Медет Атен: Мемлекеттік тілдің дамуы – ұлттың дамуы

Медет Атен: Мемлекеттік тілдің дамуы – ұлттың дамуы

Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Медет Қайратұлы АТЕНМЕН сұхбат.

– Медет Қайратұлы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс көлемінде қандай іс-шаралар атқарылуда? Жыл соңына дейін жасалатын жұмыстардың жоспары қандай?
– Мемлекеттік тілдің дамуы – ұлттың дамуы, елдің бірлігі деуге болады. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алға қойған мақсаты да осы. Нақты айтсақ, бұл бағдарлама елімізде тұратын күллі этностардың тілдерін сақтауға көңіл бөле отырып, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайтудың негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кең ауқымда қамтамасыз ететуді көздеген үйлесімді тіл саясатын қалыптастыратын бірегей жоба. Осы бағытта Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы да өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, жүйелі жұмыс атқарып келеді. Атап айтар болсақ, биыл «Ана тілім-айбыным» атты тіл фестивалі, Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығына орай «Сырда туған сырбаз ақын» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері», «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауларын ұйымдастырып өткізді.
Сонымен қатар, үштілді меңгерген жастарды анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған 2 әлеуметтік жоба аясында, облыс орталығында «Полиглоттар клубы» құрылып, бірнеше тілді жетік меңгерген полиглот жастардан құралған клуб белсенділері аудандар мен Тараз қаласында кездесулер, пікірсайыстар, семинарлар өткізіп, оған 600-ге жуық жастар қатысты.
Үштұғырлы тіл саясатын насихаттау мақсатында Тараз қаласындағы мектепке дейінгі білім мекемелерінде ұйымдастырылған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты акцияға 1500-ден астам бүлдіршін тартылды.
Ағылшын тілін үйрету курстарына 751, орыс тілін оқу курстарына 276 тыңдаушы қамтылды.
Тілдерді оқыту орталығы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және 22 этномәдени бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалып, жылдың басынан бері Меморандум аясында қазақ тілін үйренуге ниет білдірген 581 этнос өкілі қазақ тілін тегін үйренді.
Жыл соңына дейін «Сөз мерген», «Ұшқыр ой» интеллектуалды ойындары, әлеуметтік желілерде «Жаңылтпаш айтам жаңылмай» жарысы, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Караоке BATTLE» байқауы, «Жаңа әліпби – жаңғыру жолы» тақырыбында облыстық семинар, «Тіл – татулық тірегі» облыстық форумы, «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл – парасат», «Үздік көрнекі ақпарат – 2019» облыстық байқаулары,«Қазақ тіліндегі ең үздік сайт» байқауы, «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл» ғылыми конференциясы және тағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Бүгінгі таңда елімізде латын графикасына көшуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жамбыл облысында жаңа әліпбидің емле ережелерін үйрету, түсіндіру жұмыстарының барысы қалай?
– Латыннегізді жаңа әліпбиді үйрету, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ашылған «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинетінде ұлттық әліпбиді насихаттау бойынша семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері үздіксіз өткізіледі. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты өткен республикалық ақпараттық насихаттау апталығы аясында әдістемелік құралдар мен әдістемелік сабақтар көрмесі ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты өткен республикалық ақпараттық насихаттау апталығы аясында «Тіл оқыту әдістемелерін жүйелеу мәселелері» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.
Сондай-ақ, мұнда кез келген азаматтың латын әліпбиін үйренуіне мүмкіндік жасалып, жаңа әліпбидегі таңбалармен жазуға бейімдеу мақсатында құқыққорғау органдары мен бюджеттік сала қызметкерлері арасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде диктант жазу акциясы және латын әліпбиіне негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін кеңінен түсіндіру мақсатында облысымыздағы зерттеуші-ғалымдармен облыстық семинарлар ұйымдастырылды және тұрақты түрде «Латын сағаты» ашық есік күндері өтті. Орталық қызметкерлері Тараз қаласы мен аудандарда «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін» түсіндіру, жаңа графикаға дағдыландыру мақсатында 1000-нан аса адамға «Латын графикасын үйрену оңай, әрі оңтайлы» семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 19 ақпанында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалымен меморандум жасалып, облыс бойынша филиал қызметкерлерін латыннегізді әліпбиді оқыту курстары мен әр түрлі форматтағы іс-шаралар жүргізілуде. Осы жылдың мамыр айында жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін меңгеру бойынша 36 сағаттық оқу курсының бағдарламасы әзірленген болатын. Бұл бағдарламаның оқу курсынан қазіргі уақытқа дейін 103 адам өтті. Оларға арнайы сертификаттар берілді. Ал, бұл оқу курстарын Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының 72 сағаттық оқу курсынан өткен тренер оқытушылар жүргізетінін баса айтқан жөн. Қазір 8 қызметкер сертификатталған тренер атанды.
Сонымен қатар, әдістемелік кеңес мүшелері жаңа әліпби мен емле ережелерін меңгертуге арналған жаңа жазу дағдыларын өз бетінше игеруге көмекші құрал ретінде жаттығулар жұмысын, мәтінмен жұмыс, сөзжұмбақтар, мақал-мәтелдер, Абайдың қара сөздерінен диктанттар жинағын, 20 патриоттық әндер топтамасы караокесін әзірледі. Және латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін үйрену бойынша 4 вебинар сабақ дайындалып, орталықтың www.tilzhambyl.kz атты ресми сайтына, tilmedia.kz сайтына және «Уoutube» интернет каналына енгізілді. «Tarazlatyn» ақпараттық инста парақшасында емле ережелері, оқу дағдысын қалыптастыру үшін латын графикасында ғұламалардың қанатты сөздері беріліп отырады.
«Tarazlatyn» ақпараттық парақшасы мен бөлімшелердің «baizaq», «Tilmerke», «Shu_til», «Kordai.til», «Talas.til», «Jambul_til», «Zhualytil» «Sarysu.til» әлеуметтік желілерінде латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге, үйретуге бағытталған іс-шаралар жүргізіліп отырады.
Облыста «Латыннегізді қазақ тілі әліпбиіне көшу жұмыстары» тақырыбында баспасөз конференциясы өткізіліп, ол туралы мерзімді баспасөз құралдарының әрбір санында жарияланып келеді. Сонымен қатар «Facebook», «Instagram» сияқты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда латын қарпіне негізделген жаңа әліпбимен тақырыптық материалдарды үнемі жұртшылыққа ұсынып отырамыз.
Басқарма тарапынан латын графикасына негізделген қазақ жазуын түсіндіру, азаматтардың жаңа әліпбиді үйренулеріне мүмкіндіктер жасау мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін түсіндіруге бағытталған іс шаралар өткізу, бейнероликтер әзірлеу» атты әлеуметтік жобасы аясында Тараз қаласы мен аудандарда 22 кездесу өткіздік. Оның өтуіне лингвист-ғалымдар мен тіл мамандарынан құрылған ақпараттық топ атсалысты.
Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы «Латыннегізді қазақ әліпбиіндегі емле ерекшеліктері» тақырыбында Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін түсіндірді. Кездесуде аудан тұрғындары көкейлеріндегі сұрақтарын жолдап оған комитет төрағасы жан-жақты жауап берді.
Елімізде алғашқылардың бірі болып басқарманың тапсырысымен Елбасының №637 Жарлығы бойынша бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жаңа заман талабына сай интернет-технологиялар мүмкіндіктерін пайдалана отырып оқып, жазуға үйрету мақсатында Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасы әзірленген еді. Осы бағдарламаны таныстыру мақсатында өңірдегі барлық аудандарда және Тараз қаласында екі рет семинар-тренингтер өткіздік.
Qazalipbi.kz онлайн оқыту бағдарламасына интернеттің кез келген браузерлері мен смарт телефондар арқылы кіруге болады. Ол қазақ тілді аудиторияға, яғни латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін үйренуге ниет білдірген кез келген азамат үшін қолжетімді, тегін, уақыты шектеусіз. Бағдарламаға теориялық, практикалық, бағалау бөлімдері сияқты 18 сабақ енгізілген.
Былтырғы 6 желтоқсанда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін түсіндіру және Qazalipbi.kz онлайн бағдарламасын таныстыру мақсатында аудандар мен Тараз қаласы тұрғындарына арналған көшпелі семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Тараз қаласындағы 42 мекемеде үйрету курстары өтті.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі ретінде облыстағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері, студенттер мен оқушылар арасында латын қарпінде жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бастауы» атты жаппай диктант жазу акциясы ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде, диктант жазу акциясына облыс бойынша 13368 адам қатысып жоғары дайындықтарын көрсетті. Олардың 41,6%-ы өте жақсы, 40,3%-ы жақсы, ал 17,8%-ы қанағаттанарлық деп бағаланды.
Тағы бір маңызды шара, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының жарияланғанына 2 жыл толуына байланысты «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілген болатын. Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Филология және журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Күлзинат Қарымбаева мен аталған ЖОО-ның аға оқытушысы Балмира Мырзабаева былтырғы 6 желтоқсанда қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін түсіндіру жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті. Осы ережелерге қатысты туындаған сұрақтарын жолдаған қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, жан-жақты түсіндірді.
Жақында мемлекеттік қызметшілер арасында «Латын графикасы – мемлекеттік қызметте» деген атаумен облыс көлемінде байқау ұйымдастырылды. Бұл іс-шара қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, дамыта түсу үшін және мемлекеттік тілдің беделін арттыру мақсатында өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан қаншалықты меңгергенін анықтауды да көздеді. Бұл байқауда мемлекеттік қызметшілердің латыннегізді қазақ әліпбиінде жазу, оқу сауаттылықтары бағаланды және қатысушылар аталған тақырыпқа байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Биылғы жазда республикамызда тұңғыш рет қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруге байланысты ақпараттық – насихаттау апталығы біздің облыста өткен болатын. Бұл ауқымды шараны облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті бірлесе отырып ұймдастырды. Аталмыш жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғ.Мелдешов, жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері Б. Нұржекеұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қ.Сегізбайұлы, «Тіл-Қазына» орталығы бас директорының кеңесшісі, қоғам қайраткері О. Асанғазы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ж.Смағұлов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.Әбдуәліұлының қатысқаның айта кеткен жөн. Осы апталықтың аясында Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ аудандарының тұрғындарына «Қазақ тілін латын графикасына көшіру маңыздылығы», «Қазақ тілінің дамуы – ұлттың дамуы» тақырыбында қоғамдық дәрістер өткізілді. Сонымен қатар, тағдыры ауыр балаларды қолдау орталығындағы тәрбиеленушілердің назарына латын графикасындағы титрлармен мультфильмдер ұсынылды.
Осы іс-шараның қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына «Ең үздік интернет бағдарламасы», Жамбыл облыстық сотына «Ең үздік маңдайша», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне және облыстық тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығына «Ең үздік латын кабинеті» номинациясы табысталды. Ал, «Ең үздік әдістемелік құрал» номинациясы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Б.Мырзабаеваға берліді. Сондай-ақ, «Ең үздік әдіскер» номинациясын Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Бахытбек Шынар, ал «Ең үздік көрнекі ақпарат құралдары» номинациясы жеке кәсіпкер Ә.Рыспанов иеленді.
Болашақта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын айтып өткім келеді. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жұртшылыққа неғұрлым оңай жолмен түсіндіріп, үйрету мақсатында басқарманың «Латын негізді жаңа әліпби және жазу реформасы» әлеуметтік жобасы бойынша 77TV телеарнасынан «LatynLIVE» телебағдарламасы алдағы уақытта айына екі рет эфирге жол тартып, көрермендерге ұсынылмақ.
Жасалған жұмыстарға көз жүгіртіп өтсем, жаңа әліпбиді облыс тұрғындарына түсіндіру үшін осы жылдың басынан бері 96 іс-шара өткізіліп, оған 32969 адам қатысқан екен.
– Мемлекеттiк бағдарламада көрсетілген талаптарды іске асыру үшін облыстық бюджеттен жылына қанша қаржы бөлінеді, ол қаражат қалай игерілуде?
– Облыста тіл саясатын жүзеге асыруға 2019 жылы жергілікті бюджеттен мемлекеттік бағдарламаны орындауға 55,7 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат жылдың соңына дейін толығымен игеріледі.
– Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, беделін көтеру, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру жолында қандай іс-шаралар жасалуда? Нәтижесі қандай? Облыстық мекемелерде іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі қандай дәрежеде?
– Облыста мемлекеттік тілдің дамуына ерекше мән беріледі. «Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте мемлекеттік тілдің ерекше маңызы бар.
Былтырғы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі – 98,3 пайызды құраған еді. Ал мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 72,46 пайыз болып отыр.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты журналистер арасында байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздардың материалдары республикалық байқауға жолданды. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында ағымдағы жылы республикалық, облыстық, қалалық және аудандық басылымдарда 223 мақала жарияланды. Оның 85-і латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында қазақ тілін, мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Елбасының тапсырмасына сәйкес, орталық пен «Қоғамдық келісім» арасында «Мәміле» жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, айына 2 рет клуб отырысы өтуде.
Облыстық мекемелерде іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі тоқсан сайын зерделенеді. ІІ тоқсанда мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағы 99,1% құрады.
– Жарнама берушілердің қазақ тілінің заңдылықтарын сақтауы, сауаттылығы қадағалана ма?
– Көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі 2019 жылы 100 пайыз болады деп көрсетілген. Биыл облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің арасында келісімдер жасап, «көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесін» нысаналы көрсеткіш ретінде көрсетіп, әр тоқсанға меже белгіледі.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2019 жылы басқарма тарапынан көрнекі ақпараттардың қолданылуына тоқсан сайын зерделеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, жарнама саласында мемлекеттік реттеу, ұлттық мүддені қорғау, жөнсіз жарнамаға жол бермеу мақсатында мамыр айында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауын өткіздік. Ал, үздік ауылдық округтің, үздік ауданның озық тәжірибесін анықтау, тарату мақсатында қазан-қараша айларында «Үздік көрнекі ақпарат – 2019» байқауларын ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар, облыстық «Көркем тіл – көрнекі жарнама» акциясын жылына 2 рет ақпан және қазан айларында өткізу жоспарланды.
Биылғы жылдың 11-16 ақпаны аралығында жоспарға сәйкес басқарма тарапынан ұйымдастырылған «Көркем тіл – көрнекі жарнама» атты акцияға Тараз қаласынан облыстық маңызы бар 5111 нысан қамтылған болатын. Осы акцияның барысында олардың 307-і Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдарына сәйкес еместігі белгілі болды. Сондықтан іс-шараның қорытындысына сүйене отырып Тараз қаласының әкіміне бұл кемшіліктерді жою туралы хат жолдадық. Атап айтсақ бұндағы басты кемшілік – Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабы, яғни «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» мен «Жарнама туралы» Заңның 6.2-бабының талаптарының сақталмауы деуге болады. Яғни көрнекі ақпараттар бір тілде, тек ресми тілде жазылып және орналастыру реттілігі бұзылған. Сондықтан, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшыларына өңірлерде сыртқы көрнекі ақпараттардың талапқа сай жасалып, дұрыс орналастырылуын, сауатты жазылуын басты назарда ұстаулары туралы тиісті тапсырмалар берілді.
Осы 2019 жылдың 16 қаңтарында облыс әкімінің қатысуымен Тілдерді дамыту басқармасының 2018 жылы атқарған жұмыстары және 2019 жылы атқарылатын жұмыстары туралы кеңестің хаттамалық тапсырмасына сәйкес басқарма тарапынан қадамдық жоспар жасалынған болатын. Бұл жоспарды облыстың аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне хат арқылы жолдадық.
Қадамдық жоспарға сәйкес, бірінші кезекте осы жылдың 1-ші жартыжылдығында аудандарда, Тараз қаласында орналасқан барлық қонақ үйлер мен мейрамханалардың, басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарында көрсетілетін қызметтерде мемлекеттік тілдің қолданылу дәрежесін 100%-ға жеткізу көзделген.
Осы мақсатта облыс аумағында орналасқан жалпы саны – 1755 нысанның тізімдері жинақталып, базасы жасақталды. Олардың ішінде 150 қонақ үй, 456 мейрамхана, кафелер, 1149 басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындары бар.
Әңгіме барысында облыстағы аудан, қала әкімдері орынбасарларының төрағалығымен жұмысшы топтары құрылып жұмыс істегенін де айта кетейін. Олар биылғы ақпан айында өңірлерде орналасқан қонақ үйлерде, мейрамханаларда және сауда үйлері мен басқа да тұрмыстық қызмет көрсету орындарында зерделеу жұмыстарын жүргізген еді. Сол кезде барлық нысан иелеріне қолданыстағы заңнамалардың тиісті баптары түсіндіріліп, үлгі ретінде ақпараттық парақшалар таратылған болатын. Сондықтан наурыз айында кәсіпкерлік нысан иелеріне белгілі болған кемшіліктерді жою үшін арнайы уақыт белгіленіп берілді. Ал, сәуір-мамыр айларында берілген қадамдық жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы аудандық, Тараз қалалық әкімдіктері тарапынан берілген мәліметтерге сәйкес 1755 кәсіпкерлік нысанның 1342-і, яғни 76,4 пайызы зерделеніп, оның 1229-ы яғни 91,5 пайызы қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкестендірілген. 27 мамыр мен 15 маусым аралығында аудандар мен Тараз қаласында берілген мәліметтердің нақтылығы бойынша Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Басқарманың әлеуметтік тапсырысы аясында 28 сәуір мен 18 мамыр аралығында «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік желі (Уатсап) арқылы Тараз қаласы тұрғындары арасында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» облыстық байқауын жариялап, осы жылдың 22 мамыры күні Тілдерді оқыту орталығының мәжіліс залында азаматтық позицияларын белсенді түрде көрсете білген тіл жанашырларын «Қырағы көз», «Тіл жанашыры» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі өткізілді.
Тағы бір айта кетерлік іс, әлеуметтік желілерде «ономастика» хэштегі арқылы жарнама сауаттылығы бойынша оң пікір қалыптастыруды мақсат тұтып отырмыз. Сондықтан барлық аудандар мен Тараз қаласында ономастика саласы бойынша хэштегтер ашылды. Онда бұл мақсатта атқарылған жұмыстар үнемі жарияланып отырады.
Сондай-ақ, осы жылдың 28 мамыры күні облыстық кәсіпкерлік палатасы, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық дамыту басқармасымен бірлесе отырып, Тараз қаласындағы кәсіпкерлік нысан иелерімен семинар-кеңес ұйымдастырып, мағыналы да маңызды шара өткізді.
– Облыс көлемінде ономастика саласындағы жұмыстар қалай атқарылуда?
– Үстіміздегі жылы ономастика саласын дамыту мақсатында 29 мамыр күні «Жаңарған ел – жаңғырған атаулар» атты тақырыпта бір облыстық ғылыми-практикалық конференция, сондай-ақ, маусым айында «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» атты және шілде айында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» атты екі көшпелі семинар-кеңес өткізілді. Сонымен қатар, қараша айында облыстың ономастикалық электронды базасын және желтоқсан айында облыстағы ономастикалық атаулардың көрсеткіш-анықтамалығын әзірлеу, сондай-ақ, тоқсан сайын аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтардың жұмыстарын зерделеу жоспарланған болатын.
Ал, 2019 жылғы 17 мамырда облыс әкімдігі жанындағы ономастикалық комиссиясының кезекті отырысы өткізді. Кеңес отырысында 2018 жылы басқарма тарапынан ономастика саласы бойынша атқарылған жұмыстары туралы есебі, сондай-ақ, Сарысу, Талас аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктері жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтардың атқарған жұмыстарын зерделеу қорытындысы мен Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарындағы сыртқы көрнекі ақпарат құралдарындағы тіл сауаттылығына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы қаралып, хаттамалық тапсырмалар берілді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғырту стратегиялық міндет ретінде айқындалуы алдағы уақытта ономастика саласындағы жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттілігін өзектендіре түсуде.
Осы мақсатта басқарма тарапынан биылғы ақпан айында нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне берілген атауларға талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижелері бойынша аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне хаттар жолданды.
Аудандық, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мәліметтері бойынша облыста 1237 мемлекеттік нысан, 153 ауылдық округ, 377 елді мекен, 5247 көше бар.
Талдау нәтижесінде, 1237 мемлекеттік нысанның 256-на кісі есімдері берілсе, 981 нысанның атаулары жоқ екендігі анықталды. 256 атаудың 239-ы білім беру нысандарына, 14-і мәдени нысандарға, 3-і спорт нысандарына берілген.
Сондай-ақ, 153 ауылдық округтың 28-і кісі есімдерімен аталса, 125 ауылдық округқа жер-су атаулары (топонимикалық) берілген. 377 елді мекеннің 68-і кісі есімдерімен аталса, 309 елді мекеннің атаулары топонимикалық атаулар. Аудандық, Тараз қалалық әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес 24 елді мекенге атау берілгеніне 10 жылдан асса, 7 елді мекеннің атауы қашан берілгені белгісіз, мәліметтер сақталмаған.
5247 көшенің 2683-і кісі есімдерімен аталса, 2564 көшеге жер-су және дәстүрлі атаулар берілген. 1226 көшенің 500-не атау берілгеніне 10 жылдан асса, 81 көше бойынша мәліметтер сақталмаған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 25-5 бабының «Ономастика жұмысының критерийлері» атты 4-тармағында «жеке адамның есімімен аталған, ол берілген немесе өзгертілген күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атауға, оны өзгертуге болады» деп көрсетілген, яғни жергілікті атқарушы органдар тарапынан алдағы уақытта берілгеніне 10 жылдан асқан атаулар кісі есімдері бойынша халық арасында дәйекті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, республикалық немесе әлемдік деңгейде танылмаған тұлғалардың есімдері берілген атауларға сараптама жүргізулері қажеттігі туралы аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне ұсыныс хаттар жолданды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 27.12.2018 жылғы №18-32-18.410 бұрыштамалық жазбахатына және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаеваның төрағалығымен өткен кеңестің 12.11.2018 жылғы хаттамалық тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта елімізде Халық санағы жоспарлануына орай өңірдегі әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне, яғни көшелерге атау беру, оларды қайта атау жұмыстары уақытша тоқтатылған. 

Дегенмен, аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктеріне еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2013 жылғы 7 тамыздағы №1449-3//01-7.9 (ПӘ) және 2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмаларына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімдерімен атауға жол берілмейтінін назарда ұстай отырып, Халық санағы өткеннен кейін әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау жұмыстары кезінде қоғамдық сананы жаңғырту аясында Қазақстанның бергі тарихында жалпыұлттық деңгейде танылған тұлғалардың есімдерін ұлықтау жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Осы орайда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 14 наурыздағы №13-04-19/621-И хатымен ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген 150 «Тарихи тұлғалар», 298 «Дәстүрлі атаулар» және 70 «Тарихи жер-су атауларының» тізімдерін басшылыққа алу тапсырылған.

– Ғылым мен білім ғасыры, инновациялық технологияның ғасыры болып табылатын ХХІ ғасырда көп тіл білу – жаһандық талап, жетістіктерге жетудің, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың жолы. Облыста көптілділікті насихаттау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Облысымызда көптілділікті насихаттау бағытында, бірнеше тілді, яғни кемінде үш тілді меңгерген білімді, бәсекеге қабілетті жастарды қолдау үшін жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Тілдерді қашықтықтан меңгеруге бағытталған интернет-ресурстардың қызметін танымал ету жөнінде жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында қазақ, ағылшын тілі сабақтарында мультимедиалық оқыту жолға қойылған. Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары интернет-ресурстарын пайдалану арқылы сабақтарын «LearningApps.org», «Socrative», «Thinglink» онлайн бағдарламаларымен оқытады.
Сонымен қатар, «Skype» бағдарламасы арқылы ағылшын тілінен аптасына 3 рет онлайн оқу курсы жүргізіледі. Орталықтың ресми сайтына және «Уoutube» интернет каналына қазақ тілін А1 қарапайым деңгейінде оқып үйренуге арналған 10 бейнесабақ енгізілді. Үш тілді оқыту курстарында «Kahoot», «Socrative» онлайн мобильді қосымшасы қолданылады.
Жалпы облыстағы шетел тілдерін еркін меңгерген жастардың санын анықтау, көптілділікті насихаттау және бірнеше тілді меңгерген жастарға жан-жақты қолдау көрсету, шетел тілдерін үйренуге деген жастардың ынтасын арттыра түсу үшін басқарма тарапынан жыл сайын арнайы әлеуметті жобалар жарияланып, тұрақты жұмыстар жүргізіліп отырады.
Облыс орталығында «Полиглот» клубы құрылып, 14-29 жас аралығындағы 500-ге жуық үш-төрт тілді игерген полиглот жастар тіркеліп, қол жеткен жетістіктерін одан әрі ұштау үстінде. Аудандар мен Тараз қаласындағы бірнеше тілді жетік меңгерген жастар барлық аудан орталығында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізіп, шетел тілдерін еркін, әрі жылдам үйренуге ниет білдірген жастарға қолдау көрсетіп отыр.
Аталған құрылым мүшелері биыл да облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы және «Жамбыл облысы «Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдау көрсетуі негізінде ағымдағы жылғы маусым айында ұйымдастырылған «Полиглоттар клубының жұмысын ұйымдастыру және жүргізу» әлеуметтік жобасы жаңа маусымының ашылу салтанатынан бастап, осы жоба аясында облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізуге кірісіп кетті. Соның санатында Мойынқұм аудандық кітапханасы мен Талас ауданындағы көпсалалы колледжінде өткен еркін форматтағы семинар-тренингті, Шу ауданындағы Төле би атындағы орта мектеп пен Байзақ ауданындағы №3 Байзақ колледжінде ұйымдастырылған «Kahoot» ойындарын, Жамбыл ауданындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектеп пен Т.Рысқұлов ауданындағы Сұлутөр кинотеатрында және Сарысу ауданындағы М.Әуезов атындағы мектеп гимназияда ұйымдастырылған шеберлік сыныптарын, Қордай ауданындағы №51 орта мектептегі «Speaking club» дискуссиялық алаңын, Жуалы аудандық орталық кітапханасындағы ЛД және Меркі ауданындағы №39 орта мектепте өткен «Болашақ-жастар қолында» атты дебат турнирлерді, Тараз қаласындағы Жамбыл инновация колледжінде ұйымдастырылған тек полиглоттар ғана күш сынасқан "Leader of XXI century"зияткерлік ойынын атауға болады.
Ал, қыркүйек айында полиглот жастар арасында Тараз қаласындағы білім алаңында TedX кездесуі, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде "ПолиZone" олимпиадасын, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Көп тіл білу – заман талабы» атты облыстық полиглоттар форумы өткізіледі.
Тілдерді қашықтықтан меңгеруге бағытталған интернет-ресурстардың қызметін танымал ету жөнінде жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында қазақ, ағылшын тілі сабақтарында мультимедиалық оқыту жолға қойылған. Орталық оқытушылары интернет-ресурстарын пайдалану арқылы сабақтарын «LearningApps.org» (лөниң апс.орг), «Socrative» (сократив), «Thinglink» (синглинк) онлайн бағдарламаларымен оқытады.
Сонымен қатар, «Skype» бағдарламасы арқылы ағылшын тілінен аптасына 3 рет онлайн оқу курсы жүргізіледі. Орталықтың www.tilzhambyl.kz деген ресми сайтына және «Уoutube» интернет каналына қазақ тілін А1 қарапайым деңгейінде оқып үйренуге арналған 10 бейнесабақ енгізілді. Үш тілді оқыту курстарында «Kahoot», «Socrative» онлайн мобильді қосымшасы қолданылады. Орталықтың tilzhambyl.kz ресми сайтынан кез келген тіл үйренуші онлайн жүйесіндегі курсқа жазылуына болады. Сайт қолданушылары ҚАЗТЕСТ жүйесі, бекітілген жаңа терминдер және тілдік орта қалыптастыру мақсатында құрылған қазақ тілінен «SÓILE», ағылшын тілінен «Relax and learn» (релакс енд лөн) клубтары туралы ақпаратпен де танысуына болады және әрбір адам Facebook, Instagram, Vkontakte сияқты әлеуметтік желілерден де оқыту орталығындағы өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат ала алады.

– Медет Қайратұлы, өңірдегі тіл мәселесі жөнінде кеңінен айтып өттіңіз. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлы Еділов

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста