Билл Гейтс100 мың доллар жалақы ұсынған талантты жас кім?

Билл Гейтс100 мың доллар жалақы ұсынған талантты жас кім?

Ғаламторға «Сәкен Жолдас» деп тере қалсаңыз, бірден «Он и Она» фильмінің режиссері» деген материалдарды көзіңіз шалады.

Демек, бұл фильм жәй ғана туынды болмағаны ғой. Көпшілікті елең еткізген материалдар ғана «гуглдың» парақшасын жаулап алмай ма?! Бұл әңгімені бастағанымыздың себебі де осы болып отыр. Соңғы жылдары қазақ киносына ерекше серпіліс әкелген туындылар аз емес. Әсіресе, жас мамандардың кино саласына қосқан үлестеріне қарап қуанасың. Айталық, Әділхан Ержановтың «Журналист» деп аталатын фильмі «Cannes Marché du film Producer’s Network» кинофестивалінен жүлде алса, Шәрипа Оразбекованың «» фильмі Канн кинофестиваліне қатысты. Ал Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі дүние жүзін аузына қаратқан болатын. Енді міне, әуесқой режиссер Сәкен Жолдастың да тырнақалды туындысы отандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл жерде Сәкеннің әуесқой режиссер екендігін ерекше атап өткен жөн. Оның кино саласына еш қатысы болмаса да, халық көретін туынды түсіргендігі, сондай-ақ, патриоттық сезімінің жоғары екендігі бүгінгі сұхбаттың өтуіне себепкер болып отыр. Әйгілі миллиардер, «Microsofft» корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтстің ұсынысынан бас тартқан Сәкен Жолдас бүгінгі күні қазақ киносының дамуына еңбек етуде.
Сәкен Жолдас – Шымкент қаласының тумасы. 1986 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып, IT саласын меңгерген.

– Сәкен, әйгілі миллиардер Билл Гейтс сізге 100 мың доллар жалақы ұсынған деген ақпарат қаншалықты рас?
– Бұл шындық. Мен жұмысқа тұрған кезде келісімшартта жалақым жылына 100 мың АҚШ доллары, сосын 30 мың долларлық акция есебіме жіберілетін болып келісілген. Тіптен, «Microsofft» компаниясы жалақыдан бөлек, оқу ақысының жартысын төлеп беруге келісім берді. Алайда, мен жұмыс істеп те, акцияны алып та үлгермедім. Себебі, оны алу үшін 2 жыл жұмыс істеу керек. Онда небәрі бір жылға жуық уақыт жұмыс істедім де, бір себептермен елге қайтуыма тура келді.
– Сондай бас айналдыратын ұсыныстан бас тартуыңызға не себеп болды?
– Отбасылық жағдайым себеп болды. Анам ауыр халге ұшырап, артынан көз жұмды. Кез-келген азамат мұндай қиын жағдайда отбасының жанынан табылуы керек қой. Сол үшін елге оралдым. Екінші жағынан, өзім де әу баста шетелде қалуды мақсат еткен жоқпын. Шетелде магистратураны оқып келгеннен кейін туған елге қызмет етемін деп шешіп қойған едім…
– Сонда ұсынысты Билл Гейтстің өзі жасады ма? Онымен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттастыңыз ба? Қандай адам?
– Өзіміз сияқты адам… Сұхбаттаспасам да, компаниясында жұмыс істегендіктен, үш-төрт рет көрдім. Ұсынысты ол тікелей жасамайды әрине, кадрлармен жұмыс бөлімі жасайды, заң бөлімі келісімшартты дайындайды, компания қожайыны ретінде ол келісіп, қол қояды…
– «Microsofft» әлемдегі әйгілі компаниялардың бірі. Осындай дәрежеге қалай жетуге болады? Олардың негізгі ұстанымдары қандай?
– Ондай дәрежеге терең біліммен, жанкешті еңбекпен және кәсіби білікті маманды қадірлей білумен жетуге болады. Шет елде бірінші кезекте техникалық қызметкерлерге көп көңіл бөлінеді. Сол компанияның негізін қалайтын кәсіби білікті мамандарды мұқият таңдайды. Компанияның келешегі жақсы болу үшін техникалық қызметкерлердің жағдайын да, басқа қызметкерлердің жағдайын да ойластырады. Біздің елдегідей тек басшылар ғана миллиондап айлық алып, басқа қызметкерлерге қара құл сияқты қарайтын қарым-қатынас жоқ. Қызметкерлерге де, қара жұмысшыларға да жоғары айлық, жайлы баспанамен қатар, әлеуметтік пакеттердің түр-түрі қарастырылған. Осындай жағдай жасап отырғаннан кейін қызметкерлеріне өз деңгейінде талап та қоя алады. Талап бар жерде сапа да жақсы болады. Америкада көп компаниялар осындай жүйемен жұмыс істейді. Сондай-ақ, оларда бәсекелестік бар. Өзге елдермен мәдени байланыс орнатады, тәжірибе алмасады. Мен ойлаймын, қандай сала болсын, қандай компания болсын, ең алдымен білікті қызметкердің, кәсіби маманның қадірін білу керек.
«Он и Она» фильмінің идеясы қалай туды?
– Мен Америкада оқып жүргенде еліміздегі қазақ киносының жағдайын бақылап жүретінмін. Содан «неге адамның көңіліне жылы тиетін, атыс-шабысы жоқ, мағыналы фильм түсірмеске» деп ойладым. Сол мақсатқа жеткен де сияқтымын. Себебі, көрермендерден «жақсы фильм шығарыпсың!» деген жылы лебіздер естідім. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш.
– Сіздің мамандығыңыз кино саласына мүлде сай келмейді. Сонда бұл өнерге қызығушылық қайдан пайда болды?
– Кино көргенді жақсы көремін. Өзім алғашында әуестікпен шағын бейнебаяндар түсіріп жүрдім, алғашқы тәжірибелерімді әлеуметтік ролликтер түсіруден бастадым десем де болады. Маған осы кино саласына қызығушылық тудырған да сол кішігірім ролликтер болатын. Өзім дыбысын жазып, өзім оператор болып, өзім сценарийін жазып жүргендіктен ол жұмысқа бар ынтаңмен кіріседі екенсің. Содан «неге үлкен жобалар жасамасқа?» деп ойладым. Осылайша, жайлап жарнамалар жасауға кірістім де, біраз тәжірибе жинақтаған соң кино түсіруге бел будым.
– Биыл көрермендерді тағы қандай жобаларыңызбен қуанта аласыз?
– Бұйыртса, толықметражды фильм түсіруге дайындық үстіндеміз. Ендігі кезекте триллер жанрында түсіргім келеді. Мелодрама, триллер және сериалдардың сценарийі қолымда тұр. Соларды қолға алсам ба деп отырмын. Бірақ ол жобалардың нақты атауы әлі бекітілмеді.
– Ал болашақта әнге бейнебаян түсіру ойыңызда бар ма?
– Соншалықты әуестенбеймін. Бірақ, осы «Он и Она» фильмінің саундтрегі Айдарбек Рысбектің «Махаббат әніне» бейнебаянды өзім түсірдім. Ол енді киномен байланысты болғандықтан қолға алынған дүние болатын. Бірақ, соншалықты ойымда жоқ.
– Жас маман ретінде бүгінгі қазақ киносына не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі, техникалық қызметкерлердің санын көбейтсе. Айталық, дыбыс режиссері, жарық қоюшылар сияқты мамандарды даярлау керек. Негізі, жақсы кино жасау, ең алдымен, осы мамандарға байланысты. Біз бұл мамандарға әбден тәуелдіміз. Сондықтан осындай мамандықтарды дамыту керек. Ал екіншіден, халықтың сенімі керек. «Қазақтар кино түсіре алмайды» деген ой адамдардың миын әбден жаулап алған. Сондықтан халықтың патриоттық сезімі болса екен деймін. Осы екі факторды жолға қойсақ, қазақ киносы әлі-ақ өз бағасын алады деп ойлаймын. Сондай-ақ, бізде жарнама, насихат жоқ, яғни кино саласында маркетингті дамыту керек.
– Ал жақсы фильм шығару үшін шетелде оқудың маңызы бар ма?
– Жоқ, ол маңызды емес. Қазақ киносының корифейлері – Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев немесе Мәжит Бегалиндердің қайсысы шетелде оқыпты? Ешқайсысы. Сонда да олар классикалық туындыларды өмірге әкелді. Мен шетелде ақпараттық технологияны оқыдым. Шетелде оқығанның бір пайдасы – мәдени байланысты көресің, көзқарасың тереңдей түседі. Өзім саяхатты, шетелдерге қыдырғанды жақсы көремін. Туған бауырыма да осы ақылымды айтамын. Егер мүмкіндік болса, ел көріп, жер аралаған дұрыс. Басқа елдің мәдениетімен, өмір тынысымен танысасың. Бұл танымдық деңгейіңді өсіреді. Ал арнайы білім алу шарт емес деп ойлаймын. Әрине, көп оқу керек, көп ізденіс керек. Өз басым, америкалық небір мықтылардың дәрістеріне қатысуға талпындым, қолым жетпеген кей профессорлардың дәрісін әлеуметтік желілер арқылы тыңдадым. Бүгінгі таңда қай сала, қайсы маман болмасын, жаңа заманның технологиясын жақсылап меңгеруге талпыну керек. Сонда ғана ол тәуелсіз әрі нағыз кәсіби маман болады.
– Қанша тіл білесіз?
– Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілін жақсы білемін. Осы төрт тілде кино көріп, еркін сөйлей аламын. Дегенмен, әлі де өзге тілдерді үйрену керек.
Қазақ киносының болашағын қалай елестетесіз?
– Қазақ киносы әлі де дамиды деп сенемін. Болашағы бар…
Киноны саясат, бизнес, өнер деп қарастыратын болсақ, сіздің жаныңызға қайсысы жақын?
– Мен өзімді коммерциялық бағыттағы режиссермін деп есептеймін. Жасаған туындыларымды халыққа арнап жасағым келеді. Оны көрермендер көрсе де ойлаймын.
– Өзіңіздің арнайы білім алған мамандығыңыз бойынша жұмыс істейсіз бе?
– Біз жақында Абайдың қара сөздеріне қатысты бір қосымша бағдарлама жасадық. Ондағы мақсатымыз, кириллицаны оқи алмайтын қазақтарға Абай атамыздың шығармашылығы қолжетімді болсын деп транскрипциясын жасадық.
Екінші бастамамыз – кино сату бағдарламасы. Яғни, айфон, айпадтарға сондай бағдарлама жасадық. Жаңадан шыққан фильмдерді осы мобильді телефондар арқылы сатып ала алады. Мысалы, қазір диск актуалды емес қой. Ол техника ескірді емес пе? Қазір көбі мобильді техниканы қолданады. Сондықтан біздің құрастырған бағдарламамыз арқылы олар өздеріне жаңадан шыққан фильмдерді оңай жүктеп алады да кез-келген жерде көре береді.
– Сәкен, өзіңіздің замандастарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мен ақыл беретін жаста емеспін. Бірақ, өзімнің жинаған тәжірибемнен ұққаным – адам алдына бір мақсат қойды ма, соны жасау үшін қорықпау керек. Ол мақсатқа жету үшін оның жолдарын күрделендірудің қажеті жоқ. Күнделікті өміріңнен тәжірибе жинақтап, соны іске асыру керек. Кейде маған ғаламторда оқушылар жазады, «мен режиссер болғым келеді, ол үшін 4 жыл сол мамандықты оқимын…» деп. Мен айтамын, «бірден режиссер болып кете алмайсың ғой, сондықтан соған жетудің алғышарттарын өзіңнің мүмкіндігің барынша орындай бер» деп. Қолыңа видеокамераны алып, есік алдында жүрген итің болса немесе кішкентай бауырың болса, соның бір күндік өмірін бақылап түсіре берсең, кәдімгідей тәжірибе жинақтап аласың. Сол сияқты, кез-келген салада, кез-келген жағдайда өміріңде болып жатқан әрбір дүниеге үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
– Ал енді жеке өміріңізге келсек… «қыздардың құлағына алтын сырға» деп жарнамалай берсек бола ма?
– Мен бойдақпын. Қызым жоқ. Болашақта адамгершілігі жақсы қызды кездестіремін деп сенемін. Қазір туған-туыстардың да қоятын сұрағы жалғыз осы – «қашан үйленесің?» Шынымды айтсам, осы фильмді түсіремін деп қыздарға қарауға да уақытым болмай кетті ғой…
– Енді бұл фильмнен кейін қыздар көп мазалайтын шығар?
– Иә, осы фильмнен кейін әлеуметтік желілерде қыздардан дос болуға ұсыныс жасаған хаттар көп келіп жатады. Бірақ, олардың бәрі маған ғашық деп ойламаймын. Мүмкін, жәй ғана араласқысы келетін шығар.
– Сүйіктіңізді кездестіруіңізге тілектеспіз! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Еңлік БАҚЫТҚЫЗЫ

«Ақжүніс-Астана» журналы

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста