Қазағымның намысы үшін күрескеніме бақыттымын!

Қазағымның намысы үшін күрескеніме бақыттымын!

Нұрбақыт ТЕҢІЗБАЕВ, грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері:

Грек-рим күресінен әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы және жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Нұрбақыт Теңізбаев былтыр үлкен спортпен қоштасқан болатын. Содан бері ол  туралы ақпараттар ағыны да сарқылып қалғандай.  Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында атақты балуанмен арнайы хабарласып, сұхбаттасып едік.

– Нұрбақыт, Жақсылық Үшкемпіров аға­мыздың  29 жасында Мәскеу Олим­пиа­дасының жеңімпазы атанып, 30 жа­сында әлем чемпионы болғанын жақ­сы білесіз. Бозкілеммен ертерек қош­тасып қойған жоқсыз ба?
– Иә, Жақсылық ағамыз қазақтың маң­дайына біткен жарық жұлдызы ғой. Ол кез­де әлем және Олимпиада чемпионы емес, Одақ чемпионы атану талай мықтыға ар­ман болған заман еді. Расында да, мен дәл 29 жасымда үлкен спортпен қоштастым. Әрине, тәжірибемнің арқасында тағы екі-үш жылдай жоғары деңгейде күресуге бо­лар еді. Қазір ойлап тұрсам, 2010 жылғы әлем чемпионаты  қарсаңында Бакуда өт­кен үлкен халықаралық турнирде алған жа­рақатым үлкен спортпен ертерек қош­та­суымның басты себебі болған екен. Содан ке­йін нағыз  бабыма толық келе алмадым. Сон­дықтан өз салмағымдағы Алмат Ке­біс­баев,  Ербол Қоңыратов сынды ізімді бас­қан талантты бауырларыма жол беріп, ба­ғым­ды ашқан киелі бозкілеммен қош­­­тасуды жөн көрдім. Спорттық карье­рам­­да  Азия, әлем чемпионаттарын есеп­те­мегенде, екі мәрте Олимпиада ойын­да­ры­на қатыстым. Бірнеше жыл ұлттық құ­­ра­маның капитаны міндетін атқардым. Қыс­­қасы, ұзақ жылдар бойы қазағымның на­мысы үшін күрескеніме бақыттымын. Өткеніме өкпем жоқ!
– Қазіргі кезде кей мамандар мен жан­күйерлер тарапынан «Лондон Олим­пиадасына Алмат Кебісбаев емес, Нұр­бақыт Теңізбаев баруы керек еді.  Ал­маттың тәжірибесі жетіспеді... Күйіп кетті» деген пікірлер айтылуда. Өзіңіз не дер едіңіз бұған?
– Халқымызда «Жау кеткен соң, қы­лы­шыңды тасқа шаппа» деген нақыл сөз бар. Сон­дықтан өз басым, «болар іс болып, бояуы сіңген соң» мұндай пікірлер айту дұ­рыс емес деп ойлаймын. Иә, Лон­дон ша­һа­рында Алмат ең алғашқы Олим­пиа­дасына қатысты. Бірақ оның тәжірибесі мен шеберлігіне күмән келтіру – күпірлік. Өйткені оның деңгейін өте жақсы білемін. Бір­неше жыл бір салмақта күрестік. Лон­дон Олимпиадасы алдында спарринг-қар­сылас ретінде дайындығын шыңдауға көмектестім. Тоқетерін айтсам, тәжірибесі толыспаған, шеберлігі шыңдалмаған бал­уан ешқашан қатарынан екі мәрте әлем чем­пионатының жүлдегері атана ал­май­ды. Мен де Афиныдағы алғашқы Олим­пиадамнан құр қол қайтқанмын. Есесіне, Бейжіңде жүлдеге іліндім. Сондықтан Ал­маттың да асар асуы әлі алда деп сенемін. Ер­бол Қоңыратов бауырым туралы да осындай ойдамын. Марат Кәрішаловтың да болашағы зор. 
– Нұрбақыт, енді бозкілемдегі та­бысты карьераңыздың бастауына ойыс­сақ. Жалпы, күреске қалай кел­діңіз? Кімдер себепкер болды?
– Мен өзім Жаркент маңындағы Үш­арал деген ауылда, көп­ба­лалы  шопанның от­ба­сында дүниеге келдім. Кіш­­кен­та­йы­мыздан атқа мініп, қой қайырып, көк­пар тар­тып, тау-тастың ара­сында өстік. Ауыл­дағы кү­рес үйірмесіне 12 жа­сымда Қанат ағам­мен іле­сіп бардым. Сонда Жұ­ма­хан деген бапкерімнен күрестің алғашқы әліп­песін үйрендім. Ал 1997 жылы үлкен ағам Азамат Жар­кентте жаңа ашылған «Дәу­лет-Жаркент» кә­сіп­қой спорт клубына апа­рып, бозкілемдегі бола­шақ жетістіктеріме үлкен ең­бек сіңірген жеке жат­тықтырушым Құдайберген Ағымов ағайыма табыс етті.   
– Жасөспірім кезің­нен бастап, жас­тар мен ере­сектер арасындағы көп­теген республикалық, халық­ара­лық дең­гейдегі турнирлерде топ жа­рып, жүл­дегер атанғаныңды жақсы білеміз. Оның барлығын жіпке тізіп шығудың өзі едәуір уақытты алар. Сон­дықтан ай­рықша есте қал­ған­дарына тоқталып өтсеңіз.
– Ең алғашқы есте қаларлық ірі табы­сым, 2003 жылы жастар арасында әлем чем­пионы атануым болды. Бірақ Түр­кия­ның Ыстамбұл қаласында өткен бұл дү­ние­жү­зілік біріншіліктің финалында шы­тыр­ман оқиғаға бергісіз қызық жағдай орын алды. Алтын медаль үшін жергілікті түрік балуанымен белдесіп, басымдық танытып жатқанмын. Алайда төрешілердің бүйрегі жергілікті спортшыға бұрып, бірнеше ұпа­йымды есепке алмай тастады. Таза жең­бесем, қолда тұрған алтыннан қағы­ла­ты­ным­ды түсіндім де, оңтайлы сәтте түрікті жауырынымен кілемге атып ұрдым да, басып жатып алдым. Бірақ қазылар маған таза жеңіс беруге асығар емес. Сол сәтте жергілікті қызуқанды жанкүйерлердің бірі кілемге атып шығып, мені жерлесінің астына жығып берді. Қысқасы, сол жерде әжептәуір айқай-шу, дау-дамай болып, бейнеқайталау нәтижесінде жеңіс маған берілді. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіз тосын жайттар  спорттың кез келген түрінде  болып  тұрады. Ең бастысы, ешқашан мойымау керек.
– Нұрбақыт, спорттық карьера­ңыз­да­ғы шоқтығы ең биік жетістігіңіз Бей­жің Олимпиадасының қола жүлдесі еке­ні баршаға аян. Сол жұлдызды сәт­теріңізді еске алсақ.
– Иә, дұрыс айтасыз. Негізі, мен Бейжің Олимпиадасына іштей «алтын аламын» деп барғанмын. Өйткені дайындығым та­ма­ша болды. Толыққанды оқу-жаттығу жиын­­дарын өткізуімізге, жауапты сын­дар­ға қатысуымызға еліміздің спорт бас­шы­лы­ғы мен күрес федерациясы та­ра­пы­нан бар­лық жағдай жасалды. Басты бә­­­се­­ке­лес­те­рімнің деңгейін де жақсы бі­ле­тінмін. Тә­жі­рибем де жеткілікті. Оның үс­тіне, ұлттық құ­раманың капитанымын. Та­ңат Са­ғын­дықов ағамыз бастаған бап­­кер­лер ұжымы да менің мүмкіндігіме шү­бә кел­тірген жоқ. Үлкен сенім артты.  Бірақ жартылай фи­нал­да әзірбайжан балуаны Виталий Ра­гимовқа есе жіберіп алдым. Әйтеуір, абы­рой болғанда, үшінші орын үшін өткен  бел­десуде Қытай  балуанын жеңіп, ар­қамнан ауыр жүк түскендей күй кештім. Қыс­қасы, «бұйырған кетпейді, қуған жет­пейді» демекші, бұйырғаны қола болды. Менің жетістігімді 96 келі салмақтағы командаласым Әсет Мәмбетов қайталады. Өкінішке қарай, төрешілердің көпе-кө­рі­неу әділетсіздігі салдарынан 66 келідегі ко­мандаласым Дархан Баяхметов қолда тұрған қоладан қағылды. Әйтпесе, елге үш жүлдемен оралар едік. Келесі жылы мен Данияның Хернинг қаласында өткен әлем чемпионатында тағы қола жүлдеге ие болдым. Бұл жолы да алтыннан дәмелі едім. Бірақ жартылай финалдық тартысты белдесуде Бейжің Олимпиадасының чемпионы, ресейлік Исламбек Альбиевке жол беріп қойдым. Бірақ мұнда Альбиевке бүйректері бұрған қазылар менің екі-үш ұпайымды есепке алмай қойды.
– Айтпақшы, Таңат Сағындықов жа­ңа жылдан бастап, ұлттық құрама тіз­гінін қайта ұстағанын естіген бо­лар­сың?
– Әрине. Бүгіндері ұлттық құрамадағы шә­кірттерімен АҚШ-тың Коларадо-Спрингс қаласында оқу-жаттығу жиы­нын­да жүргенін, Олимпиада чемпионы Дэйв Шульцтің турниріне қатысатындарын де жақсы білемін. 2007-2008 жылдары осы тур­нирдің жеңімпазы атанғанмын. Сон­дықтан құрамадағы жігіттердің АҚШ-тан  та­быспен оралуына тілектеспін. Жалпы, өз ба­сым Таңат ағаның бас командаға қайта кел­геніне қуаныштымын. Ол кісінің мол тә­жірибесі, кәсіби біліктілігімен қатар адам­гер­шілік қасиеттерін жоғары бағалаймын. Та­лай шапағатын көрдім. Алдағы дүбірлі додаларда талантты шәкірттерімен бірге үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Осы орайда мен Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Абай Садықов, Бекзат Сарманов, Юрий Мельниченко, Боранбек Қоңыратов, Бақтияр Байсейітов, Мкхитар Манукян сынды  өзге де отандық күрестің  дамуына зор үлес қосып келе жатқан азаматтарға зор алғысымды білдіремін. Өйткені «бірлік болмай, тірлік болмайды».
– Нұрбақыт, жастайыңыздан бірге өс­кен жан досыңыз Марғұлан Әсем­бе­ков те былтыр үлкен спортпен қош­тас­ты. Оған не себеп болды?
– Оған көп жағдайда бап келгенімен, бармақтай бақ жетіспеді деп ойлаймын. Әйт­песе, екі дүркін Азия чемпионы атан­ған, Дүниежүзілік Универсияданы ұтқан, өз­ге де толып жатқан ірі додаларда топ жар­ған саңлақтың еншісіне Олимпиада ойындарына қатысу бақыты бұйырмауын қалай түсіндіруге болады? Ал оның  2006 жылы Польшада өткен халықаралық тур­нирде Афины Олимпиадасының чем­пио­ны, 2002 жылдан жауырыны жер иiс­ке­меген атақты Мысыр балуаны Габер Ка­рамды тас-талқан етіп жеңгенін жан­кү­йер қауым ешқашан жадынан шығара қой­мас.
– Естуімізше, былтыр үлкен спорт­пен бірге бойдақ өмірмен де қошта­сып­сыз. Келін қай жақтан?
– Иә, оныңыз рас. Былтыр Нүрилә есімді Сыр бойының сұлуымен тағдыр қосып, шаңырақ көтергенмін. Қазір Кәусәр есімді кішкентай нәрестемізді  бағып-қағудамыз. Отбасыммен Алматыда тұрып жатырмын. Болашақта өзім қазанында қайнаған күрес саласында қызмет атқарсам деген жоспарым да жоқ емес.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста