Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Ғарыш сынды жаралдым шексіздіктен, Ұқсатпаймын өзімді түпнұсқаға...

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Ғарыш сынды жаралдым шексіздіктен, Ұқсатпаймын өзімді түпнұсқаға...


ОҢ МЕН СОЛ
Айтқанымды жөн де, мейлі, теріс де,
Еркің білсін – келіс, мейлі, келіспе.
Бақ пен сордай оң мен солым – екі иық,
Екі иығымда – екі жазушы періште.


Сол шіркіндер қағаз-қалам қолына ап,
Әр ісімді түрту үшін торымақ.
Оң мен солын айырмастар қаншама,
Кей адамның бағы – сор да, соры – бақ.


Десең-дағы бұ заманда білгіш көп,
Халтураны танымайды қылмыс деп.
Құрылмай тұрып Жазушылар Одағы,
Қос періштем қабылданды тұңғыш боп.


Өзім жоқпын тізімінде мүшенің,
Өлеңменен қанаттанған құс едім.
Аспаннан зәу Алла барын ұғам да,
Тәубе дейтін пәске қарай түсемін.


Жазғышыма сол иығым – қиын жақ,
Күнәларым том-томданып жыйылмақ.
Маған біткен жалғыз жинақ секілді,
Оң жағыма қалың кітап бұйырмад.


Мүңкір-Нәңкүр қояды ертең сауалын,
Толық емес көрде берер жауабым.
...Кәләм-Шаріп, бізден Сізге мың құлдық,
Мақшар Таңда тиіп жатса сауабың!..


КӨШІРМЕ
Хаққа бастап өмірімнің есіл көшін,
Күннен-күнге өркенін өсірді есім...
Өлең жазған емеспін шайыр болып,
Мен жәй ғана жасаймын көшірмесін.


Айтқанымды жөн дегін, теріс дегін,
Ниетің білсін – келіскін, келіспегін.
Қалам ұстап қағазға түсіргенім –
Сыбырлаған сөздері періштенің.


Пенде оқымас жазуды Лауһыдағы,
Бар тағдырдың сонда-дүр зау тұрағы.
Жаттың ойын көшірдік санамызға,
Сезбей жүрміз қайымның қаупін әлі...


Не боларын білмейміз біз ақырдың,
Күрсінісінен аумайды күз ақынның.
Қыл аяғы – бас сұқсам кеңселерге,
Көшірмесін сұрайды құжатымның.


Он сегіз мың ғалам бұл жұмбақтанған,
Жүрегіме жұлдыздар сырды ақтарған.
Жоқтан бар ғып Расұлдың құрметіне –
Екі дүниені нұрымен жырлапты Аллам.


Хас шебер деп Тәңірді ұқты іш қана,
Сыртым, жұртым көкиді жұтқыштана.
Ғарыш сынды жаралдым шексіздіктен,
Ұқсатпаймын өзімді түпнұсқаға...


МЕН БАРМАҒАН ТҮРКІСТАН
Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?
Гүлнәр Салықбай


Мен бармаған жұмбақ қала – Түркістан,
Жұмақ шаһар – Мединедей, Меккедей.
Тұран далам көз ашпаған қырқыстан,
Менен бұрын заманақыр жетпегей!..


Түркістанға бару үшін бет керек,
Ол аз десең – керек иман, керек ар.
Құдайсызға қайтем босқа өкпелеп,
Өмір ғой бұл тура жолға кереғар.


Жалғанданған дүниені зар ғып ем,
Алданғаннан болдым талай масқара.
Түркістанға барсам деймін алдымен,
Асқақтамай күте тұрсын Астана.


Қалай барам, менің дағы бетім жоқ,
Атанбадым бірақ арсыз, имансыз.
Жан-жүрегім жылайды рас жетім боп,
Жыр да жетім – хикметсіз, диуансыз.


Хазіреттің ұстамадым қолынан,
Су құюға жарамадым ол түгіл.
Пірсіз жүріп жын-шайтанға жолығам,
Басқа шәрдің жайнағанмен көркі гүл.


Қылуеті де айналған-дүр пейішке,
Құтып бабам – жеті көктен нұр құшқан.
Үркіп кетер қонақтаған періште,
Дұрыс шығар бармағаным Түркістан!..


ТАУДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Талайдың түскен саудаға басы,
Құдайдан жетер сынар күн.
Көлденең жатқан тауға қарашы,
Ескерткішіндей шыдамның.


Етегінде оның бұлақ ағады,
Ащы еді суы озалда.
Тозақтан қорқып жылап алады,
Айналмай тұрып тозаңға.


Өзінен де ауыр неткен қасірет,
Еңсесін езбей қоймаған.
Анау бұлақты төккен жасы деп,
Жан бар ма, сірә, ойлаған?..


Теңселіп тауым ішінен өксір,
Уағынан бері нәбидің.
Тас екеш тастан түсінер ек сыр,
Мазаламаса фәни-мұң.


Тұщы қылыпты бұлақты кейін,
Дұғасын оқып пір бабам.
Ұғындым жаңа тұрақты үрейін,
Құраннан таныс бұл маған.


Адаммен қоса, тастар отын боп,
Жанады дейді сақарда.
Сол үшін одан жас таматын көп,
Бізге де ақыр тақалды, ә?..


ГЕГЕМОНИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ
Көктем де, жаз да кетті, күз қала ма?
Күз де өтер, көшпей тұрған біз ғана ма?
Қыс келер қызыл табан қырғын құсап,
Мына шәр айналған соң мұз қалаға.


Мына шәр мұз қалаға айналғанда,
Бір сұмдық басталады қайран қанда.
Жүрегім дүлейлене дуылдайды-ай,
Кектеніп сайтанданған сайрандарға.


Естимін сайрандардан нәубет үнін,
Көр-түнек жұтқан кеше әулет ұлын.
Даламды мыйсыз етті жын бұрғылап,
Санамды дұғалауда тәубе-тілім...


Жаным да бұрғыланды, ұңғыланды,
Жолым да бұраңдаудай мың бұралды.
Бағыма теріс туды сор боп тажал,
Қаныма құмарланған сұмдық – әңгі.


Тажалдан ажал иісі сіңді маған,
Қалмады оқ пен оттан шындық аман.
Тапталып тәуелсіздік табанында,
Қар асты кемсеңдейді мұңлық алаң.


Жүрміз бе ұлтымызды ұсақтау үшін?
Ақынның кім ұстамақ тұсап даусын?
Қыс деген – қанды мойын қызыл елес,
Ал бізге жетіп жатыр үш-ақ маусым...


КҮЗ ҰЗАТУ
Мына мезгiл қай мезгiл, өктем мезгiл,
Шаһар кезiп, шер кешiп өткен кез-дүр.
Үстiрт асқан бұлтпенен бiрге өксiгем,
Бейнеу жаққа нөсерiн төккен көз бұл.


Жалғыз қалам тағы да күздi ұзатып,
Жылатып ап жұбатар бiздi уақыт.
Жырақтаймын амалсыз қарағымнан,
Жалғанда жоқ мен үшiн iзгi бақыт...


Көңiл шiркiн орнындай көшкен елдiң,
Көш соңында адасып бос келермiн.
Бұл-бұл ұшты басымнан бала құсым,
Бақилық боп анашым қош деген күн.


Асау дүние iлiнбес еш құрыққа,
Көштi дәурен, төбемнен көштi бұлт та.
Ай астында ұлыған бөрi құсап,
Жетiм ойым мұң шағар ескi жұртта...


Жүрегiмде зарпы бар жүз наланың,
Тiлегiмде салты бар түз-даланың.
Қайран ғұмыр, қайтейiн қайғысы көп,
Кетсе екен-ай тезiрек күз қарағым.


Қарашаға қараппын төзiммен құр,
Қара түнге тараттым көзiмнен нұр.
Бейуақ өлген ботасын жоқтап жүр-ау,
Бозаң қырда боздайды бозiнген-жыр...


АҚЫНДАР КӨШІ
Бiз деген - ақындармыз,
Аллаға жақындармыз,
Жалын боп лапылдармыз!..


Уа, әлқисса, себепшiмiз - Мұхаммед,
Ол – Тәңiрдiң досты-дүр.
Барша әлемге үрлеп туып жұпар леп,
Нұр үстіне қосты нұр.


Аяқталды-ай пайғамбарлар дәуірі,
Хақ расұлы – соңы, рас.
Сан адасқан адамзаттың қауымы,
Қу шайтанның жолы – нас.


Басталған соң ақындардың заманы,
Тоқтамады біздің көш.
Содан берi жүректерiмiз жаралы,
Дұшпан болса тiзгiнге өш.


Ақындардың талай дүрiн дарға асты,
Не мықтысы атылды.
Мен емеспiн - өлең жазған алғашқы,
Мен емеспiн - ақырғы.


Бiтедi ертең ақындардың да дәуiрi,
Жарар едi-ау түзде өлсем.
Азайды ғой адамдардың да тәуiрi,
Кiмдер келмек бiзден соң?
Бiлесiң бе?


ШАҺАРИ СӨЗ
Ақтау қаласында,
Каспий жағасында –
Менi ұғатын кiм қалды күзден басқа?
Бармын ба оның сап-сары санасында?


Мен де - жетім бүгінде, күз де - жетім,
Шiркiн дүние бұрмай тұр бізге бетiн.
Дүрмекке ерiп адасып кеткенiм рас,
Жөнделетiн секiлдi-ау түзде ниетім...


Ой баққанша ақын боп жыр қаранып,
Қой баққаным дұрыс, ә, қырға барып?
Боз жусаннан иiскесем құшырлана,
Аунамаймын баладай құмда нағып?


Сiңiрдi ерте қасиетiн ауыл қанға,
Түседi еске - жүрегiм ауырғанда.
Жалғыз қара - қасымнан күз табылды,
Ешкiм жоқта достан да, бауырдан да...


ҚҰМЫРСҚА ЖОЛЫ
Құмырсқа да жақсылықты
үйретушіге салауат айтады.
Хадис


Біздің шәр секілді ме тыныш қала,
Ойында адамдардың – жұмыс қана.
Еңкейіп қарауға да уақыты жоқ
Аяқтың астындағы құмырсқаға.


Қарағым, ғұмырыңды тірі кешкің,
Жайнайды бұ дүниенің гүлі бес күн.
Мына шақ Сүлейменнің дәуірі емес,
Ұқпайды құмырсқаның тілін ешкім.


Патшадай сөйлесуге тырысқан ем,
Ұқсаппын ақыл-есі бұрысқа мен.
Қиналсам адамдармен түсініспей,
Тілдескім кеп кетеді құмырсқамен...


Берді ғой сыбағамды маған да әр күн,
Таптағыш табандардан аман қалдым.
Абайла, құмырсқаның жолы жатыр
Жүретін жолын қиып адамдардың.


Айтпаймын еріккеннен мұны саған,
Болмасын қу тірліктің құлы санаң.
Тозақтың үстіменен өтед деп ед
Жұмаққа барар жолды Тыныш ағам.


Жаратқан бағытыңды дұрыстағай,
Жүрегің жақсылықпен тыныстағай.
Жолына сұм шайтанның жоламайық,
Жаншыған ол талайды құмырсқадай...


ТҮН ЕКЕУМІЗ
Аппақ Айдан нәр алған,
Аппақ Ойдан жаралған бұл мендік Түн,
Түннен аштым қақпасын дүр кеңдіктің.
Құс жолында ағымнан ақтарылсам,
Жазылмаған жырды да Түннен күттім.


Түн дегенім – қапас та, түнек те емес,
Мұнда жатыр жұмақтық жүрек пен ес.
Қара албасты секілді қарғыс айтпа,
Көшер болсаң жөніңмен тілекке көш.


Түн екеуміз туылдық көрден дүреп,
Мұндай халды бір білсе өлген білед.
Біз өлмейміз ақырдың таңы атқанша,
Жүре-жүре қос жетім жөргемді ілед...


Лаулап, жаурап келемін тылсым қырда,
Ақын – ерте қартайған қыршын тұлға.
Түн ішінде жақынмын ақындыққа,
Пақырлыққа жақынмын Түн сыртында.


Жолаушымын, адасқан жүргіншімін,
Нәлет жүріс – өмірім, сүргін – шыным.
Қараңғыдан шыға алмай қалғандықтан,
Қинайсың ғой ұға алмай Түннің сырын.


Түн екеуміз шашамыз аспанға ақық,
Ұшсын, мейлі, ұшпасын бастан бақыт.
Отырамыз содан соң зират жақта,
Өксіп жылап, жанардан жас парлатып...

***

Нұрға сіңіп жоғалып кеткенде мен,
Мәңгі ғұмыр бастаймын көктем деген.
Содан кейін жалғаннан іздей гөрме,
Түк өзгермес жасыңды төккенменен.


Жылатқаным жарамас қыз баланы,
Бірақ саған жүрек пен күз қалады.
Екеуі де жалғыз ғой, жетім ғой деп,
Нәзік жаның сол кезде сызданады...

Бұл өмірдің ойласаң жақсы әні көп,
Бұл өмірдің тойласаң жат шағы жоқ.
Көкірегіңнен дірілдеп жапырақтардай,
Сағынышың шашылар сап-сары боп.


Көңіліңде қалмасын орнап күмән,
Пәк жаныңды кетпесін торлап тұман.
Мені нағыз махаббат өлтірмейді,
Гүл-сезімді көктемнен жолдап тұрам!..

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста