Бұл ең үздік баспасөз орталығы болды

Бұл ең үздік баспасөз орталығы болды

Нұрлан НҰРҒАЗИН, VІІ қысқы Азия ойындары ұйымдастыру комитетінің методология департаментінің директоры:

– Нұрлан Мұхаметқалиұлы, VІІ қыс­қы Азия ойындарына сарықұр­лық­тағы 27 елдің спортшылары қа­тыс­қанын білеміз, ал журналистер са­ны қанша болды?
– Жалпы, журналист ретінде тіркеу­ден өткендер саны (қазақстандығы бар, шетелдігі бар) – 2210. Оның ішінде қазақ­стандық журналистер саны 1100-дей болады. Қалғандары – шетелдіктер. Бірақ оның бәрін журналист деп есептеуге болмайды енді. Өйткені олардың араларында операторлар, техникалық қызметкерлер және басқалары бар. Астана мен Алматыда 1300 орынды 12 баспасөз орталығы үздіксіз жұмыс істеді: төртеуі – Астанада, сегізі – Алматыда. Осы екі қаладағы Бас баспасөз орталықтары, яғни екеуі VІІ қысқы Азия ойындары барысында тәулік бойы жұмыс істеп тұрды. Ал қалғандары жарыстар өтетін объектілерде таңертеңгі сағат 9-дан түнгі сағат 10-ға дейін журналистерге қызмет көрсетті. Астанадағы Бас баспасөз орталығы «Думан» қонақүйінде орналасса, Алматыдағы Бас баспасөз орталығы «Алматы Тауэрс» бизнес-орталығына қоныс тепті.
– Қанша елге насихатталды Азиада, қанша мемлекет қазақ жерінде осындай дүбірлі дода өтіп жатқандығынан хабардар болды?
– Нақты есебін жүргізген жоқпыз. Бірақ біздің білетініміз, VІІ қысқы Азия ойындары жарыстары мен додалары сырттағы 15 мемлекетке тікелей эфир арқылы тара­тылды. Сондай-ақ шетелдік серіктестеріміз бол­д­ы. Мысалы, олардың арасындағы авс­триялық компания келісілген келісімшарт бойынша дүниежүзінің 400 компания­сы мен басылымына хабар таратып отырды. Азиаданы бүкіл дүниежүзі көрді деп айтуға болады. Мысалы, SBS (Си-Би-Си) біздің туризм және спорт министрімен де, Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабахпен де сұхбат жүргізді. Бұлардың хабары негізінен Латын Америкасын қамтиды. Сондай-ақ ВВС, «Северный интернейшл», «Евроньюс» (Euronews) Ақ Азиада тура­лы хабарларды шартарапқа таратты. Өзде­ріңіз білесіздер, «Евроньюс» әлемнің 180 мем­лекетіне тарайды. Орыстарда өз елдеріне көрсетіп те, жазып та жеткізіп жатыр. Қытайдың мемлекеттік ССTV арнасы да көрсетті. Азия ойындарына қатысып жат­қан елдердің бәрінің де өз отандарына хабар таратқаны айтпаса да түсінікті болар. Анық­талмаған дерек бойынша, VІІ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатын 1 мил­лиард 200 миллиондай халық көрді.
– Жалпы командалық есепте бірінші орын алып, бөркімізді аспанға атып жүрміз. Бұл – спорттық жетістігіміз. Ал басқа жа­ғы­нан өз елімізді, ұлттық үр­діс­терімізді, салт-дәстүрімізді, мәде­ниеті­мізді паш ете алдық па?
– Мен бар жағынан да өз елімізді лайықты деңгейде насихаттай алдық деп ойлаймын. Біздің қазақ­тілді басылым­дарымыздың, қазақ журналис­терінің бір кемшілігі бар. Өзім де қазақ журналисімін ғой. Бірдеңе болса, «қазақ, қазақ» деп атой саламыз. Спорттағы жеңістеріміздің көбіне басқа ұлт өкілдері қол жеткізіп жатса да, қазақтың Көк байрағы көкке көтеріліп, қазақтың Әнұраны шырқалды ғой. Өзгені емес, қазақтың – Көк байрағы, қазақтың – Әнұраны. Екіншіден, біз Азия ойындары барысында мәдени Азиада өткіздік. Онда қазақтың өнерін, салтын, дәстүрін – бәрін көрсеттік. Қазақтың қонақжайлығын сом­да­дық. Тіпті мына өзіміздің Баспасөз ор­талығы жұмысының өзінде қазақтың дәс­түрін насихаттауға тырыстық. Қазақтың ұлт­тық нышанынан бір естелік болсын деп, журналистерге таратқан тарту-тарал­ғымыздың ішіне қоржын қостық. Негізі, ол қоржын емес, қоржын іспетті ноутбук салатын сөмке ғой. Оның ішіндегі қонақ кәдеміздің бәрі қазақтың ұлттық нақыштары үлгісінде болды. Маған Қы­тай­дағы бір әріптесім хабарласып, «керемет, бәрі де тамаша» деп, таңданысын білдірді. Жалпы, мен біз осы Азия ойындары аясында салт-дәстүрімізді насихаттай алдық деп ойлаймын. Мысалы, біздің Баспасөз орталықтары тек қана қазақ және ағылшын тілдерінде жұмыс істеді. Өзіңіз де байқаған боларсыз, мұны. Біздің елде қаншама маңызды үлкен-үлкен шаралар өткізіліп келеді, солардың ішінде осы жолы қазақ тілінің мәртебесі жоғары болды. 20 жылғы Тәуелсіздігіміздің ішінде бұл – айрықша атап өтерлік жағдай. Бұған дейін бәрі үш тілде жүргізілетін: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. Бұл жолы — тек қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді барлық жұмыс. Осыған қарап, көптеген шетелдік біздің елде бәрі қазақ тілінде жүргізіледі екен, бір тілді мемлекет екен деп кетті.
– Нұрлан Мұхаметқалиұлы, асыра сілтемей, ашығын айтайық, біздегі баспасөз орталықтары адамды қы­зықтырып, таңғалдырады. Тіпті Ван­кувер Олимпиадасының баспасөз ор­талықтары мұндай болмап еді. Әр үстелде – бір-бір ноутбук. Басқа да керек-жарақ­тар самсап тұр.
– Мен осы қызметке келгенімде, «бұл ең үздік баспасөз орталығы болады» деген едім. Өйткені менің халықаралық баспа­сөз орталықтарын құру жөнінде тәжірибем бар. Баяғыда Діндер съезінің баспасөз ор­талығын дайындаған едім. Сондықтан VІІ қысқы Азия ойындарының баспасөз ор­талықтарын көпшілік сүйсінетіндей дең­гейге көтеруге тырыстым. Әрине, кем­шілік­теріміз бар. Онсыз бола ма?! Негізі, біздің орталық, өзіңіз айтқандай, мақ­тау­ға тұрарлықтай болды. Қарапайым халық пен журналистердің кейбіреуле­рі де түсінбей жатыр, біз Қазақстанда бірін­ші рет ақпараттық «Инфо» жүйесін қол­дандық. Әр спортшы туралы, бапкерлер туралы толық деректерді ашып, пайдалануға мүмкіндік туды. Баспасөз ор­та­лықтарында отырып-ақ, барлық объек­тіде болып жатқан жарыстар мен дода­ларды тікелей тамашалауға жағдай болды. Барлық жарыстар мен додалар туралы ақпараттарды, техникалық көрсеткіштерді қолма-қол пайдалануға жағдай жасалды. Қай объектіде не болып жатқанын дер кезінде біліп отыру мүмкін болып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің пікірлері ғаламторға буы бұрқыраған күйінде салынып отырды. Кестелер мен фотолар да дер кезінде ресми сайтқа енгізіліп отырды. Тарихи деректер мен анықтамалар да көп болды. Бұларға сараптамалық мате­риалдарды қосыңыз. Серверге жинал­ған фотолардың саны шектен тыс көп бол­ды. Жүздеген мың! Алматыдағы фото­мұра­ғат көлемінің өзі 1 киробайттан асып түсті. Оның бәрі — болашаққа керек дүние ғой. Мирас болып қалар мұрағат. Қазіргі заманғы озық технология­лар мен техникаларды қолдандық. Содан болар, Қазан мен Сочиден адамдар келіп, бізден бәрін үйренгілері келетіндіктерін білдірді. Өзіңіз білесіз, Қазанда 2013 жылы жазғы Универсиада өтеді, ал Сочиде 2014 жылы қысқы Олимпиада ойындары алауын тұтатады. Олар бізден үйренуге, бізден үлгі алуға мүдделі. Қазақстанда бұған дейінгі халықаралық маңызды шараларда (Діндер съезі мен ЕҚЫҰ саммитінде) бір баспасөз орталығы болса, Азия ойындарында 12 орталық болды. Әрі бәрінің де жұмысы жүйелі түр­де, жедел жүргізіліп отырды. Біз  қонақ сыйлай білетін халықпыз ғой. Шетелдік қонақтар алдында ұятты болған жоқпыз. Жұмысымызда ешқандай ақау болған жоқ. Азия олимпиадалық кеңесінің президенті, шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах «мен біраз баспасөз орталықтарында бол­дым, солардың ішінде бұдан тәуірін көр­ген жоқпын» деп тамсанды. Бұл – бізге бе­рілген лайықты баға.
– Баспасөз орталықтарындағы интернет пен қалааралық телефондар шығынын кім көтерді?
– Негізгі шығынды көтерген – «Самұ­рық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы. Бас демеушіміз. Мұндағы дү­ние­нің бәрі демеушілердің есебінен жи­налды. Ең аяғы қағаз-қаламға дейін. Демеушілердің құрамымен елдің көбі таныс болар. Олардың бәрі де – отандық компаниялар. Ал қалааралық байланыс пен интернет шығыны ақпараттық желіге демеуші болған «Қазақтелекомның» есебінен жүзеге асырылды.
– Баспасөз орталықтарында қыз­мет еткен өрімдей жастарды өзіңіз жи­на­дыңыз ба?
– Бәрін өзім жинадым. Бәрі – өзіміздің жастарымыз. Сырттан қосылған ешкім жоқ. Тек жаңа компьютерлік бағдар­лама­лардың ішіндегі білмейтінімізді шетелдіктерден үйрендік. Он шақты күн дәріс алып, үйренуге тура келді. Балалардың бәрі тіл біледі. Ағылшын тілінде сөйлейді. Жапон, қытай, кәріс тілдерінде сөйлейтіндері де бар. Бар тілде сайрап тұр. Жеті-сегіз бала Америкадан оқып келген компью­тер­дің оқуын. Бәрі де – қазақтың балалары. Қа­зақ­ша да, ағылшынша да сөй­лейді. Ауыл­дан шыққан, «Болашақ» бағдар­лама­сы бойынша шетелден оқып келген бәрі.
– Осы Азия ойындары барысында спорттың бар түрінен екі тілде репортаждар жүргізілді. Қазақ тіліндегі комментаторлардың бәрі бірдей көрермендер көңілінен шыға алған жоқ сияқты. Комментаторларды да түсінуге болады, олар кей сәтте спорт­тық терминдердің қазақша баламасын таба алмай қиналып жатады. Осыны ретке келтіруге бола ма? Өзіңіз айтқандай, он шақты күннің ішінде үй­ре­тіп, неге тәрбиелемейміз?
– Оның түк те қиындығы жоқ. Ол үшін спорт журналистері ішінен қабілеті бар 10-15 адамды іріктеп жинап алып, соларды үйрету керек. Тәрбиелеу керек. Ортақ спорттық терминдер қалыптастыру керек. Шетелдік, мәселен, ресейлік танымал комментаторларды шақыртып немесе әлгі таңдап алған комментаторларды сол жаққа жіберіп, олармен тәжірибе алмасуға жағдай жасау керек. Олардан дәріс алу артықтық етпейді.
– Ал, аға, Азия ойындары бітті. Енді біраз уақыт сабылып іздеп, жасақтаған командаңыз не болады? Оларға дайын тұрған жұмыс бар ма?
– Азия ойындарынан кейін біраз күн жұ­мыс істеудеміз. Әйтсе де енді балаларды не істесем екен, қайда орналастырсам екен деп бас ауыртып жүргенім рас. Өзім бір­деңе қылармын, өзіме жұмыс табылар, ен­дігі мәселе осы жастарды орналастыру бо­лып тұр. Жан-жақпен тілдесіп, талабы тау­дай, білімді жастарды ұсынып жатырмыз.
– Ванкувер Олимпиадасынан кейін ұйымдастырушыларда қалған дү­ние-мүлік сатылымға шығарылды. Тек дәрі-дәрмектер қайырымдылық қо­ры­на тапсырылды. Сіздер осы баспа­сөз орталықтарындағы мүліктер мен ор­гтехникаларды не істемексіздер?
– Біз сатпаймыз. Қазір осы баспасөз орталықтарындағы мүліктер мен техни­каларды Қазақстандағы спорт мектептері­не таратып беру туралы ұсыныс қаралу­да. Біз осы үстел-орындықтарды, ноутбук-компью­терлерді, басқа да техникаларды елі­міздегі әрбір спорт мектебіне берсек деген ойдамыз. Бұл техникалар әртүрлі дең­гейдегі жарыстар мен додаларды өт­кізгенде таптырмайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста