмеген ата сөзді білмейді,
Адасқанға жөн сілтеп, Алтайда әлі жүр дейді, -
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!
АЛТЫН МҮЙІЗ КЕРБҰҒЫ-АЙ!!!
ЖЕЗТЫРНАҚ
Мен білмеймін қайдан келген мына түн,
Мына түнде өлген дейді мың ақын.
Жезтырнақ боп жолығады ол маған,
Қос көзінде тозақ жанып тұратын.
Жарық нұрдан қарақошқыл түңілген,
Жаным – оның тырнағымен тілінген.
Демі суық...
Қалтыраймын мен содан,
Жапырақтай бір бұтаққа ілінген.
Жапырақтай, жел күрсінсе ырғалар,
Ол үзілсе не қалады?
Жыр қалар...
Көңілімнен Айға ұшады тыраулап,
Аппақ қардан жаратылған тырналар.
Тұрмыс қамын бір ойлармыз жайырақ,
Бұл көрініс тұңғиықтан да қою-ақ.
Сирек жаңбыр секілді бір өлеңге,
Жол сілтейді,
Қос көзімді ойып ап.
Жан емес ол ісі – шәлкес, сөзі – көп,
Және тыныш қалдыратын кезі жоқ.
Сосын келіп құшақтайды ол мені,
Ләззат білмес періштенің өзі боп.
Ол туралы...
Айта алмаймын ар жағын,
Тұла-бойын орап өртке таң-жалын.
Ғайып болып жоғалады үн-түнсіз,
Жүрегіме қадап кетіп қанжарын!..
***
Жырға өмірді, мұңға өмірді бір балап,
Шоқ жұлдызым бара жатыр сырғанап.
Жүрегіме қызыл жаңбыр бүркіп тұр,
Жарқанат-Түн жанарымды тырналап.
Мұнар.
Мұнар...
Елес те – кем,
Ай да – кем,
Сағыныштан сіркіреген ой бекем.
Жан-дүнием бозарып тұр біртүрлі,
Қош Өлеңім – боз шағалам қайда екен?!.
Боз шағалам,
Еміс жеткен шаңқылы,
Тастай көрме жалғызыңды, жалқыны.
Ағыл-тегіл нөсерлейін мен бүгін,
Сабалақ көш салқам бұлттар арқылы.
Түтіп жеді-ау түмен-түмен түңіліс,
Түңілістен табам түбі мың ырыс.
Бекісуге бетпе-бет кел, әй, жалған,
Шекісуге бетпе-бет кел, ібіліс!..
Жоқ-ау, сірә, бір орыннан тапжылғым,
Сәулесіне ораулымын һақ-жырдың.
Әлем-жәлем көшелермен масайрап,
Жастық кетіп қалғандайын боп жүрмін.
Жастық кетіп қалғандайын масайрап,
Жалт-жұлт етіп жанарымда жас ойнап.
Мүмкін, маған жетіспей жүр сес, айбат,
Мүмкін, жүрмін есеюді кеш ойлап?!.
Делқұлы бір, диуана бір күйге енгем,
Күйе-күйе оған дағы үйренгем.
Менің бөпе періштем сол,
Жусаным,
Суық тарттым...
Сыйпашы кеп шүйдемнен.
Дей алмаймын делсал шақта бүгілдім,
Мен – қара аспан тітіркенер күбірмін.
Қою түнде боз шағалам шарқ ұрсын,
«Қосбасарын» тартып берші Сүгірдің.
Қалса – қиын,
Өткеніңнің бәрі есте,
Еспе, еспе, еспе самал және еспе.
...Ақын деген – мұңға жерік әрқашан,
Ақын деген – өмір бойы нәресте.
***
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
Таң алдында нөсер құйып көктен дүр,
Еске түсіп елес-күндер өткен бір.
Көз ілмедім тағы сені сағынып,
Жапырақтан жас тамшылап мөп-мөлдір.
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
Жан тамырым, қан тамырым жарылып,
Сансыз ойдың жиегінде сабылып,
Суық түннің құшағында жабығып,
Күтіп, аңсап, аңсап... сосын талығып,
Көз ілмедім тағы сені сағынып.
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
Сыймай қалып орта деген санатқа,
Шимай қылып тағдырымды параққа.
Қайта-қайта терезеге жаутаңдап,
Қайта-қайта қарай беріп сағатқа.
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
Жетпегендей өз межеме діттеген,
Жайсыз хабар естігендей күтпеген.
Алаңғасар түрім осы, Ақжусан,
Өмірімен әлі де ойнап бітпеген.
Бәрін шешіп тастасам ба нүктемен?
Бәрін жуып-шайсам ба әлде шықпенен?
Көз ілмедім тағы сені сағынып,
Көңілімді езе түсіп күпті өлең.
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
Қандай азап нәзік мұңға батқаным,
Қандай ғажап үміт отын жаққаным.
Таң демінен сенің иісің сезіліп,
Хат жазудан басқа ештеңе таппадым.
Көз ілмедім тағы сені сағынып...
***
Үттей суық лебі есіп ғазалдың да,
Үнсіз қалдым әйтеуір...
Сазардым да.
Салқам бұлттар төбемнен аунайды әрі,
Сағым ғана бұлдырап көз алдымда.
Бұл қоштасу маған да емес оңай,
Бір үміт пен бір күдік теңеседі-ай.
Ер тағдырын қашанда жол біледі,
Неге солай дей берем, неге солай?!.
Ару күзін құшақтап алап қырдың,
Мұнда талай түн кешіп, таң аттырдым.
"Жолың болсын. Келіп тұр!" дейді анашым...
Көзіне оның жасқанып қарап тұрмын.
Жасырғандай бір сырын ол да менен,
Қапелімде көкейден самғап өлең.
Кеңсірікті удай ғып ашытады,
Қара ала бір қарғысым жолға деген.
Жалқы сәтім батырып талай мұңға,
Жетімсіреп қаз қалды тағы айдында.
Жүріп барып тоқтаймын...
Тоқтаймын мен,
Зират жаққа, күбірлеп, қараймын да.
Келер-келмес, кім білсін, кемел күнім,
Күтерім көп, кемел күн, сенен бүгін.
Толқындарын бұлғайды Ақ Ертісім,
Ақ Ертісім - ол менің тереңдігім.
Шәлкез көңіл көрсе де жаңбыр ұдай,
Мүсіркеме, меңіреу түн, мәңгілік ай.
Қай жағаға соғасын енді мені,
Тәуекелден тұратын тағдырым-ай!..
* * *
Небір қара бұлттар көшті-ау бұл бастан,
Безерме енді, безгек қысқан мұңлы аспан!
Сырнай тартып жаным отыр тағы да,
Ол - бір жалғыз, ібіліспен ымдасқан.
Есім кетіп елес аққан ғайыпқа,
Өмір сүріп үйренбесем айып па?..
Әлі талай сүрінем ғой, құр сүлдем
Құлағанша табыт деген қайыққа.
Жырымды оқып жұлқып кеткен желге үстем,
Тағдыр-уды, - деймін бір күн, - мен де ішкем!..
Әзірейіл дос еді ғой әу бастан,
Әр нәрсеге біз секілді сенгішпен.
Мен білмеймін, қайдан келген бұл әуен,
Саз естимін, араласқан күнәмен.
"Көре-көре көсем..." деуші ед бұл қазақ,
Бара-бара сайтан болам, сірә, мен.
Ерен тылсым жан пернесін шертетін,
О, қайдасың, Ертіс таңы, ерке күн?!.
Қазір, тіпті, дос болудан аулақпын,
Достан көңіл қалғасын ба ерте тым?..
Бұлттан әрі біреу отыр бал ашып,
Бұлттан төмен біреуі жүр адасып.
Бұрымыңмен буындыршы, Ақжусан,
Қара түнге ағып кетсін қарашық.
Қара түн бе?
Қара нөсер төккен-ді,
Болды, еркесі...
Сәттік нала өтті енді.
Жүрегімді сақтап тұрған ғазизім,
Сен болмасаң кімге айтар ем өкпемді?!.
Ақжусаным, жатырқама назымнан,
Көкейімде мұң қабірі қазылған.
Менің жалғыз Өлеңім бар,
ол - сенсің,
Тағдырымның қаныменен жазылған.
Көпір
Сықырлап арба, көшті күн,
Есімде, сонау көктемде...
Баябан шөлден кешқұрым,
Барақ жел зарлап жеткенде.
Нені айтсам албырт кезеңнен,
Ұласқан мөлдір елеске.
Ауылды жарған өзен мен
Аспалы көпір бар есте.
Ұялтып күнім батардай,
Ол күнде дағы көп "қайғым".
Көпірден жалғыз өте алмай,
Оқталып барып...
Тоқтаймын.
Өкпем жоқ өткен күнге де,
Тек ойға сол бір келеді ұл.
...Өзгерсін десең бірдеңе,
Өзіңді-өзің жеңе біл!
Болдым-ау талай айкезбе,
Қара да көрдім, ақ көрдім.
Буырқанып аққан кей-кезде,
Өзеннің өзін қақ бөлдім.
Сынаққа сан рет тасталғам,
Жетілер жерім сол менің.
Бұғыдай, тұнық бастаудан,
Су ішкім кеп тұр...
Шөлдедім.
Жазам деп жұртқа жыр епті,
Бағымды күзге тонатқам.
Жүректі қайтсем, жүректі,
Сұп-суық болып баратқан.
Өткенмен арам алшақ-ай,
Көрінді бәрі бекердей.
Өмірдің өзі дәл солай,
Көпірден өту екен ғой.
Сезгенде дәмін құсаның,
Білмеймін бар ма себебі.
Өтпей-ақ кейде, Жусаным,
Суға ағып кеткің келеді.