Байбаха Белялов. Көпшілікке аса таныс есім болмағанымен, бокссүйер қауым арасында кеңінен танылған бапкер. 2009 жылдан бері тек қыздарды ғана жаттықтырып келеді. Ерекшелігі сол, бұл бапкер қыздарды өз үйінде баптап, табиғи жолмен жаттықтырып, өз балаларындай асырайды.
Дегенмен бес саусақ бірдей емес қой, Байбаха бапкердің жаттықтыру әдісі біреулерге ұнаса, біреулерге жабайы көрінген. Қыздарды өз балаларындай көріп, өз үйінде асырап, бағып, баптағаны үшін талай өсек-әңгімеге де қалған. Тіпті «Байбах қыздарды үйінде құл қылып ұстайды екен» деген сынды әңгімелер де шаршы алаң маңындағы мамандар мен боксшылар арасында гу-гу тарап кеткен. Бәрінен де жаттығып жүрген қыздарға обал. Әртүрлі турнирлер кезінде «ооо, «тау қыздары» келді» деп, құрбылары кекесінмен күтіп алады екен. Бірақ жақында Моңғолияда өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанған Гүлжан Әкімованың осы маманның төл шәкірті екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Сонымен не керек, әлгіндей әңгімелердің шеті бізге де жетіп, Байбаха бапкердің «жабайы» жаттықтыру әдісін өз көзімізбен көру үшін үйіне барған едік.
Достық даңғылының жоғары жағындағы «Тас үстірті» ауданында тұрады екен. Ауланың арғы жағына өтсең, бірден алмабаққа тап боласың. Табиғаты ерекше, қыратты аймақ. Есік алдынан жылы күтіп алған Байбахан бапкер бірден сол жаққа бастап барды.
– Міне, қыздар осында жаттығады. Таңертең ерте тұрып, табиғат аясында тауға өрлей жүгіреді. Содан кейін таңертеңгілік астарын ішіп, жаттығуға қайта кіріседі. Қураған алма ағаштарын аралайды, оларды бір шақырымдай жерден үйге дейін сүйреп келеді де, балтамен шабады. Жазда шалғымен шөп шабады, – деп Байбаха бапкер өзінің жаттықтыру әдістерімен таныстыра бастады. Бірақ, шыны керек, әлгі сөздерінен алғашында өзіміз де тіксініп қалдық. «О заман да, бұ заман, бұл не қылған жаттығу?» – деп бапкердің өзіне қарсы сұрақ қойдық.
– Үйдің алдындағы жаттығу залын жаңа өзіңіз де көрдіңіз. Ол жақта спортшыға керектінің барлығы бар. Груша дейсіз бе, зілтемір дейсіз бе – бәрі де жеткілікті. Онда тек қыста жаттығамыз, – деп Байбаха аға әңгімені одан әрі өрбітті. — Дегенмен табиғат аясында жаттығып, табиғи әдістермен шыңдалғанға не жетсін?! Мәселен, жаттығу залында сенің белгілі бір мүшелерің ғана жұмыс істеп тұрады. Барлық мүшеге бірдей әсер ететін жаттығу құралдары жоқ. Ал шөп шапқанда сенің барлық мүшең бірдей жұмыс істейді. Қол да, аяқ та, бел де қимылдап тұрады және де бәрін де бір қалыпты, бір жүйеде жасайсың. Сондай-ақ шөп шауып тұрған адамның тұрысы мен шаршы алаңдағы боксшының тұрысы тура бірдей. Яғни шалғымен шөп шабу боксшының жаттығуындағы негізгі процестердің бірі болуы керек. Ал енді талдардың бұтақтарына турникке тартылуды алайық, зілтемір орнына ағаш бұтақтарын, томарларды көтеруді қарастырайық. Негізі, темір турникке тартылып, темір штанганы да көтере беруге болады ғой. Бірақ медицинада темірдің магниттік қасиеті адамның бойындағы энергияны өзіне сорып алатыны дәлелденген. Сондықтан бұл тұрғыда да табиғи жаттығу әдістеріне жүгінген жөн. Ал тауға өрлей жүгіру, қашықтан бұтақтарды сүйреп келу – бұлар да спортшының физикалық әлеуетін арттырады. Бір жағынан, қураған ағаштарды аралау арқылы табиғатты аялауға да өз үлесімізді қосамыз.
Иә, шынында да, байыбына барған адамға бұл әдістердің маңызы өте зор. Мәселен, кезінде әлем және Олимпиада чемпионы болған, Ресей құрамасының бас бапкері қызметін атқарған Александр Лебзяк өткен жылдары Байбаха ағаның үйінде қонақта болған екен. Сол кезде табиғатқа тамсанған танымал боксшы: «Байбах, сенің әдістеріңмен мынадай табиғат аясында жантайып жатып-ақ чемпиондарды тәрбиелеуге болады ғой», – деп еріксіз басын шайқапты. Міне, сол әдістердің арқасында ғой Гүлжан Әкімованың бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, Азия біріншілігінде үздік үштіктен көрінгені. Қазір де Байбах ағаның үйінде бес-алты қыз тәрбиеленуде. Олардың бірі Алматы облысының өкілдері болса, бірі – Қазақстанның шалғай аймақтарынан.
— Мысалы, мына Кристинка Федоренчик пен тағы екі қызды сонау Баянауылдан жетектеп алып келдім, – деп Байбаха бапкер шәкірттерін қалай іріктеп алғаны жөнінде айтып берді. — Әмина Аманқұлды өзінің әкесі әкеліп, «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп сеніп тапсырды. Тоғжан Сыздықова да – Алматының тумасы. Дегенмен бәрі де өз үйімде тұрып, осында жаттығады. Рас, сабақ мәселесімен Тоғжан мен Әминаны «Шаңырақ» ықшамауданындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жіберуіме тура келді. Дегенмен аптаның қай күнінде болсын, олар осында келіп, жаттығуларын өткізе алады. Жақында оларды түбегейлі өз қолыма көшіріп алуды да қарастырып отырмын. Айта кетейін, қай-қайсысынан болсын, болашағынан мол үміт күтемін. Тоғжан мен Әмина Қазақстан жастар құрамасының сапына да кіреді. Бойжеткендер арасында ел чемпионы атанып та үлгерген. Жалпы, өзіме шәкірт таңдағанда кез келген қызды ала салмаймын. Олардың ширақтығына, ептілігіне қараймын. Ал, негізі, ерлерге қарағанда қыздар әлдеқайда дарынды болады екен. Айтқаныңды екі етпей қағып алады, қателігін айтсаң, ендігіде қайталамауға тырысады. Ұлдардан артықшылықтары – сол. Дегенмен олардың кейде тілін табу, ойын түсіну қиын. Көңіл күйлері құбылмалы, тура Алматының ауа райы секілді. Кейде «бүгін жаттығу жасамаймын, көңіл күйім болмай тұр» дей салуы да мүмкін. Ондай кезде жеңгең Бейбіткүл олардың тілін табу үшін барын жасайды. Мәселен, Әмина қаланың екінші бұрышында тұрады. Таңертең жаттығуға алып келу үшін сонда барамыз. Оның әке-шешесі жұмыста. Өзі үйінде бала қарайды. Ондай кезде жаттығуды үзбейін деп әйелім сол отбасының баласын қарайды да, Әмина жаттығуға кіріседі, – деп Байбаха аға бұл мамандықтың машақаты туралы да айтып берді.
Жалпы, Байбаха Беляловтың айтуынша, бүгінде қыздар боксы өрге басып келеді. Олимпиада бағдарламасына ену арқылы болашақта ерлер боксымен де терезесі тең, дәрежесі бірдей болатын жағдайға жетеді. Мәселен, жақында Таразда өткен Қазақстан біріншілігіне барлығы 150-ден астам былғары қолғап киген ару жиналыпты. Мұның өзі – бүгінгінің үлкен жетістігі. Дегенмен қыздар боксында әлі де болса шешімін таппаған күрделі мәселелер көп. Оның барлығын шешу үшін Байбаха Белялов секілді бапкерлердің саны біреуден бірнешеуге артуы керек.
Ерік АЛҒАБЕК, Әйелдер боксынан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:
– Байбах қыздар боксына 2009 жылдан бері араласып келеді. Оған дейін де ел боксының жанашыры болған. Турнирлерден қалмайтын. Қолынан келсе, көмегін де аямай, Алматыда өткен турнирлер кезінде өз үйін тегін қонақүй ретінде ұсынатын. Оның төл шәкірттерінің бірі Гүлжан Әкімованың жетістігін білесіздер. Қазір де маған көмектесіп, елімізде қыздар боксының өркендеуіне үлес қосып жүр. Ал әлгіндей «Байбах қыздарды үйінде құл етіп ұстайды екен» деген әңгімелер – бос сөз. Оның жаттықтыру әдісі – спортқа нағыз қажетті дүние. Егер мүмкіндіктер болып жатса, боксшыларды сондай әдістермен жаттықтырғанға не жетсін?!
Байбаха бапкердің құпиясы
Последние статьи автора