Қазаққа қол ойын едi...

Қазаққа қол ойын едi...

Былтыр күзде ҚР волейбол федерациясы қазақ әуедобының 80 жылдық мерейтойын атап өттi. Осы 80 жылдан астам уақыт iшiнде 40 халықаралық дәрежедегi спорт шеберi және 160 спорт шеберi (КСРО және ҚР) тәрбиелендi. Өкiнiшке қарай, қазiргi қазақ волейболының жағдайы – өткенiн сағынышпен еске алатын ғана күйде...

Жалпы, қазақ волейболының iргетасы 20-жылдардың аяғында қаланды. 1928 жылы Алматы қаласының волейболшылары тұңғыш рет Фрунзе әуедопшыларымен халықаралық кездесу өткiзген. Сондықтан болса керек, 1928 жыл қазақ волейболы шежiресiнiң басы болып саналуда. Әуелде ел әуедобы небiр тар жол, тайғақ кешудi басынан өткерген. Ашаршылық жылдары және сұрапыл соғыс кезiнде қанатын кең жайып, ендi екпiн ала бастаған әуедоп додалары өтпей де қалған. Соғыстан соң қайта жанданып, өркендей бастады. Әйелдер арасында «Строитель Востока» клубы, ал ерлер арасындағы «СКИФ» командасы Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының ең алғашқы чемпиондары болды. Осы екi команда 1948 жылы бiрiншi рет КСРО чемпионатына қатысты. Алайда қазақ волейболының тасын өрге домалатқан әйгiлi «Буревестник» пен азулы «АДК» болғанын зерделi жанкүйердiң бәрi бiледi. «Буревестник» 1969 жылы, ал «АДК» 1984 жылы Кеңес Одағының чемпиондары атанды. Мұнымен шектелмей, екi клубымыз да Еуропа чемпиондары кубогын жеңiп алды. Қазақ волейболының атасы һәм негiзiн қалаушысы Октябрь Жарылғапов жетекшiлiк еткен «Буревестник» өрнектi ойынымен төрткүл дүниенi тәнтi еттi. Нелли Щербакова жаттықтырған АДК қыздары да елiмiздiң даңқын асқақтатты. Бұдан соң ерлер арасындағы «Дорожник» клубы да КСРО чемпионатының көрiгiн қыздырды. 1988-90 жылдардағы маусымда КСРО-ның соңғы кубогын жеңiп алып, тарихта қалды.
Одан бергi жетiстiктерiмiзге тоқталып өткен жөн болар. 1993 жылы «Азамат» клубы Азия чемпиондары кубогын жеңiп алып, тарихтың жаңа бетiн ашты. 1998 жылы «Алма-Динамо» Азияның клубтық чемпионатында күмiспен күптелдi. 2002 жылы ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысты. 2004 жылы «Рахат» әйелдер клубы Азия кубогының иегерi деген атаққа қол жеткiздi. 2005 жылы «Рахат-ЦСКА» ерлер клубы Азия кубогын иелендi. 2006 жылы Қазақстанның қос құрамасы (әйелдер және ерлер арасындағы) әлем чемпионатына қатысты. 2007-2008 жылдары әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз бүкiләлемдiк «Гран-при» сериясы турнирлерiне қатысты. 2008 жылы әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыз Бейжiң Олимпиадасында бақ сынады.
Ерекше көңiл аударарлығы, 90-жылдарға дейiн КСРО-ның барлық құрама командаларының сапында қазақстандықтар өнер көрсеттi. Ол кезде қазақ волейболының деңгейi жоғары, мектебi озық болды. Сол жылдары бiр Алматының өзiнде 12 клуб болған. Қалалық бiрiншiлiкке 20 команда қатысқан кездер де болған. Халықтың волейболға деген сүйiспеншiлiгi адам айтқысыз едi. Әрбiр аулада қара екi қаданы жерге қадап, оған тор керiп, тор болмаса жiп керiп, жердiң шаңын аспанға шығарып, ала доп соққылайтын қыз-жiгiттер көп болған. Бүгiнде соның бәрiн тек тамсана еске аламыз. Сол кездерi волейбол ойыны қазаққа қол едi...
Қазiр волейболды бұрынғыдай ашық аспан астында ойнамайды. Қалай залға «тығылды», солай волейбол бiзден алыстай бастады. Бұл спортзалдар мен керектi жабдықтардың қаттығынан болуы да мүмкiн. Алайда отандық мамандардың көбiсi мұнымен келiспейдi. Олардың пiкiрiнше, қазiр волейбол халықтың қолдары бос уақыттарында сүйiп ойнайтын ойындары емес. Күнделiктi тiршiлiк қамы және басқа алданыштар волейболдың алдын орап кеткен-дүр. Әрi волейбол да жетiлген үстiне жетiлiп барады. Баяғыдай көшеде ойнап үйренiп, кәсiби команда сапына iлiну қиын. Тiптi мүлде мүмкiн емес.
Алайда қазiр елiмiзде волейболды қарқынды түрде дамыту қолға алынуда. Бүгiнгi таңдағы ҚР волейбол федерациясының мақсаты – жас жеткiншектерiмiздi шыңдау. Олардың халықаралық жарыстарға жиi қатысып, тәжiрибе жинақтауларына жағдай жасау. Әзiрше олардан бiрiншi орын алу немесе жүлделi орынға iлiгу талап етiлмейдi. Федерацияға олардың ысыла түскендерi керек. Негiзгi мақсат – қос ұлттық құрамамызға (ерлер және әйедар арасындағы) iзбасарлар дайындау. Былтыр бойжеткендерiмiз бен бозбалаларымыз Азия чемпионаттарына қатысты. Шетелге тұңғыш рет шыққандықтан жоғары нәтиже көрсете алмады. Десек те, жас жеткiншектерiмiз қазiрдiң өзiнде көңiлге қонымды нәтиже көрсетуде. Мысалы, өткен жылы жасөспiрiмдер арасындағы құрамаларымыз шетелдерден бiрнеше жүлде әкелдi. Ержетiп келе жатқан волейболшыларымыз Мәскеу мен Италиядағы халықаралық турнирлерден қола жүлдемен оралса, бойжеткендерiмiз Омбыдан күмiс, ал Болгариядан қола әкелдi. Негiзi, қазақ жерi талантқа кенде емес. Iзбасарлар арасында болашағынан үмiт күтуге болатын икемдi жастар баршылық. 16 жасқа дейiнгi толқында да желкiлдеп өсiп келе жатқан әлеуеттi әуедопшыларымыз бар. Бойлары сырықтай, еңселi, тепсе темiр үзетiн жас жiгiттер бой көрсетiп келедi. Дене бiтiмдерiне адам қызығады. Оларға Ресейдiң өзi көз тiгiп, қызығып жүр. «Осындай жас талантарымыздан айырылып қалмас үшiн олардың ата-аналарымен сөйлесiп, дарынды волейболшы жеткiншектермен келiсiм-шартқа отырмақпыз. Оларға шәкiртақы тағайындап, ешқайда кетiп қалмауларын ойлаудамыз», – дейдi ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.
Қайталап айтайық, бiзде жас таланттар жоқ емес. Тек бiздегi iзбасарлар арасында оларды тәрбиелеп өсiретiн және кәсiби тұрғыда жетiлдiре түсетiн бiлiктi бапкерлер аз секiлдi.
Волейболда да басты мәселе қаржыға келiп тiреледi. Қаржы көп болса, волейболымызды бұрынғы деңгейiне көтеру аса қиын болмас едi. Мысалы, былтыр жастарды жетiлдiру үшiн жаттығу жұмыстарын (жиындарын) өткiзiп, спорттық киiмдер алынған. Әрi оларды шетелдердегi турнирлерге апарып, тәжiрибе жинақтауларына мүмкiндiк жасалған. Мұның бәрiн федерация өзi көтердi. Осы мақсатта 500 000 АҚШ доллары көлемiнде қаражат жұмсалған. Бiрақ бұл аз. Өте аз қаражат. Теңiздiң тамшысындай аз сома. Волейболды көтеруге, жастарды жетiлдiруге толық жетпейдi. Сондықтан ҚР волейбол федерациясы әуедобымызды дамыту үшiн демеушiлердi тартып, олармен тiзе қоса жұмыс iстеу жағын қарастыруда. Ал бүгiнгiдей дағдарыс дабылы кеулеген заманда демеушi табудың өзi қиямет-қайымға айналып бара жатқандығы айтпаса да түсiнiктi болар.
Ермек СЫРЛЫБАЕВ, Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының бас хатшысы:
–    Жалпы, волейболды игеру оңай емес. Волейбол – шахматтан кейiнгi иық тiресе додаға түспей, ойланып ойнайтын спорт түрi. Бiрақ ойлануға шектен тыс аз уақыт берiледi. Мұнда қас қағым сәтте, санаулы секунд iшiнде шешiм қабылдау керек. Волейболдың басқа спорттық ойындар түрiнен ерекшелiгi, мұнда допты жерге түсiрмей ойнау керек. Мысалы, футболды айтпағанның өзiнде, баскетбол мен гандболда допты жерге соғып, айналаңа қарап алуға болады. Бiр сөзбен айтқанда, ойлануға мұрша бар. Алаңдағы алты ойыншы допты жерге түсiрмей, командалас серiгiңе беруiң немесе қарсы бетке асыруың керек. Әрi допқа бар болғаны үш-ақ ойыншының жанасуына (қақпақылдауына) рұқсат етiледi. Әрi айласын асырып, қарсы беттегi қарсыластарын қапы қалдыруы керек. Яғни оймен де, қимыл-әрекетпен де шапшаңдық, жылдамдық таныту қажет етiледi. Бiр секундқа да толмайтын уақыт iшiнде шешiм қабылдауға тиiстiсiң. Сондай-ақ волейболшы әмбебап ойыншы болуы керек. Допты қабылдай да бiлу керек, қарсы беттiң пәрмендi соққысына тосқауыл да қоя бiлу керек, допты құлаштай ұра да бiлу қажет немесе қапысын тауып, басқаша айла-әрекет қолданып, допты қарсы алаңның табанына тигiзу керек. Сонымен қатар командалас серiгiңдi бағып, допты аңдуың керек. Оның жiберген қатесiн түзеуге тырысу қажет. Сонысымен де ол тартымды, әдемi, қызықты ойын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста