Ерболат Байбатыров, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы:
Қазақта Ерболат Байбатыровтан басқа әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған спортшы жоқ. Рас, ол қатысатын спорт түрі, яғни самбо Олимпиада бағдарламасына енбеген. Бірақ бұдан қандасымыздың медальдарының құны түспек емес. Өз күшіне нық сенімді Ерболат дүниежүзін тағы бір мәрте мойындату үшін кезекті әлем чемпионатына дайындалуда. Туған жері Орал қаласында жаттығып жүрген жампозымыз өмірінің соңғы өзгерістері жайлы «Алаш айнасына» көлемді сұхбат берген еді.
– Үстіміздегі жылдың қараша айында Белоруссия астанасы Минскіде әлем чемпионаты өтеді. Міне, бүгінде сол додаға дайындықты қызу жүргізіп жатырмыз. Алла қаласа, бесінші рет әлем чемпионы атануды көздеймін, – деп бастады әңгімесін Ерболат Байбатыров. — Қарсыластарымызды зерттеудеміз. Әлсізі жоқ. Бәрі де шетінен мықтылар. Оның үстіне, соңғы кездері Белоруссияда самбо қарқынды дамып келеді. Сондықтан жеңіс оңайлықпен келмейтінін сезіп тұрмын. Бірақ өзімнің шамамды да білемін ғой, жеңіске жетуге тиіспін.
– Дайындық барысы қалай өтіп жатыр?
– Әлем біріншілігінің басталуына екі айға жетер-жетпес уақыт қалды ғой. Ішкі додаларға қатысып, дайындықтарымызды пысықтаудамыз. Жеке бапкерім Райымбек Меңдіғалиевпен әртүрлі жаттықтыру методтарын қарастырып, өзімізге пайдалыларын сіңіріп жатырмыз. Күрес түрлерінен есімі барша қазаққа жақсы таныс жаттықтырушы Керей Қойшыбек те Оралға арнайы келіп, білгендерін үйретуде.
– Жалпы, бұл сіздің нешінші әлем чемпионатыңыз?
– Бұған дейін бес рет дүниежүзілік додада бағымды сынап көріппін. 2007 жылы ақтық сынға бір қадам қалғанда сүрініп, қоланы қанағат қылғанмын. Одан кейін қатарынан төрт рет жеңіспен оралдым. Осы жолы да сол биіктіктен көрінуге шамам жетеді.
– Отбасын құрдыңыз. Ұлды болғаныңызды да естідік. Бауы берік болсын! Осыған орай бір сұрақтың туындап тұрғаны. Әдетте үйленген жігіттер салмақ қосушы еді. Әлем чемпионатында қай келіде белдесесіз?
– Мен екі рет 52 келіде әлем чемпионы атанып, екі рет 57 келіде жеңіс тұғырына көтеріліппін. Үйленгеніме қарамастан, әлі де сол салмағымды сақтап тұрмын. Жоғары салмаққа өту, әзірше, ойымда жоқ. Толып кетсең, бабыңды жоғалтасың. Сондықтан күнделікті жаттығуды үзбей, әрдайым қалпымда болуым керек.
– Ерболат, жасыратыны жоқ, самбоға қарағанда, олимпиадалық спорт түрлерінде әлем чемпионы атанып жүрген саңлақтарымызға көрсетілетін құрмет айрықша. Осы орайда, спорт түрін таңдауда қателестім деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, менің таңдауым әу баста-ақ самбо болды. Самбоның арқасында төрт дүркін әлем чемпионы атандым. Кім біледі, басқа спортпен, атап айтсақ, дзюдомен айналысқанымда осы жетістіктерге жете алар ма едім?! Алланың қалауы солай екен, осыған да мың да бір шүкір. Рас, кейде Олимпиада ойындарын қарап отырып, жеңімпаздарымызға жасалып жатқан құрметтерді көріп, «неге самбо олимпиадалық спорт түрі болмады екен?» деп қынжыла ойлап қоямын. Қанша дегенмен спорттық шыңның ең биігі – Олимпиада ғой. Әлбетте, төрткіл дүние көз тіккен додаға қатысып, жеңіске жеткің келеді. Бірақ дзюдоға қарағанда, самбоның ережелері, белдесулері әлдеқайда қызықтырақ.
– Ал самбодан дзюдоға ауысқыңыз келмей ме?
– Лондон Олимпиадасына бір жыл қалғанда Тұманды Альбионда өнер көрсетуді армандап, дзюдо татамиіне ауысқанмын. Бірақ бір жыл дегенің аз уақыт екен. Оның үстіне, ережесіне үйренісе алмай, біраз жүрдім. Өйткені сырт көзге ұқсас болып көрінгенімен, соңғы кездері самбо мен дзюдодағы ережелер айырмашылығы жер мен көктей болып кетіпті. Дзюдоның аясын тарылтып, классикаға айналдырып жіберген. Әдіс-айлалар аз. Еркін күресе алмайсың. «Анау болмайды, мынаған рұқсат жоқ» дейтін нәрселері тым көп. Самбоның еркін әрі қарапайым әдістеріне үйреніп қалған мен үшін дзюдоның қазіргі ережелері таңсық болды. Оны айтасыз, дзюдошыларымыздың өздері де бұған әлі үйренісе алмай жүр ғой. Себебі қазақ еркіндікке үйреніп қалған. Тіпті халықаралық додаларда да шетелдік сарапшылар қазақ спортшыларының бірегей, жан-жақты болып келетінін жиі айтады. Біз тар ереженің аясында өнер көрсетуге көндікпегенбіз. Олимпиада ойындары кезінде де байқадым, қандастарымыз дзюдоның қазіргі ережелеріне толық үйренісіп кете қоймапты. Ал, жалпы, негізі, талап солай болғандықтан бәрін тез меңгеруге тырысуымыз қажет. Өзім де әлі дзюдо татамиінде күресуден кет әрі емеспін. Қазан айының соңында дзюдодан ел біріншілігі өтуі тиіс. Соған мен де қатысамын.
– Ал самбо спортының Олимпиада бағдарламасына енуіне не кедергі деп ойлайсыз?
– Негізі, сыбыстар бар. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро ойындарының бағдарламасына еніп қалуы мүмкін. Бұл туралы сарапшылар жиі тілге тиек етіп жүр. Өйткені бүгінде самбодан әлем чемпионатында да, спорттың басқа түрлеріндегідей 50-60 шақты елдің балуаны келіп жатады. Оның үстіне, самбоның ережесі қызық, дзюдоға қарағанда тартымдырақ. Мұнда аяқтан көтеріп лақтырасың ба, белінен ұстап «жұлып» аласың ба, ерік өзіңде. Олимпиада бағдарламасына енсе, ережелерін одан да қызықты қылады. Дегенмен жақын арада Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбесе, 2016 жылы дзюдо спортынан Рио Олимпиадасына қатысуға тырысамын.
– Ерболат, енді самбоға қалай келгендігіңіз туралы айтып өтсеңіз. Басқа спорт түрімен айналыспадыңыз ба?
– Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында туып-өскенмін. Бізде сол кезде самбо үйірмесі жақсы дамыған болатын. Әлем чемпионы атанған әйгілі Қоныс Жетпісов те біздің ауылдан. Бәлкім, сол ағамыздың септігі тиген шығар. Бала кезімізде соларға қарап өстік қой. Бірінші сыныпта мектебімізде самбо үйірмесі бар болатын. Үлкен сыныптағы ағаларымыздың жаттығуларын көру үшін қоңырау кезінде бүкіл бала сонда шулап баратынбыз. Қызығына батып, келесі сабақтан қалып қойған кездеріміз де аз емес. Сөйтіп жүріп, өзіміз де самбошы болып кеттік. Кейін 2007 жылы ересектер сапына ауысқанда Президент кубогына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдым. Финалда 2006 жылғы әлем чемпионын жеңген соң құлшынысым одан әрмен артты.
– Сіз төрт дүркін әлем чемпионы атандыңыз. Әлі қанша рет дүниежүзін бағындыруға қауқарыңыз жетеді?
– Осы жолғы әлем чемпионатын жеңіп алайын, сосын болашаққа ақырындап жоспар құра беремін. Адам темірден жаралмаған ғой, дегенмен әлі бірнеше жыл күресуге шамам жетеді. Сосын балам Ердәулетке көңіл бөле бастаймын. Егер ынтасы болса, ол да менің ізімді қуар. Есімін де Дәулет Тұрлыханов ағасына ұқсасын деп, бір жағынан өзімнің есіміме жақындатып қойдым.
– Әңгімеңізге рақмет, Ерболат! Жеңістерге жете бергейсіз.