Параны алу да, беру де қылмыс!

Елімізде жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер 1 млрд. теңгеге жуық пара алған. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова мәлімдеген.
«Ағымдағы жылдың басынан бері пара алғаны үшін 900-ден астам адам ұсталды. Олардың алған параларының көлемі әртүрлі болып келеді. Бірақ, 1 миллион теңгеден кем емес. Дегенмен, соңғы жылдары пара алып істі болған мемлекеттік қызметшілердің қатары кеми түсуде», - деді Айгүл Шаимова. Осы орайда заңгер маман Нұра Тынысқызы "параны алушы да, беруші де жауапты. Біздің қоғамымызда көбінесе пара беруші тасада қалады" дейді.
Нұра Тынысқызы, заңгер:
¬ - Жемқорлық фактілерінің орын алуына пара беруші де, пара алған адам да жауапты. Кейде қоғамымызда параны өздері тықпалап, өз еріктерімен беретіндер де бар. Олар неге бостандықта жүруі керек?! Егер беруші болмаса, алушы да болмас еді ғой? Жемқорлық дегеніміз – халық арасында «беруші мен алушы» деп аталып кеткен мүліктік игілікті беру және алу болып табылады. Алайда бізде жемқорлықтағы екінші тарап, яғни пара берушінің жазасыз қалуының жаңсақ практикасы әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді, мұның өзі сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жоюға айтарлықтай кедергі келтіреді. Бірақ бәрінен сорақысы, көптеген жағдайларда пара берушілер шенеуніктерді заңсыз әрекеттер жасауға итермелейді, олар параны да сол үшін береді. Қоғамымызда пара берушілерге де жауапкершілікті күшейту керек. Негізінен парақорларды жасайтын пара берушілер. Егер тиісті құқық қорғау органдары «пара берушіні» жазаламайтын болса, іс жүзінде оларды «басынан сипап», марапаттаған болып шығады. Мемлекеттік қызметке енді араласып, тәжірибе жинап жүрген жас шенеуніктерді былай қойғанда, кейбір тісқаққан шенеуніктердің өздері әккі арандатушының арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Сондықтан жемқорлықпен күресті күшейткіміз келсе, пара берушілерді де жазалауымыз керек.
Еркенұр Ерзия





