Құнды құжаттар неге қолды болды?!

Құнды құжаттар неге қолды болды?!

Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қалыптасқан әкімшілік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бүгінгі Тәуелсіздік заманында өткен тарихымызды зерделеп, зейіндеу – кезек күттірмейтін іс. Соның ішінде қазақ халқының басынан өткен небір зұлматты хатқа түсіріп, сақтаған мұрағаттың маңызы ерекше. Мұрағаттарда сақталатын ақпараттар мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алатын ұлттық стратегиялық байлық болып саналады. Бірақ, өкінішке қарай, сол кезеңдегі мұрағат қызметкерлері мұрағат қорларының сақталуына немқұрайды қарады, соның салдарынан қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты біраз құжат жоғалып кетті.

ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАРДА АШЫЛМАҒАН СЫР КӨП
Бұл жөнінде ҚР Орталық Мемлекеттік мұра­ға­тының 544-қорында сан алуан мә­лімет жинақталған. Мұрағат мате­риал­да­ры буда-будасымен отқа жа­ғылған. Қазақ байларын тәркілеуге қатысты 32 іс ізім-қайым жоғалған, олардың Ішкі істер ми­нистр­лігінің сұрауы бойынша алдырылып, содан қолды болып кетуі де әбден мүмкін. 1929 жылы астана Қызылордадан Алма­ты­ға көшірілген кезде он жәшік іс-құжаттар ұр­ланған. Орынбордан Қызылордаға апара жатқан кезде де жүздеген мұрағат құжаттары ғайып болды. Одан кейін де мұрағат қор­ла­рын­дағы материалдардың сақталуы қатаң бақы­лауға алына қоймады. Бұған мұра­ғат­тық жол көрсеткіштерін парақ­тағанымызда, біраз құжаттың жа­нын­дағы «изъято» деген ескертулермен көп кездескеніміз дәлел.
Кейбір мұрағаттық істердің «жоғалып» кетуі олардың кезінде айыптау мате­риал­дары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, Мем­ле­кет­тік қауіпсіздік комитетіне алдырылуына бай­ла­нысты бол­са керек. Бұл «құдіретті» құрылым­дар­дан материалдардың бәрі бірдей қайта алын­баған. 1937-38 жылдары елде жүргізілген қуғын-сүргін саясатын бірден-бір жүзеге асырушы органдар мұра­ғат­тарының құжаттары осындай дәрежеде бол­ғаны ойлантады. Әдейі қолдан ұйым­дас­ты­рыл­ған шара іспетті.
Мұның бәрі кездейсоқ та болмас, себе­бі орталық билік кешегі патша заманындағы отар­шылдықтың озбырлықтарын халық жадында сақтауға мүдделі болмады. Ресейдің қазақ халқына «жақсылықтан» басқа саясат жүргізбегеніне жас буынды иландыру мақсатында мұрағаттарда жазалау экс­пе­ди­ция­ла­ры, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу, халықты қыр­ғынға ұшырату жөніндегі құжаттардың түрлі себеп­термен қолға беріле бермегендігі аса құпия емес.
«Ұлтшыл­дар­ға» қатыс­ты мұра­ғат­тық құжаттардың түгел сақта­луына ба­қы­лаудың әлсіздігі осы сала мекемелері бас­шыларының басым көп­шілі­гі­нің қазақ тілі мен араб графикасын білмеуінен болды. Қуғын-сүргінге ұшыра­ған қазақ зиялы­ла­рының еңбектері, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы тура­лы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік комитетіне түскен, кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қа­ғаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кім сұлтан, кімнің би-батыр болғандығы жө­нін­де материалдар жинақталған. Ашар­шылық, қуғын-сүр­гін тарихына қатысты көп­теген құжат пен ма­териал түрлі ведом­стволардың қой­ма­ла­рында қалдырылды. Ал олардың көп­шілігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас про­куратура, Ішкі істер министрлігі мұра­ғат­тарында сақталуда.
Кеңшарлар мен ұжымшарлардың және МТС-тардың материалдары сақталмай, түгелімен жойылған жағдайлар да болған. Мұрағат құжаттары сыз тартқан жертөле­лерде, кеңсе шкафтарында сақталды. Бұл көптеген істің жойылуына, жоғалуына, тасып алынып кетуіне әкеліп соқтырды. Қа­зақ­станның ауыл шаруашылығы саласының даму тарихына қатысты 5 мың құжат анық­талды, соның ішінде 310 құжат жинаққа ен­гізілді. Жарық көрген құжаттық жинақ­тар­ға, өкінішке қарай, 1930-32 жылғы күш­теп ұжымдастыру кезіндегі көптеген материал енгізілмей қалды.
Ашаршылық кезінде опат болғандар­дың жалпы санын анықтауда 1937 жылы 5 қаң­тарда өткізілген Бүкілодақтық халық санағының мәліметтері де біраз жайдың басын ашары сөзсіз. Өйткені бұл санақтың мәліметтері жойылып кеткен деп саналатын еді. Санақтың мәліметтерінен 30-жылдары опат болған халықтың санымен қа­тар, қоғамның барлық әлеуметтік-демо­гра­фиялық құлдырауы көрініс табатын еді. Сондықтан да кеңестік жүйе өзін-өзі әшке­релеуден қорқып, санақтың барлық құжа­т­ын пайдалануға тыйым салды. 1990 жыл­дары ғана мәліметтер Мәскеудегі Ха­лық шаруашылығы Орталық мемлекеттік мұ­рағатынан табылды. Сол мәліметтер бо­йынша 1937 жылы қаңтарда КСРО-дағы қа­зақтар саны 2 млн 862 458 адам екен (Социо­логические исследования, 1990, №7, №69). 1930 жылдың ортасында қа­зақ­тардың саны 4 млн 120 мың адам бол­ған. Бар-жоғы жеті жылда қаншама адам жоқ болған!
«МҰРАҒАТ ЕГЕУҚҰЙРЫҒЫ»
Кеңес өкіметі де ұлттық мұрағаттардағы құжаттарды сақтауға ыждағаттылық таныта қоймады. Оның мысалы да жетерлік. 1932 жылдың 23 наурызында Қазақ өл­келік партия комитетінің хатшысы С.Голюдов Қазақстан Орталық мұрағатының мең­герушісі Н.Я.Болотниковті өзіне шақыртып алып, мұрағатты жедел түрде көпшілік кі­тапхананың жертөлесіне көшіруді міндеттейді. Болотников 28 наурыз күні Алматы қала­лық кеңесінің Орталық мұрағат орна­ласқан ғимаратты бір күн ішінде босату ту­ралы шешімін алады. Болотников сәуір айында осы жағдайды Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесіне және РКФСР Орта­лық мұрағат басқармасына жазған хатында баяндайды. Мұрағат орналасқан ғима­ратқа Алматы қалалық кеңесі көпшілікке арналған асхана ұйымдастыруды көздейді. Оның төрағасы Скородумов пен Өлкелік партия комитетінің іс басқарушысы Буянов Орталық мұрағаттың екі күн ішінде көп­шілік кітапхананың жертөлесіне көшуі туралы ескерту жасайды. Бұл талапқа Н.Болотников қорлардағы 20 мың пұт құжат­тар­да көрсетілген мерзімде көшіріп болу мүмкін еместігін, оған үш ай мерзім керек екенін алға тартады. С.Голюдов аталған мерзімге қарсы болып, «бұл мұрағат ісінің қарқыны болса, сен өмірден артта қалған мұрағаттың егеуқұйрығысың» деп мең­геру­шінің ар-намысына тиеді. Н.Болотников 28 сәуірде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне Орталық мұрағаттың кі­тап­хана жертөлесіне көшірілуіне қарсы наразылық білдіреді. Алайда Қазақ өлке­лік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Го­ло­щекин 29 сәуірде партияның айт­қанымен жүрмейтін қыңыр мұрағат­шыны шақыртып алып, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысын орындамадың деп айыптады. Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы О.Исаев Н.Болотниковтің ұстанымын «топас бюрократизм» деп бағаласа, С.Голюдов өз тарапынан «мұрағатты көшіру – түк­ке тұрмайтын мәселе, егер де біз партия мү­ше­сімен істес болсақ, онда мәселе бас­қаша шешілген болар еді, ал біз партия мү­шесімен емес, мұрағат егеуқұйрығымен істес болып тұрмыз» деп астамшылық жасайды. (РФ Мемлекеттік мұрағаты, 9-т, 2674-іс, 13 п). 7 мамыр күні Н.Болотников­ке секретариат арқылы жеке ісқағазына жазылған сөгіс жарияланып, меңгерушілік қызметінен босатылады. Тоталитарлық жү­йенің мұрағатқа көзқарасы осылай көрініс табады.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМДАРЫ ҰМЫТ ҚАЛМАЙДЫ
Тоталитарлық жүйе тұсында мұрағат құжаттарының елеулі бөлігі негізсіз құпия­ландырылды. Тіпті мысал үшін айта кетейік, ҚР ОММ-нің құпия қорында Б.Май­лин­нің жарнаманы қазақ тілінде беру қа­жеттігі туралы жоғарыға жазған хаты да ұшырасады. Қазақ КСР Ішкі істер Халық Ко­мис­сариаты мемлекеттік мұрағаты бөлімі­нің сараптама-тексеру комиссиясының жүргізген жұмыстарының барысында кейбір мемлекеттік мұрағаттар мен мекемелер тарапынан құжаттарды макулатураға өткі­зу­дегі өрескел қателіктерді анықтады.
СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпан­дағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ведомстволарда мұрағат материалдарын сақтау тәртібінің ретке келтірілмегені, оларды пайдаланудың «нашарлығы» атап көрсетілді. Осыған орай 1965 жылдың 19 шілдесінде Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қау­лысында Қазақ КСР ІІМ-нің мұрағат басқармасына және мұрағаттары бар барлық министрлік пен ведомстволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің мұрағат құжаттары мен материал­дарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттелді. Алайда рұқсатқа сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес өкіметінің мүддесіне «зиян келтіруі мүмкін» құжаттар кірмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке ше­шілуі керек деп көрсетілді. Мұның бәрі, сайып келгенде, тарихтың «ақтаңдақ бет­терінің» қалыңдай түсуіне әкелді.
Тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі кезеңде Қазақстанның қоғамдық өмірін демократияландыру мұрағат саласын да қамтыды. 1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлт­тық мұрағат қоры және мұрағаттар тура­лы» Заң қабылданып, осы сала жұмы­сы тікелей өзіне тән міндеттерді орындауға жұмылдырылуына құқықтық негіз қалан­ды. Құпия қорларда халықтан жасырын сақталып келген біраз құжат ашық қор­ларға ауыстырылды. Алғашқы кезде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрагері – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де есігі ашылды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргін науқаны, қазақтарды тәркілеу, күш­теп ұжымдастыру, ашаршылық секілді кеңес өкіметінің озбырлықтарына байланысты мұрағаттық материалдар ғылыми айналымға қосылды. Мұның бәрі бізге ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек бойлау­ға, тарих тағылымдарын әділетті тұрғыдан безбендеуге жол ашады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста