Қытайдағы қазақ журналистикасы даму кезеңiнде. Бұл елдегi халықтың сиректеу қоныстанған аймағы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы өлкесiнде 21 миллион 813 мың 334 адам тұрады. Өлке орталығы Үрiмжiдегi бұл көрсеткiш 3 миллион 110 мың 280-дi құрайды. Ал мұндағы тарыдай шашыраған екi миллионға жуық қазақ ұлтын күнделiктi ақпаратпен қамтамасыз етiп, өз мiндетiн бұлжытпай атқарып отырған осы саланың қызметiн оңай деп айтуға болмас. Қазақ ұлты негiзiнен Iле, Алтай, Тарбағатай аймағы мен бiрнеше автономиялы аудандарда шоғырланған. Оннан астам газет, отыздай журнал, екi қазақ тiлдi (XJTV-3, XJTV-8) өлкелiк телеарна, екi қазақ радиосы, жетi қазақ баспасы бар. Көбiсi Үрiмжi мен Құлжа қалаларына орналасқан.
Миллиардқа тарта көрерменi, тыңдарманы, оқырманы бар қытай БАҚ кеңiстiгiн миллионға жуық қазақ аудиториясымен салыстыруға болмас. Әйтсе де, қазақ тiлдi баспасөз бен телеарналардың өз деңгейiнде жұмыс iстеп жатқанына олардың тұрғындар сұранысын толық қанағаттандырып отырғаны дәлел.
Сонымен, дәстүрлi медиа-газеттер туралы айтсақ, өлкелiк «Шыңжаң» газетi, «Шыңжаң Ғылым техникалық», «Пайдалану хабарлары», «Оқу ағарту», «Iле», «Iле кешi», «Iле өрендерi» газетi болып, ұзын саны оннан асады. Ең танымалы өлкенiң бас басылымы – «Шыңжаң» газетi қытай, ұйғыр, моңғол және қазақ тiлдерiнде ақпарат таратады. Қазақ тiлдi таралымы – он бес мың дана.
Мұнан тыс өлкеде саяси, идеялық, әмбебап бағыттағы «Iздену», «Iле жастары», «Шыңжаң авангардтары», «Iле әйелдерi», «Шыңжаң оқу ағартуы» журналдары бар. Ал суреттi басылымдардан «Ұлттар» суреттi журналы, «Шыңжаң» суреттi журналы, «Қазақ балалары» ғылыми суреттi журналы ондағы қазақ фотожурналистикасының көсегесiн көгертуде. «Шыңжаң қоғамдық ғылымы», «Шыңжаң қоғамдық ғылымдар мiнберi», «Шыңжаң жоғары оқу орындарының ғылыми журналы», «Тiл және аударма», «Көкжиек», «Шалғын» сияқты ғылыми журналдары жарық көредi. Сонымен қатар, жергiлiктi «Дәрiгерлiк бiлiм», «Мектеп дене тәрбиесi», «Шыңжаң мал шаруашылығы», «Шаруашылық материалдары», «Жайылымды шаруа малдары», «Алға» секiлдi журналдар да Қытай қазақтары салалық журналистикасының дамуына үлес қосып жүр.
Социалистiк режимде ешқашан тәуелсiз басылымдарға деген сұраныс жоқ, Қытай тарапынан ақпаратты қатаң сүзгiден (ақпараттық фильтрлеуден) өткiзетiндiгiн де атап айтуға болады. Соңғы жылдары ел iшiндегi түрлi ұлтаралық дүмпулерге байланысты мемлекеттiк тiлден тыс жазған ақпаратты әуелi қытай тiлiне аударып, «саяси түзеуден» күзеуден өткiзгесiн басылымға шығарады. Дегенмен Қытайдағы қазақ журналистерiнiң әлеуметтiк тұрмыс жағдайы жақсы. Айлық жалақысы жыл санап өсiп келедi — орташа есеппен 4500 юань. Бұл бiздiң теңгенiң бағамына шаққанда 100 мың теңге көлемінде. Мұның басты себебi, елдiң батыс өңiрiндегi (Шыңжаң) мол табиғи байлықтан мемлекеттiк есепте пайыздық қаржы ажыратылған. Өз саласында мол табысқа жеткен мамандарға көрсетiлер мемлекеттiк қолдау көп. Сондықтан да елдiң саяси тұрақтылығы мен қауiпсiздiгiн рухани тұрғыда насихаттау жолында журналистер қауымы аянып қалған емес.
Тағы бір атап өтер жайт, Қытайдағы қазақ тілді жаңа медианың жариялылыққа, сөз еркіндігіне деген ұмтылысы қуантады. Себебі ғаламтор арқылы ақпарат таратуды мақсат тұтқан азат ойлы қазақ жастарының саны күн санап артуда. Өйткені олар, арқа сүйер атамекен – азат Қазақ елінің бар екендігіне, оның дамуына, келешегіне деген сенімі мол. Сондықтан олар қазақияның қуанышы мен күйінішін өз жүрегімен сезініп, батыл пікір айтып үйренген ұл-қыздар...
Қытайдағы қазақ журналистикасы тұманнан жарыққа ұмтылуда
Читайте также
Последние статьи автора