Кәсіп көзі ауылда

Кәсіп көзі ауылда

«Көп болды Ақжайыққа бармағалы» дегендей, іргеде тұрған Талдықорғаннан 320 шақырымда жатқан айдынды Алакөлге бармағалы екі жылдың жүзі болыпты. Араға екі жыл салып көрген шалғайдағы аудан орталығы Үшаралды көріп, көркіне көзім тоймады. Әлгі Алпамыс батыр жырындағы Байшұбардай сағат сайын толысқан, толған айдай құлпырған, аудан орталығында­ғы қам-қарекеттерді көзбен көріп қайттық. «Ол шиқыл, бұл шиқылға ұқсамайды» деп әжуа өлеңде айтылғандай, Кеңестік кезеңдегі Алакөлмен қазіргі заман ағымына қарай жасарған, жаңарған Алакөлді мүлде салыстыруға келмейді. 

 Іргесі сонау 1928 жылы қаланған, жер көлемінің аумағы 36,8 мың км2 алып жатқан, Алатаудан бастау алатын, Бал­қаш-Алакөл Лепсі, Тентек, Шынжылы Көксуат, Сасықкөл, Жалаңашкөл, Ұялы өзендерімен өрнек­телген бұл өлке, шығысы Қытаймен, солтүстігі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданымен шектеседі. Аудан орталығы Үшарал қаласында 80 мың тұрғын бар. Аудан, қалалық, 1 кенттік және 22 ауылдық әкімшілік округке бөлінген. Қысы қытымыр, жерінің басым бөлігі шөлейт­ті. Биік тау беткейлері мен аңғарларын шыршалы-қара­ғайлы орман қамтыған. Жануарлар мен құстардың алуан түрі мекендейтін ауданның аумағы 12,5 мың га жерді алып жатыр.

«Жолдың азабын жүрген білер»

«Жолдарың түзелмеген айдақ-сайдақ,
Жүресің жасырынбақ күндіз ойнап,
Күн жауса, белуардан батпақ кешіп,
Тартасың машинаңды арқан байлап», – деп, айтыскер марқұм Әсет Керімбаев бір кезде айтқан өлең әлі өміршеңдігін көрсетіп тұр. Көлге демалушылар пойыз бен ұшақтан бөлек жеке автокөліктерімен, немесе топ­тасып микроавтобустар жал­дап барады. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, Талдықорғаннан өтіп, Ақсу, Сарқан, Алакөлге дейінгі республикалық маңызы бар жолдар бейне бомба түсіп жарылғандай ойлы-шұңқыр. Аюдың апанындай үңірейген жолдарда селкілдеген машина бүйрегіңді түсіре жаздайды. 320 шақырым аудан орталығына жеткенше көлік ішінде миың аузыңа түседі. Осы жолдарға жауапты облыстық жол басқар­масы тым құрыса ойдым-ойдым жолдарды жамап-жасқауды жүзеге асырмаған. Жолдың қолайсыздығынан орта жол­да көліктерінің доңғалағы жарылып тұрған көліктерді көресіз. Біз қайтып келе жатқанда, Сарқан мен Қара­бөгет аралығындағы жолдың жиегінде жүк тиеген үлкен автокөлік төңкеріліп қалыпты. Ары-бері ағылған ауыр және жеңіл автокөліктер ойдым-ойдым жолдарды айналып өте алмайды. Жолға жауапты тұлғалардың жеті атасын сыбап, жол шетін­де көлігінің сайманы сынып, болмаса доңғалағы жарыл­ғандармен тілдесе қалсаңыз, біз не үшін салық төлеп отырмыз деп налиды. Жол азабын тартқан Алакөл өңірінің жергілікті билік өкілдері де, Талдықорғаннан Өскеменге дейінгі қатынайтын жолдардың сын көтермейтіні жайлы облыс әкімінің бірін­ші орынбасары Ләззат Тұрлашов Алакөлге іссапармен бар­ғанда тағы да қайталап айтыпты. Бұрын облыстың жол басқармасын Жасыбаев басқарғанда күре жолға көңіл бөлетін, ал, қазіргі басшысы «асфальт жоқ» деп аузын құры шөппен сүртіп отырған көрінеді. Жолға жауапты тұлғаның айтуынша, жолға қатысты тендерді Бұрындайда бір кәсіпкер ұтып алған. «Алакөл­де екі бірдей асфальт зауыты тұрғанда Бұрындайдан ыстық асфальт тасу кімге пайда, кімге зиян, тендердің ақшасын бізге аударып берсе, шикізатпен біз-ақ қамтамасыз етер едік» – дейді аудан әкімі. Бірақ, оған қазіргі басшы­ның құлқы жоқ. Шынын айтқанда, Бұрындайдан алған асфальт Ақсу, Сарқан, Алакөл бағытындағы жол­дарға жеткенше үш есе қымбатқа түспей ме? Бірақ, «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген осы ғой.
Қызыл шаянға сұраныс жоғары

Өзен-көлдерімен, көрікті жерлерімен келушілерді өзіне баурап алатын өңірде балық шаруашылығы да, нарық заманына қарай бейімделген. Бүгінгі таңда аудан бойынша 3 балық өнімін өңдейтін кәсіпорындар жұмыс жасай­ды. Өзен-көлдердегі балық қорын көбейту мақсатында питом­никтер қолға алынып, шабақтарды өсіріп, көлдерге жіберіп тұрады. Бір кездері көлге алып келіп жібере салған қызыл шаяндар қаулап өсіп, бүгінде табыс көзіне айналған. Қызыл шаянға деген сұраныс өте жоғары, әсіресе, Ресей мемлекеті көп тапсырыс береді екен. Табыс көзіне айналған жәндікті саудалаушыларға жергілікті билік бар мүмкіндікті жасап, квоталық құжаттарын ретке келтіріп жатырмыз дейді. Көлдерге қаулап кеткен қызыл шаян балықтарға зияны тимей ме деген сауалымызға аудан әкімі Әлібек Жақанбаев мырза, «оның қазірге ешқандай зиянын көргеміз жоқ, бірақ та күдік те жоқ емес, білгіштердің айтуынша, балықтың уыл­дырығын жеуі мүмкін» деген қауіптер барын айтады. Бұл шаянның бір килограммы 700 теңгеден бағалануда. Мұны да заңдастырудың мәселесі қолға алыныпты.

Түйткілді мәселелер шешілсе, туризм жанданады

Өзге өңірдегі көлдерге қарағанда Алакөлдің шипасы барлық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Емдік қасиеті мол, шунгиттік балшығы бар. Ақшидегі үш-төрт жыл бұрынғы көлдің жағасыменен қазіргі көлдің жағасын салыстырсаңыз, арасы жер мен көктей. Көл жағасын­дағы тазалық мәселесі ұдайы қадағалануда. Мұнда учаскелік инспекторлар жұмыс істейді. Көлге демалушыларға арнап, 50 орындық емхана мен дәріхана салынуда. 28 километрлік ішкі жолдар жасал­ған. Ауылдағы жарық мәселесі түбегейлі шешілген. Көлге қарай ағылған демалу­шыларда есеп жоқ, теміржол бойын­да құмырсқадай құжына­ған адамдар разъездерге сый­майды. Көлге келушілердің көптігін ескеріп, жергілікті билік перрон жасатқан. Алматыдан шыққан пойыз Ақшиге, одан Көктұмаға, одан кейін Достық стансысына барып, кері қайтады. Әуел баста алты вагоннан басталып, он бірге ұлғайып, 22 вагонға жеткен. Алдағы күндерде бұл вагондар саны тағы ұлғаятын болады. Түйткілді мәселелердің түйіні біртіндеп таратылып келеді деген аудан әкімі Әлібек мырза, пошта салып, банкоматтар қоямыз, облыс әкімі Амандық Баталовтың көмегімен облыс­тық бюджеттен 79 миллион қаражат бөлініп, коммуналдық шаруашылық ашып, қажетті техникалар алынғанын айтса, ауданға арнайы іссапармен келген Премьер-министр Кәрім Мәсімовтен 50 орындық вокзал салуға рұқсат алдық, жобасы жасалуда дейді.
Көлдегі демалушылардың тазалық мәселесіне орай айтсақ, ол: «Басты кінәрат демалушыларда емес, көлге күнбе-күн келіп кетушілер тазалыққа мән бермей­ді», – деп өкінішін білдірді. Жер­гі­лікті билік тарапы қас қарайғаннан, таң атқанға дейін көлдің жағасын мұнтаздай қылып жинайды. «Алайда, күні бойы өзенге шомылғандар айналасын тазалап кетпей, күл-қоқысқа толтырып тастайды. Адамдардың жағалауға жасап жатқан қиянаты хайуандыққа пара-пар, тазалыққа қатысты сана-сезімдері әлі оянбаған. Көлге автокөлікпен келушілер демалып жатқан жағажайдағы адамдарды баса-көктеп маза бермеген джип мінгендердің жолын бөгеген жергілікті билік Көктұма жағалауын айналдыра канал қазып тастаған. Көл жағасына күл-қоқыс салатын 200-ге тарта қоқыс салатын контейнерлер, биоәжетханалар қойылған. Демалушылар сол тегін әжетханаға кірмей, терек­тің түбіне, одан қалса, адамдар шешініп, киінетін арнайы жапқышпен қымталған орындарға дәрет сындырып кетеді, мұндай адамдардан не күтуге болады деп», – қынжылысын білдірді. Тіпті, көл жағасында жүрген малдың иелеріне дейін айыппұл салып, қай пансионат, қай жерде тұр, картасына дейін жасалған. Туризм сала­сын біртіндеп жаңғыртып жат­қан алакөлдіктердің асығы алшы­сынан түсіп тұр.

Жұмаққа айналған Үшарал

Астана қаласының Есіл жағалауындағы және облыс орталығы Талдықорған қала­сындағы саябақтар мен аллеялар аудан орталығы Үшаралға да жеткен. Көрген көздің жауын алатын, жобасы өзгеше спорттық жүйемен біте қайнасқан аллея Дулепова мен Калинин көшесіне дейін халықтың демалатын арнайы орын. Мұнда футбол алаңы, велосипед тебушілерге арналған жол, музыкалық субұрқақтар, балалар асыр салып ойнайтын орындар, спорттық құрылғылармен жабдықталған. Тынысыңды ашып, танауыңды қытықтайтын гүлзарлар, газон жарықтармен көмкерілген. Тамыз айының аяғында пайдалануға берілетін бұл аллеяның бір бөлігіне 25 миллион қаржы жұмсалған. Екінші бөлігінде «Мәңгілік елдің» символикасы, мәдени демалыс саябағына айналмақ. Бұрынғы Ауған соғысына қатысқандарға арналған аллея осы саябаққа көшірілмек. Оның орнына белгілі кәсіпкер, меценат Кеңес Рақышевтың демеушілігімен 1000 адамға арналған үлкен мешіт салын­бақ. Ауданда халық санының өсуіне байланысты, бұл үшінші Алланың үйі болмақ. Жалпы, аталған көшелердің басынан аяғына дейін жоспарланған құрылысқа 103 миллион қаржы жұмсалады. Қалада үйдің бағасы Талдықорғандағы баспаналардың бағасымен пара-пар. Шалғай мекендердегі халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайының өскендігін екі қабатты бой көтерген коттедж­дерден көруге болады. Тіпті, мұндай коттедждер елді мекен­дердегі шаруамен айналыса­тын қожалық иелерінің яғни, дәулеті тасығандар бірінен-бірі қалыспай салып жатыр. Қала әкімі Мақсұт Сайдильдиновтің айтуынша, үйлердің бағасы отыз бен жүз мың АҚШ дол­ларына барады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үшаралда 80 мың тұрғын бар. 54 көшенің 80 пайызы асфальтталған, жарық түнімен жанып тұрады. Қаланың көрнекті жерлерінде, билбордтар мен жарнамалар ілінген, онда мемлекеттік тілге айрықша көңіл бөлініпті.

Бәсеке – сапа кепілі

Шағын кәсіппен де, ірі кәсіппен де айналысқандарға үкімет тарапынан да, жергілікті билік тарапынан да, үлкен қолдау жасалуда. Алакөлде адамдардың көбі шаруашылыққа ден қойса, енді біразы базар жағалап, тағы бірі қолдарынан келген кәсіптерін игеріп жүр. Соның бірі Үшарал қаласындағы 1999 жылдан бері жиһаз жасаумен айналысатын Кербала бауырымыз. Моң­ғолиядан көшіп келгенде, бұрынғы Еңбекші ауылында трактор жүргізушісі болып жұмыс істепті. Дүние астаң-кестең болып, ұжымшарлар тарағанда жұмыссыз қалған азамат Алматыға барып, осы ағаш өнімдерінен өнім шығаруды үйренген. Бүгінде қолынан бал тамған бесаспап шеберге жиһазға тапсырыс берушілерде есеп жоқ. Жеке тапсырыс бойынша, жұмыс жасайтын кәсіпкер қол астында өзімен бірге екі адамға жұмыс беріп тұр. Жаса­ған жиһаздарының бағасы 50 мыңнан жоғары, Ақши, Көктұма көлдерінде қонақүй, мейрамхана салып жатқандар көбіне осы кәсіпкерге жүгінеді екен. Шикізатты Алматы қала­сынан тасымалдайтын кәсіпкер бұл кәсібін ұлғайтуды жоспарлауда. Қазірге өзінің ауласынан шағын цехымен халыққа қызмет көрсетіп тұрған шағын кәсіп иесінің айтуынша, ауданда өзінен басқа тағы да осындай екі-үш ағаш өнімін шығаратын шағын кәсіпкерлер бар. Бір-бірімізбен бәсекеде­міз. Жасаған затыма кепілдік беремін, алушылар осы уақытқа дейін сын айтып көрген жоқ, жеке үй салып жатқандар да маған тапсырыс беруде», – дейді ол.

Қияр мен қызанақ табыс көзіне айналды
Қазақстан ауылында өз ауласынан шағын кәсіп ашқан Роза Оспанова 3 жылдан бері осы іспен айналысып келеді. Өзіндік жаңа технологиямен қамтылған аула ішіндегі 1 сотық бақша израйльдік тәсілмен тамшылатып суғарылады. Үш жыл бұрын автокөліктерге саймандар сатумен айналысқан келіншек, Алматыдағы үлкен сауда үйіндегі кәсібін тастап, ауылға келген. Бір жыл бойы интернет арқылы көкөніс өсіруді оқып-тоқыған әйел, бұл жұмысқа белді бекем буып кіріскен. Қажетті құбырларды сатып алып, жылыжай ашқан кәсіпкердің еңбегі зая кетпепті. Бүгінгі таңда қияр өсірудің бірінші кезеңі аяқталып, екінші науқанын бастаған. Екінші өнім қыркүйектің ортасынан бастап, өнім бере бастайды дейді. 1 кезеңді сәуір айының басында бастаған, аптасына 250 килограмм қияр жинап, өнімді сататын базардан арнайы орын ашқан. Жылыжайдың бірі – қиярға, екіншісі – қызанаққа арналған. Болашақта құлпынай, таңқурай өндіретін ойы барын айтуда. Екі жылыжайдағы бар жұмысты Роза бір өзі атқарады. Баға базардың нарығына бай­ланысты. Өнімге сұраныс өте көп. Жылыжай ішіндегі жіңішке құбырлар да ұзақ жылға шыдайтынын айтқан кәсіпкер 1 тонналық су қондырғысын қойып, ол құбыр арқылы қияр мен қызанақ өнімдерін тамшылатып суғаруда. Қызанақ пен қияр егу идеясын интернет арқылы танысқан Розаның тірлігіне дән риза болған аудан әкімдігі, округтегі барлық әкімдерді жинап, осы шағын жылыжайда семинар, кеңестер өткізген. Жылыжай ішінде егілген қияр 30-35 күн ішінде өнім береді. Енді жылыжай ішіне жылу құбырын тартуды көздеген Роза бұл кәсібін қыстың көзі қырауда да жүзеге асыруды ойластырып жүр, ешқандай шығынсыз өнім өндіріп жатқан кәсіпкер, тек тұқымға ғана қаражат шығарады екен. Өндірген өнімге ешқан­дай химикат қосылмайды. 100 пайыз таза. 20 күнде бір рет нан ашытқысымен суарып қояды, ол химикат есебінде жүреді.
Қияр өндіретін жылыжай целлофан материалымен жабыл­са, қызанақ өндіретін жылыжай ауа жіберіп тұратын материалмен жабылған. Ал, қызанақтар 110-120 күнде өнім береді. Былтыр 75 күндік қызанақ егіп, ол маусымның 15-20-сында пісіп жетілген. Биылғы еккен сорты, Юсупов сорты деп аталады. Былтырғысы голландық сорт болған. Қияр мен қызанақтың жылыжайынан 1 миллион теңге табыс тапқан.

Бескөлдегі май зауыты жұмыс істер күн жақын

Бескөл ауылында май өңдеу зауыты салынып, пайдалануға берілуге дайын. Мұнда майлы дақылдар өңделіп, өндірілген өнімдер көрші Қытай мемле­кетіне жөнелтілмек. Тәулі­гіне 124 тонна май өндіретін зауыт жұмысын қыркүйек айында бастамақ. Біз барғанда монтаждау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр екен. Зауыт салу жұмысы былтыр күзде басталған. Құрал-жабдықтар Қытай мемлекетінен алынып, автоматты қондырғы іске қосылғаннан кейін 30 күнтіз­бесінде жұмыс істейтін болады. Демек, ауылда тағы қосымша жұмыс көзі ашылады. Май сығындысынан қалған қалдықтар мал азығына жұм­салады. Бұл кәсіпорын 15 ай тоқтаусыз жұмыс істеп, 3 ай күрделі жөндеуден өткізіледі. Зауыт жанынан дәнді-дақыл­дарды қабылдайтын үлкен қойма салынған. Инвесторы – Бауыржан Оспанов. Бұл кәсіпорын бумен жұмыс істейді. Тағы осындай соя дақылын қабылдайтын үлкен қойма былтыр күзде пайдалануға берілген. «Райымбек груп­паның» инвесторы – Тайыр Баталов. Қоймаға 14 мың тонна соя сияды, қырық адамға жұмыс көзі ашылған. Мұнда өнімді қабылдап, өлшейтін арнайы электронды таразы, лабораториясы жұмыс жасайды. Таразыдан қоймаға кеткен шикі өнім тазаланып, өңделуге арнайы бункерден өтіп, вагонға тиеліп, Ақмола облысының Көкшетау қаласына жөнелтіледі. Мұндағы құрал-жабдықтар Ресейден алынған дейді директордың орынбасары Ерен Қызаев. Соя дақылын қабылдау, Алматы облысынан бөлек, Шығыс Қазақ­стан облысының, Үржар, Аягөз аудандарынан да қабыл­данады.
(Жалғасын келесі саннан оқи аласыздар)
Айтақын БҰЛҒАҚОВ,
«Заң газеті»,
Алматы облысы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста