Өткен аптаның басында Астана іргесіндегі Қабанбай батыр ауылында «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына орай республикалық аламан бәйге өтетіні хабарланған болатын. Кеше Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен жүйріктер додасы өз мәресіне жетті. 43 шақырымға созылған аламанда қарағандылық Бақторы атты тұлпар алдына қара салдырмай, көмбені бірінші болып кесіп өтті.
Сөйтіп, Қарағанды облысына қарасты Ақшатау кентінен келген Думан Аманкелді бас жүлдеге тігілген 10 млн теңгеге ие болды. Екінші орынды оңтүстікқазақстандық Жамантөс Сүлейменов тақымдаған Рабат иеленсе (жүлдесі 5 млн теңге), үшінші орынды тағы бір қарағандылық Бекторы деген тұлпар (атты мінген Еркебұлан Ермағанбетов. Жүлдесі – 2,5 млн теңге) еншіледі. Жұрт асыға күткен дүбірлі жарыста мерейі үстем болған Думанның жасы он екіде ғана. 75-інші нөмірмен жарысқа қосылған ол аламан барысында тұлпарын шаңға көмбей, жарыс соңына дейін өзінен қара оздырмады. Сондай-ақ Бақторы осыдан он күн бұрын Қарқаралы қаласының 190 жылдығына арналған аламан бәйгеде екінші орын алған екен.
Думан АМАНКЕЛДІ, бәйге жеңімпазы:
– Жарыс басталғанда екінші келе жаттым. Аламанның орта тұсы қиынға соқты, қалған уақытта аса қинала қойған жоқпын. Бұған дейін Бақторымен түрлі жарыстарда төртінші, бесінші орындармен шектеліп жүрдік. Бүгін сәті түсіп, бірінші орын алып тұрмыз. Қуанышым шексіз. Бұл – Бақторының жеңісі.
Аламан бәйгеден кейін ат спортына арналған жарыс «Көкпар» мен «Аударыспақ», «Асық ату», қазақ күресі секілді ұлттық ойындармен жалғасын тапты.
Құмар АҚСАҚАЛОВ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
– Бірнеше ғасырдан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан теңдесіз ұлттық спорт түрі - аламан бәйгені біз сақтап, жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазақ халқы үшін жылқы түлігінің қаншалықты қадірлі екенін жақсы білесіздер. Біздің бабаларымыздың ұлы жеңістері тарих парақтарына тұлпар тұяғымен жазылды. Еуразияның төріндегі осынау Ұлы даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, біздерге аманат еткен асыл текті баһадүрлердің қиын-қыстау кезеңдегі сенімді серігі тұлпарлары болған. Сондықтан да олардан «Ат – ердің қанаты» деген нақыл сөз мұра болып қалды.
Қас жүйрікті алыстан танитын сыншылық қазаққа тән дәстүр екені белгілі. Аламан бәйгенің аясында аттың үздік сыншысына да жүлде тігілді. Солардың арасында «Толыбай сыншы» болып – Алтынбай Тышқанбаев, Бердалы Аташев, Жазыбек Халиолла, Бауыржан Айтмағамбетов, Сансызбай Даулетбеков, Алмас Құлтасов, «Күреңбай сыншы» болып – Құдайберлі Мырзабеков, «Кейхауыс сыншы» болып – Қаділ Елемесов танылды.
Аламан бәйге кезінде жүлдеге іліккен тұлпарлар:
Қарағандылық тұлпар 43 шақырымдық аламанда озық шықты
Последние статьи автора