Ұлтымыз талай тауқыметті басынан өткерді. Тарих толқынында, замана дауылында қайыспай атамекен қонысын иемденіп қалды. Бұл ұлттың ең басты жетістігі. Әйтпесе тасыр заманның тепірешіне төтеп бере алмай, жерін сақтамақ түгілі ұлт ретінде жойылып кеткен халық қаншама жер бетінде. Ал, біздің бағымыз ұлт ретінде сақталып, ұланғайыр даламызға иелік етіп, жеке мемлекет болып шаңырағымызды тіктеп, көк туымызды желбіретіп отырғандығымыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды», – деуі тарихи ақиқат. Міне бұл сөз әрбір қазақ азаматының көкірегінде жаңғырып жататын сөз болуы тиіс. Бабалармыздың жанкештілігінің арқасында аман қалған тіліміз бен жерімізді қастерлеп сүюіміз керек. Сондықтан ғасырлардың алапат тасқынында ұмыт қалған ел мен жер атаулырын қалпына келтіріп тарихи атауымен атауды ұлт алдындағы парызымыз десек болады.Бұл ретте елімізде арнайы атқарлып жатқан жұмыстар мен бағдарламалар бар. Атап айтсақ Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы деуге болады. Онда «Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру арқылы, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, қоғамдық пікірді ескеру, шешімдерді қабылдау процесіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту көзделеді. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіре түсу, сондай-ақ географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу талап етіледі» деп жазылған.
Сонымен қатар Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы туған жер туралы айтылған ойларға да тоқталмай өтсек болмас. Мақалада Елбасы «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар» – деп толғаған болатын. Ал осында айтылған туған жер тарихы деген не десек, ол туған жердің бабалардан қалған атауы екені белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел мен жер тарихына жаңаша көзқараспен қарап тарихи тамырымызға үңілуге мол мүмкіндік берді. Соның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі қаншама көшелер мен ауылдардың, аудандардың атаулары өзгерді.
Кеше ғана Шығыс Қазақстанда осындай бір қуанышқа толы тарихи сәт болды. Шығыс Қазақстанның Зырян ауданы мен қаласын Алтай деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл тарихи атауды ел мен жер тарихын ойлаған қайраткер азаматтар мен ғалымдар көтеріп, әр түрлі жиындарда, баспасөз беттерінде қозғап жүргеніне де біраз уақыттың жүзі болған. Ал жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовте Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертуді ұсынған болатын. Ол бұл ұсынысты Зырян ауданына жұмыс сапарымен барған кезде аудандық мәслихаттың депутаттарымен және қоғамдық емес ұйымдардың мүшелерімен кездесуде айтқан еді. Жиын барсында Даниал Кенжетайұлы «Алтай – әр түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Бұл жерді адамзаттың алтын бесігі деуге де болады. Мысалы ғалымдардың айтуына қарағанда түркі халықтарының, сондай-ақ мажарлар мен жапондардың, корейлер мен басқа да ұлттардың тарихы осы жерден басталған екен. Міне, біз осындай киелі мекенде тұратынымызды ешқашан да ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан, Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертсек дұрыс болады деп санаймын. Зырян жұрты менімен келісер деп ойлаймын. Бұлай істеу ең алдымен тарихымызға тағзым жасау», – деп атап өткен. Өңір басшысының бұл сөзіне жиынға қатысушылар бірауыздан қолдау білдіріп, осы мақсаттағы жұмыстар жасалып жатқанын жеткізген. Бұл мәселе бойынша 28 қыркүйекте қоғамдық тыңдаулар өтетінін, сол жиында аудан атауын, елді мекендердің, көшелердің аттарын ауыстыру туралы талқылау жасалатанын мәлімдеген болатын.
Міне кеше сол Зырян қаласының мәдениет үйінде «Зырян» ауданын «Алтай» деп атау мәселесі қаралып, аудандық мәслихат депутаттары бұл атауды бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Ал қаланың өзінің атауын өзгерту жөніндегі мәселесін жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері талқыға салды. Жиында қоғамдық кеңес мүшелері қала атын «Алтай» деп ауыстыру керек деген шешімге келді. Міне бұл шешім ел мен жер үшін тарихи шешім болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел мен жер тарихына қарап тарихи тамырымызға үңілуге мол мүмкіндік берді.
Алтай деген киелі атауды иемденген ауданның алар асуы, шығар шыңы биік болмақ. Аудандағы аға буын өкілдері мен зиялы қауым бұл атауға разылықтарын білдіріп, ел мен жер тарихы туралы ойларын ортаға салды. Жиналған қауым тарихи сәттің куәсі болып, келелі басқосудан риза болып шықты. Ақпарат құралдары жақсы жаңалықты жариялап, әлеуметтік желі қолданушылары осы тарихи сәтті жаһанға жар салып, сүйінші сұрады. Алтайдың абыройы бұрынғыдан да асқақ болғай!
Нұрлы Еділов