Тергеушілер кімді жасырғысы келіп отыр?

Тергеушілер кімді жасырғысы келіп отыр?

 

ҚР Ішкі істер министрінің назарына!

Тергеушілер кімді жасырғысы келіп отыр?
Құрметті оқырман қауым, қолыма қалам алуыма мына мән-жайлар себеп болып отыр. Биылғы қаңтар айының 15-нен 16-сына ауған түні, Алматы облысы, Сарқан елдімекенінде қатыгездікпен адам өлтіру фактісі орын алды. 1981 жылы туған бауырым Дулат Жақыпбеков көз жұмды. Әкеміздің айтуынша, сол күні кешкі 8 шамасында Дулат жұмыстан келген. Тамағын ішіп, теледидар қарап отырғанда ұялы телефонына біреу қоңырау шалып, ол киініп үйден шығып кеткен. Сол күні ол үйге келмеген, таңертең Дулаттың азаптап өлтірілген мәйіті табылыпты.
№161960031000027 санмен тіркелген қылмыстық істі жүргізуші Сарқан АІІБ-нің аға тергеушісі, полиция капитаны М.Байтуғанов өзінің Сарқан ауданы ІІБ-нің бастығы Е.Ахметқалиевтың атына жазған «Баяндама хатында» (Рапорт) «мәйіт Сарқан қаласы, Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан «Дидар» азық-түлік дүкенінің алдында жатты» деп көрсетсе, ал, қылмыстық істі өндіріске қабылдау туралы қаулыда мәйіттің Қуатбаев көшесінің бойында орналасқан №7 үйдің алдынан табылғаны көрсетілген. Шын мәнінде, мәйіттің қай жерден табылғанын біле алмай дал болып отырмыз.
Тергеуші М.Байтуғанов Қуатбаев көшесіндегі № 7 үйдің иесінен сұрақ алмай, айдалада орналасқан мектеп қызметкерлерінен сұрақ-жауап алған. Мәйіт мектептің аумағынан табылған жоқ. Тергеуші неге қайта-қайта мектеп қызметшілерін мазалап жүр? Сұрақ-жауап мәйіт табылған аумақта орналасқан үйлердің тұрғындарынан алынуы керек емес пе? 19 қаңтар күні жәбірленушінің өкілі менің кіші әкем Ж.Жақыпбеков қылмыстық істің материалдарымен танысқан кезде, істің іс жүргізу нұсқаулығына сай тігілмегенін, материал парақтарының нөмірленбегенін айтты. Сонда бұл қылмыстық іс бойынша материалдар жоғалып қалса қалай болмақ?
Тергеуші М.Байтуғанов №161960031000027 санды қылмыстық істі жүргізуді өз өндірісіне қабылдау туралы 16 қаңтарда қаулы шығарған. Бірақ, ол жәбірленушінің заңды өкілін тану туралы қаулы шығаруды қажет санамаған. Ал, кіші әкем тергеу бөліміне іспен танысуға барып, өзін жәбірленушінің өкілі деп тану туралы қаулы шығаруды өтінген. Содан кейін ғана 19 қаңтарда қаулы шығарылған. Сол күні күдікті Ғ.Қошқарбаевты қамауға алуға санкция беру туралы сот отырысына төрағалық еткен судья Гүлназ Баубекова қылмыстық іске жәбірленушінің өкілін тану туралы қаулының тігілмегенін айтып отыр. 21 қаңтарда Ж.Жақыпбековтен өзін жәбірленушінің өкілі деп тану туралы арызын жаздыртып алған. Бұл жерде бірінші қаулы шығарылып, арыз содан кейін жазылған.
19 қаңтардағы Сарқан аудандық сотында сағат 15.30-да өткен күдіктіні қамауға алу туралы сот отырысынан кейін прокурор қорғаушы ретінде күдіктінің шешесімен әңгімелесіп, оған жарымжан баласының құжаттарын жөндей беруге ақыл-кеңес берген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде Сарқан ауданы, Черкасск ауылы, Қойшыбеков көшесі №65 үйдің тұрғыны кәмелет жасқа толмаған Ғалымжан Қошқарбаев күдікті ретінде ұсталып, уақытша тергеу изоляторына жабылды. Сол сот отырысында біз күдіктіні көрдік. Денесінде ешқандай жарақат, мойнында да қолдың ізі жоқ. Сөздің шыны керек, бұл жасөспірім менің бауырымды өлтірді дегенге күдікпен қараймын. Оны өлтірген басқалар. 3-4 адам болуы мүмкін. Өйткені, мәйіт жатқан жерден ішімдіктің бос құмыралары табылған. Алайда, оны тергеуші жоққа шығаруда. Және ол жәбірленушінің ұялы телефоны табылмағанын айтуда. Тергеуші «Актив» орталығына сұраныс хат жіберсе, жәбірленушінің қайтыс болатын күні кімдермен сөйлескенін білуге болатын еді. Тергеуші мұны қаперіне алмауда. Телефон табылса, бір шикілік шығып қалуы әбден мүмкін. Ол осыдан сақтанып отырғандай. Бауырымды ақтық сапарға шығарып саларда бәріміз қарадық, денесінде сау-тамтық жоқ. Басы шүйде жағынан жарылған, күл-талқан болып үгіліп жатыр, бет-аузы ісініп, көгеріп кеткен. Бауырым денесі мығым қара күштің иесі болған. Оның кішкентай әрі әлсіз, кәмелет жасқа толмаған баладан осынша таяқ жеп, көз жұмғанына сенбеймін.
Күдікті Ғ.Қошқарбаев тергеу органына берген түсініктемесінің бір жерінде, кешкі сағат 21.30-да жәбірленушіні кездестірдім десе, енді бірде сағат 22.00-де көшеде екі бейтаныс адамды көргенін айтады. Түсініктеменің тағы бір тұсында жәбірленуші екеуміз төбелесіп, мен оны ішінен екі рет тептім, басынан екі рет ұрдым да, төбелес болған жерден қашып кеттім. Сосын түнгі 12.30-да Г.Төлеубекованың үйіне барып жатып қалдым дейді. Сонда бұл бала «Терминатор» болған ғой, еңгезердей отыздан асқан жігітті басынан екі рет ұрып, миын шашып тастайтын. Енді қылмыстық істің материалдарына қайта оралайық. Тергеушінің куәдан жауап алу хаттамасында куә ретінде түсініктеме берген 1988 жылғы О.Блискельдинов 16 қаңтар таңғы сағат 04.30-да машинамен кетіп бара жатқан кезде, Байтұрсынов көшесі мен Абай көшесінің қиылысында екі жігітті көргенін, оның бірі жәбірленуші Д.Жақыпбеков екенін айтқан. Бұл сөздер ешқандай шындыққа жанаспайды.
Өйткені, күдікті Ғ.Қошқарбаев түнгі 12.30-да жәбірленушіні басынан ұрып құлатып, кетіп қалғанын айтады. Ал, куәгер О.Блискельдинов түсініктемесінде жәбірленушінің аман-сау таңғы 04.30-да кетіп бара жатқаны көрсетіледі. Сонда бауырымды кімдер азаптап өлтірді? Қасындағы адам кім? Онда жазықсыз Ғ.Қошқарбаев неге қамауға алынды? Ғ.Қошқарбаевтың 12.30-да үйіне барып ұйықтап қалғаны түсініктемесінде тайға таңба басқандай жазылып тұр.
Куәгерлердің түсініктемелерінде көрсетілген уақыт мерзімдері әртүрлі. Жәбірленуші қайтыс болатын күні мектепке барған. Сол күні мектепте кезекші болған Ж. түсініктемесінде Дулаттың бір жігітпен сол түні сағат 12.30-да келгенін айтқан. Күзетші оларды түнгі бірлер шамасында мектептен шығарып, жәбірленушіні үйінің алдына апарып салғанын көрсеткен. Түнгі 1-лерде Дулат дін аман болса, күдікті 12.30-да әпкесінің үйінде ұйықтап жатса, жәбірленушіні кім өлтірді деген заңды сұрақ тағы туындайды. Әйтеуір шым-шытырық бір-бірімен байланыспайтын жағдай.
Осының бәрі тергеу ісінің бұрмаланып, заң жүзінде дұрыс жүргізілмегенін көрсетеді. Қаныпезер қылмыскерлер бостандықта жүр. Күдікті ретінде қамалған Ғ. Қошқарбаевтың ақыл-есі кемдігі сот сараптама орталығында анықталса, ешкім жазаланбай, жабулы қазан жабулы қалады. Інімнің кәмелет жасқа толмаған 6, 5, 3 жастағы үш баласы жетім қалды. Кішкентайынан бағып-қаққан 90-жастағы әжесі немересінің кісі қолынан айуандықпен өлтірілгенін естіген де жоқ. Қарт кісіге қалай айтарымызды білмей отырмыз.
Құрметті оқырман қауым! Көзі ашық, көкірегі ояу адамгершіліктен ада бола қоймаған азаматтар! Мен шарасыздықтан сіздерден көмек сұрап отырмын. Қандай ақыл-кеңес бере аласыздар? Қалталылар мен тірегі мықтылар адам өлтірсе де алшаң басып жүре бере ме? Өз басым шыңдықтың шықпай шыңыраудың түбіне кеткеніне, әділдіктің әлсіздік танытқанына налып отырмын.
Мәйіттің Қуатбаев көшесіндегі № 7 үйдің алдынан табылғанын тергеуші өзінің қаулысында көрсеткен. Егер сол үйдің тұрғындарынан сұрақ-жауап алынғанында мүмкін біраз жағдайдың беті ашылар еді. Үйінің қасында адамның өмірі қыршынынан қиылып жатқанда полиция бөліміне бір қоңырау тастау немесе жедел жәрдем шақырту әр азаматтың парызы емес пе? Әлдекімдердің бұларға жұмған ауыздарыңызды ашпаңдар деуі де әбден мүмкін. Бұл жағы жұмбақ күйінде қалып отыр.
Нағыз қылмыскерлер ұсталып, тиісті жазаларын алуы керек. Ал, істің заң шеңберінен шықпай әділ әрі негізді жүргізілуі тергеушінің қолында. Сондықтан істің шешімін тергеушінің ар-ұятына салып отырмыз. Адамдардың ұят, ар, мейірім, әділдік, адами қасиеттерден айрыла бастағаны, ал, оның орнына жауыздық, ашқарақтық, озбырлық, опасыздық, тағылық өршіп бара жатқаны байқалады. Еліміздің Ішкі істер министрлігі саласында білгір азаматтар барына сенемін және бұл іске сол кісілердің араласуын сұраймын. Себебі, жергілікті тергеушілер ісі шала болып отыр.

Дидар ЖАҚЫПБЕКОВ,
Алматы облысы

Заң газеті

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста